ДИМЕКЕҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛIК КЕЗЕҢДЕ

ДИМЕКЕҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛIК КЕЗЕҢДЕ

ДИМЕКЕҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛIК КЕЗЕҢДЕ
ашық дереккөзі

АҚЫН МҰРАЖАЙЫ НЕМЕСЕ «ЕДIЛ МЕН ЖАЙЫҚ»

Жер жәннәтi Жетiсу өлкесiне қатысты Димекең ықылым заманның тарихын да, тағылымын да өз естелiгiнде айтады. Қапал, Қаратал, Алакөл өңiрлерi Димекең үшiн – көне сөз салтымен айтқанда, «Мысыр шәрi». Димекеңнiң бұрынғы Талдықорған облысына келген сапарлары жөнiнде халықтық әңгiме-естелiк, ұлы адамға деген кiршiксiз сүйiспеншiлiк және әруағына тағзым күнi бүгiнге дейiн жаңғырып тұр. Халық қазiр әруағының өзiн әспеттейтiн жарықтықтың жарық дүниедегi соңғы сағат, минуттары Алакөл жағасында өттi. Кеудесiнен жаны осы өңiрде көкке көтерiлдi. Әулиелiк қасиеттi уағыздаушы «түс-тылсым» арқылы бәрiн естiп, көрiп бiлушi дiндар кейуананың айтуынша, Димекеңнiң жаны «рух-рауанға» айналып, кеңiстiкте әлi айналып жүр. Өйткенi ол жақтан мәйiттi алып, көкке көтерiлген ұшақ үш рет айналып ұшып, әуежайға қонады.

Жетi өзен өрнектеген Жетiсу өңiрiнде тап-тұйнақтай жинақы, әсем де әдемi Талдықорған қаласы бар. Облыс орталығы бұл қалаға Димекең серiктерiмен, министр-уәзiрлермен, хатшы-нөкерлерiмен жиi келдi, жиналыс ашты. Жетiстiк, табысқа қуанды, кемшiлiк, ағаттықты ескерттi. Андропов Бас хатшы болып, әсiресе, кеңселерге жұмыс уақыты қатаң қадалағанда мұнда келген бiр сапарында кiшi лауазым иелерiне ескертудi көшеде тұрып айтуға мәжбүр болды.

Атақты Желтоқсан оқиғасының алдында сексенiншi жылдың орта тұсында Димекең Талдықорғанға жаз айында жақсы көңiл күймен келдi. Жиналған халық алдында сөз сөйледi. Iлияс Жансүгiров атындағы пединститутта және қаладағы ақынның мұражайында болып, халықтың, студент жастардың ыстық ықыласына бөлендi.

Қайта жөндеуден өтiп, аласапыран жылдары жабылып қала жаздап қазiр жұмыс iстеп тұрған Iлияс ақынның мұражайында Димекеңнiң қолтаңбасы тұр. Өз ой рухымен жазылған дананың тiлек, «бата сөзiнде» ниет-ықыласы көрнекi жерден көзге түсiп, көңiлге жатталады. Димекең келгенде мұражай директорының демалыста болуына байланысты ол кiсiге мұражай жайында толық түсiндiрiп, баяндаған белгiлi ғалым, сол уақыттағы пединституттың ректоры Мырзатай Жолдасбеков едi. Мырзакең естелiгiнде Димекеңдi «Ақылдың кенi» деп бағалайды.

