ЙАСАУИ ЖӘНЕ АБАЙ: ҰЛЫЛАРДЫҢ ҮНДЕСТIГI
ЙАСАУИ ЖӘНЕ АБАЙ: ҰЛЫЛАРДЫҢ ҮНДЕСТIГI
Түмен баптар мекенi Түркiстанның түлегi Айнұр Әдбiрәсiлқызы жаңа типтегi жас ғалымдардың бiрi. Ол араб, парсы, түркi тiлдерiмен қатар бiрқатар Шығыс (өзбек, татар, т.б.) тiлдерiн жетiк меңгерген. Ғылыми еңбегiнiң негiзгi тақырыбы Йасауи хикметтерi болғандықтан мәзкүр халықтардың көркем әдебиетiнен де мол хабары бар. Осының бәрi ғылым мен поэзияның қос тiзгiнiн тең ұстап жүрген Айнұр өлеңдерiне ерекше әр бередi, өзгеше нұрландырады. Асылы, қазақ «зер қадiрiн зергер бiледi» деп бекер айтпаған. Оның ұлы шайхы туралы байламдары да қызықты оқылады. Бүгiн бiз жас ғалымның Йасауи мен Абай шығармашылығындағы сабақтастық туралы мақаласын жариялай отырып, оған сәт сапар тiлеймiз.
Түркi халықтары жазба әдебиетiнiң бастауында тұрған көрнектi тұлғалардың бiрi, түркi сопылық поэзиясының негiзiн салушы Қожа Ахмет Йасауи мен ұлт әдебиетiнiң ұлы классигi, дәуiрдiң дара стилiн танытқан Абай ақын шығармашылығы тақырып және идеялық мазмұн сабақтастығы тұрғысынан бiршама зерттеулерге арқау болды. Бұл орайда белгiлi әдебиет зерттеушiлерi М.Мырзахметов, А.Жақсылықов, С.Дәуiтұлы, М.Жармұхамедұлы, А.Егеубаев еңбектерiн ерекше атауға болады. Ал аталмыш мәселенiң екiншi қыры – пiшiндiк тұрғыдағы, яғни өлең құрылысындағы сабақтастық мәселесi әзiрге түрен тимеген тың күйiнде қалып отыр. Ортағасырлық түркi поэзиясына араб-парсылық аруз өлшемiнiң елеулi әсер еткенi белгiлi. Бұл құбылыстың алғашқы айқын мысалы Жүсiп Баласағұнның аруздың «мутақариб» үлгiсiнде жазылған «Құтты бiлiк» дастаны болып табылады. Ал Махмұт Қашқаридiң «Түрiк тiлiнiң сөздiгiндегi» поэзиялық мәтiндердi құрылысы жағынан арузбен байланыстырушылардың пiкiрi айтарлықтай негiздi еместiгiн, толық дәлелденбегенiн атап айтқан жөн. Йасауи поэзиясына қатысты бұл мәселе бiршама талас тудырып келдi. Оның басты себебi, «Диуани хикметтегi» барлық мәтiндердiң бiр ғана авторға – Йасауиге тиесiлi еместiгi, хикметтерге мәтiнтанулық талдаулар жасалмағандықтан, авторлық қолтаңбаны анықтаудың мүмкiн болмай отырғандығы болатын. Зерттеушiлердiң бiр бөлiгi сопы ақын хикметтерiнiң түркiлiк буындық өлшеммен жазылғанын алға тартып, хикметтерде аруздың қолданылуына күмәнмен қараса, ендiгi бiр тобы таза аруздық үлгiлерге негiзделген туындыларды да Йасауи қаламына тиесiлi деп тауып, iркiлмей зерттеу нысанына айналдыруда. Өкiнiштiсi сол, екi пiкiрдi жақтаушылар да өз тұжырымдарын гипотеза күйiнде қалдырып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдеуде белсендiлiк танытпай келедi. Осы тақырыпта жасалған бiрнеше жылдық зерттеулерiмiз бiзге Йасауидiң он екi буынды хикметтерiнiң толығымен, он төрт (7+7 