ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВ СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРДАРЫ

Ол соғыстан кейiнгi ғұмырының барлығын «олжа өмiрге» балайтын. Бұған өзi мынадай уәж айтар едi.

– Мен соғыс кезiнде ажалдың алдына күн сайын неше барып, неше қайтқан адаммын. Перiштем қақты ма, әлде суiшкiлiгiм болды ма, соның бәрiнде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күнi-ақ бiрiншi оққа ұшқан бейшаралар аз ба! Солардан менiң қай жаным артық едi. Ендеше мына көрiп жүрген күндерiмдi «олжа» демей не деймiн.

Неткен тәубашылдық! Бiр-ақ ауыз сөздiң астарында қаншама мән-мағына жатыр! Тарта берсең, шыға бередi. Ақыл-парасат. Оған қоса жүректiң лүпiлi. Бергенге шүкiршiлiк. Тағдырға ризашылық. Құдды пiрадарлық қанағат.

Пiрадарлық демекшi, бiрде мен:

– Қасым аға, дiнге сенесiз бе? – дегенiм бар тосыннан, төтесiнен.

– Шырағым, бiз өте қиын, күрделi уақытта өмiр сүрген ұрпақпыз, – деген ол аппақ қалың қасын құс қанатындай қағып қойып. – Әркiм өз заманының перзентi ғой. Жақсы болсын, жаман болсын, мен де өз заманымның, өз уақытымның перзентi болдым. Жылдар бойы соның айтқанына көндiм, дегенiне сендiм: – («Сендiм» дегендi ол өзi отырған төсек тұсында, кiлем үстiнде iлулi тұрған Сталиннiң суретi мен ұзын қылышқа қарап нығыздап айтқан). – Сол сенiммен жетпiс жыл өмiр сүрген кезiмде, «қайта құру» деген басталған. Менiң замандастарымның көбi оған тез бейiмделдi, тез «қайта құрылып» үлгердi. Кешегi күнi, бiреудiң басынан сәлде көрсе, ит көрген ешкiкөзденiп шыға келетiн коммунистердiң алды – молда, арты – мүрит болды. Әрине, оларға сенiң бұның қалай деуге бола ма? Бiрiншiден, «ештен кеш жақсы», екiншiден, кiм-кiмнiң де өз еркi өзiнде емес пе? Бұл жағынан менiң де ерiк сенiмiмдi ешкiм тартып алмаған…

Бұны қалай түсiнсең, солай түсiн дегендей ол маған жалғыз көзiн тiктей қарап, бiраз үнсiз отырып қалған. Тек недәуiр уақыттан кейiн ғана:

– Қандай дiнсiз, имансыз адам болса да, жаны алқымға тiрелгенде ол алдымен Құдайды аузына алатыны анық, – деген тағы да. – Қиын-қыстау сәттерде, бұны өзiмiз де талай бастан кешкенбiз. Әншейiнде, қос қолымен көк тiреп жүретiндей көрiнетiн адамның тағдыр алдында өзiнiң түкке тұрғысыз бейшара екенiн сезiнетiн кезi де сол кез ғой. Бiрақ сонысын қас-қағым сәтте, түйесi көпiрден өтiсiмен-ақ ұмытып кететiнi өкiнiштi-ақ!.. Тағдыр демекшi, мына бiр жағдайды немен түсiндiрерiмдi өзiм де бiлмеймiн. Мен жаратылысымнан ырымшыл адаммын. Ал ырым еткен дүнием қолмен қойғандай келетiнi бар. Бұны,әсiресе, соғыс кезiнде көп көрдiм. Жорыққа шығар алдында, жiгiттердi сапқа тұрғызып қойып, әр қайсысының бетiне үңiле қарап өтетiн әдетiм-дi. Сонда осы жорықтан кiмдердiң қайтпай қалатыны маған анық сезiлiп тұрушы едi.Бұған ендi не дейсiң?!

Мен не деймiн? Қаскеңнiң қарапайымдылығына, шыншылдығына риза болып отырамын. Ол көбiнде неғұрлым кiшiрейiп сөйлегендей болады, бiрақ сонысымен соғұрлым биiктей түсетiнiн бiреу байқамайды.

