Жаңалықтар

ӘР ШАҢЫРАҚТА БАЛҒЫННЫҢ БЫЛДЫРЫ...

ашық дереккөзі

ӘР ШАҢЫРАҚТА БАЛҒЫННЫҢ БЫЛДЫРЫ...

Кейiнгi кезде елiмiзде демографиялық серпiлiс әжептәуiр байқалып келедi. Әсiресе, жаңадан отау тiгiп жатқан отбасының бала сүюге құлшынысы жоғары. Содан ба екен, кез келген емхананың әйелдер бөлiмiне бара қалсаңыз, ұзын-сонар кезектi көзiңiз шалады. Қазақтың көбейiп жатқандығы қуантады, әрине. Бiрақ бұның себебiн ана мен балаға жасалған жағдайдың едәуiр жолға қойылғандығынан iздеуге болмас.

Ана әрқашан да сәбиiмен бақытты. Отбасы боп шаңырақ көтергеннен кейiн баланың былдырлаған бал тiлi естiлмесе, бәрi бекер. Бiрақ осы бақыттың дәмiн татайын десе, кейбiр отбасының баспанасы жоқ, одан қала бердi әлеуметтiк жағдайы бас көтертпейдi. Әйтеуiр, алғаш 2003 жылы бiр реттiк жәрдемақы берiлу енгiзiлгенде, отбасы осының өзiн демеу етiп, жанға талшық, қысқасы, кәдiмгiдей несiбе көрдi. Әр баланың өз несiбесi бар дегенге сеп болған бұл жәрдемақыны алу үшiн тағы талай сергелдеңге түскен ананың көңiлi су сепкендей басылды. Ал кейiнгi кезде айтылып жүрген 1-жастан 18 жасқа дейiнгi төленетiн жәрдемақы әзiрге ертегi iспеттес. Мұның өзiн әр түрлi құжатпен растау бiр бөлек шаруа болса, отбасы асыраушысының жалақысын есептеп, оны отбасы мүшелерiне шағып, үйiндегi бiр-екi бас ұсақ малы мен тауығына дейiн санақ алу екiншi мәселе. Ақыр соңында, құжат жинап, табанын тоздырған анаға «сiзге берiлмейдi, өйткенi алатын жалақыңыз отбасын асырауға әбден жетедi» деген сылтау айтып, шығарып салады. Егер отбасына бәрi жетiп тұрса, бейбақ ана сандалып, құжат жинап, өткiзбес те едi. Мiне, осы сынды кертартпа бұра тартудан кейiн қазақ қашан өнедi, көгередi, айтыңызшы?!

Айтып айтпай не керек, демографияда аз болса да iлгерi басу бар. Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға өмiрге қарадомалақтар әкелетiн қыз-келiншектiң саны артып келедi. Содан ба екен, бiз бас сұққан перзентхана үйлерiнде артық ауыс орын жоқ. Бiз бұл жайындағы әңгiменi №1 клиникалық перзентхана бас дәрiгерiнiң орынбасары Гуля Нұрбекқызы Балмағанбетованың өз аузынан естiсек.

– Бiзде орын жеткiлiктi. Негiзi 110 орынға есептелген. Егер патология бөлiмiнде орын жетiспей жатса, уақытша фуршеткада бiр тәулiк қана жатады. Сосын босануға кеткен немесе үйiне шыққан әйелдiң орнына ауысады. Бiз кез келген әйелге қиын кезде көмектесуге тырысамыз.

– Соңғы кезде әйелдердiң босану көрсеткiшi қандай?

– Мысалы, 2003 жылы бiздiң перзентханада 2 мың 200 әйел босанса, ал 2006 жылдың соңғы 10 айында 3 мыңға жуық ана бала сүю бақытына ие болды. Ал 2005 жылы 3 жарым мың әйел баласын бауырына алды.

– Оларға көрсетiлетiн ем-домның бәрi тегiн бе?