және таза 14) және он бес буынды (7+8) хикметтердiң негiзгi бөлiгi буындық өлшеммен жазылғанын, олардың мерзiмi жөнiнен ертерек жазылған туындылар болуы мүмкiн екенiн, он бiр буынды хикметтердiң түгелге жуық аруз ықпалымен (таза аруз өлшемiмен емес – буындық жүйеден қол үзбегендiктiң айқын көрiнiстерi бар) жазылғандығын тұжырымдауға негiз болып отыр. Он төрт буынды хикметтерден бiр ғана 32-хикметтен (Қазан, 1904) бiршама жетiлдiрiлген аруздық құрылым аңғарылады. Ескерте кету керек, аруз өлшемiнiң талаптарынан ауытқымайтын, жоғары техникалық шеберлiкпен жазылған хикметтердiң сыртқы пiшiнiнен ғана емес, идеялық-көркемдiк ерекшелiктерiнен де Йасауи қолтаңбасы аңғарылмайтындықтан, бiз оларды дәлелдi себептермен талдау назарынан тыс қалдырып отырмыз. Тақырыптан ауытқымау мақсатында өзге мақаланың еншiсi болып табылатын өлшемге қатысты ойларды осымен тұжырымдап, негiзгi зерттеу бағытымыз – хикметтердiң ұйқас ерекшелiктерi жайына кеңiрек тоқталмақпыз. Он екi буынды Йасауи хикметтерiнiң алғашқы шумағының ұйқас бiтiмi өзге шумақтардан ерекшеленiп тұрады. Бұл шумақ әдетте кезектi (абвб) немесе шалыс (абаб) ұйқаспен, сирек жағдайда бiрыңғай ұйқаспен (аааа) келедi. Кейiнгi барлық шумақтар ұйқастың бiр ғана аааб түрiне құрылған. Ортағасырлық қолжазбалардың графикалық ерекшелiктерiне сәйкес он төрт буынды жолдар түрiнде хатқа түскенiмен, жетi буынды қос тармақтың қосындысы екендiгi iшкi ұйқасынан аңғарылатын хикметтерге де ұйқастың осы түрi тән. Iшкi ұйқас сақталмаған таза он төрт буынды хикметтердiң ұйқас пiшiнi жөнiнде де осыны айтуға болады. Ал iшкi ұйқасы әлсiздеу жекелеген он төрт буынды хикметтерде қара өлең ұйқасына (ааба) ауытқу көрiнiстерi байқалады. Таза күйiндегi қара өлең ұйқасы Йасауи поэзиясында кездеспейдi. Құрылымы ерекшелеу ендiгi бiр он төрт буынды хикметтi – Мұхаммед пайғамбарға мадақ жырын (24-хикмет) – жетi буынды төрттiк өлең ретiнде қабылдауға негiз бар. Хикмет әдiптемеге (редиф) негiзделген аттамалы ұйқасқа құрылған, бiрқатар тұста табиғи түрде шалыс ұйқас көрiнiс берiп отырады; әрбiр төрттiкте дерлiк әдепкi ұйқас сақталған. Он бiр буынды хикметтердiң басым бөлiгiнде ғазал ұйқасы (аа ба ва га) қолданылса, 57-хикмет пен «Мiнәжатта» мәснәуи (аа бб вв гг) ұйқасы байқалады. Мұндағы ғазал ұйқасы аттамалы ұйқасқа, ал мәснәуи үлгiсi егiз ұйқасқа сәйкес келедi. Оларды қазақ тiлiндегi ұғымдармен емес, араб-парсылық баламаларымен беруiмiз жоғарыда көрсетiлген себептен – он бiр буынды хикметтердiң аруз өлшемiмен жазылуынан туындап отыр. Йасауи қолданысындағы өлшем мен ұйқастың өзiне дейiнгi түркi поэзиясындағы көрiнiстерiне шолу жасалық. Жетi-сегiз және он екi буынды өлеңнiң алғашқы қарапайым үлгiлерi