– Ұлы Жеңiстiң үлкен бiр мерекесi қарсаңында (30 жылдығы ма деймiн – Д.Ә.) Бауыржан, Рахымжан және мен үшеуiмiздi Советтер Одағының Батырлығына ұсынды ғой. Бiрақ әлдебiр себептермен ол атақты бiз ала алмай қалдық қой, – дейдi ол әдеттегiдей сөз аяғына «қой» мен «ғойды» жиi қоса отырып. – Менi қойшы, ана екеуiне обал болды. Әсiресе, Бауыржанға. Нағыз Батыр, нағыз Қаһарман – сол едi ғой.

– Аға, сiз Баукеңнiң қандай қасиетiн ерекше бағалайсыз? – деймiн мен.

– «Ерекше» дегендi жақсы айттың сен. Бауыржан бар жағынан ерекше едi ғой. Ондай әдiлеттi, шындықты сүйген, ұлтын сүйген жан қайда! Сонысы үшiн де оны халқы ерекше сүйедi ғой. Оның соғыстағы ерлiгi, жазған шығармалары, ол туралы аңызға бергiсiз әңгiмелер, бәрi-бәрi – ғибрат, тәрбие, үлгi. Тiптi, бұны былай қойған күннiң өзiнде, «Бауыржан Момышүлы!» деген аты-жөнiнiң өзi әлi сан қазақтың баласына алмас қылыштай – Айбын, болат семсердей – Рух болатыны сөзсiз!

Қарапайымдылықты, кiшiлiктi жақсы көретiнi сондай, кейде ол «мен болған оқиғаны ғана жазатын адаммын, шын жазушылықтың жөнi басқа ғой деп те салатын. Бұнысы ендi артық соққаны. Жо-жоқ, тым кiшiпейiлденiп кеткенi, әйтпесе, мың-мыңдаған қазақ баласының бала күндерiнде жастанып жатып оқығаны – жазушы Қасым Қайсеновтiң бiрiнен бiрi өтетiн партизандар туралы жазылған шығармалары емес пе едi.

Кiшiлiк, кiшiпейiлдiлiк дегенде, тағы да мынадай жай еске түседi. Соңғы он шақты жылда Қаскең көзiнiң нашар көруiне байланысты кейбiр дүниелерiн жанындағы адамға айтып отырып жаздыратын болған. Сондай бiр пiкiр-лебiзiне менiң де хатшы болып қалғаным бар. Ол материал газетке («Қазақ әдебиетiне») шыққан күнi Қаскең телефон шалған маған.

–Дарогой, сен әдемi жазыпсың, жақсы жазыпсың, – деп, әдетiнше менi бiраз мақтап алған да: – Бiрақ сен анау «халқым» деген сөздi менiң аузыма салғаның қалай? Мен солай деуге хақым бар ма өзi? Егер Президент айтса бiр сiрә. Егер оның өзi де жарасып тұрса ғана!Менiң ойымша бұлай деу тек Абайға ғана жарасқан. Әйтпесе, халықты тұтас иемдене сөйлеу кiм-кiмге де әбестеу болар.Менiң маңдайымнан тер шыққан.

Ол сирек кездесетiн үлкен жүректi адам едi. Бұған мынадан артық қандай дәлел керек. Соғыста адам өлтiрмеген солдат жоқ шығар. Бұл заңды. Сен оны өлтiрмесең, ол сенi өлтiредi. Бiрақ кейiн жауды да адам деп бiлген, оны өлтiргенiн мойындаған, мойындай отырып, кез келген төгiлген қанның сұрауы бар деп, әруақтар рухына мiнажат еткен кiм бар? Рас, ХIХ ғасырдағы орыс жазушысы Всеволод Гаршиннiң «Төрт күн» әңгiмесiнде солдат Ивановтың өзi өлтiрген түрiк жауынгерiнiң мәйiтiне көз салып жатып: «Ау, бұл да мен сияқты адам едi ғой. Менiң шешем сияқты оның да шешесi үйiнде күтiп отыр едi ғой» деп езiлетiнiн бiлемiз. (Бұл шығарманы оқуға кезiнде патша тыйым салған). Сосын Лев Толстой өзiнiң «Исповедь» атты философиялық толғанысында, жас күнiнде iстеген кейбiр iстерiне (соғыста кiсi өлтiру, карта ойнау, жеңiл жүрiстер жасау т.б.) сын көзбен қарай отырып, тәубасына келетiнiн көремiз. Ал қазақта, соғыста өз қолынан шейiт болғандарды телеэкран алдында адамшылықпен еске алған жалғыз Қасым аға едi. Осындайда еске түседi, жауды былай қойғанда, 37-нiң зұлматы мен 86-ның зобалаңында өз қолдарымен отқа итерiп жiберген бауырларының рухы алдында, болмағанда өкiнiш бiлдiрген қай ағамызды көрдiк?!!

