Жаңалықтар

ҚАРАЖАНБАС ҚАЗАҚТЫҢ УЫСЫНАН ШЫҒЫП БАРАДЫ

ашық дереккөзі

ҚАРАЖАНБАС ҚАЗАҚТЫҢ УЫСЫНАН ШЫҒЫП БАРАДЫ

Негiзiнен Қаражанбас кенiшi Қазақстанның уысынан баяғыда-а-а-а-а шығып кеткен. Яғни, Қазақстан ресми, жария түрде кенiштiң бiр пайызына да иелiк ете алмай қалған. Ендiгiсi «саудаға салынған объектiнiң ең болмаса, жарты үлесiн Үкiмет өзiне қайтара сатып ала ма» деген мәселеге келiп тiрелiп тұр.

Қаражанбас кенiшiн игерiп отырған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясын түпкi иесi индонезиялық «Nations Energy» компаниясы саудаға салды. Соңғы ақпараттарға қарағанда, Қытайдың Халықаралық инвестициялық корпорациясы (CITIC Group) «Nations Energy»-дiң 50 пайыз акциясы үшiн индонезиялықтарға 1.9 млрд. АҚШ долларын ұсынған.

Қаражанбас кенiшiнен 1974 жылдан берi мұнай өндiрiлiп келедi. Каспий теңiзiнiң Бұзашы аралында орналасқан Қаражанбастың дәлелденген мұнай қоры 340 млн. баррельге тең. Қазiр тәулiгiне 50 мың.баррель қара алтын өндiрiледi.

Басын ашып алу керек. Қаражанбас кенiшiнде ресми түрде Қазақстанның еш үлесi жоқ. Тiркелген акционерлерiнеи қарасаңыз, кенiштi игеру құқығы Индонезия азаматына басыбүтiн тиесiлi. Өйткенi, компания сонiкi. Сондықтан, тасадағы, жанама акционерлердiң қайсы екенiн тек шырамыта аламыз. Бiз мақаламызды «Сатып алды. Бiттi. Айырылдық» деп байбалам сала бастауымызға да болар едi. Алайда, бiздiң назарымыз мына бiр жайттарға ауып отыр. Яғни, бiз, қоғамдық пiкiр елдiң энергоресурстары саласындағы Қытай экспансиясынан қауiптенгенiмiзбен, Үкiметке одан келiп кетер ештеме жоқ секiлдi. Соңғы екi айда осы кенiштегi дабыраны байқап отырсақ, кенiш төңiрегi үлкен интриганың орталығына айналды. Алдымен, Қазақстан жағы «Nations Energy»-дiң қытайларға өтiп кету мүмкiндiгiне көз жұма қарады. Кейiннен жалма-жан етек-жеңiн түре бастады. Мұны Энергетика және минералды ресурстар министрi Бақтықожа Iзмұхамбетовтiң Парламентке келiп: «Мен және мен басқаратын министрлiк арнайы шараларды қолға алмаса, Қаражанбасты қытайлар сатып алуы мүмкiн» — деп жария түрде мәлiмдеме жасағанынан көруге болады. Оның артынша, iске депутаттар қосылды. В.Котович, З.Алшымбаев, Ә.Бәйменов сынды депутаттар осы мәселе бойынша депутаттық мәлiмдемелер жасай бастады. Үкiметтiң өзi де осындай реакцияға есеп құрып едi, депутаттар лезде қолдай жөнелдi. Үкiмет депутаттардың Қытай мәселесi бойынша сезiмталдау болып келетiнiн бiледi ғой. Сонымен, осы шу арқылы Қазақстан Үкiметi екi мәселенi көздедi.

Бiрiншiден, компанияның Қытайға түгелдей өтiп кетпеуi үшiн база дайындамақ болды. Бiраз келiссөздерден кейiн бiздiң жақ «CITIC Group «Маңғыстаумұнайгаз» кәсiпорыны акциялар пакетiнiң жартысына жуығын Ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясына бiр жылдың iшiнде сатуы керек» деген келiсiмге қол жеткiздi. Алайда, CITIC Group үшiн «Nations Energy» алғаш айтылғанындай 4 млрд.долларға емес, 1.9 млрд.АҚШ долларына түстi. Демек, Қазақстан жағы «Nations Energy» — дiң акциялар пакетiнiң бәрiн емес, тек елу пайызын ғана қытайларға сатуға көндiрген. Яғни, бiрiншi стратегия орындалды. «Nations Energy»-дiң қарамағындағы «Маңғыстаумұнайгаздың» ресми түрде индонезиялықтарға тиесiлi екенiн, Қазақстанға бiрде бiр пайызы бұйырмай қалған ескерсек, ендi қалған елу пайызының иесi атану ел үшiн үлкен олжа болмақ.

