ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ ТУРАЛЫ КӨПТОМДЫҚТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРI
ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ ТУРАЛЫ КӨПТОМДЫҚТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРI
21 желтоқсан күнi әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде белгiлi ғалым, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлының «Ақпарат әлемi» атты көптомдық шығармалар жинағының алғашқы екi томының тұсаукесер рәсiмi өтедi.
Бұл екi томдық – Тәуелсiздiк алған жылдардан бергi қазақ журналистикасының өзектi мәселелерiн қозғаған тұңғыш сүбелi еңбек. Тың сапалы жинақ алдымен Қазақ елi тәуелсiздiгiнiң жемiсi. Қазақстанның жаңаруында айтарлықтай рөл атқарған БАҚ күрт өзгерiстерге ұшырады. Сол өзгерiстердiң қайнаған ортасында ғалымдық пен қаламгерлiк жолды қатар алып жүрген автор журналистиканың теориясы мен тарихын, тағылымын, бағыт-бағдарлары мен жаһандану жағдайында олардың негiзгi ұстанымдарының қандай болу керектiгiн қазiргi заман талаптары тұрғысынан бағамдайды.
Намазалы Омашұлының бұған дейiн оннан аса кiтаптары жарық көрген. Автордың осы жолғы таңдамалы шығармаларының «Жаһандану және журналистика» деп аталатын алғашқы томында қазақ журналистикасын дамыған елдер журналистикасымен салыстыра қарап, жаһандану жағдайындағы БАҚ рөлi, ақпарат кеңiстiгiмiздiң қауiпсiздiгi туралы ой толғайды. Бүгiнгiдей әлемдi ақпарат тасқыны жайлаған кезде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, рухани бiлiм мен тәрбиенi жетiлдiру арқылы ғана елдiк ерекшелiгiмiздi сақтап қалуға болады деген тұжырымдары актуальдылығымен құнды.
«Қазақ радиосы» деп аталатын екiншi томда қазақ жерiнде алғаш пайда болған радиостанциялар мен хабардың таралу тарихы айтылады. Сонымен қатар бұл кiтапта кезiнде зерттеушiлер мен жалпы журналистер қауымы арасында үлкен серпiлiс тудырған – Қазақ радиосының тарихын тағы он жылға ұзартқан ғылыми мақаласы бар. Елiмiздегi радиожурналистиканың қалыптасу мен даму мәселелерiн және эфирдегi журналистика мен өнердiң өсу жолын, оның болашағын тың деректер негiзiнде көрсетедi. Сол сияқты автордың Қазақ радиосынан берiлген очерктерi мен фельетондары да ендi.
Кiтаптың тұсаукесер рәсiмiне белгiлi ғалымдар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қаламгерлер, жалпы журналистер қатысты.
Ж. БАҚҚОНДЫҰЛЫ.