Қаскең Қалтай (Мұхамеджанов) ағамызды қатты сыйлаушы едi. Өз кезегiнде Қалекең де оны өте құрметтейтiн. Екеуiнiң арасында алыс-берiс қағаздар жүрiп жатады. Мақала, хат, құжат дегендей. Олардың бiрiн оқытып, бiрiне қол қойдырып екi ортада мен жүремiн.

– Ау, дарогой, зам басыңмен тағы да өзiң келiп қалдың ба? Тiлшiлерiңнiң бiрiн жiбере салмадың ба? – дейдi маған кәдiмгiдей жанашыр кейiпте. Сосын артынша: – Е, жарайды, бастығыңа тартқансың ғой. Оның да аяғы жеңiл ғой, – деп бiр қояды.

Шындығында, менен гөрi сол екi ағамның аяғы жеңiл едi. Жеңiлдiгi сол ғой, екеуi де елдiң шаруасы, өзгенiң шаруасы дегенде, өз жұмыстарының барлығын сиырып қойып, үлкен-кiшiнiң алдында жүредi. «Айналайын, мынауың қиын екен!», «Дарогой, сен бұныңды қой!» деген сөз екеуiнде де болмайды. Бұны бiлетiн үлкен де, кiшi де, екi Алыпты алдына салып алып, қамал бұзып, қорған қиратып жүредi. Кейде артынан екеуiнiң де «Қап! Бұны кiм бiлген!» деп сан соғып қалатын да кездерi болады.

Бүгiнде Қалекеңнiң қалжыңдарын бүкiл қазақ бiледi. Бұл жағынан Қаскең де қалыспаушы едi. Ең тамашасы сол, екеуi де осы қалжың үстiнде , бiреудi қажап, сүмiрейтудiң орнына, керiсiнше оны көтерiп, көңiлдендiрiп, бағасын арттырып отырушы едi.

Шын мәнiнде, ұтқыр қалжың, өткiр әдiл – үлкен талант пен ақылдың жемiсi ғой.

Ақыл мен талантына тамсандырып, ерлiгi мен батырлығына бас идiрiп, адамдығы мен иманына тәнтi етiп, жамағаттан – алғыс арқалап өткен, қайран бiздiң Ағалар!

Қауым бас қосқан жерде, «әне, Қалекең отыр», «мiне, Қаскең де келе жатыр» дегеннiң өзi бiзге қаншама мәртебе едi. Ал ендi өстiп кiмдердi тұлға тұтар екенбiз?!

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

 

ЕЛ РУХЫН КӨТЕРГЕН ЕР
 

Қасым ағамыз қазақ халқының айбарлы тұлғаларының бiрi де бiрегейi едi. Ол кiсi сөйлеген кезiнде дауылдай бұрқырап, арқаланып кететiн де, күлген кезiнде күндей күркiреп тұрушы едi. Сенiмiмiз бен сұсымыз сияқты едi. Ендi ол кiсi де дүниеден өттi. Осындай кездерi өткен күндер еске түседi екен. Баяғыда Горбачевтiң қайта құру заманында Украинада Қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң күндерi өтедi. Мен онда Маңғыстаудамын. Бiрақ сол делегацияның iшiне кiргiзген екен. Бiр күнi «Слабоцк» деген гостиницада жатқан кезiмiзде Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз менi ұстап алып: «Жiгiттердiң бәрi жан-жаққа тарап кетiптi, ал Қасекеңнiң – Қасым Қайсенов ағамыздың Киевтегi Ұлттық кiтапханасында үлкен кездесу болатын едi. Соған бiрге баратын адамды таппай жүрмiз» – деп менi Қасекеңнiң қасына қосып бердi. Қасекеңмен онша таныстығым жоқ. Бiз ол кiсiнi бiлемiз, ал олар өзiнiң соңынан келе жатқан адамдарды бiле бермейдi ғой. Атымызды естiп бiлетiн де шығар. Бiрге бардық. Ығы-жығы халық. Кездесу болып жатыр. Мен онда бiр-екi өлеңiмдi оқыдым-дағы, әрi көрермен, әрi тыңдаушы қалпына түстiм. Негiзi кездесу Қасым ағамызбен ғой. Сол кiсiмен сөйлесiп, көптеген сөздер айтылды. Қайта құру кезеңi – әрпiл-тәрпiл сөздер, қисық пiкiрлер, қиғаш ойлар айтыла беретiн тұс. Сондай құйтұрқы сұрақтар да қойылды. Украинадағы жағдай белгiлi ғой, кейбiр тұстарында «бандеровцы» дейтiн адамдардың ұрпақтары да отыруы мүмкiн. Әртүрлi көзқарастар да болуы мүмкiн. Сондай сұрақтардың iшiнде Қасекең ешқандай қаймығып немесе жасып қалған жоқ, тiке айтты. Ол кiсi сөйлеген кезiнде де кедiр-бұдыр, ойқы-шойқы, стандартты емес сөздердi айтып жiберетiн адам болатын. Сондай-сондай сөздермен де олардың бетiн қайтарып тастағандай болды. Бiрақ кездесу өте тартысты, әдемi өттi. Нағыз, шын мәнiндегi батыр, шын мәнiндегi дархан, қайтпас қайсар, қаһарлы, iрi тұлға екендiгiне сонда көзiм анық жеттi. Ол Украинаның ормандарында, ақ қар, көк мұзында талай-талай сойқан жасаған, талай-талай қауiптен-қатерден өткен. Талай-талай өмiрiне қауiп төнетiн кезеңдердi басынан өткiзген. Сондай iрi тұлға екендiгiне сонда көзiм жеткен едi.