Бiрақ, бұл арада екiншi мәселе бар. Ол: «Компанияның қалған елу пайызы дәл Қазақстанға сатылады ма, жоқ әлде, ресейлiктердiң қанжығасында кете ме?» деген мәселе… Иә иә. Ресейлiктер. Бұл жайтты, екiншiден деп қарастырайық: әуел басында «Nations Energy» — дiң акцияларына үш компания көз тiккен. Олар: Ресейдiң «Лукойл» компаниясы, Қытайдың «CITIC Group» инвестициялық компаниясы және үндiнiң ONGC компаниясы. Алғашқысы Қазақстандағы бiраз кенiштерде жұмыс iстейтiндiгiмен белгiлi болса, соңғысы кенiштерге көз тiгуiмен белгiлi. Бiрақ, әзiрге үндiлердiң жолы болмай келедi. Ал қытайлар компанияның жартысын иелендi.

Б.Iзмұхамбетовтiң қытайлар алып кетедi деп байбалам салуын осы ресейлiктердiң мүддесi тұрғысынан iздесек те болады. Орыстар Қаражанбасты алуға бiраз дайындалды. Дәлiрегiнде, «Лукойл» осыдан екi үш айдай бұрын өзiнiң Қазақстандағы мұнай активтерiн сата бастады. «Ол кенiштердi игеруге аса мүдделi бола тұра не үшiн сата бастады екен?» — деген ой да келген. Ресей журналистерiнiң «Лукойл» ол кенiштерден де iрi кенiштi сатып алуға қаржы жинап бастаған секiлдi» — дегенi бұл ойымызды өрбiте түскен. Шындығында да солай болып шықты. Қаражанбасты сатып алу үшiн Ресей өзге кенiштердегi акциялар пакетiн саудаға салды. Бiрақ, олардың өкiнiшiне қарай, «Nations Energy» қытайлардың берген ақшасын көп деп тауып, компанияның жартысын соларға сатып отыр. Ендi ресейлiктерге не қалады? Олар қалған жарты пайызына үмiт артуы мүмкiн. Сондықтан, бұл арада мәселенi, «Ойбай қытайлар сатып алды» деп емес, қалған елу пайызына кiм иелiк етедi?» – деп қойған дұрысырақ секiлдi. Өйткенi, нарықтың аты – нарық. Кiм көп берсе, сол алады. «Nations Energy» үшiн ақшаны қайсысының көбiрек ұсынуы маңызды. Бiз үшiн маңыздысы қалған елу пайызын иелену. Бiз бiрақ, бұл арада ресейлiктердiң жолы болып кете ме деп қауiптенуге болады. Яғни, Қазақстан жағы өз мүддесiн ескермей, қалған 50 пайызының «Лукойл» қарамағында кетiп қалуына көз жұма қарай ма деп, тiптi қауiптенемiз. Көз жұмып қана емес, соларға қолдау көрсетiп жiбере ме деп шошынамыз. Бұл Қазақстан жағының ұлттық мүдде, экспансия деген нәрселерге маңыз бермейтiнен туған ой болар.

Әрине, Қытайды экспансияшыл деп қарастыруды жалғастыра беруiмiзге болар. Өйткенi, өз қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн Қытай соңғы кезде сатылуы мүмкiн кез келген кенiштiң төңiрегiн торуылдайтын болған. Бiздiң елдiң энергетика саласындағы өз позициясын мықтап қатайтып жатыр. Былтыр CNPC компаниясы Құмкөл кенiшiн игерiп отырған «PetroKazakhstan» компаниясын 4,2 млрд. АҚШ долларына сатып алған. Алғашқы сиымдылығы жылына 10 млн. тоннаны құрайтын мұнай құбыры Қазақстан мен Қытай арасында салынып та бiттi. Түркiмен газын Қазақстан арқылы тасымалдайтын газ құбырын салу да жолға қойылуда. Бiздiң ұлттық компаниялар түркiмен газын Қытайға тасымалдау үшiн жұлқынып отыр. өйткенi, қазiр жылына 45 миллиард текшеметр газ көлемiн пайдаланып отырған Қытайдың 2030 жылдардағы сұранысы 300 миллиард текшеметрге дейiн жетедi деп жоспарлануда. Ал Қаражанбас кенiшiн өз активiне өткiзсе, Қытай Қазақстан жерiнде өндiрiлетiн мұнайдың 20-30 пайызына қадағалау жасай алады деген болжамдар бар.