көне түркi жазба ескерткiштерiндегi нақыл сөздерде байқалады. Дегенмен бұл мысалдардан буын санының сәйкестiгiнен өзге силлабикалық жүйеге тән белгiлердi табу қиын. Ауыз әдебиетiнде кеңiнен қолданылған жетi-сегiз буынды өлшемнiң iшкi құрылымы жетiлдiрiлген үлгiлерi «Қорқыт ата кiтабында», Қашқари сөздiгiнде кездеседi. Бунақ ырғағы тұрақты сегiз буынды өлшем «Оғызнама» жырында екi тұста қолданылған, ал Қашқари сөздiгiнде ол кеңiнен орын алған. Түркi поэзиясына ежелден етене он бiр буынды өлшем аталған туындылардың барлығында да қамтылған. Арузбен жазылған Ж.Баласағұн дастанына да құрылысы он бiр буынды түркi өлеңiне сәйкес келетiн «мутақариб» өлшемiнiң таңдап алынуы, осы тектес ерекшелiктiң Йасауи хикметтерiне де тән болуы кездейсоқтық емес. Он екi буынды өлшем «Қорқыт ата кiтабында» көбiне-көп он бiр буынды өлшеммен аралас қолданылады. Тұрақты он екi буынды өлшем Қашқари сөздiгiнде елеулi орын алады, зерттеушiлер оларды шартты түрде қостармақ-бәйiттер үлгiсiнде топтастырған. «Құтты бiлiктегi» көлемдi екi қасида он екi буынды өлшемге сәйкес келетiн аруздық қалыптармен жазылса, Йасауиде ол силлабикалық жүйе туындысы ретiнде көрiнiс тапқан. Ұйқас мәселесiне келсек, жоғарыдағы секiлдi дәстүр жалғастығының айқын iздерi мұнда да аңғарылады. Халық ауыз әдебиетiнен бастау алатын егiз, шалыс және кезектi ұйқастар кейде мақсатты, кейде табиғи түрде сөз болып отырған жазба жәдiгерлiктердiң барлығында дерлiк қолданылған. Қазақ әдебиеттануында әлi күнге дейiн дербес атауы қалыптаспаған аааб үлгiсiндегi ұйқаспен «Түркi тiлiнiң сөздiгiнде» қамтылған өлеңдердiң 70%-ы жазылған. Ерекшелiгi сол – сөздiкте бұл ұйқас тек жетi-сегiз буынды өлшемдерде қолданылған. Мәснәуи ұйқасы Баласағұн дастанына тән, ал Қашқари сөздiгi мен өзге де бiрқатар туындыларда кездесетiн осы тектес құбылыстар буындық жүйе заңдылықтарына негiзделгендiктен, егiз ұйқас (жалғаспалы түрде – бiрыңғай ұйқас) ретiнде танылғаны жөн. Йасауи хикметтерiнде жоққа тән қара өлең ұйқасының соны сiлемдерi «Түркi тiлiнiң сөздiгiнде» байқалады. Қостармақ үлгiсiнде жазылған сөздiктегi он бiр буынды бәйiттердi мазмұндық тұтастығын ескере отырып, төрттiктерге топтар болсақ, силлабикалық жүйенiң табиғи туындысы – он бiр буынды қара өлең үлгiсi бой көтередi. «Құтты бiлiк» мәснәуилерiнiң арасында ұшырасатын рубаилер де аруздық қалпын сақтағанымен, буын саны мен ұйқасы жөнiнен қара өлеңге сәйкес келедi. Йасауидiң тiкелей шәкiртi, хикмет дәстүрiн жалғастыра жырлаушылардың көш басында тұрған Сүлеймен Бақырғани хикметтерiнде он бiр буынды төрттiктердiң көптеген үлгiлерi бар, бiрақ бұл туындыларда қара өлең ұйқасы емес, хикметтер үшiн дәстүрлi аааб ұйқасы қолданылған. Ғазал