Негiзi бiз бала кезiмiзден ол кiсiнiң партизандық қимыл-әрекеттерi туралы кiтаптарын оқығанбыз. Бала кезден тыңдап өскенбiз. Бауыржан ағамызды да, Қасым ағамызды да қатты қадiрлеп өскенбiз ғой. Негiзiнен бала кезiнде адам өжеттiкке, батырлыққа құмар болады. Елiн сүюге, ерлiк рухты көтеруде бұл кiсiлер – Бауыржан ағамыз да, Қасым ағамыз да, басқа да соғыс көрген ағаларымыздың ерлiгiн бойымызға сiңiрiп өскенбiз. Сондықтан бұл кiсiлердiң жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде үлкен ролi болды. Кейiннен келгенде, бiр сол таныстық әдемi жарастыққа айналды. Көрген кезiнде: «Айналайын, Темешiм, қалың қалай?» – деп, еркелетiп сөйлейтiн. Жазушылар одағына келiп, қарқылдап күлiп, саңқылдап сөйлеп отыратын адам едi. Әрине, ол кiсi аз жасады деп айтуға болмайды. Айтатыны әлi де көп едi. Жатқан жерi жақсы болсын деймiз, топырағы түбiттей жұмсақ болсын деймiз. Ол кiсiнiң ерлiк бейнесi дархан, өжет сөздерi, биiк мiнезi, үлкен кiсiлiгi бiздiң ойымызда сақтала бередi.

Темiрхан МЕДЕТБЕК

«…Желтоқсан оқиғасынан кейiн бiр күнi маған Қасым ағамыз телефон соғып:

– Сенiмен жолыққым келедi, – дедi.

Ол менi Жазушылар одағында күтетiн болды.

Сол уәделi жерде кездестiк. Оңаша бөлмелердiң бiрiнде отырып сөйлестiк. Әңгiме басталар-басталмастан ағамыздың еңкiлдеп тұрып жыламасы бар ма! Неге? Не үшiн? Не болып қалды? Түсiнсем бұйырмасын!

–Қасеке! Қасеке!–дей бердiм.–Сабыр! Сабыр! Не болып қалды?–дедiм не iстерiмдi бiлмей.

–Аямады ғой, аямады. Шырқыратып сабады ғой жастарды! Көрдiм! Өз көзiммен көрдiм! Бәрiн де! Бiрақ дәрмен жоқ. Түк iстей алмадым. Өйткен партизандығым құрысын! Фашистердiң өзi олай қорлай алмап едi. Қорлатпап едiк! Бұлар қорлады!

–Бiз бере алмасақ та, жазасын Құдай берер! Сабыр етiңiз, Қасеке!–деп жұбаттым.

–Бұлар баяғыда бiр рет өсiткен. Шаяхметов орнынан түскенде «Бiраз тайраңдап едiңдер, бостандықтарың бiттi осымен! Бiттi осылай, калбиттер!»–деп сабаған шетiмiзден. –Қасекең өксiп-өксiп алды да кiлт тоқтады. Содан кейiн: –Осыны айтайын деп келдiм. Ал қош бол, бауырым!–деп шығып кеттi».

Қадыр мырза Әлi, «Иiрiм»,

«Атамұра» баспасы, 2004ж.