Лондонда орналасқан Халықаралық энергетикалық агенттiктiң есептеуiне қарағанда, 25 жылдан кейiн адамзаттың энергоресурстарға деген сұранысы 53 пайызға өсiп, мұнай қажеттiлiгi тәулiгiне 116 млн, баррельге жетiп, қара алтын құны 100 долларға өскенде, сол мұнайды аса ашқарақтықпен пайдаланатын Айдаһар Қытайда отыратын болады екен. 1.5 млрд.халқы бар Қытайдың алшаң баса дамып келе жатқанын былай қойғанда, осы жоғарыдағы деректiң өзi бiраз нәрседен хабар берсе керек. Сондықтан, Қытай үшiн өз қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету жолында кенiш iздеу қалыпты жағдай. Мәселе Қазақстанның позициясына келiп тiреледi. Қазiргi күнi бiздiң ел стратегтерi Қытай экспансиясына тойтарыс берудi былай қойғанда, араны ашылған көршiмiзге есемiздi кетiрмеу үшiн тiптi саусақ қимылдатқысы да келмейтiн секiлдi. Қайта, сол сұранысқа орай барын аузына тосып, содан тiптi екi ортада пайда да түсiрiп қалмақшы. Яғни, ұлттық, мемлекеттiк мүддеден гөрi, экономикалық мүдденi алға қойып отыр. Бұлай деуiмiзге мына бiр оқиға себеп бола алады. Ресей де сол Қытайдан түсер экономикалық пайданың соңында жүр. Сол үшiн Шығыс Сiбiрден өндiрiлетiн мұнайды Қытайға бағыттайтын «Шығыс Сiбiр – Тынық мұхит» құбырын iске қоспаққа жанталасуда. Қазiр Ресей мұнайын Қытайға тек «Роснефть» компаниясы ғана тасымалдайды. Жылдық тасымалы 9 млн.тоннаны құрайтын (орыс ақпараттары бойынша) ол мұнай Қытайдың жалпы тұтынатын мұнайының 3 пайызынан аспайды. Болашақта, Ресей оның көлемiн 10 пайызға жеткiзбек. Ал Қытайдың стратегиялық зерттеулер Орталығының мәлiметтерi бойынша, 2015 жылы Қытайға тасымалданатын Ресей мұнайы жылына 50 млн. тоннаны құрап, бүкiл сұраныстың 15 пайызын қамтамасыз етуi мүмкiн.

Мiне, Ресей осылайша Қытай рыногiн өз мұнайымен жаулап алмақшы. Ал қазiргi күнi Қытай рыногiн жаулап алуда Ресейдiң бәсекелесi Қазақстан болып отыр. Орыстар «бiз мұнай өндiруiмiздiң көлемiн бұрынғы қалпына жеткiзбесек, Қазақстан алдымызды орап алып кетуi мүмкiн» деп байбалам салуда. Тiптi, «Атасу-Алашаңқай мұнай құбырының 60 пайызын орыс мұнайымен толтыруға мүдделi бола жүрiп, соған қол жеткiздi де. Сондықтан, Қаражанбас кенiшiнiң қалған бөлiгiн өз қарауына қаратуға орыстар бар күшiн салады. Өзiнiң мұнай құбырына орыстарды кiргiзiп жiберген Қазақстан экономикалық пайда үшiн бәрiне де баруы мүмкiн. Ал қытайлар болса, өз экспансияларын жалғастыра бередi. Өйткенi, оларға «әй деп отырған әже де, қой деп отырған қожа» да жоқ қой.