Осы келген сапарында болуы керек Димекеңнiң құрметiне белгiлi өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Қазақ жырының дүлдүлi Iлияс ақынның елiнде неше түрлi ән айтылып, күй тартылады. Бiр уақытта белгiлi бiр әншi ақын сазгер Iлия Жақановтың «Едiл мен Жайық» әнiн орындайды. Әндi қатты ықылас, ерекше көңiл күймен тыңдаған Димекең ерекше әуен-сазды қайта орындатады. Тұңғиық ойға батып кетедi. Бiр тылсым күш бәрiн ұмыттырып, ойға шомдыра бередi. Ендi бiр сәт Димекеңдi ойдан сергiтiп, табиғат аясында серуендетудi ойласа керек, қонақ күтушiлер, арада аз уақыт өткенде мол дастархан, сауық-кездесу, «концерт-той» қалаға жақын Қаратал өзенiнiң бойында жалғасады. Ашық дала, таңғажайып табиғат аясында да әлгi әнге құмары қанбаған Димекең «Едiл мен Жайықты» тағы қайталап орындатады. Мұны көрiп, бiлiп отырғандар iштерiнен Димекеңнiң әнге осыншама құмар болып әлсiн-әлсiн бiр тұңғиық ойға батып, тосын «түр-бейне» көрсеткенiне қайран болып, не оның сырын бiле алмай да болады.

Димекеңнiң Жетiсу жерiнде «Едiл мен Жайық» әнiн тыңдап, неге қатты ойға батқаны – жұмбақ. Әлде әулие, Құдайдың сүйiктi құлы Қонаев арада оншақты жыл өткенде осы өңiрге қайта келiп, тағы ән тыңдап, халықтан ақтық қошамет көрiп, түбiнде бұл фәниден де өтетiнiн де ойлап, бiр тылсым тұңғиыққа батты ма? Өйткенi атасы қажы, iшiнен «ғайып күшке» сенетiн Димекең жетiсулық бiр сәуегей ана кейуанаға (ретiн тауып, Алматыға шақырып) алдын болжатқан едi.

ШАХ ПЕХЛЕВИДIҢ КЕЛУI

1973 жылы Алматыға Иран шахы әйелiмен (шахиншақ) келiп, Димекеңнiң қабылдауында болды. Келiссөз, кездесулерден кейiн шахтың аңшылық сапары басталды. Ақсу-Арасан өңiрiндегi Жоңғар тауының бiр сiлемiнде Иран патшасының саясаткерлiк яғни, аң ату серуенi жалғасты. Осындағы бiр қой совхозындағы «Ащыбұлақ» бөлiмшесiнде жауапты қызмет атқаратын Болатхан Қалиеков тiкұшақтан түскен шахты ашық далада көрiп, жүздесiп патшамен амандасты. Өте iрi әрi тәкаппар екен. Бойы Димекеңнiң бойындай ұзын, құрметтi мейман алдымен мұсылманша тiзерлеп, далада түзге отырды. Айнала таңғажайып табиғатқа патша тамсана қарады. Иран патшасы келедi деген хабарды Бөкең-Болатхан бiр жыл бұрын естiген едi. Арнайы дайындық шаруалары осы Бөкеңе жүктелдi. Шах тек қолда күтiлген жас бұзаудың ең тәттi жая етiн жейдi екен. Бөкең соны белгiленген бұзауларды күтiп, семiрттi. Шах келгенде олардың бiразы сойылды. Шах тауда бұғы, марал атты. Арасан өңiрiндегi биiк тау жаққа жиi аңға шығып, саясаткерлiк жасайтын Димекең бұл жолы құрметтi қонақпен мұнда келмедi. Шах құмары қанғанша аң атты, серуендедi. Қазақ жерiнiң әлемде жоқ сұлулығы мен ерекшелiгiне тамсанды. Кеңестiк дәуiрдегi қадiрлi қонақты күтудiң, серуендетудiң елдегi салтын көрдi.