– Бiзде қажеттi дәрi-дәрмектiң бәрi тегiн. Яғни, министрлiктiң бұйрығымен екiқабат немесе босанған әйелдерге дәрiлер бөлiнген.

– Екiқабат әйелдердiң арасында қандай аурулар белең алып барады?

– Мезгiлiнен бұрын босану қаупi, жүрек, өкпе, қан аздық, iсiк, қан қысымы ауруы жиiлеп кеттi.

– Босану кезiнде бала өлiмi кездесе ме?

– Денi сау анадан денi сау бала туады. Егер ананың денсаулығы нашар болса, ол балаға мiндеттi түрде әсер етедi. Қала бойынша бұл жағдай тұрақты болып тұр. Бiздiң перзентханада ана өлiмi болған жоқ. Бiрақ сәбидiң туғаннан кейiн шетiнеп кетуi кездеседi. Оған тағы ананың денсаулығы әсер етпей қоймайды.

– Құдайға шүкiр, өмiрге бала әкелуге қабiлеттi аналар көп. Бiрақ түсiк жасайтындар да соншалықты…

– Олар өкiнiшке қарай, еш уақытта азаймайды. Себебi, бала әкелуге дайын емес немесе тұрмыс құрмаған қыздар алдын-ала сақтанбайды. Бiз түсiк жасардың алдында «ертеңгi күнi бала көтермеуiң мүмкiн» деп үнемi естерiне саламыз. Қыз-келiншек сонда да осы қауiптi жағдайға барады.

– Естуiмiзше, перзентханаларда босану кезiнде шет елдiң әдiс-тәсiлiн енгiзiп жатқан сияқты…

– Қазiр Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау саласында жаңа технология енгiзiлiп жатыр. Әйел перзентханаға босануға келгенде оған арнайы жеке палата бередi. Өзiнiң уақыты таяп қалғанда жанына қалаған серiгiн (анасын, жолдасын немесе сiңлiсiн) алдырады. Себебi, моральдық, психологиялық көмекке зәру анаға бұл да жақсы үрдiс. Әр палатада үлкен бiр доптан. Болашақ ана бұл доппен өз еркiмен босануға өзiн алдын ала дайындайды. Демек, босанудың әр кезеңiнде қалай жатып-тұрамын десе де, қалай туамын десе де өзi бiледi.

– Шымкенттегi шулы оқиғадан кейiн қандай алдын-алу шараларын жүргiзiп жатырсыздар?

– Кез келген жүктi әйел консультациялық кеңеске тiркелген кезде тексерiледi. Ал перзентханаға түскенде соның бәрiн есеп картасынан қараймыз. Сонда да қабылдау үстiнде жедел түрде тағы да қанын тексередi. Ал сәбиi өмiрге келгеннен кейiн, кiндiгiнен қан алып, зерттеймiз. Оңтүстiк өңiрдегi жағдайдан кейiн жаңадан көптеген құрал-жабдықтар сатылып алынды.

– Жалпы, қазiр сiздерге, яғни, ақ халатты абзал жандарға деген сенiм азайды. Сiз не дейсiз?

– Мүмкiн медицина қызметкерлерiнiң кiнәсi шығар. Тiптi отбасының әлеуметтiк жағдайынан болды ма, кiм бiледi. Менiңше, медицина қызметкерлерiнiң салғырттығы да бiрiншi кезекте.