Айтпақшы, Қытай мұнай компанияларының мына бiр шаруасына қарап, таң қалдық. Iрi-iрi «PetroChina», «Sinopec» және «CNOOC» компаниялары мемлекеттерiне 2006 жылдың наурыз айынан берi 20 млрд юань (2,54 млрд. доллар.) көлемiнде өздерiнiң болашақта көретiн пайдаларының есебiнен айрықша салық төлеген. Қытайдың қаржы министрiнiң орынбасары Лоу Цзивэйдың айтуынша, ол салықтың 12 млрд юанi (1,52 млрд долл.) шаруаларға мұнай өнiмдерiнiң қымбат болуына байланысты айыппұл ретiнде төленген. Бұл қашпаған сиырдың уызы секiлдi қызықты дерек. Әлi таппаған пайдасынан кiм салық төлеушi едi?Яғни, Қытай осы мәселенi жолға қойып отыр. Яғни, олар Қазақстан секiлдi көршiлерiнiң жерiнен мол мұнай, мол пайда табуға есеп құруда. Қазақстан болса, өз кезегiнде қосымша пайда табу үшiн Қытай компанияларымен арқа жарқа қатынас құра бередi. Ең зардап шегетiнi сол кенiштердегi жұмысшылар. Өйткенi, бiздiң бiлуiмiзше, қытай менеджементi орнаған компанияларда әлеуметтiк бағдарламалар мүлде жолға қойылмаған. Бiз осы Қаражанбастағы сауда жайлы белгiлi болғанда, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясында жұмыс iстейтiн танысымызға хабарласқанбыз. «Сiздердiң компанияларыңызды қытайлар сатып алып жатыр ғой!» десек, «Олардың алмағаны дұрыс болар едi!» деп жауап бердi Қаражанбас кенiшiнiң жұмысшысы. Қайтсын ендi, қарапайым халық өкiлi одан басқа не айта алады? Компанияның қытайлар қолына өтiп кетпегенiн ғана қалайды. Бiз айтары бар ғой деп, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Зейнолла Алшымбаевқа хабарласқанбыз.

Мәжiлiс депутаты, ЗЕЙНОЛЛА АЛШЫМБАЕВ: «ӘЛI ДЕ КЕШ ЕМЕС»

— Аға, өткенде бiзге берген сұхбатыңызда, қытайлар кенiштi алуы мүмкiн деп қауiптенiп едiңiз. Алып жатыр ғой…

– Қаражанбас кен орнының геологиялық қоры 280-290 миллион баррель. Алуға болатын қорының өзi 70-80 млн. баррель. Кенiштiң 1800 скважинасы бар. Оларды инвестициялық қорлар дейдi. Әрi бес-алты қосалқы скважиналары бар. Оларды да қор ретiнде көредi. Қысқасы 2000 скважина қазылған ғой. Соның 1500-нен мұнай өндiрiледi де, қалғандары ыстық су айдап, тағы сол секiлдi қызметтер жасайды. 1985 жылы осы кенiштiң алғашқы бiрiншi миллион баррелiн алған кезде мен сол салтанатқа қатысқаным бар едi.

– Сiздiң ол кезде мұнай шаруашылығына қатысыңыз бар ма едi?

– Ол уақытта Мұнайлы ауданының бiрiншi басшысы (бiрiншi хатшы) едiм. Ол кезде бiрiншi хатшылардың билiгi әкiмдердiкiне қарағанда жоғары едi ғой.

– Алғашқы миллионын сонау 1985 жылы алғанымен, Қаражанбас кенiшi күтер үмiтi әлi де мол кенiш дейдi ғой…

– Иә, әлi де берерi мол кенiш бұл. Қазiрдiң өзiнде жыл сайын 2.5 миллион тонна мұнай берiп тұр. Қаражанбас кенiшiнде құрылған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы қалыптасқан ұжымы бар, Ақтау қаласынан кенiшке қарай инфрақұрылымы да жолға қойылған компания едi. Кенiштiң өзi қаладан үш жүздей шақырым жерде орналасқан ғой.

– Аға, ендi есiңiзде болса, Үкiмет оның iшiнде Энергетика және минералды ресурстар министрi Б.Iзмұхамбетов Парламентке есеп беруге келген кезiнде: «Шұғыл жағдайларды қолға алмаса болмайды, қытайлар сатып алайын деп жатыр» деп айтып едi. Ендi болса, үндерi шықпайды. Кенiштi беруге болмайды деп отырып берiп жiбергендерi ме?