Бiр елдiң үлкен патшасының жанында сәтi түсiп бiраз жүрген Бөкең шах жайында бiр-екi нәрсенi ғана еске алады. Ал, мұнда жиi келетiн Димекең жайында қатты тебiренiп, әулие адаммен таза ауада серуендегенiн, суға түскенiн, монша-саунада дем алғанын, бiрге ет жеп, қымыз iшiп, жидек-мәуе үзгенiн қайталап айтудан әсте, жалықпайды. «Жаратылысынан пәк, «рухы-ұят» жарықтық моншаға түсерде жанындағылардан кейде қысылады екен. Аппақ iшкиiмi болса да. Мұны Бөкең талай байқады. Өмiрiнiң соңғы жылдары Димекең таза пiрәдәрлiк жолға бет бұрған ғой. Ас-дәмде өте кiрпияз жүрiс-тұрыста тақуа-бекзаттық үрдiстi ұстанады. Сондықтан Бөкең ол кiсiнi қой сойып қонақ қыларда ас-суды дайындау үшiн қалай әбiгер, тiптi ерекше мазасыз күйге түскенiн де жасырмайды. Қойдың басы ұқыпты үйiтiлiп, жуылып, әбден тазаланып келгенде жақ сүйектегi кiшкене дақ үшiн бiрде Бөкең қатты қысылады. Балмен қымыз iшу Димекеңнiң сүйiктi салты болса керек. Арасан өңiрiнде жақсы қымыз iшедi. Димекең ас iшкен ыдыс-аяқ, кесе, қасық қазiр Бөкеңнiң үйiнде тәбәрiк болып сақталып тұр. Айтпақшы Бөкеңнiң айтуынша Арасандағы соңғы дала серуенi кезiнде Димекең аңшылыққа да онша құлықты болмаса керек.

Арасан жақтағы қорыққа аң ату үшiн бiрде Димекеңнiң ағасы Асқар Қонаев келедi. Қасындағы серiктерiмен тауда демалады, шарап ұрттайды, соңында «бас жазады». Димекеңнiң ағасы Асқар келген кезде ай -күнi жетiп отырған Бөкеңнiң әйелi босанып ұл туады. Атын Асекең «Асқар Қонаевтай болсын» деп әзiлдеп атын өзi қояды. Асқардың жасы қазiр 32-де. Есiмiн бiр Қонаев қойған бала – Бөкең әулетi үшiн жақсылықтың белгiсiне саналады. Қытайда елшiлiкте iстеп (1940-44) осында келгенде, әкесi Мейрбай Серiкбай «халық жауы» атанып атылған Бөкеңнiң тағдыры жайында көп айтуға, арнайы зерттеп жазуға болатын тағлым.

Арасандағы өмiрiнiң соңғы күндерiнде Димекең Абайдың даналығы жайында жиi айтып, инженер Мұхамеджан Тынышбаев туралы тебiренiп, көп әңгiме айтқан. «Мектепте оқып жүргенiмде Тынышбаев сияқты атақты инженер болуды армандадым. Сондықтан оның туған елiндегi мерейтойына бармау мен үшiн күнә» деп Ақсу арқылы Сарқан, Алакөл жаққа жолға шығады. Көзбен көрiп, iшiнде болған кiсiлердiң айтуынша, Тынышбаевтың тойына келе жатқан Димекеңнiң алдынан шығып, сәлем беруге келген адамда есеп болмаған.

АРАСАНДАҒЫ «ХАН-КОТТЕДЖ»

Жер астынан қайнап шығатын шипалы суы мен таза ауасы, ақ қайың, сәмбi тал-терегi және адамды сауықтыру қасиетi әлемге белгiлi «Қапал-Арасан» шипажайы Жетiсудың баға жетпес «киелi курорты» десек артық болмас. Дана Димекең демалатын қасиеттi жердi қалай бiлген. Арасанда Димекең 1987 жылдан 1992 жылға дейiн үзбей демалып, денсаулығын түзеген. Тек ұлық, даңқты партия көсемi емес, мұнда қарапайым халық та келiп, ауру-сырқаттарынан жазылған. Қазiр жаңа заманға, бүгiнгi талабына сай «европаша» қайта жабдықталған Арасанда айтатын жайлар көп. Өкiнiштiсi, қазiр мұнда тек қалталылар ғана келетiн көрiнедi. Нөмiрлерi тәулiгiне 3000 теңгеден он мың теңгеге дейiн көрiнедi. Қонаев дәуiрiндегi «су тегiн» жолдама қазiр жоқ. Мұны жақтырмағаннан емес, заман шындығы, заң тәртiп үрдiсi осылай болған соң айтуға тура келiп отыр.

