ЖҰМАҚҚА ДА, ТОЗАҚҚА ДА ТYСПЕГЕНДЕР
ЖҰМАҚҚА ДА, ТОЗАҚҚА ДА ТYСПЕГЕНДЕР
Аштық құрбандарының рухы араша тiлейдi
Бұрынғы КСРО-да қайта құру күш алып, әсiресе, жариялылық пен плюрализм шешек атқан шақта елiмiздегi саналы қоғамдық топтар басты екi мәселеде шын мәнiнде ұлтшылдық бағыт ұстанған болатын. Бiрi–қазақ тiлiнiң мемлекеттiк дәреже алып, елiмiзде жетекшi қарым-қатынас құралына айналуы, екiншi–Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы ақсөңке аштық құрбандарын мәңгi есте сақтауға бағытталған аса маңызды iс-шараларды жүзеге асыру. Амал нешiк, халқымыздың рухани өмiрiндегi аса маңызды осынау екi iс те жерiне жете орындалған жоқ әлi күнге. Тiптi, таяу жылдарда жүзеге асырылар деген титiмдей үмiт қалмай барады. Ал есесiне ауыр тарихи шындықтарды жасырып-жауып, ұмыттырып жiберуге, тiптi, жаңа империя iргетасын қайта көтеруге ұмтылушы баз бiреулер бұрынғы одақтас республикаларда жиi бас көтерiп, күн санап көбейе түсуде. Алда бәрiмiздi тағы да қанды қақтығыстар күтiп тұрған сияқты.
Империяшылдық, шовинизм, ксенофобия, әсiресе, Ресейде күн сайын өрлей түсуде.
Осыдан бiрер апта бұрын Мәскеуде беделi жоғары, белгiлi ақпарат құралы «Время новостейде» Федеральды миграциялық қызметi директорының орынбасары Пригожин мырза: «Компактное проживание в каком-то районе или регионе стран граждан другого гражданства не должно превышать 17-20%, особенно если они другой национальной культуры и вероисповедания. Превышение этой нормы создает дискомфорт для коренного населения»,– деп арсыздықпен айтты. Фашистiк ұстанымдармен астарласып жатқан, әсiре шовинистiк пiкiр жеке азаматтың табанды принципi немесе ұстанымы емес, соңғы уақытта Кремль табанды түрде жүргiзiп отырған ресми саясаттың салқыны. Жиренiштi тасырлықпен дөрекi түрде жүргiзiлуi жалғасып келе жатқан ұждансыз ұстаным. Әйтпесе, ресми лауазымды адам – мемлекеттiк қызметкер:«Өзге ұлттық мәдениет пен дiни ұстанымдағы азаматтар аудандар мен аймақтарда 17-20 пайыздан аспауы керек»,– дей алмасы сөзсiз. Әңгiме мұсылмандар туралы болып отырғаны да соқырға таяқ ұстатқандай.
Ресейдегi мұсылман дiнiндегiлер басым тұратын Татарстан, Башқұртстан, бiрқатар Солтүстiк Кавказ республикаларындағы мәдениетi мен дiнi православтардан бөтен халықтардың болашақ тағдыры бұдан былай бұлыңғыр бола бастамақшы. Өйткенi, алып Ресейде Пригожин мен пригожиншiлдер аз емес. Ендi олар әлгiндей халықтарды жоғарыдағы көлемге дейiн азайту жолдарын iздей бастамасына кiм кепiл?!
Ресейде қалыптасқан мұндай iшмерез саясаттың сан ғасырлық үзiлмеген тарихы бар. Ресей империясының боданында болған елдердiң де, тiптi, маңайындағы халықтардың да тiксiнiп, орыс халқын ұнатпайтындығының да бiр мәнiсi осында. Пригожин айтқан жайт ХХ ғасырдың жиырмасыншы – отызыншы жылдары Қазақстан мен Украинада айрықша қатыгездiкпен жүзеге асырылып, аймақтардағы жергiлiктi ұлттардың санын азайту амалдары қарастырылды. Большевик–коммунистер билiкке келiп, ел билiгiн өз уыстарына алғаны сол-ақ екен, нәйетi он бес жылға толар-толмас уақытта қазақтар үш бiрдей сұрапыл аштықты –1917-1919, 1921-1923, 1931-1933 жылдардағы аштықты бастан кешiрдi. Әсiресе, 1931-1933 жылдардағыдай сұрапыл қырғын Ұлы Далада бұрын-соңды болып көрген емес-тi. Қазақтың кең жазира даласын аштан өлгендердiң ақсөңке боп қураған сүйектерi тұтаса жауып, самал желпiген сахараны көмусiз қалған өлiктердiң сасық иiсi тұтып жатты. Революция қарсаңында ғана ұлы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов: «Алхамдулла, алты миллион болдық!» – деп, алаш жұртының саны өскенiне жүрегi жарыла қуанса, арада көп уақыт өтпей-ақ қазақтардың саны өз жерiнде небары 2 миллионға жетер-жетпес болып қалды. Осынау сұрапыл зұлмат адамдардың құрбандықтары жағынан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезiндегiден де әлдеқайда асып түстi. Қазақ халқы тарихта қалуы немесе бiржола жойылып кетуi таразының екi басына салынды.