 

ЕР ҚАСЫММЕН ЕКI КЕЗДЕСУ
 

…Соғыстан соң, зарығып туған ұрпақпыз. Ауыздықпен су iшiп, толарсақтан саз кешiп, батырлар жырындағы кейiпкерлерiмiз секiлдi үлкен батырларымызды пiр тұтып, оларды бiз қиял-ғажайып ертегiлердегi Ертөстiк секiлдi немесе тау қопарғыш дәу секiлдi елестетiп өстiк. Сол Ұлы Отан соғысының жиырма жылдығында бiз он бестегi бала едiк. Ол кезде оң-солымызды таныған, көркем дүниеге көз жүгiртiп, оны көңiлге тоқып зерделей бастаған шағымыз болатын. Бiздiң ауылда, яғни Отырар ауданында Совет Одағының Батыры атағын алған екi кiсi болды. Ол екеуiн бүкiл аудан бiледi, бүкiл ауыл бiледi. Олар туралы аудандық газеттер марапаттап, көп жазатын. Олармен мектептерде кездесулер де жиi өтушi едi. Оның бiрi–соғыстың басынан аяғына дейiн қатысқан Батыр болса, екiншiсi – майданның жартысында жараланып елге қайтып келген Батыр едi. Сонда, бұл екеуiн бiлсе, жалғыз бiздiң ауыл, аудан ғана бiледi, ал неге Батыр атағы жоқ Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов бүкiл республика жұртшылығына мәшһүр деп ойлайтынмын. Егер оларға Батыр атағын бермесе, Батыр болмаса, онда исi қазақ қалай қадiрлейдi?! Бiз осылай, түр-түсiн бiлмеген Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтi көруге ынтық болып өстiк. Қазақстан Жазушылар одағының алқалы жиындарында, пленумның бас қосуларында осы екi алыпты сыртынан көрiп қалатынбыз.

Бiрақ бiз көрген Қасым Қайсеновтi украиндiктер Вася деп атайтынын бiлетiнбiз. Неге Вася деп атағанын бiлмеймiн?! Алғаш рет ол кiсiнiң тұлғасын көргенiмде таң қалғам. Не деген қажыр-қайрат десеңшi. Басындағы шашының өзi қою, қара ормандай, ит тұмсығы батпайтын тайга деймiз ғой, тарақ былай тұрсын, салалы саусақтың өзi бата бермейтiн, өте қайратты қара шаш. Сол кiсiнiң басына бағынбай тұрған шашының өзiн қарап тұрып, құнарлы шөптiң өзi құнарлы жерге өседi екен-ау деп ойлайтынмын. Жүрiс-тұрысының өзi украиндiктердiң Васясынан гөрi, Алтайдың аюына келедi. Сондықтан да, бiздiң қазақтар ол кiсiнi Алтайдың аюы деп атағанын кейiн естiдiк.

Сөйтiп жүргенде, осыдан тұп-тура жиырма жыл бұрын сайыпқыран сатиригiмiз, шоқ тiлдi Шона Смаханұлы дүниеден озды. Күздi күнi. Қазан айының қақ ортасы болатын. Шона Смаханұлы көзi тiрiсiнде өзi туып өскен Жамбыл облысы, Талас ауданының Ойық совхозына жерлеңдер деген өсиет қалдырған екен. Сол өсиетiн орындау үшiн бүкiл ағайын-туыс қаламгерлер жиылып, арнайы комиссия құрды. Шона Смаханұлы соғысқа қатысқан адам. Соғысқа қатысқандар атынан Қасым Қайсенов бастап апаратын болды. Жерлес жазушы ретiнде, ауыз әдебиетiнiң зерттеушiсi, зердегерi, қазақтың Затаевичi атанған Балтабай Адамбаев бар, Жазушылар одағының хатшысы Ұлықбек Есдәулет, сатира жанрынан менi қосты. Сөйтiп, төртеумiз Шона ағаның мәйiтiн арнайы машинаға салып, өзiмiз бөлек машинамен жолға шықтық. Жолда Қордайдан өткен уақытта (ол уақытта жанармай өте тапшы болатын) бензинiмiз бiтiп қалды. Түн. Май құятын стансадағы жiгiттер: «Бензин бар, бiрақ басшылардың рұхсатынсыз бере алмаймыз» дедi. Сосын Қасекең тұрды да, стансадағы телефонды қолға ала салып, бiреулерге телефон шалып жатты. Бие сауым уақыт өткен жоқ, сол ауданның бiрiншi хатшысы өзi келiп, амандасып, үш машинемiзге де толтырып бензин құйып бердi.

