Жаңалықтар

Қарлығаш БАЙСЕЙIТОВА: КҮЛӘШТIҢ ҰРПАҒЫ БАР, ОЛ – МЕНМIН

ашық дереккөзі

Қарлығаш БАЙСЕЙIТОВА: КҮЛӘШТIҢ ҰРПАҒЫ БАР, ОЛ – МЕНМIН

12-қаңтар қазақтың бұлбұл әншiсi Күләш Байсейiтованың туған күнi. Биылғы жылы күмiс көмей әншiнiң туылғанына – 95 жыл. Қазақ өнерiнiң саңлағы, көрнектi опера жұлдызы Күләш Байсейiтованың мерейтойын халқы ұмытып кете ме деген қауiппен Қарлығаш апа қолындағы барлық жиған-тергенiн алып, редакцияларды жағалауға шығыпты. Екi сөмкенiң де iшi толы суреттер, тiрi құжаттар. Есiктi имене аттап, сыбырлап ғана сөйлейтiн апа өзiн «Күләш Байсейiтованың қызымын» деп таныстырды. Анау-мынау емес, халыққа белгiлi тұлға, даңқы бүкiл әлемдi шарлаған бұлбұлдың тұқымымын деп отырған соң, оңай жiберушi ме едiк. Қарлығаш апамен аз-кем тiлдесудiң сәтi түстi.

– Айналайын, қызым, көпшiлiк «Күләштiң балалары жоқ» деп жатады. Ол жалған. Күләштан үш қыз бармыз. Кiшкенемiз Қаршыға бес жасында қайтыс болды. Үлкенiмiз Құралай 36-жасында көз жұмды. Үш қыздан қалған жалғыз мен. Анам қайда барса да, Құралай екеумiздi жанынан бiр елi тастамаушы едi. Тiптi, гастрольдiк сапарларында да бiрге ертiп жүретiн. Мәскеу, Ленинград болсын, барлық жердi бiрге аралайтынбыз.

Екеумiздi бiрдей қып киiндiретiн. Бiрiмiзден бiрiмiз аумай тұратынбыз. Он жетi жасымда соңғы рет анаммен бiрге суретке түстiк. Ұмытпасам, 56-жыл болуы керек, анам бiзге: «Келiңдер, бiрге суретке түсейiкшi, соңғы рет» дедi. Әлде жүрегi бiрнәрсенi сездi ме, әйтеуiр, «соңғы рет» дедi. Шын мәнiнде, сол бiзбен бiрге түскен суретi, соңғы суретi болды.

Спектакльдерiнiң бiрiнен де қалмаушы едiк. Анам онда депутат. Қолынан келгенше, кiм келсе де көмектесуге тырысатын. Жұмыстан шаршап келсе де, кiмге жұмыс керек, кiмге ақша керек, соның бәрiн тауып беруге тырысатын. «Демалсаңшы» десек, «Ол кiсiлер менi сүйеу қып, алыстан келiп отырған жоқ па?» дейтiн. Тiптi, кейбiрiнiң баратын жерi жоқ болған соң, бiздiң үйде қонып қалушы едi. Өзгелер деп жүрiп, өзiнiң денсаулығына да мән бермептi. Үйде де аз болатын. Кейiнiрек әкемнен: «Әке, неге бiздiң анамыз ерте көз жұмды екен?» деп жиi сұраушы едiм. Сонда әкем: «Анаң бәрiн жүрекпен қабылдайтын, жүрегiне жақын алады. Сосын әлсiз жүрек бәрiне бiрдей шыдай бермейдi ғой» дейтiн.

– Күләш апаның өлiмi туралы неше түрлi әңгiмелер айтылады…

– Оның бәрi өтiрiк. Мәскеуде қайтыс болды ғой. Анаммен ең соңғы рет сөйлескен жан Брусиловскийдiң әйелi болыпты. Аты Тамара болатын. Анамды аяғынан шалғандар да көп болған екен. Тiптi, Қонаевтың атына анамның үстiнен арыз ұйымдастырыпты. Сол арыз туралы естiген соң, анам қатты қапаланып, Тамараға телефон шалыпты. Әкеме де ренiшiн айтқан екен. Әкем анама: «Оның бәрiн көңiлiңе ала бермесеңшi. Сенiң өнерiңдi ел мойындаса болды емес пе?» деп жұбатыпты

–Анаңыз қайтыс болғанда неше жаста едiңiз?