Сандаған ғасырлар бойы мұндай апатты жағдайды бастан кешiп көрмеген қазақтардың коммунистер билiгi тұсында ғана үш бiрдей ауыр аштыққа ұрынуы қалай? Коммунистер өтiрiкшi, бiрақ сталиндiк жүйенi ақтаушылар ылғи айтып жүретiндей, халықтың басына зұлмат төнуiне көшпендi жұрттың өзi кiнәлi шығар?! Бәлкiм, жалқау қазақтар коллективтендiру кезiнде қолдағы малдарын жаппай сойып алған шығар? Бiрақ, олар ғасырлар бойы сол малдарды асырап-бақты емес пе, оның үстiне, малдарын сойып алған жұрттың аштан өлуi мүмкiн емес қой. Қолдағы ет талғажау болар едi да…
Осындай қасiрет пен қаратүнек күндер украин халқының басына да қысқа уақытта бiрнеше рет төндi. Ең әуелi 1920 жылдың аяғына таман Нестор Иванович Махно бастаған Украина Революциялық көтерiлiсшiлер армиясына (РПАУ)–украин шаруаларының өзiн-өзi қорғау күштерiн талқандау мақсатында Кеңес өкiметi осында жүздеген мыңдық армияларды шоғырландырған тұста украин халқының басына сұрапыл қатер бұлты үйiрiлген. Туған ата жұртын – Гуляй Поленi қорғаған, сондай-ақ елдiң оңтүстiк аймағында әрекет еткен және жат жерлiк басқыншылардан қорғаған Махно күштерiне қарсы орасан зор әскери күштер шоғырландырылсын. Кейбiр деректерге қарағанда, жарты миллиондық армия! Махно әскерлерiнен он есе басым күш. Бiр таңданарлығы, азамат соғысы жылдарында азаттық пен бостандықтарын, өз Отанын қорғаған украин шаруалары германдықтарды, австриялық таңдаулы әскерлердi де, ақ гвардияшыл генералдар– Деникин, Врангель, Слащев, «Қызыл қырандардың» қолбасшылары–Ворошилов, Уборевич, Орджоникидзе, Сталин, Дзержинский, Якир, Котовский, Дыбенко, Тимошенко, Пархоменко, Фрунзе, Блюхер, Каменев, Склянский, Троцкий бастаған әскерлердi де түрлi жағдайда өлiмшi ете соққының астына алып, ешқайсысынан жеңiлiп көрмеген едi.
В.Лениннiң тiкелей бұйрығымен Қызыл Армия 1920 жылдың аяғында Украинаның оңтүстiгiнде орасан зор күш – бақайшағына дейiн қаруланған 24 дивизия, 4 бронепоезд, құрыш сауытты броневиктер дивизиондары мен ондаған әскери ұшақтар, атты әскерлер шоғырландырды. Мұндай қуатты күш, тiптi, Фин соғысы кезiнде де бiр аймаққа әкелiнген жоқ болатын. Осы күндерi Ленин Склянскийге жолдаған жедел хатында: «…Наше военное командование позорно проволилось, выпустив Махно (несмотря на гигантские перевес сил и приказы поймать), и теперь еще более позорно проваливается, не умея раздавить горстки бандитов… И хлеб, и дрова, все гибнет из-за банд, а мы имеем миллионную армию. Надо подтянуть Главкома изо всех сил», – деп аса мазасыздана жазған.
Зерттеушi Ракип Насыров өзiнiң «Неизвестный Ленин» атты кiтабында:«Комиссародержавиянi қабылдай қоймаған мұжықтардың қанын тағы да бiр төкпей қалу Кеңес өкiметiнiң көзқарасы тұрғысынан жөнсiз болбырлық болып саналар едi. Мiне, сондықтан да халықты кезектi рет қыруға соншалықты ыждағаттылықпен дайындалды. Ленин «миллиондық армияны» шоғырландыруға бұйрық бергенде не iстеу керектiгiн жақсы бiлетiн едi», – деп жазады.
Украин халқына қарсы қатал шаралар бiрден жүргiзiле бастады. Дегенмен, көрегендiлiкпен осынау қасiреттiң алдын ала бiлген батько Махно өз әскерiн, дұрысы, азамат соғысы кезiнде қолдарына амалсыз қару алған шаруаларды тез үйдi-үйлерiне таратып үлгердi.