ұйқасына келейiк. Арузға негiзделген таза күйiндегi ғазал ұйқасы Йасауиге дейiнгi жазба әдебиеттiң отандық ғылымға белгiлi ешбiр үлгiсiнде кездеспейдi. Сопы ақын шығармашылығындағы бұл ұйқастың аруз әсерiн қабылдаған хикметтерде ғана қолданылуы, олардың метрикалық жүйе заңдылықтарын толығымен сiңiре қоймауы бұл құбылыстың сол кезеңдегi түркi поэзиясына таңсық болғанын, Йасауи хикметтерiнiң осы орайдағы алғашқы тәжiрибе екендiгiн аңғартады. Тарихи даму барысында ұлт әдебиетiнде ғазалдың тек ұйқас пiшiнi мен жанрлық сипаты ғана сақталып, аруздық iшкi құрылымы жойылып кеткенi белгiлi. Тұтастай алғанда түркi поэзиясындағы өлең түрi және жанр ретiндегi ғазалдың бастауында Қожа Ахмет Йасауи хикметтерi тұр деуге негiз бар. Ал жоғарыда айтылған арузға бейiмделген хикметтердi Йасауиден қашықтататын көзқарастарға жауабымыз – стильдiк ерекшелiк, идеялық мазмұн, ақындық қолтаңба жөнiнен ғазал үлгiсiндегi барлық туындыларды Йасауи шығармашылығынан аластауға әзiрге негiз жоқ. Әдебиет тарихынан орын алған кез келген құбылыстың бастаушысыз болмайтынын ескерсек, түркi тiлiне «ғашықтық» ұғымын алғаш енгiзiп, түркi поэзиясына Тәңiрлiк махаббат тақырыбын алып келген, төл әдебиетiмiздiң тарихындағы толық мәнiндегi тұңғыш автопсихологиялық лирикалық кейiпкердi сомдаған, араб-парсы сопылық поэзиясының мазмұндық-пiшiндiк ерекшелiктерiмен етене таныс дарынды ақын Қожа Ахмет Йасауидiң сан сала сезiмдер толғауы, махаббат машақаттарының өнербаяны, араб-парсы поэзиясының тел жанры және төлтума өлең түрi – ғазалды түркi әдебиетiне орнықтыруы заңды әрi мерейлi құбылыс дер едiк. Абай өлеңдерiнiң құрылысы қазақ әдебиетiнде кеңiнен зерттелген тақырып болып табылады. Осы бағытта алғаш қалам тартушылардың бiрi академик С.Мұқанов Абайды қазақ өлеңiне пiшiндiк тұрғыдан 15 жаңалық енгiздi деп бағаласа, көрнектi ғалым Е.Сымайылов ақын жаңалығының санын 16-ға жеткiзедi. Абай поэзиясын өзiне дейiнгi қазақ поэзиясында бой көрсеткен үрдiстермен салыстыра зерттеген академик Қ.Жұмалиев сегiз және алты буынды түрлердi бұрын қазақ әдебиетiнде болмаған, Абай енгiзген түрлер деп бағалап, ақынның өзге пiшiндiк жаңалықтарын аралас буынды өлең құрылысының жеке түрлерi ретiнде қарастырады. Бұл тұста автор «қазақ әдебиетi» атауын ресми иеленген жыраулар поэзиясынан берiде қалыптасқан өлең түрлерiн назарға алып отырғаны белгiлi. Ертедегi әдебиет ескерткiштерi ғылыми айналымға ендiрiлмеген кеңестiк кезеңдегi әдебиет зерттеушiлерiнiң жоғарыда бiздер санамалап көрсеткен көне жәдiгерлiктердегi өлең құрылысынан хабардар болмауы, болса да зерттеу нысанына айналдыра алмауы қалыпты жағдай. Шын мәнiнде алты және сегiз буынды өлең үлгiлерi Абай поэзиясынан