Арасанда оңаша жерде кезiнде Димекең демалып жатқан шағын коттедж тұр. Iшкi бөлмелерiнiң аумағы да атшаптырым емес. Кеңестiк дәуiрдiң «скромный» саяжайы типтес мекен-жайы. Бiр ерекшелiгi мұнда Димекеңнiң демалып жатқаны жөнiнде жыл датасы көрсетiлген «көрнектi белгi» тұр. Байырғы иесi жоқ «хан-мекеннен» жан адам көрiнбейдi. Тиiстi адамнан ананы-мынаны сұраудың ретi келмедi. «Хан-мекен» бiр ерекше тыныштықта тұр.

Димекеңнiң «Қапал-Арасандағы» демалысы кезiнде ол кiсiмен бiрге болған белгiлi ғалым дананың қарапайым қауым арасындағы жүрiс-тұрыс, кiсiлiк қарым-қатынасы жайында әңгiмелеген едi. Арасанда демалушылар Димекеңмен жиi суретке түсiп, ол кiсiнiң қызықты әңгiмесiн, қате-жалғандығы жоқ сөздерiн тыңдаудан бiр жалықпай, тiптi, «мазасын» алған көрiнедi. Айдарлы деген ауылдан барған қойшы жiгiт қоймай Димекеңмен ретiн тауып кездесiп, дәл осы сәтте суретке түседi. Ол кезде қатардағы дәрiгер Шымыр-Темiр бiр жолдасымен Димекеңдi ортаға алып суретке түскен «бақытты сәтiн» әлi ұмытқан жоқ. Үйiнде осы сурет тұмардай сақтаулы тұр.

Қапал кентi, «Қапал-Арасан», Қапал батыр, Қапал тауы деген атаулар мен жер-су аттары – жерұйық өлкеде жалғаса бередi. Жаза берсе тарих та ұлы тау-тiзбек табиғат көрiнiс те таусылмайды.

Атақты желтоқсан дүрбелеңi болатын 1986 жылы да Димекең Талдықорған өңiрiне арнайы келедi. Қаладағы өндiрiс орындарын көрiп, қаланың Бас құрылыс жобасымен танысады.

Талдықорғанда Қонаев атындағы кең көше көсiлiп жатыр. Осы көшеде Қонаев жүрген жерлердi, тау-тасты, ауыл кенттi бiр қаламгерге аралатып, көрсеткен Бақыт Амантайұлы Алпысов деген азамат тұрады. Димекеңнiң серiгi А.Асқаровтың жақсылығын көрген оның атасы ұлы адамның өнегелi өмiрiн немерелерiне үнемi үлгi етушi едi.

ТАҢҒАЖАЙЫП «ТАМШЫБҰЛАҚ»

Қазiргi Қапал қаласы тұрған жердiң Адам-Ата, Хауа-Ана жаралғаннан берi құтты коныс, осындағы алғашқы адамдардың бiр жерұйық мекенi болғаны күмән тудырмайды. Өйткенi жаратылыс, табиғат әлемi ежелден ерекше екенiн елестетiп тұр. Ұлы Жiбек жолы өткен өлкенiң ұлы Тұран Иран, Кавказбен жер-кеңiстiкте тылсым байланысып жатқаны күмән тудырмаса керек. Ал, Шыңғыс хан дәуiрi болса да күнi бүгiнге дейiн елестеп тұр. Өйткенi оған куә Жоңғар таулары жатыр. Димекеңнiң ұлы аталары Жетiсудан Семейге барып, Арқадан қайта Алатауға оралғанда сахарадағы көшi-қоны бұл өлкенi басып өткен ғой. Семейге сауда керуенiмен жиi қатынаған Димекеңнiң әкесi Меңдiахмет ол кезде қала Қапалда талай болған. Мекеңнiң Семейге барғанда Абай оқыған қалада түскен суретi бар. Тобықты елi мен Ысты Қонай батырдың, оның әкесi Азынабайдың құда-жегжат, iлiк-жақын болғаны бұрыннан белгiлi. Қарға тамырлы қазақ Димекеңнiң Қапал өңiрiнде әже жағынан мүмкiн бiр туыстары болды ма, әлде жақсы көретiн достары тұрды ма, өте жиi келген. Министрлер Кеңесiнде iстеп жүрген кезiнде де қызмет бабымен ат басын тiреген.