Түн жарым ауа Ойық совхозына келдiк. Совхоз директоры Ералы Дәдебаев өр тұлғалы, есiктен еңкейiп кiретiндей еңселi кiсi екен.

Шона ағамыз өзiнiң ескерткiшiн өлмей тұрып жасап кеткенiн айтты. «Ойпырмай, бәрiмiздiң де алдымызда ажал бар, қашан өлетiнiмiздi кiм бiледi? Осының өзi де қалай болады екен?» дегендей Қасекең қатты ойланып қалды. Ағамыздың ойлы жанарынан: «Алланың өзi жаратты, Алланың өзi алады ғой» дегендей ойды оқыдық. Ол өзiнiң артындағы қалың қазағына, халқына арқа сүйегендей болып тұрды маған. Шона ағамыз қазақ халқы үшiн жаралғанын, қазақтың тiлi үшiн туғанын көрсетiп кеткен жан. Қылышынан қаны тамып тұрған заманның өзiнде Алматыдан қаншама мектеп, балабақша аштырды. Қасекең Шөкеңнiң осы ерлiктерiнiң бәрiн тiлге тиек еттi. «Қазiргi биiкте отырып, билiк айтқандардың көпшiлiгi iштен тынып отыр. Олардың бойында қазақтың намысы тұр, оларда арт жоқ», – дедi. – Айта алмайды, қорқады. Мың шенеунiктiң iстей алмағанын бiр Шөкең iстедi. Мiне, сондықтан да, ол «менi халық жауындай көредi ғой, тiптi маған ескерткiш те қоймас» деген уайыммен, өзiне-өзi ескерткiш орнатып кетуiнiң өзi ақылдылық шығар», – дедi. Шын мәнiнде елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн, өзi аштырған мектептердiң бiрiне Шөкеңнiң есiмi берiлдi, алдына ескерткiшi қойылды. Кезiнде халықты ол көтерiп едi, ендi халық оны көтерiп жатыр.

…17 желтоқсан күнi Республика премьер-министрiнiң фото тiлшiсi Шүкiр Шахай, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң жауапты хатшысы Еркiн Жаппас бар, үшеумiз Қасым Қайсеновтiң үйiне бардық. Тәуелсiздiктiң он бес жылдығы, әрi Желтоқсанның жиырма жылдығы келiп отырған соң, Батырды құттықтау басты мақсатымыз. Көктөбе жаққа, әдемi бiр қабатты үйге көшкен екен. Қыздың жиған жүгiндей, ғажап үй, Қасекеңе жарасып тұрды. Амандасқаннан кейiн-ақ, «Бұл үйдi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлады. Атыңнан айналайын, Иманғали Тасмағамбетов өзi келiп, кiлтiн ұстатты. Олар алдында, «Қасеке, сiзге екi этаж қып салайық» деген едi. «Адамда тәубе, шүкiр деген болуы керек. Екi этажды не iстеймiн, маған бiр этаж да болады. Екiншi этажға көтерiле алмаймын» деп қысқартып тастаған үйiм осы. Осы үйде отырып, тәуелсiздiгiмiздiң он бес жылдығын көргенiме бақыттымын. Өткен жылы туған жерiм Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауылына бардым. Сонда облыс әкiмi Храпуновқа: «Менiң бұл туған жерге табанымның соңғы рет тиюi» деп айтып едiм. Өзiм сезем. Әкем 103-ке келiп қайтып едi. Менiң тоқсанға жете алатын түрiм жоқ»,–дедi Қасекең.

–Қасым аға, Кеңес өкiметiнiң кейiнгi дәстүрi бойынша 25 жыл отасқан отбасын «Күмiс той», 50 жыл бойы бiрге түтiн түтеткен шаңырақ иелерiн «Алтын той», ал 60 жыл Алланың бұйрығымен тату-тәттi немере-шөбере ерткен киелi үйдiң кейуанасы мен қариясын «Гауһар той» мерекесiмен құттықтап жатады. Сiздердiң отасқандарыңызға 1-қаңтар күнi тұп-тура 70 жыл болыпты. Осы 70 жылдықты қандай той дейдi?,–деп сұрадым.

Қанға сiңген қалжыңы қала ма:

–Оны,–дедi Қасым аға әзiлге жығып, – «Алжыған той» дейдi.