әлдеқайда iлгерiректен бастау алады. Ауыз әдебиетiнде, фольклордың шағын жанрларында жиi қолданылған алты буынды өлшеммен Қашқари сөздiгiнде он төрт өлең жазылған. Бұл аталған өлшемнiң төл әдебиетiмiздегi тамыры тереңде жатқанын айғақтайды. Сегiз буынды өлшемнiң де ежелгi түркi поэзиясында белсендi қолданылғанын жоғарыда атап көрсеттiк. Йасауи хикметтерiнде 7-8 буынды өлшемнiң бiршама қолданылғаны белгiлi, хикмет дәстүрiнде жырлаған авторлар осы түрдiң сегiз буындық үлгiсiн сәттi дамытқан. Бiр ғана «Бақырған кiтабында» Сүлеймен Бақырғани хикметтерiмен қатар орын алып келген Шамси Аси, Құл Шәриф хикметтерi, авторы көрсетiлмеген басқа да бiрқатар өлеңдер сегiз буынмен жазылған. Сондай-ақ аталған авторлардың ежелгi түркi әдебиетiндегi сегiз буынды өлшемнiң өзге де үлгiлерiнен хабардар болғаны сөзсiз. «Бақырған кiтабы», «Ақырзаман кiтабы» (С.Бақырғани), «Жүсiп-Зылихамен» (хикмет дәстүрiнен тыс туындылардың iшiнде тұтастай он екi буынды өлшеммен жазылған Құл Ғалидың бiрден-бiр шығармасы) Абайдың да таныс болғанына, үлгi тұтқанына меңзей отырып, зерттеушi Қ.Жұмалиев оларды шағатай әдебиетiне телидi. Бұл сол кезеңнен бүгiнге дейiн жалғасып келе жатқан жаңсақ түсiнiктiң көрiнiсi. Монғол шапқыншылығы нәтижесiнде Шағатай ұлысының құрылуы ХIII ғасырдың орта тұсында жүзеге асқаны, аты өзгерген аймақтағы тiл мен әдебиеттiң байырғы дәстүрлерiнен бiр күнде ажырап қалмайтыны, сiңiсу құбылыстары жүрiп, жаңа бiртұтас мәдени кеңiстiктiң қалыптасуы үшiн кемiнде ғасырға жуық уақыт қажет екендiгi белгiлi. Ал қалыптасқан мәдени дәстүрлердiң қарқын алып, өзге өлкелерге ықпалын жүргiзетiндей дәрежеге жетуi де белгiлi бiр тарихи мерзiмдi қажет етедi. Көрнектi түркiтанушы С.Е.Маловтың ХI-ХIV ғасырларды түркi әдеби тiлiнiң өтпелi кезеңi ретiнде сипаттауы кездейсоқтық емес. Атақты араб филологы аз-Замахшари өзiнiң «Муқаддимат әл-адаб» атты еңбегiнде ХI-ХIV ғасырларда Орта Азияда оғыз-түркiмен әдеби дәстүрiнiң басты роль атқарғанын тұжырымдауға мүмкiндiк беретiн мәлiметтер келтiредi. Қашқадария, Зарафшан, Ферғана өңiрлерiнде туындаған шағатай әдеби тiлiнiң тарихын белгiлi әдебиет зерттеушiлерi В.В.Радлов, А.Н.Самойлович, П.М.Мелиоранский, А.К.Боровковтар ХV ғасырдан бастайды. Айтылғандардан шығатын қорытынды: «шағатай әдебиетi» деген ұғымның мерзiмдiк тұрғыдан да, территориялық жағынан да жоғарыда сөз етiлген әдеби жәдiгерлiктерге қатысы жоқ. Тiлтанушы ғалым Т.Қордабаев «шағатай тiлi» деген атаудың «оғыз тiлi» ұғымының орнына бертiнде қолданыла бастағанын айтады. Бұл ұғымның да шартты әрi сәтсiз қолданыс екендiгi даусыз. Абай өлеңдерiнiң құрылысына қайта оралайық. Аталмыш тақырыпта ұзақ та нәтижелi зерттеулер жүргiзген ғалым З.