Қапал өңiрi және осы аттас кент атақты Сараның туған елi. Бұрынғы орталықта ақын мұражайы жұмыс iстейдi. Бiр мың сегiз жүз елуiншi жылдары Қапалға ұлы Шоқан келген. Ақын мұражайы Шоқан ат басын тiреген көне ғимаратта орын тепкен. Тарих та, өткеннiң тағылымы да осында. Яғни, Қапал Димекең үшiн шынында қызығатын, бармаса сағынатын жер болған.

Қапалда «Тамшыбұлақ» дейтiн таңғажайып бұлақ суы, «тамшы бұрқақ» бар. Аңызға сүйенсек, бұл «су-тамшы» аруақ пен табиғат арасындағы бiр тылсым күштi сездiредi. Табиғаттағы киелi, қасиеттi жерлер, жол бойындағы әулие адамдардың мазар, қорғандары Димекең үшiн бала кезiнен қол жайып, тағзым ететiн «ғибадат нысанға» саналған. Қасиеттi топырақта жатқан Қапал және Тәнеке батырлар жөнiнде, әрине Димекең естiдi. Мүмкiн iштей дұға оқыды. Өйткенi әулие Әлмерекке тағзым еткен пенделердың бiрi Димекең ғой.

СӘЙГҮЛIКТIҢ ЕР-ТҰРМАНЫ

Арасанның жоғары жағындағы тау етегiнде Димекеңнiң атпен серуендейтiн, аңға шығып, саясаткерлiк құратын, арнайы «дала қорығы» болған екен. Тұлпар мiнiп, ту ұстаған «сахара қазақтың», көшiп-қонған «Үйсiн – Ыстылардың» ұрпағы Димекең бала кезiнде ат құлағында ойнаған болуы керек. Өйткенi Димекеңнiң «ат жалын тартып мiнген» бозбала кезiнде әкесi Меңдiахметте неше түрлi сәйгүлiк болады. Күйме-тарантасқа жегiлген «көсем желiс» аттар Алматы (Верный) көшелерiнде қоңыраулатып жүйткiгенде жұрт ерiксiз көлiктегi мырзаларға қызығады екен. Димекеңнiң арғы аталарының бiрi Зорбай (Ауызүскен) бiр жүйрiкке таласып болған соң Ыстылардан бөлiнiп көшедi. Яғни, жақсы ат, жүйрiкке құмарлық Димекеңнiң тегiнде бар. Осыны Құдай өзi бiлдiре ме, Димекең елге шыққанда ол кiсiге ер азаматтар неше түрлi жорға, жүйрiк, сәйгүлiктер сыйлап, мiнгiздi. Атқа қоса ер-тұрман, қамшы бередi. Димекеңе осындай бiр сыйды Ақсу – Қапал өңiрiнде Төлеухан Дәуренбеков деген азамат көрсетедi. Әбзелдерi қымбат заттардан жасалып, құйысқан, өмiлдiрiк, үзеңгiлерi күмiстелген ердiң алдыңғы қасына «А.Д.Қ» (Димекеңнiң қысқарған аты-жөнi) деген жазуды өрнектеп, қымбат ер-тұрманды Димекеңе сыйлайды. Осы ердi бiр жақсы атқа ерттеп мiнiп, Димекең тау жайлауында серуендесе керек. Айтпақшы Димекеңе қатысты бұл құнды зат, бағалы мұрағат мұражайға әкелiндi.