– Бiз мұнай кенiштерiн пайдалану жөнiндегi заңның құжаттарына керектi өзгерiстердi енгiзгенбiз. Яғни, Қазақстан жағы мұнай активтерiн өз қолына аламын десе, соны қамтамасыз ететiн бүкiл құжаттарды жасап бердiк. Соны былтыр бiздiң ел пайдаланды да. Құмкөлдi игерiп отырған «Петро Қазақстан» өз активтерiн сатқан кезде компанияның отыз үш пайызын Қазақстанның өзi алды. Соның арқасында, Шымкент мұнай өңдеу зауытына қытайлармен бiрiкен кәсiпорын құратын болды. Қысқасы, заңның пайдасы сол кезде тидi. Ендi сол заңды осы Қаражанбас кенiшiне қатысты да пайдалануға болады. Ол үшiн жағымды жағдай жасалынған. Ол бәрiбiр сатылып жатқан дүние ғой. Осы мәселе көтерiлген кезде мен, Парламенттiң өзге де депутаттары бар, «кенiштiң 50+1 пайызын, яғни, қадағалау акциясын Қазақстанның өзi сатып алуы керек» деп Үкiметке ұсыныс жiбергенбiз.

– Ендi оны алып қала алмайтын болды ғой. Кешiктi. (51 пайыздын алу үшiн қытайлар 49 пайызына иелiк етуi керек. Қазiрдiң өзiнде қытайлар 50 пайызына иелiк етiп отыр.Г.М)

– Елу пайызын қытайлар алып жатыр деп естiдiм. Қалған 50 пайызына үмiт артуға болады. Бiрақ, бiзге ол тиiмсiз. Ең кем дегенде, 50+1 пайызын алуымыз керек. Сол керек едi. Сол iске аспай қалды. Оның үстiне, қытайлардың Жаңажол кен орнында халыққа жасап отырған жағдайы онша емес. Имиджi, репутациясы да оңып тұрған жоқ. Сондықтан, қытайлардан гөрi, америкалықтар немесе еуропалықтардың инвестиция салғаны жақсы болар едi. Ал Қаражанбасты сатып жатқан «Nations Energy» деген компанияның арғы тегi индонезиялық. Бiрақ, Канадада тiркелген.

– Қаражанбас кенiшiн игерiп отырған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының негiзгi иелерiн елдегi жоғарғы билiкпен жақын дейдi бiлетiндер. Ал «Nations Energy» компаниясы жәй ғана, арадағы тiркелiп қойылған компания дейдi. Сiз бұған не дейсiз?

– Ол жайын толық бiлмеймiн. Бiрақ, «Nations Energy» компаниясының басшысы Хашин деген азаматты мен анық бiлемiн. өзi индонезиялық. Тұратын жерi Швейцария. Осы Хашин компанияның 90 пайыз акциясының иесi. Алматыда офистерi бар. Компанияның иесi ретiнде ол өз меншiгiн сата алады. Бiзге қалатыны: сол заң жүзiнде акциялардың белгiлi бiр бөлiгiн ел меншiгiне өткiзу. «ҚазМұнайГаз» акциясы ретiнде ме, басқа ма, әйтеуiр ол ел меншiгiнде болуы керек. Мүмкiндiк әлi бар. Бiздiң заң құжаттарымыз сол кенiштi қайтарып алуды қамтамасыз ете алады. Жер иесi өзiмiз. Сататын адаммен келiссөз жүргiзуге болады ғой. Қалған 49 пайызын қытайларға берiп, 51 пайызын өзiмiз алуымыз керек.

— Ендiгi мәселе, яғни осыны жүзеге асыру болашақ үкiметiмiздiң қауқарлығына келiп тiрелiп тұр ғой?

– Иә.

– Екiншi мәселе: қытайлар ондай талапқа көндiге ме деген сауалға келiп тiреледi?

– Жоқ, бұл арада мәселенi шешетiн Қытай емес. Оны шешетiн Хашин. Сол Хашинге кiм көп ақша бередi деген мәселеге келiп тiреледi. Ал қытайлар әдетте мұнай кенiштерiнен ақша аямайды. Бiзге де сондай қимылға бару керек. Қытайлар Атасу-Алашаңқай құбырын сала бастады. Олар сол құбырды мұнаймен толтыру үшiн бәрiне де барады.

