Жаңалықтар

БАЛАЛАРҒА АРНАЛМАҒАН ЕРТЕГI немесе ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ТАРТУЛАР

ашық дереккөзі

БАЛАЛАРҒА АРНАЛМАҒАН ЕРТЕГI немесе ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ТАРТУЛАР

Әлқисса, әңгiменi неден бастасақ екен? Әлгi даңғарадай зәулiм үйде дұшпандарымен жалғыз алысатын «герой» баладан ба, әлде, әлгi әйелдiң құпия күнделiгiнен бе? Әлде, «Тамаша-тарту» мен орысымен қазақшасы араласқан, шалдыр-батпақ «Тойбастардан» бастайық па? Әлде, жыл сайын шыршаның маңайына жинап алып, «жұлдыздармен» серуен құратын «Хабардың» сүйкiмдi тартуын сөз етейiк пе? Әй, қайдам, бүгiнгi балаларға мұның бәрi әсер ете қояр ма екен?! Әй, әсер етпейдi-ау…

Неде болса, әңгiменi басынан баяндайықшы.. Сонымен, биылғы қызықтың бiрi – жыл сайын телеарна бiткен жарыса көрсетiп жататын «Тағдыр тәлкегi…» жоғалып кеттi. Жоғалып кеттi дегенге, мүлдем жоқ болып кеттi деп ұға көрмеңiз. Әйтеуiр, жыл сайын григориандық жаңа жылдың қарсаңында, (наурыздың емес –Г.Б.) әрбiр телеарнадан ұсынылатын, қанша көрсек те жалықпайтын, жалықтырмайтын хикаятты еш арнадан кездестiре қоймадық. Тек, әлгi фильмдi 1-қаңтар күнi ғана кездестiрдiк. Мүмкiн, телеарна бiткен көрермен жалыға қоймаған фильмнен өздерi жалыққан шығар, әлде басқа бiр себебi болды ма екен, әйтеуiр, биыл бiр-бiрiмiзге «Жеңiл буыңызбен« деп айта алмай қалдық..

«Тағдыр тәлкегiн…» қойшы, жалпы, биылғы жылы бiздiң телеарналар көгiлдiр экранның кiп-кiшкентай көрермендерiне қандай сый-сияпат әзiрледi екен, соны айтайықшы…

Кiшкене балалар үшiн, әуелгi базарлық – мульфильмдер. Орыстың әйгiлi хат тасушы Печкинiнен бастап, ағылшынның Том мысығы мен Жерри тышқаны бүгiнгi балалардың көз қуанышына айналғалы қашан. Оларды бүгiн Ертөстiкпен де, тау көтерген Толағаймен де, тiптi Алдар көсе мен Қожанасырды қоса көрсетсеңiзде алдай алмайсыз.. Өйткенi, Алпамыс пен Қамбар батырыңыз Том мен Жерридiң қасында жiп есе алмай қалады. Ағылшын тышқанының әбден қорлығы мен зорлығына түскен бейшара мысықты таңның атысы, күннiң батысы тамашалаудан бiр жалықпайды. Оның қасында орыстардың «Қап, бәлем сенi ме?» атты мультсериалы тәп-тәуiр едi. Шетелдiк мультфильмдер де боевиктен кем емес. Атыс-шабыс, жарылыс, төбелес, қып-қызыл от, өрмекшi-адам, компьютерленген әлем, космостық ғалам, галактика, тiзiм ары қарай жалғасып кете бередi. Ойпырмай, кiп-кiшкентай баланың да санасын жаулау үшiн, мұндай дүниелердi ойлап табу, түкке тұрмайтын болғаны ма? Екi жасар баладан он жасқа дейiнгiлердiң көретiн мультфильмдерi әлгiндей, он жастан кейiн, шет елдiң әйгiлi атыс-шабыстары басталады. Сонда бүгiнгi көрермен көзiн тырнап ашқаннан бастап-ақ, атыс-шабыстың не екенiн санасына сiңiрiп алатын болғаны ғой… Кiшкентай көрерменнiң санасын жаулау, аса қиын емес. Оларға бiр-екi рет көгiлдiр экраннан атыс-шабысқа құрылған бiр-екi мультфильмдер көрсетсеңiз болды, ары қарай өзi-ақ қағып алады.

Оның үстiне, ойыншықтар әлемi де осындайлардан құралған. Қаптаған базарға барып, ойыншық таңдау да бүгiнгi таңда мүмкiн емес. Қаладағы қаптаған базарларыңыздың өзi атыс-шабыс құралдарына негiзделген. Сосын ерiксiз, үйдегi баланы алдау үшiн, қару-жарақ сатып алуыңызға тура келедi.