Бәрiмiз күлдiк. «Ол тойдың аты – «Асыл той!» дедiк. Асыл апамыз сөзге араласты. «Бiз жаңа жыл қарсаңында, 31 желтоқсан күнi бас қосып, 1 қаңтар күнi быламықпен той жасағанбыз»,–дедi апа.

«Үйiңiзде қаншама қару-жарақтар тұр. Небiр әскери кiимдер, үш мыңнан астам шежiрелi фото суреттер бар екен. Премьер-министрдiң фото тiлшiсi Сiзге арнайы келiп отыр екен, Қасеке. Премьер-министрдiң iс қағаздар кеңсесiн басқаратын Алтай Тiлеубердин деген азамат арнайы жiберiптi. Сiздiң мына заттарыңызды мұражайға қойсақ дейдi. Соған рұхсатыңызды берсеңiз»,–деп едiк, ол кiсi ойланып отырды да: «Бұл заттардың бәрiн о дүниеге өзiммен бiрге алып кетедi дейсiңдер ме? Мұражайдың бiр бұрышында Баукеңнiң де мұралары тұр. Өзiм де бiраз заттарымды Өскеменге бергем. Сонда туған жерiмде тұр. Қалған дүниемнiң барлығы үйде тұр. Мен беремiн. Қойсын» дедi. «Хат жазып берiңiз» деп едiк, ол кiсi хат жазудан қалыпты. Сосын амалсыз, «Премьер-министр Д.Ахметовтың атына Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтен» деп мен жазып бердiм. Ол кiсi шиырып тұрып, Қ.Қайсенов деп қол қойды. Бiраз сұхбаттастық. Бiраз нәрселердi қозғады. Әзiлдесiп, дәм-тұздас болып, үйiнен бата тiледiк. Ол кiсi батаны екi қолын жаймай-ақ, столға тiреп тұрып: «Ал, балаларым, бақытты болыңдар! Отанымыз аман болсын! Елiмiзге тыныштық болсын! Кейiнгi ұрпақтарымыз осыншама Қазақстанның жерiн сақтап қалсын! Ұлттығымызды, дәстүрiмiздi жоймасын! Үлкендi сыйлау, кiшiге iзет деген болады, соның барлығы қайтадан оралатынына сенем. Осы соңғы баталарым шығар» деп үнсiз отырып қалды да: «Әй, маған бiр елу грамм коньякқа жүз грамм минералды су құйып әкелiңдершi, ернiм кезерiп қалды»,–дедi. Әлгiнi тартып жiбердi де, қайта бата жасамақ болып едi, Асыл апамыз: «Жаңа ғана бата бердiң ғой» деп едi, «ол тiлек» деп қазақша бата бердi. «Кешегi қырғын соғысқа қатысқан ардагерлер аз қалды. Сол аталарыңды құрметтеңдер! Қазақстанның Қорғаныс министрi, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев соғыс ардагерлерiн мереке-мейрамдарымен құттықтап, тiлдей қағазға тiлегiн жазып жiберсе жарасар едi ғой. Осы күнге дейiн ешбiр Қорғаныс министрiнен жылы лебiз естiген емеспiн»,– деп мұңайғандай болды.

Асыл апамыз айтады: «Мен он алты жасқа толар толмас кезiмде тұрмысқа шықтым. Ағаларың онда он тоғызда. Содан соғыс басталып кеттi. Ағаларың соғысқа кеткен. Тек, 1944 жылдың көктемiнде соңғы хаты келдi. Хатында: «Бiз осындай жау тылында жүрiп жатырмыз» деген. Астында адресi жоқ. Содан кейiн хат жоқ. Соғыс бiттi, хат-хабар жоқ. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде машинистка болып жұмыс iстеймiн. Сөйтiп жүргенде, бiр күнi редакцияға жас ақын Жұмағали Саин келдi. Соғысқа қатысып келген. Бiр сөзiнде ақын Украинаға кетiп бара жатқанын, сонда барып, бiраз дүниенi жазайын деп жатқанын тiлге тиек еттi. Сосын мен тұрып: «Аға, менiң Қасым Қайсенов деген жарым бар едi. Соғысқа кеткен едi. Қайтып хат келген жоқ. Соны бiле келiңiзшi!» – дедiм. «Ойпырмай, адресiн бiлмесеңiз, қайдан табам. Украинада қаншама мың халық тұрады?» дедi. Онда Қасым Қайсеновтың атағы жоқ кез. Бiр күнi редакцияда отырсам, Жұмағали Саин үйiне шақырды. Үйiн iздеп, тауып барсам, моншадан жаңа келiп отырған кезi екен. Мен де кiрдiм, менен бұрын Қасым кiрiп, плащын шешiп жатыр екен. Ай-шай жоқ, бас салып, аузымнан сүйiп алды. Бұрын ондайы жоқ едi. Соғыстан үйренiп келген нәрсесi болуы керек, әрi сағынғаны шығар. Аяғымдағы аяқ киiмiмдi көрiп: «Пимаң өзiңдiкi ме?» дедi. «Өзiмдiкi» десем, «Ескiрiп қалыпты ғой» дедi. Сөйтсем, украиналықтар: «Үлкен қызмет еттiң, батырлық көрсеттiң, осы жақта қал» деген соң, сонда қалып қойған екен. Сөйтiп жүргенде Жұмағали Саинмен жолығып, оны елге алып келген Жұмағали ағамыз екен.