Ендiгi беталысымыз №5 перзентхана. Бұл перзентханада жыл сайын мыңдаған сәби жарық дүние есiгiн ашады. Осынау балалы үйге толы шаңырақта талайдан берi қызмет етiп келе жатқан Нұрзақ Нәскенұлы Ошыбаевтың еңбегi ерен. Ол әйел ағзасындағы туа бiткен кемiстiктердi, оның iшiнде жыныс мүшелерiнiң кемтарлығына операция жасап, қалпына келтiруге күш салып келедi. 1979 жылдан бастап медицинада селт еткiзерлiк оқиға орын алып, Нұрзақ Нәскенұлы алғаш рет жасанды жыныс мүшесiн жасау операциясын көк еттi пайдалану арқылы ойдағыдай жасап шықты. Осы секiлдi 500-дей (оның 265-iнде қынап болмаған) шақты операцияны сәттi аяқтаған ол 2004 жылы 32 жастағы әйелге жасанды қынап пен құрсақ қондыру операциясын жүзеге асырды. Бiр қызығы, әлгi әйел осыдан кейiн бала көтерiп, өмiрге денi сау сәби әкелген. Бұл жаңалыққа құлағын түрген ресейлiк журналистер Алматыға келiп, сенсация ретiнде сұхбат беруiн өтiнген екен. «С такой уникальной патологией в мире еще никогда не рожали» деген атпен жарияланған мақала әп-сәтте оқырманның назарына iлiгiп, Нұрзақ Ошыбаевқа жан-жақтан хат көптеп келе бастапты. Бiз де «ғажайып өнер» иесiмен азды-кем сұхбаттасуды жөн көрдiк.

– Нұрзақ Нәскенұлы, мұндай қиын әрi сирек жасалынатын операцияны жасауға не түрткi болды?

– Қынап пен жатырдың туғаннан жоқ болуын медицинада Майер–Рокитанский–Кюстер синдромы деп атайды. Әйел ағзасында жатыр мен жыныс мүшелерiнiң болмауы аса күрделi мәселе. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының деректерiне көз жүгiртсек, дүниеге келетiн әрбiр 4-5 мың қыздың бiреуi қынапсыз туылады. Сонда жылына 21-23 қыз қынабы мен жатыры жоқ боп өмiрге келедi екен. Бұрынғы кезде мұндай операция тек Мәскеу, Ленинград қаласында жасалатын. Ал бiздегi операция аракiдiк аш iшек пен тоқ iшектi пайдалану арқылы жасалды. Өзiм алғаш операциямда адам қарнының iшкi пердесiн пайдаландым. Мiне, соның арқасында 32 жастағы әйелге жасанды қынап пен құрсақ жасадым. Операция жасалған 265 қыз-келiншектiң iшiндегi 251 отбасы құрғандардың бәрi нәрестелi бола алмайтындығын бiлгендiктен, бала асырап алуға ынтық болды. Бiрақ оған тек онының ғана мүмкiншiлiгi мен жағдайы бар екен.

– Қызбалалардың мұндай туа бiткен кемтарлыққа шалдығуына не себеп?

– Бұған экологияның, iшкi-сыртқы ортаның зиянды қалдықтары әсер етедi. Ал 20-30 пайызы тұқымқуалаушылыққа байланысты жалғасады. Сондай-ақ, қынапсыз қыздардың туылуы, туыс арасында жетi атаға толмай қыз алысумен де байланысты. Сосын жыныс мүшесi жоқ қыз балаларға дәрiгер-гинекологтар дұрыс диагноз қоймай, әбiгерге салу кесiрiнен үш-төрт операция жасауға мәжбүр боламыз. Сондықтан емделушiге операция жасауға асықпастан, алдымен қандай ауру екенiн айтып, нақты диагноз қою керек.

– Ал өзiңiз басқаратын №5 перзентхананың жылына қанша әйелдi босандыратын қауқары бар?

– 100 орынға есептелген бiздiң перзентханада босанатын әйелдiң, өмiрге келетiн сәбидiң саны жылдан-жылға, 20, 30 пайызға артып келедi. Осыдан 5-6 жыл бұрын 2 жарым, 2 мың 800 әйел босанған болса, былтыр 5 мыңға жуық әйел босанды. Ал биылғы жоспар бойынша 5 жарым мыңға жуық әйел босанды. Бұл дәлелсiз болмас үшiн, алғашқы 10 айда 4 мың 481 әйел нәрестелi болғанын айту керек.