Ахметов Абай ақынның «қазақ поэзиясында бұрыннан бар үлгiнi ширатқанын», «бұрыннан белгiлi, көп тараған өлшем-өрнектердi керек жерiнде өңдеп, түрлендiрiп пайдаланғанын» үнемi қадап айтып отырады. Абайдың қазақ өлеңiне енгiзген жаңалықтарын саралауда «өлең түрi» ұғымын емес, «өлең өрнегi» атауын қолдануы көрнектi өлеңтанушының әдеби терминге барынша сақтықпен қарағанын аңғартады. Ғалым зерттеулерi жасалған тұста ежелгi әдеби мәтiндердiң ғылыми айналымға толық ене қоймағандығынан болса керек. Абай өлеңдерiнiң жыраулық поэзиядан арғы кезең әдебиетiмен сабақтастық мәселелерi зерттеушi тарапынан сөз етiлмеген. Осы тектес ақтаңдақтардың бiрқатарын көрнектi абайтанушы М.Мырзахметов еңбектерi толықтырды. Абай жиi қолданған аааб үлгiсiндегi ұйқас пен шалыс ұйқастың тарихи тамыры Қашқари сөздiгiне барып тiрелетiнi, шумақ аралық желiлi ұйқас пен 7-8 буынды өлшемнiң де көне түркi поэзиясынан бастау алатыны, аталған өлшем-өрнектердiң барлығы жыраулар поэзиясында дамытыла келiп, Абай арқылы бұрын болмаған биiктiкке көтерiлгенi ғалым зерттеулерiнде көрнекi түрде дәлелденiп, тұжырымдалды. Жыраулық поэзия мен Абай шығармашылығын ақындар мектебi жiксiз жалғастырып жатыр. Ал Қашқари сөздiгiндегi өлеңдер мен жыраулық поэзия арасын байланыстыратын ең басты басқыш, ұлттық өлең жүйесi дамуының маңызды кезеңiн бейнелейтiн Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығы бүгiнге дейiн осы байланыс тұрғысынан қарастырылмай келедi. Йасауиге дейiнгi және одан кейiнгi түркi әдебиетiнiң ғылымға белгiлi авторлық туындылары бiр немесе екi өлшемге ғана негiзделген. Халық ауыз әдебиетiндегi өлең өлшемдерiн кеңiнен қамтып, түрлендiре қолдану, жазба әдебиетiнде берiк орнықтыру – Йасауи поэзиясы атқарған тарихи қызмет. Сопы ақын негiзiн қалаған хикмет дәстүрiн дамытушы ақындар осы үрдiстi жалғастырып, Йасауи түрлендiрген өлшемдердi, енгiзген жаңалықтарды дамытып, халық арасына қайта жеткiзiп отырды. Кейiнгi дәуiрдегi ұлт әдебиетiнiң бiртектi дәстүр аясында дамуының маңызды тетiктерiнiң бiрi осы үрдiсте жатыр. Абай поэзиясы – сол сабақтастықтың айқын айғағы. 1855-1881 жылдар аралығында жазылған Абай өлеңдерi (Екi томдық шығармалар жинағы. Алматы, 1977) үш түрлi ұйқасқа негiзделген: аааб («Шығыс ақындарынша», «Фзули, Шамси, Сайхали»), аб вб гб дб («Абралыға», «Сап, сап көңiлiм»), аа ба ва га («Қансонарда бүркiтшi шығады аңға», «Қақтаған ақ күмiстей кең маңдайлы», т.