ДАРИҒА ЖӘНЕ «ДIН-ЗУХРА»

Атақты композитор, «Халық қаһарманы» Нұрғиса Тiлендиевтi Димекең ерекше еркелетiп, оған ерте қамқор, қолдаушы және жанашыр болды. Нүрекең Димекеңмен армансыз араласқан бақытты саз-өнер жұлдызы едi. Нұр-ағаның қайын-жұрты Талдықорған өңiрiнде едi. Нұр-ағаң бiр күнi атасы (жұбайы Дариғаның әкесi) Хамза қарияны қонаққа шақырады. Димекеңдi көптi көрген ауыл қариясымен әңгiмелесiп, емiн-жарқын отырсын деп ол кiсiге де өтiнiш айтты. Үйге келген қария «Димекеңмен дәмдес болу мен үшiн бақыт» деп бұған қатты қуанады, тiптi толқиды. Екi ақсақал сұрастыра келсе түйдей құрдас екен. Дәм үстiнде әзiлдесiп, өте жақсы, әрi рәуiштi көңiл-күйде отырды. Димекең құрдасының атын атамай «Хақа» деп қолпаштап, әр сөзiн ынта қойып тыңдап, отбасын бiр нұрға айналдырып жiбердi. Хақаның немере-жиенiн «атасынан айнымайды екен» деп балаға да көңiл аударды. Димекең төрде оң жақта, Хақаң сол жақта отырып екi құрдас бiраз әңгiме соқты.

Бiрде Димекеңнiң үйiне Нұр-ағаның отбасы қонаққа келдi. Ерке Нұрекең кiшкене кiдiрмей кухняға кiрiп, тоңазытқыштың аузын ашып, «жүз грамм» iздедi. Димекеңнiң кiшкене сабыр ет, келiн қазiр бәрiн дайындайды ғой дегенiне қарамай Нұр-ағаң «басын жөнге» келтiрiп те алған. «Келiннiң құлағына алтын сырға» деп Димекең үйiнде әзiл-қалжың айтып, Нұр-ағаның және өзiнiң бiр сүйiктi iнiсiмен келiп, дәм татқандарына бек қуанды.

Алпысыншы жылдардың аяғында Нұр-ағаның «Алатау» әнi шығып, ән құмар жұрттың сазгерге деген сүйiспеншiлiгi күшейiп, Тiлендиевтiң даңқы одан сайын артты. «Құстар қайтып барады» болса да күллi қазақтың айтуға тiл жетпейтiн әнiне айналды. Бiр Нұр-ағаң бiр ретi келгенде «үкiметтiк концертке» Димекеңдi шақырды. «Мен сенiң «Алатау» әнiңдi жақсы көремiн және оны Сара Тыныштығұлова айтса ғана барамын» дедi.

Нұр-ағаның Димекеңе кiрген алғашқы бiр сәтiн Дариға апа әлi ұмытқан жоқ. Терезесi Алатау жаққа қарайтын ескi Үкiмет үйiнiң алдында Димекеңе кiрген Нұр-ағаңды аппақ қар жауған күнi сыртта гүлзарда күтiп отырғаны әлi есiнде.

1985 жылы Нұрағаның үйiнде өмiрге тағы бiр сүйiктi сәби келдi. Қыз балаға Нұр-ағаң «Дiн-Зухра» деп ат қойды. «Дiн» – Дiнмұхамед деген сөздiң қысқарған түрi яғни, Димекеңнiң азан шақырып қойған аты. Ал, Зухра Димекеңнiң 50 жыл отасқан жұбайының аты. Бұл қуанышты Димекеңе және үйдегi апаға Нұр-аға өзi арнайы барып айтты. Кейiн бала мектеп оқушысы болғанда Димекең Түркияға барған сапарында «Дiн-Зухраға» арнайы сыйлық әкелдi.