– Өлiм-жiтiм кездесе ме?

– Ана мен бала өлiмi қаладағы перзентханалар бойынша жыл сайын азайып келедi. Адам болған соң, өлiм-жiтiмсiз тағы болмайды. Себебi, әйелдiң 70 пайызының денсаулығы жоқ. Егер ана ауру болса, одан туған нәресте де нәзiк, уақыты жетпей шала, ауру болып туады. Мiне, мұндай бала iште жатып немесе туғаннан кейiн шетiнеп кетуi мүмкiн. Шамамыз келгенше аман алып қалу үшiн қолдағы бар амалды жасап бағамыз. Әзiрге дабырайтып айтатындай өркениеттi 50 елдiң қатарына қосыла қойған жоқпыз. Өйткенi, шет елде бар жаңа технологиялық құрал-жабдықтар бiзде әлi күнге жеткiлiксiз.

– Сiздiңше, Алматы қаласы бойынша перзентхана жеткiлiктi ме?

– Елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi бiрде-бiр қалада қосымша перзентхана үйi салынған жоқ. Келесi жылы бiр ана мен баланың денсаулығын қорғайтын орталық салынады деген жоспар бар. Бұл әзiрге жобаның қаңқасы. Оған дейiн аурухана жанынан қосымша бөлiмшiлер ашылса жақсы болар едi.

– Кейбiр отбасының тұрақты мекен-жайы болмағандықтан, босанатын әйел қайда тiркеуге тұратынын бiлмей дал болады. Барса орын жоқ немесе өзiңнiң тiркеуге iлiккен жерiңе бар деген сылтау алдынан көлденең шығады…

– Босанатын әйелдi ешбiр перзентхана далаға тастамайды. Жедел-жәрдем көрсету тәулiктiң кез келген мезгiлiнде болмасын, оған көмек көрсетуге құқылы. Мына бiздiң ауыл тұрмақ, ТМД-елдерiнен, шет елден келсiн, бар жағдайын жасап, баласын жөргегiне алуға жәрдем беремiз. Бiрақ мұның бәрi жоспардан тыс болады. Өзiм алдын-ала биыл 4 мың әйел босандырамын деп жоспарладым. Себебi, екiқабат әйелдерге арналған орынға байланысты өз шамамызды бiлемiз. Осыған байланысты Үкiметке тапсырыс беремiз, олар тегiн қамтамасыз етуге байланысты қаржы бөледi. Ал осының сыртынан келген әйелдер де тегiн көмек алады. Бiрақ басқа әйелге бөлiнген ақшаны жырып беруге тура келедi.

– Соңғы кезде медицина қызметкерлерiнiң атына көп сын тағылып жүр. Ақ халаттылыр ақшаға құнығып кеттi. Қалтасына бiрдеңе салсаң ғана қарайды, әйтпесе… деген пiкiрлердi жиi естимiз.

– Қазақта «бiр құмалақ бiр қарын майды шiрiтедi» деген бар. Мұндайлар да жүр арамызда. Ал негiзiнен дәрiгер маманы қолынан келгенше көмек беруге тырысады. Олардың iшiнде де бiлiмi жоғары, орташа, төмендерi бар. Мектепте, жоғары оқу орнында 3, 4, 5-ке оқиытындар да бар ғой. Сол сияқты оның бәрi де арнаулы диплом алып шығады. Олар алған бiлiмiн тек тәжiрибеде ғана көрсете алады. Дәрiгерлерге бiреуден бiр нәрсе сұрамаңдар деп күнделiктi айтамын. Тек сенiң жасаған жақсылығыңа риза болып, рақметiн айтса, соған қуаныңдар деймiн. Ал ендi науқас немесе босанған ана аздап құрмет көрсеткiсi келсе, оны өзi бiледi. 36 жыл бойы қызмет етiп келе жатқан еңбек жолымда медицина қызметкерлерiне өмiр бойы айтатыным осы.