Сондай соқталы әңгiменi естiген жарықтық Қалтай Мұхаметжанов жеңгесiн желпiндiру мақсатымен «Қасым ағаның соғысқа барғаны, партизан болғаны өтiрiк. Кәмелетке толмаған жап-жас Асыл жеңгемдi алып, сотталып кететiн болғасын Украинаға әдейi қашып кеткен. Ол жақта да Совет өкiметiнiң көзiне көрiнбей, жау тылында болған» деп айтқан әдемi әзiлiн де естiдiк.

Сөйтiп, еркелеп, үйiмiзге қайттық. Асыл апа: «Көп шаршатпаңдар, кейiнiрек келесiңдер» дегеннен кейiн кетiп қалдық. Қайтып оралуға, тағдыр бiзге бұйыртпады. Негiзi, адам дүниеден өтетiнiн сезедi ғой. Содан кейiн-ақ, екi апта өтпей, 31-желтоқсан күнi Қасым аға қайтыс болды. Жаңа жылдан кейiн Кеңсайға жерлендi. Алланың қолдаған ерекше пендесi ғой. О, Құдайдың құдiретi-ай, десеңшi. Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев қабiрiнiң қасына қатар жерлендi. Ер боп туған екi бауырының ортасында жамбасы жерге тидi. Құдайдың тағы бiр құдiретi – Қасым аға бұдан 70 жыл бұрын өзi үйленген күнi өмiрден озды. Асыл тойын атай алмаса да, Елбасы салдырған үйiнiң шаңырағында өз дастарханынан соңғы рет дәм татып кеттi.

Көпен ӘМIРБЕК

 

МҮМКIН ЕМЕС… МҮМКIН…
 

Қасым аға қазасы үстiнде қатты ауырып қалдым… қатты…

…Батыр да «өледi» екен-ау?!

Мүмкiн емес… Мүмкiн…

«Қан көрiп… көп төктiм ғой… Менiң өлiмiм ауырлау болады… ауыр…» – дейтiн-дi. Неге?!

Әрине, «Қан – көрген…» Қасымнан қаймығатын едi, түге – ептеп… Ығатын-ды, кәдiмгiдей!

Ендi, тiптен «жеңiлдеу» болатын шығар, бәлкiм – сол былайғы… нәбатыр, биақын – қамсыз «қансыздарға» – «жер» баспай, «көк» төркiндеген!..

Батыр да өледi екен… Неткен мағынасыздық?! Батыр өлген соң, Ақында не жан қалады… Құдайым-ау?!

Есiме түстi… Өлең…

Жақсы Өлең оқылғанда – Ол – Батыр – Қасым – жылайтын: сырқат көзiнен сорасы ағып…

Қасым Қайсенов Халық қаһарманы атанған күнгi өлең

Бүгiнгi Күн –

Дәрмен Күнi –

Дәт Күнi!

Тәй-тәй басты

Тәуелсiздiк шаттығы:

Қасым батыр –

Жәһилдiкке бас имес,

Ар-Иманның Пәктiгi!

Бүгiнгi Күн –

Ғаламат Күн –

Ғажап Күн!

Артын аштым

Арсыз күлген Мазақтың:

Қасым батыр –

Жалғыз көздi Хас-Шындық –

Құнанбайы Қазақтың!

Бүгiнгi Күн –

Ең Жарық Күн –

Алып Күн!

Күллi Әлемге

Ерлiгiмдi таныттым:

Қасым батыр –

Батырлардың Батыры –

Қаһарманы Халықтың!..

ИРАН–ҒАЙЫП

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button