б.). Аталған барлық ұйқас түрлерi Йасауи хикметтерiнде де кездеседi. аааб ұйқасы Абайда сегiз буынды өлеңдерде қолданылса, Йасауиде он екi және таза он төрт буынды хикметтерде кездеседi. Аб вб гб дб ұйқасы Абайда жетi буынды, Йасауиде он төрт буынды (7+7) тармақтарға тән. Аа ба ва га ұйқасымен Абайда да, Йасауиде де он бiр буынды өлеңдер жазылған. «Диуани хикметте» сондай-ақ осы ұйқасқа негiзделген он төрт буынды бiрқатар хикметтер де бар, бiрақ дәл осы хикметтердiң Йасауи қаламына тиесiлi екендiгi күмәндiлеу. Аталмыш кезеңдегi Абай өлеңдерiне көне түркiлiк қалыптарды тұрақты сақтау тән екендiгiн аңғаруға болады. Ал 1881 жылдан кейiнгi ақын өлеңдерiнде ұйқас пен өлшем арақатынасы барынша түрленген. «Түрiк тiлiнiң сөздiгiнде» тек 7-8 буынды өлеңдерде кездесетiн аааб ұйқасы Йасауи хикметтерiнде он екi буынды өлшемге қолданылады. Осы өлшемдегi хикметтердiң алғашқы шумағының ұйқасы өзгелерiнен ерекше құрылатынын жоғарыда атап өттiк. Дәл осы ерекшелiк Абай поэзиясындағы бiрқатар өлеңдерге тән. «Бiлiмдiден шыққан сөз» өлеңiнiң алғашқы шумағы ааба, кейiнгi шумақтары ввва ггга ддда ұйқасына құрылған. Ұйқас ерекшелiгi әрбiр шумақтың соңғы тармағының бiркелкi үйлесiп, желiлi ұйқас түзуiне мүмкiндiк бередi. Желiлi ұйқас – Йасауи поэзиясының өн бойын көктей өтiп жатқан құбылыс, сопы ақын шығармашылығының басты айқындауышы. Хикметтерде желiлi ұйқас негiзiнен әдiптеме (редиф) арқылы, сирек жағдайда бiркелкi үйлесетiн сөздер арқылы жасалады. Абай өлеңдерiне соңғы ерекшелiк тән. Ақынның «Ойға түстiм, толғандым», «Iшiм өлген сыртым сау» өлеңдерiнiң алғашқы шумағы бiрыңғай ұйқасқа (аааа), кейiнгiлерi аттамалы ұйқасқа (ба ва га да) негiзделген. Бiркелкi үйлесiм өлең соңына дейiн сақталған тұстарда аттамалы ұйқас та желiлi ұйқасқа тән сипаттарға ие болады, яғни өлеңде айтылар ой шумақ сайын күшейте дамытылып, темiрқазық идеяны бекiте түсiп отырады. «Өзгеге көңiлiм тоярсың», «Қайғы шығар iлiмнен» өлеңдерiнiң алғашқы шумағы қара өлең ұйқасымен (ааба), кейiнгiлерi аттамалы ұйқаспен жазылған. Соңғы өлеңде бiркелкi үйлесiм сақталмаған: кейде төрт, кейде он-он екi жолдан кейiн ұйқасушы сөздер өзгерiп отырады. Бұл жетi-сегiз буынды жыр өлшемiнiң табиғатына тән динамикалылықтың әсерi деуге болады. Аттамалы ұйқаспен (аа ба ва га) жазылған Абай өлеңдерi төрт тармақты шумақтарға емес, ұйқас бiркелкiлiгiне негiзделген түйдектерге топтастырылған. Мұндай түйдектер алты, сегiз, он, он екi тармаққа дейiн қамтиды, бiрқатар өлеңдер көлемдi бiр ғана түйдектен тұрады. Осы тұста аттамалы ұйқасқа қатысты таратып айтылуға тиiс жайттар бар. Алғашқы екi тармағы өзара үйлесiп, кейiнгi әрбiр жұп тармақта осы ұйқастың қайталанып келу құбылысын «аттамалы ұйқас» ұғымымен белгiлеген көрнектi ғалым З.Ахметов болатын. Бiздiң пайымдауымызша, аталған ұйқастың қазақ өлеңiнде екi түрлi көрiнiсi бар деуге болады: бiрi З.