Бiрақ, қанқұмар Кремль билеушiлерiнiң iшiне қан қатып қалған едi және қайткенде украиндарды жазалау керек болатын. Iле-шала Украинада 1921-1923 жылдардағы сұрапыл аштық басталған. Бiрақ, нәтиже күткендегiдей бола қойған жоқ. Кезектi ыңғайлы сәт арада он шақты жыл өткен соң туды. Кремльдi билеген Сталин мен оның итаршылары– КСРО коммунистерi әу бастағы жоспармен әрекет етiп, 1932 жылы ВКП(б) Орталық Комитетiнiң: «Украинада бiрде-бiр вагон, бiр пұт, бiр килограмм да астық қалдырылмасын» деген жасырын қаулысы шығарылды. Астығы мол Украинаны тарихта бұрын-соңды болып көрмеген аштық жайлады. Көптеген селолар мен хуторларды қоршап тұрған қызыл әскерлер елдiмекендердегi адамдарды қалың қар түскенше егiс алқаптары мен картоп егiлген аңыздарға жiбермей қойды. Аштықтан далаға ұмтылғандарды оқпен қарсы алып, мылтық найзасымен шаншыды. Ойдан құралған өтiрiк пе?! Жоқ, бұл қасiреттi шындық болатын. Анасы коммунист әйелдердiң белсендi жетекшiсi болған әйгiлi актриса Нона Мордюкованың туған селосы да осындай қасiреттi бастан кешкен. 1932 жылға дейiн 20 мың тұрғын болған бай селода (кiшiгiрiм қалашық қой –Ж.Ш.) сұрапыл аштықтан соң үш мыңға жетер-жетпес адам ғана тiрi қалған-ды.
Коммунистер қай кезде де, қай халықтың ортасында да қатыгез болған. Бұл – тарихи шындық! Өйткенi, олар абстрактiлi адамзаттың бақыты үшiн жеке, нақты адамдарды аямай құрбандыққа шалатын. Коммунистердiң екiжүздiлiгi, аярлығының шыңы сол – олар Украинада 1932-1933 жылдары аштан өлген 10 миллион халықтың ажалын бай-кулактардың астыртын әрекеттерiне, революцияны қабылдай қоймаған шаруалардың өздерiне жабумен келдi. Ол ол ма, белгiсiз жағдайда өлген ақын Сергей Есениннiң: «Билiкке ұрылар мен шпана келiп, революция заңдарын желеу етiп жұртты қырып-жоюда», – деген мәнзелдегi қасiреттi сөздерiн де адамдардың санасынан өшiрмекшi. Қазiргi коммунистердiң өздерi де билiктiң халықты жаппай бақытты етуi керектiгiн жиi қайталап жүрсе де, Сталин мен кезiнде ел билiгiн қолдарына алған коммунистер сол тұстағы азаматтардың тағдырына жауапты болғандығын мойындағысы келмейдi. Сол арқылы азаматтар алдында мемлекет пен өкiмет жауапкершiлiгiн жоққа шығарумен жүр. Қазақстанда да бұл әсiресе анық көрiнуде.
Қараша айының соңғы күндерiнде Украина Жоғарғы Радасы 1932-1933 жылғы аштықты (Голодомор) украин халқына қарсы геноцид деп мәлiмдедi. Коммунистер елдегi билеушi коалициядан шығамыз деп қиғылық салуда. Ондай жағдайда В.Януковичтi премьер-министрлiкке әкелген Аймақтар партиясы (ПР) тұйықта қалып, елде кезектi саяси дағдарыс басталуы ықтимал деп күтiлуде. Әлгi «қызыл коммунистер» Украинадағы аштық үшiн сол кездегi халықаралық шиеленiс, ауа-райының қолайсыз болғанын, құрғақшылықты сылтау қылуда. Ал Тимошенко жақтастары мен «Наша Украина» партиясы аштықты ұйымдастырған Мәскеу, Кремль билiгiндегiлер дейдi. Украин коммунистерi мен 1932-1933 жылғы Қазақстандағы құрғақшылық пен жұт жөнiнде тоты құстай қайталаушылар бiр-бiрiнiң аузына түкiрiп қойған сияқты. Ал шынына келсек, ұлы Далада құрғақшылық үш-төрт жылда қайталанып тұратын табиғи құбылыс.
Сонымен, Украинадағы «Голодомор» бұдан былай Холокост сынды бас әрiппен жазылуға мiндеттi болып табылады. Бұл – геноцид құрбандарына көрсетiлген құрмет әрi аза тұту белгiсi.