– Хашин 2 млрд.долларға сатып жiберген жоқ па? Әлi мүмкiндiк бар деп отырсыз ба?

– Әлi мүмкiндiк бар. Мен бұл жерде шын әңгiме айтып отырмын. Ойбай алуымыз керек деп арзан намысқа берiлгенiм жоқ. өйткенi, сататын адам кiмге сатарын өзi бiледi ғой. Ал бiз елдегi заңдарды пайдаланып, кенiштiң 50+1 пайызын, яғни, қадағалау акциясын иеленумiз керек. 50-50 тиiмсiз. Ондай болса, кенiшке инвестицияны молынан құятын жақ менеджменттi, яғни, бас директор, қаржы директоры, техникалық персоналдың жоғарғы жағында отыратындарын да, басқасын да өздерi тағайындайды. Ал ол бiз үшiн тиiмсiз. Соңғы шешiмi шықпаған болса, әлi де соны өз пайдамызға шешiп алуымыз керек. Себебi, шетелдiң компаниясы Қазақстанның қандай да бiр кенiшiн сатып алатын болса да, оның заңдық жағын шешпей тұрып, кенiшке қойып кете алмайды. Өйткенi, оларға сенiм керек. Үкiмет олар үшiн арнайы қаулы қабылдаттырады. Қаулы болса, шетелдiктердiң iлгерiде iстейтiн шаруларының қорғанышы қызметiн атқарады. Егер, сол қаулыны бере тұра, Қазақстан жағы қоқан- лоққы жасайтын болса, инвестордың Стокгольмдегi арбитражды сотқа барып, шағым түсiруге құқы бар. Сондықтан, қаулы олар үшiн ауадай қажет. Яғни, Үкiмет әлi сол қаулысын әлi шығарып үлгiрмеген болса, Қазақстан Қаражанбастағы бақылаушы акциялар пакетiн алып қалуға қарекеттенуi керек.

– Үкiметтегiлерге кенiштi кiм алса да бәрiбiр секiлдi ғой. Ең негiзгiсi, экономикалық пайда көру. Бiттi. Тiптi, осы Қытай экспансиясын қолдайтын топ та қалыптасып қалған сияқты… Сiз солай ойламайсыз ба.

– Мұнайдың төңiрегi тұнған саясат. Мен Қытайдың дендеп кiрiп, экономикамызға ықпал жасауына қарсымын. Ұлттық мүддемiздi сақтап қалу үшiн сезiмталдау саясат ұстануымыз керек. Мына дүниежүзiлiк тәжiрбиенi алып қарасаңыз, қытайлар барған елдерiнен еш кетпей, сонда мәңгiлiк орнығып қалады. Ал еуропалық, америкалықтар кетедi. Тiптi, оларды қуып та жiбередi. Кезiнде америкалықтарды Ираннан қуып жiбердi. Ливиядан да шығарып жiбердi. Арабтар да кенiштерiн өз қолдарына алып алды. Ал қытайларды өйте алмайсыз. Барған жерiнде, «China town»-дарын (қытай қалашықтарын) салып, өз әлемiн құрып алады. Тез өнетiнi тағы бар. АҚШ-тың үлкен қалаларының бәрiнде дерлiк «China town»-дар бар. (АҚШ-тың тiрi қытай тұрмайтын кiшiгiрiм ауылдарының өзiнде қытай мейрамханаларын салып тастаған.Г.М). Тiптi, Лондонның қақ ортасында «Сохо» деген мейрамхана бар. Сол да қытайлардiкi екен. Қазақстан қытайлармен бизнес жасағанда өте абай болуы керек.

Елдiң мұнай өнеркәсiбiнiң 20 пайызы қытайдардың қолына өтiп кетсе, оның өзi бiз үшiн үлкен қателiк. Кейбiреулер, 15-20 пайызын иеленсе, ештеме етпейдi деп айта бастады. Бұлай деп айтпау керек. Олар өз экономикалық экспансиясын жүрiгiзiп жатыр. Ал ол бiздiң ұлттық мүддемiзге қай жағынан әсер етуiн жақсылап екшеуiмiз қажет.

Гүлнәр Мұқанова