Балалар әдебиетi, балаларға арналған ертегiлер, балаларға арналған мультфильмдер туралы айтып та, жазып та жүрмiз. Бiрақ, өзгерiп жатқан ешнәрсенi көрмедiк. «Ертегi оқымаған баланың ертеңi қандай болмақ?» деп қанша байбалам салсақ та, балаларға арналған ертегiлердiң саны көбеймей тұр-ау… Бүгiнгi баланың тыңдағысы келетiнiнi де, қасқыр мен түлкiнiң оқиғасы емес, өрмекшi- адамның (человек-пауктың) бастан кешкен қызықтары немесе компьютерлiк әлемге ену. Комьютерлiк ойындардың қаптағаны соншалық, сол арқылы бәйгеге басын тiгiп жүргендер қаншама. Қалтасына салған бес-он теңгесiн компьютерлiк ойындарға жұмсағанды тәуiр көретiндердiң саны күннен-күнге артып келедi.

Бәрiн айт та, бiрiн айт, жаңа жылдық тартуға қайта оралайықшы. Биылғы жаңа жылдық тарту ретiнде, телеарнаның бiрi (оның өзi оннан кейiн басталды) зәулiм коттеджде жалғыз өзi қалып, ұрылармен алысқан батыр баланың ерлiгiн баяндайтын хикаятты ұсынды. Американдықтардың кино түсiрудегi шеберлiктерiн қойсаңшы, кiшкентай көрермендердi қызықтыру үшiн неше түрлi қиял-ғажайып ертегiнi ойлап табады. Бөлмесiнде жалғыз жатуға қорқатын балалар үшiн әлгi хикаяттағы баланың ерлiгi көзсiз батырлық. Кiп-кiшкентай боп ұрыларға қарсы неше түрлi пәленi ойлап табады. Ең бастысы, ұры әлгi үйге жолай алмайды. Жолау былай тұрсын, кiшкентай баладан көрген зорлық-зомбылықтарын айтсаңшы. Ақырында, бет-аузында сау-тамтығы жоқ, түте-түтесi шыққан екi ұры қолға түседi. Әрине, қиял-ғажайыпқа негiзделген комедиялық фильмнiң бiр қарағанда, көрерменге тигiзер онша зияны да жоқ. Жай ғана, жаңа жылдың алдында езу тартқызып, кiсiге күлкi ұялататын көңiлдi хикаят ғана. Бiрақ, сол көңiлдi хикаяттың кiшкентай көрерменге беретiн пайдасы бар ма? Олар әлгi фильмдi көргенде не ұтады? Сонда бiз, өз үйiн ұрылардан қорғай алатын, батыр баланы тәрбиелеу үшiн, әлгiндей фильмдi балаларға жаңа жылдық тарту ретiнде ұсынып жатырмыз. Оның есесiне, балаларға арнап, аңыз-әпсаналарға толы, батырлардың бейнесiнен сомдалған дүниелердi ұсынғанда, көбiрек ұтар едiк.

Жалпы, жаңа жылдық тарту ретiнде ұсынылған дүниелердiң көбi уақыт толтыру үшiн ғана берiлген сияқты. Ешқандай жаңалық жоқ. Әлем-жәлем киiнiп, шыршаның алдында секектеп билеу де, жаңалық болып па? Одан қала берсе, шет елдiң қаптаған фильмдерi, отандық өнiмнен бiр нәрсе таппадық. Мүмкiн, қасиеттi Құрбан айтпен қатар келген соң, соған көбiрек мән берген шығар дейiн десек, Ұлық күннiң ұлылығын насихаттайтын, Ұлық дүниелердi де еш арнадан таппадық.

Сонымен, балалардың қысқы демалысы осылай өтiп жатыр. Ала таңнан қара кешке дейiн, көгiлдiр экранның алдын торуылдап, телеарналарды тамашалауда. Тамашалайтын дүниелерi әлгiндей… Қаңтардың ызғарлы суығында далаға шығып, ойын ойнау да оңай емес. Сырғанақ теуiп, шаңғы тебейiн десе, ондай орындар көп емес. Әрi тау жағалап кетуге, жалғыз өздерiне тағы қиын. Әке-шеше болса, базар маңында. Қара қазан, сары баланың қамы үшiн табан тоздырып жүргендер балаларының немен айналысып жатқанын қайдан бiледi?

Гүлзина Бектасова