«ЖҮРЕГIМДI» ЖАҚСЫ КӨРЕМ» ЖӘНЕ ТАТАРША ӘН

Жарты әлемге әйгiлi «Отырар сазының» әншiсi Майгүл Қазтұрғанова да Талдықорған өңiрiнiң түлегi әрi осы Жетiсу елiнiң даңқын шығарып жүрген өнер жұлдызы. Нұр-ағаң талантын бағалаған, әншiлiк өнерiн әспеттеген жезтаңдай әншi. «Отырар сазы», Нұр-ағаң және Майгүл, әсiресе, сексенiншi жылдары шырқау биiкке көтерiлдi. Майгүлдiң айтуынша алғашқы кездерi онша аты шықпай соңында тарауға айналған өнер ұжымына жетекшi болып Нұр-ағаң келген соң – «Отырар сазы» қайта шарықтады. «Нұрғиса, сен «Қыз-Жiбек» киносына әуен-саз шығарған композиторсың ғой. Ендi ана «Отырар сазын» қолға ал», деп Димекең Нұр-ағаңа қолқа салады. Нұр-ағаң «Отырар сазын» қалай әйгiлi еттi – мұны халық жақсы бiледi. Димекең сенiм артып, арқаландырған Нұр-ағаң ұлттық оркестрдi КСРО-ға белгiлi еттi. Әсiресе, оның Мәскеудегi концертi көрермендi қатты табындырды. Белгiлi ақын, қоғам қайраткерi «Отырар сазы» Мәскеуде» атты толғау-жыр жазды. Ұлы қоғам қайраткерi мен даңқты композитордың арасында өнерге деген байланысты iзгi байланыстың нәтижесiнде саз өнерi осылай өрге тартты. Майгүл Нұр-ағаң мен Димекеңнiң арасындағы өнерге қатысты нәрселердi әңгiмелегенде өзiн-өзi ұмытып, бiр тылсым тұңғиыққа түсiп кетедi. Ән айтқанда, тiптi өзiне ие бола алмай кететiн әншi тiрiсiнде Димекеңнiң алдында қалай ән салғанын айтып, егiлiп те кеттi.

1991 жылы белгiлi азамат Көбес Ақылбаев Дәнеш пен Майгүлдi ертiп, «Қапал-Арасанда» демалып жатқан Димекеңе келедi. Екi әншi барын салып, халық сүйiп тыңдайтын әндердi айтады ғой. Әрине, ол кезде «жүрекке түскен жара» жазыла қоймаған, жоғары жақтың кiнәлауы әлi басылмаған қам -көңiл уақта Димекең бiр жадырайды. Бiр кезде Майгүлге қарап: «Сенiң орындауыңдағы «Жүрегiм» әнiн жақсы көрушi едiм. Қалқам, ендi осы әндi орындашы» дейдi. Дананың тiлегi арқаландырған Майгүл өзi жиi орындайтын «Жүрегiм» әнiн ерекше шабыт, «наз-нақышпен» орындайды. Жақсы ән мен күй, әңгiме-сұхбат бiразға барады. Димекеңнiң жұбайы татар ғой. Ол кiсi үшiн де бiреулер ән салуды өтiнедi. Майгүл бiлетiн татарша әнiн орындайды. Шамасы ойдағыдай болмаса керек. Жұрт самарқау қалады. Сонда Майгүл жұртқа қарап: «Бұл әннiң қалай айтылғанын ерекше тыңдаған Димекең мен оны орындаған өзiм ғана бiлемiн» деп әзiлдейдi. Майгүл халық сүйетiн тағы бiраз әндердi орындап, ара-арасында екпiндеп, тiптi арқаланып, зор шабытқа мiнедi. Соңында Димекең: «Айналайын, болды, жақсы-жақсы» деп шабыт буған әншiнi әрең тоқтатады. Өте көңiлденген және әннен рахат алған Димекең ернiне тигiзгенi болмаса құмарлығы жоқ коньяктан ауыз тиедi.

Майгүл Байзақов көшесiндегi жатақханада тұрғанда жағдайын айтып, бiр лауазымды адамға барады. Ол кiсi Димекеңе шығады. Димекең: «Қазтұрғанова деген жаңылмасам «Отырар» сазындағы ана кiшкене қара қыз емес пе. Ол талантты әншi. Оған тез арада пәтер беремiз» деп жанашыр адамның өтiнiшiн қанағаттырады.

Кездесуде Майгүл жұрт алдында Димекеңнiң осы жақсылығын айтып, тағы отырысты қыздырады.

1986 жылы Желтоқсан оқиғасының алдында Димекең Талдықорған қаласына қызмет бабымен соңғы рет келедi. Арада жетi жыл өткен соң 1993 жылы Алакөл жағасында демалып жатып, 22 тамыз күнi өмiрден өттi. Ұлы дана бақилық болған жерге кейiн белгi қойылды.

Ораз ҚАУҒАБАЙ