– Он жетiдемiн. Мектепте емтихан тапсырып жүргем. Анам үйде ән айтып отырғанында, оған елiктеп, менiң де ән айтқым келетiн. Өзiмше тыраштанып, айнаға қарап, ән салатынмын. Анам бiрде соны байқап қалып: «Алдымен мектептi бiтiр. Мәскеуден келген соң, сенiң даусыңды тыңдап көрем. Егер даусың бар болса, дайындық жұмыстарын бастаймыз. Тiптi, арнайы музыкалық училищеге де оқуға түсiрем» деген едi. Бiрақ, ол арманына жете алмады. Анам сол сапардан қайта оралған жоқ. Анам қалай көз жұмды, мен де ән айтуды қойдым ғой.

–Өз бетiңiзбен өнерге бара алмадыңыз ба?

– Оған менiң дауысымды тыңдаймын деген ешкiм болған жоқ. Әрине, анамның үнiндей дауыс қайдан болсын, менде. Ешкiмге керек болмай қалдық. Әкемiз болса, ұйғыр әйелге үйленiп кеттi. Құралай екеумiз, анамыздың шешесiнiң қасында, яғни әжемiзбен қалып қойдық. Анам қайтыс болғаннын кейiн, әжем мен әпкем Қонаевтың алдына барып, анамыз тұрған үйдi мұражайға айналдырайық деп өтiнiш жасаған екен. Ол кiсi ұмытып кеттi ме, әйтеуiр ол өтiнiш жүзеге асқан жоқ. Мұражайы әлi де жоқ. Мектебi бар, Құдайға шүкiр. Храпуновтың кезiнде де «мұражай жасайық» деп бардым. Анам тұрған үйде тұратын жаңа қожайындар менен көп ақша сұрайды. Ал, ондай ақша менде жоқ. Сол үйлерге ешкiм тимесе, қандай керемет қазына емес пе? Ленинградта нешеме үйлер мұражайға айналған жоқ па? Неге солай тұрғызуға болмайды? Бiрiншi қабатта бiз, екiншiсiнде – Брусиловский, Әбдiлда Тәжiбаев, Ғабит Мүсiрепов, Байқадамов тұрған сол үйлердi сақтауға болмай ма? Осы мәселемен әкiмнiң алдына кiре алмай жүрмiн.

– Мектеп бiтiрген соң, немен айналыстыңыз?

– Мектеп бiтiрген соң, жұмыс iстеуге тура келдi. Оқу дегендi ұмыттық.

– Құпия болмаса, қандай жұмыс?

– Сатушы болдым ғой. Оқу оқығым келсе де, оқуыма жағдай болмады. Анамызсыз қиын екен Анамыздың арқасында ешнәрсенi бiлмеген екенбiз. Қазiр зейнетке шықтым. Күләштiң ұрпағы бар екенiн ешкiм бiлмейдi, әлде бiлгiсi келмей ме? Мүмкiн, анам сияқты өнер жолын таңдамаған соң, iздеп жатпаған болар. Раушан Байсейiтова туралы жиi жазады. Өйткенi, ол қазiр елге танымал әртiс. Анамның сiңлiсiнiң қызы. Анамның қолында өскен. Ал, мен кейде бiр жерге сұхбат беруге де ұялам. Қызметiм жоқ, оқыған оқу ол да жоқ. Күләштiң қызы осындай екен деуге арланасың бiртүрлi. Анамды мен iздемегенде кiм iздейдi? Өзiнiң денсаулығын ойласа ғой, бiраз өмiр сүрер ме едi. Қырық бес жас деген тым жас қой. Анам барда бәрi қызық едi ғой. Үйiмiздiң есiгi жабылмайтын. Спектакльден соң, барлығы бiрге үйге келетiн едi. Заман-ай десеңшi, дәл қазiр сондай заман қайтып келер ме едi…

Қарлығаш апа ауыр күрсiндi. Анасын жалғыз өзi жоқтап жүр. Күләш Байсейiтова туралы талай шығарма, талай жазбалар жазылған шығар. Қазақтың бұлбұл қызының, талантты қызының жалғыз шырағы Қарлығаш апа жайында бүгiнгi оқырман бiле бiрмейтiнi ақиқат. Қазiр алпыстың асуына шыққан апаның ендiгi арманы, анасының мұражайын ашсам дейдi. Ол арманы жүзеге аса ма, аспай ма, ол жағы тағы да беймәлiм.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА