Жаңалықтар

Қазақ елiнiң Мемлекеттiк Тiл Комиссиясының Төрағасына!

ашық дереккөзі

Қазақ елiнiң Мемлекеттiк Тiл Комиссиясының Төрағасына!

КЕРЕКУДЕГI КЕЛЕҢСIЗДIК

Павлодар облысында қазақ мектептерiнiң 1-сыныптары жабылып жатыр

Бiз бұл мақаланы жазуымызға үстiмiздегi жылдың 10 қарашасында «Қазақстан-Заман» газетiнде «Болашаққа балта шабу кiмге керек?» деген тақырыппен шыққан көкейкестi мақала себеп болды. Ол мақалада, Павлодар қаласында жүздеген орыс мектептерiнiң iшiнде саусақпен санарлықтай ғана Қазақ мектептерiнiң бiрiншi сыныптарын жауып жатқандары, анығын айтқанда, бiрiншi сыныпқа қабылдамай жатқандары туралы ашық жазылған.

Шынында да, о заманда бұ заман, қазақ халқының Тәуелсiздiк алған он бес жылының iшiнде, қазақ мектептерiн көптеп ашудың орнына (басқа ұлттың балаларының да оқуы үшiн), керiсiнше Қеңес үкiметi кезiндегi секiлдi қазақ мектептерiнiң бiрiншi сыныптарын жылы жауып жатқандары не!

Және бiр айрықша атап өткiмiз келетiнi, бiрiншi сыныпқа қабылдамай жатқан облыстық дәрежедегi гимназия–интернаты мен «Жас дарын» мектебi бүкiл республика көлемiнде алдыңғы орындарды иеленген оқу орны екенiн керекулiктердiң бәрi бiледi. Оған, осы екi оқу орнының да, әсiресе «Жас дарын» мектебiнiң былтырғы түлектерiнiң барлығының жоғары оқу орындарына мемлекеттiк грантпен түскендерi дәлел бола алады. Сондықтан қазақтың осындай үлгiлi бiлiм берiп, оқу озаттарын дайындайтын оқу орындарының бiрiншi сыныптарын жабу, келешекте бұл мектептiң басқа сыныптарында «оқушылар жетiспейдi» деген сылтаумен бұл оқу орындарын мүлдем «құртудың» алғашқы қадамдары жасалып жатқанға ұқсайды. Бұған дәлел ретiнде, алдында бiрiншi сыныптары жабылып, кейiн бүкiл «Дарын» мектебiнiң «жойылғанын» айтып кетуге де болады.

Осы оқиғаның, бiр сорақысы – қазақ халқының Тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығында орын алып отырғандықтан, бұл да бiр қазақ халқының Тәуелсiздiгiне қасақана жасалған «қиянат» демеске шара жоқ! Себебi, бiрiншi сыныпты жою туралы жоғары жақтан «бұйрық» берiлмеген, шамасы ол болмайды да. Жоғары жақ, облыстық бiлiм департаментi, бiздiң топшылауымызша, тек «бастама» көтерген секiлдi. Ал, мектеп ұжымы сол бастаманы «қолдап»,бiрiншi сыныптан бастап бесiншi сыныпқа дейiн бала қабылдамау жөнiнде «шешiм» қабылдаған.

Сонымен, Павлодар облысының бiлiм департаментiнiң «бастамасын» қандай ұжымның «қабылдамай» тастауы мүмкiн деп ойлайсыздар?! Бұл бiр.

Екiншiден, тiптi қарсы шыққандар табылса да «қара тiзiмге» жазылып, кейiн қудалауға түсiп, соңында «қандай да бiр сылтаумен» қызметтен қуылатыны белгiлi жайт.

Үшiншiден, аталмыш мектептегi жабылған сынып мұғалiмдерiнiң жағдайлары не болмақ?! Сондықтан, бұл iс-әрекеттердi қазақ мектептерiне қарсы «жүйелi түрде» жүргiзiлiп жатқан «оңтайландыру» саясатының бiр көрiнiсi ме деп те есептеймiз!

Биылғы жылы, Павлодар қаласында қазақ мектептерiне «оқуға қабылдансын» деп өтiнiш бiлдiрген 230 үмiттерiмiздiң, балауса бүлдiршiндерiмiздiң болашақтағы аңсаған армандары қиылғанға ұқсайды. Осыған кiм кiнәлi деп ойлайсыздар? Олар ендi, амалсыз орыс мектептерiнiң табалдырығын «тоздырып», осы мектептердiң бала санын көбейтуде. Мүмкiн, кейбiр лауазымды қызметте жүргендер үшiн осылай болғаны да керек шығар, кiм бiлген?!

Ал ендi мектеп басшыларынан бiрiншi сыныпты неге жаптыңыздар деген мақала иесiнiң сауалына, екi оқу орны да мектепте «балалар симай жатыр» деп жауап берген көрiнедi. Алайда, мектепте «оқушылар симай жатыр» деп, орыс тiлдi мектептерге қабылдай бередi де, ал қазақ мектептерiне ғана бiрiншi сыныптан бастап қабылдамау, бұл қайдан шыққан тәжiрибелiк iс?! Егер, мектепте балалар симай жатса, бiрiншi сыныпты жаппақ түгiлi, жаңа мектеп ашудың проблемасы көтерiлiп, өткiр талабы қойылмай ма?! Алайда, мектеп басшылары бұл жерде де бұл мәселе айтыла-айтыла «қотыр» болған деген-дi.

«Мектеп оқушылары бала бақшаларынан келген бүлдiршiндерiмен толығады. Ендеше облыс орталығында қазақ бала бақшаларына деген сұраныстың көптiгi сонша, кезегiңiз үш-төрт жылдан кейiн бiр-ақ әзер келедi» дейдi мақала иесi.

Бұл не деген сұмдық?!

Осындай сорақылықтардың, барша қазақтың мақтанышына айналған ғұлама-ойшыл Мәшһүр Жүсiп Көпейдiң кесенесi орын тепкен Павлодар өңiрiнде болып жатқаны да өкiнiштi-ақ!

Ендi, осы ғұлама-ойшылдың кiтаптарын қазақтың бiртуар азаматы, Қазақ Ғылым академиясының бiрiншi Президентi болған Қаныш Сәтбаевтың өнегелi фәлсапасын, қазақтың бiрден-бiр тарихшы ғалымы Әлкей Марғұланның мұраларын, халқымыздың дауылпаз ақыны Иса Байзақовтың өлеңдерiн жерлестерi, ұрпақтары өз ана тiлiнде оқи алмайтын болса бұл ненiң белгiсi деп ойлайсыздар?!

Қазақстанның облыс орталықтарында қазақ мектептерiнiң бiрiншi сыныптарының ел аман, жұрт тынышта жабылып жатқандарына қазақтың Астанасы, қазақ елiнiң Ақ Ордасы не дер екен?!

Тәуелсiздiгiн алған Қазақ мемлекетi неге өз ұлтының мүддесiне сай өзiндiк ұлттық саясатты ұстанбайды?! Сондықтан осы жазылған жайттерге байланысты, осы көкейкестi мәселенiң анық-қанығын анықтап, нақты шешiм қабылдау үшiн «Мемлекеттiк комиссия құрылсын» деген талабымызды қойып отырмыз.

Үндеуге қол қоюшы Павлодар өңiрiнiң тумалары:

Мейiрхан Әбдiлдин, академик,

Ғарифолла Есiм, академик,

Зейнолла Бейсенбаев, республикалық дәрежедегi зейнеткер,

Қадыр Қабдешев, бiрiншi дәрежелi дипломат

Мүлiк Нұрпейiсов, Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты,

Райхан Арғынқызы Сүлейменова, Медицина ғылымының кандидаты,

Ерлiк Жарболов, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, боксшы

Төлеген Ильяшев, «Қазақстан-Заман» халықаралық газетiнiң жауапты хатшысы, Биология ғылымының докторы

Асқар Сәрсенбай, әдебиеттанушы.

Қабылбек Жамбакин, Алматы қаласы