Ахметов анықтамасына сәйкес аа ба ва га үлгiсiндегi ұйқас та, екiншiсi аб вб гб дб үлгiсiндегi өрнек. Бұл екi түрдiң айырмашылығы аса елеулi емес. Ең басты ерекшелiгi сол – бiрiншi үлгiде алғашқы төрттiктiң ұйқас суретi қара өлеңге сәйкес келсе, екiншi үлгiде ол кезектi (сирек жағдайда – шалыс) ұйқас түрiнде келедi. Араб-парсы поэзиясында қостармақ-бәйiттерге негiзделетiн осы тектес өлең түрлерiнiң бiрiн – ғазал (аа ба ва га), екiншiсiн қасида (аб вб гб дб) деп дербес түрлерге жiктейдi, оларға белгiлi бiр жанрлық жүк артылады. Қазiргi қазақ өлеңiндегi аттамалы ұйқасқа мұндай ерекшелiк тән емес, дегенмен тарихи дәуiрлерде ұлттық әдебиетiмiз бұл үдерiстi де басынан кешiрген сыңайлы. Йасауи хикметтерiнде ғазал ұйқасы он бiр буынды өлшемде қолданылғанын жоғарыда айттық. Абайдың ежелгi поэзия ықпалында жазылған алғашқы кезеңдегi жырларында да таза күйiндегi ғазал ұйқасының тек он бiр буынды өлеңдерде кездесуi кездейсоқтық емес: мұнда әдеби дәстүрлерге адалдық та, мазмұн мен пiшiн үйлесiмiн түйсiну де бар. Шығармашылығының кейiнгi белестерiнде де ақын бұл үрдiстен көп ауытқи қоймаған: ғазал ұйқасын он бiр буыннан өзге өлшемге қолданудың Абай поэзиясында екi мысалы ғана кездеседi («Әбдiрахманға», «Қуанбаңдар жастыққа»). Ал аб вб гб дб үлгiсiмен қос ақынның да жетi буынды өлшемдi өрнектеуi аталған ұйқастың төл әдебиетiмiзге ең көне дәуiрлерден тән екендiгiн айғақтайтындай. Жыраулар поэзиясында осы ұйқас түрiнiң кеңiнен қолданылуы да соның бiр дәлелi. Бiз, әрине, елеусiз айырмашылығы үшiн аттамалы ұйқасты екiге бөлiп, жiктеудi ұсынғалы отырған жоқпыз, бiрақ Йасауи мен Абай секiлдi төл әдебиетiмiзге түбiрлi өзгерiстер әкелген күрделi шығармашылық иелерiнiң туындыларындағы әрбiр құбылыс назардан тыс қалмауы керектiгiн ескерiп, аталған мәселеге арнайы тоқталып отырмыз. Түйiндей айтқанда, Абай он бiр буынды өлеңдерiнде өзiне дейiнгi ақын-жыраулардың жетi-сегiз буынды жырларында кездесетiн аттамалы ұйқасты емес, Йасауи негiзiн салған ғазал ұйқасын қолданған деуге болады. Танылған әрбiр құбылыстың танымда iз қалдырары сөзсiз. Ендеше өзiне бала жастан белгiлi хикмет ұйқастарының ақын санасына сiңiп, шығармаларында табиғи түрде көрiнiс тауып отыруы – мейлiнше заңды құбылыс. Заманалармен замандас қос ақын шығармаларының идеялық мазмұнында да күрделi сабақтастық байқалады: дәуiр шындығын, әлеумет мұңын жыр етiп, рухани құндылықтарды, адамгершiлiк мұраттарды бағдар тұтқан, ақиқат аңсарын iздеп, бүкiл адамзаттық биiктiктен ой толғаған сыршыл да сыншыл шығармашылық иелерi сомдаған лирикалық кейiпкерлердiң табиғаты бiр. Туындыларының бiрдей мазмұны туындыгерлердiң бiрдей пiшiнге жүгiнуiне алғышарт болды деуге негiз бар. ӘБДIРӘСIЛҚЫЗЫ А. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кiшi ғылыми қызметкерi