– Босануға қабiлеттi әйелдерге қандай аурулар кедергi?

– Зәр-жыныс жолдарының ауруы, әсiресе, бүйректiң сыр беруi жиi байқалады. Қазiр қан аздық қазақ әйелдерiнiң 80 пайызын жаулап алған. Ал кейiнгi кезде қан қысымының жоғарылып кету қаупi көбейiп барады.

– Қыз-келiншектерге, яғни, болашақ аналарға айтар бiр ауыз сөзiңiз бар ма?

– Қазiр менiң атыма келiп жатқан хаттардың санында шек жоқ. Әсiресе, ресейлiк журналистiң мақаласынан кейiн сонау Мәскеуден және оның маңындағы облыстардан да хат толастамай келiп жатыр. Әрине, олардың арасында ана болу бақытына жете алмай жүргендерi қаншама. Тiптi, кейбiрi өз мұңын шағып, сiзге келiп қаралсам бола ма деген өтiнiштерiн де жазып жiбередi. Кейбiр қыздар ана атанып, бала сүймесiн бiлген соң, өз-өзiне қол жұмсауды да ойлайды. Осындай бiр қыз маған келiп, жағдайын тәптiштеп түсiндiрдi. Дәрiгерлер жасөспiрiм кезiнде ол қызға басқа диагнозды қойып, iшiн жарып, жатырын кесiп, жарады. Содан, әке-шешесiне: «Ешқандай жiгiтке жоламасын, қызыңызда қынап жоқ, Құдайдың жазғанына мойынсұнасыз, қайтесiз басқа» деп айтқан екен. 28 жасына дейiн осы қасiреттi көтерiп келген ол бәрiнен де түңiлген. Оған жасанды қынап салдық. Содан не керек, ол бiр-екi жылдың көлемiнде нәрестелi болды. Бақытты.

Құдайға шүкiр, медицина күннен-күнге жетiлуде, даму үстiнде. Қазiр бәрiн жасауға мүмкiндiк бар.

Бiрде өзiм қатарлас құрбым перзентханада баласын алдын-ала сақтап қалуы үшiн бiрер апта емделiп шықты. Сонда ол: «Қазақтың көбейiп жатқандығына қатты қуанамын!» деп iшiндегi тебiренiсiн жайып салды. «Тiптi, жастар тұрмақ, жасы 35-тен асқан әйелдердiң бала тууға деген құлшынысын байқадым. Бұл бiздiң демографиямыз үшiн жақсы тенденция ғой…» деген-дi. Рас, кезiнде аналар жасы 40,50-ге келгенше құрсақ көтеретiн. Олардың айтуынша, сол кездiң экологиясы таза, дәм-тұзының берекесi мол болатын. Тәуелсiздiк алған жылдардан кейiн әлеуметтiк-экономикалық жағдай қатты әсер еттi ме, отбасының бала тұрмақ, өздерiн асырауға хал-қадiрi жетпедi. Тек соңғы жылдары ғана бұл үрдiстiң қайта келгендiгi көңiлге сенiм ұялатады. Айтпақшы, әлгi құрбымның сөз арасында егер бiр перзентханада жылына ең кемi – 4 мың, ең көбi – 5 мыңдай нәресте дүниеге келсе, неге бiз 15 миллионнан аспаймыз деп төтесiнен қойып қалғаны…

Жұлдыз болжаушылардың айтуынша, табалдырығымызды аттаған томаға тұйық доңыз жылы демографиямызға ерекше серпiлiс әкелетiн сияқты. Әйтеуiр, биылғы Құрбан айтпен астас келген Жаңа жылда көрiпкел-балгерлер мен жұлдыз болжаушылар басқасын қайдам, өмiрге келетiн қарадомалақтың саны артады деумен болды. Лайым солай болып, әрбiр шаңырақта тек баланың былдыры ғана естiлсiн!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