Сұрапыл аштықтың 75-жылдығына орай келесi жылы (1932-2007 ж.) Киевте зор мемориал орнатылмақшы. Қазiр Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан 1932-1933 жылғы аштықты украин халқына қарсы геноцид деп мойындау сұралуда. Украинаның Сыртқы Iстер министрi Борис Тарасюктiң айтуынша, осыдан екi ай бұрын 68 мемлекет осылай деп мойындауға дайын екендiктерiн бiлдiргенге ұқсайды. Украин тарихшыларының зерттеулерiнше, аштық жылдарында күнiне 33 мың адам өлген, бұдан былай жыл сайын 26 қарашада Киев алаңдары мен көшелерiнде 33 мың шырақ жағылатын болады. Жел өтiнде қалт-қалт еткен 33 мың шырақ коммунистердiң жүгенсiз саясатынан қайтыс болған бейкүнә жандардың аруағына жағылған титiмдей оттар. Украиндардың сайын сахарадағы қазақтармен тағдырластығы соншалық, оларда да 1921-1923, 1932-1933 жылдары, ең ғажабы, 1946-1947 жылдары да аштық болған. Сiрә, соңғысын украин шаруаларын соғыс кезiнде бандерашыларды қолдадыңдар деп қолдан ұйымдастырған болар коммунистер. Зерттеушiлер осынау аштықтар әдейi ұйымдастырылмаса, украин халқы қазiргiден екi есе көп болып, жалпы саны 100 миллионға жетер едi деседi.
Дау жоқ, 1917-1919, 1921-1923, 1932-1933 жылдардағы сұрапыл аштықтар болмағанда қазақ халқының да саны әлдеқашан еселеп өсiп, қазiр билiктегiлер арман тұтқан 20 миллионға емiн-еркiн жеткен болар ма едi?! Сырттан– алыс, жақын шет елдерден жұмыс күшiн әкелiп, оларды биылғыдай жария етiп әуре-сарсаңға түсiп жатпас едiк. Соңғы жылдары аңыз етiлiп жүрген бәсекелестiкке қабiлеттi 50 елдiң қатарына әлдеқашан емiн-еркiн табан тiреуiмiз мүмкiн болатын.
Коммунистер әлгi Пригожин айтатын 17-20 пайыз көлемiне келтiру үшiн қолдан ұйымдастырған қасiреттiң сызы бiтеу жара болып жүректерде жатыр. Бiрақ, Қазақстан Үкiметi мен билiгi 1932-1933 жылғы аштықты қазақ халқына қарсы геноцид деп мойындауға құлықсыз. Халықаралық деңгейде бұл мәселенi сөз етiп, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы ауқымында арнайы әңгiме етуге қауқарсыз. Өйткенi, бұрынғы КСРО-ның тiкелей iзбасары болып танылған Ресей Федерациясы коммунистерден қалған байлыққа ие болып отырғанмен, олардың қолымен атқарылған қылмыстарды мойындағысы жоқ. Кремль бұл жайттарды әңгiме етуден қашқақтайды, коммунизм құрбандарын сөз еткен мемлекеттердiң мойнына қалжауыр байлауға әзiр. Ол ол ма, тiптi, өзiмiздiң қазақстандық коммунистер де қазақ халқына қарсы жасалған геноцидтi мойындамайды. Ел-жұрттан кешiрiм сұраған жоқ.
Қазақстандағы миллиондаған аштық құрбандарына ескерткiш-пантеон орнату мәселесi сонау 1988 жылдан берi көтерiлгенмен, әлi күнге ол мәселе жабулы қазан жабулы күйiнде қалып келедi. Ал анау Тайландта 2004 жылғы тайфуннан қайтыс болған 5 мың адамға мемориал тұрғызылып, өлгендердiң аруағына зиярат етуде. Бiз, қазақтар, өйте де алмаймыз, өйткенi, ондай қасiреттi кесене бiзде тұрғызылмаған.
«Қазақстан бай» дейдi, мұнайдан түскен көлденең табыс есепсiз дейдi. Сол мұнай сонау сұрапыл аштықта өлген аталарымыз, ұрпақ сүйе алмаған әкелерiмiз, асыл әжелерiмiз бен қасиеттi емшек сүтiн болашақ балаларына емiзiп үлгермеген аналарымыздың, миллиондаған бейкүнә құрбандардың қаны һәм сүйек майы шығар?! Аштан өлгендердiң қоң етiнiң нәрi мен сөлi болар?!
Сол бейкүнә құрбандардың алдындағы парызымыз өтелдi ме?! Жоқ! Ұлы Далада осындай сұмдық трагедия болмаған сияқты үн-түнсiзбiз. Өйткенi, кешегi, бүгiнгi коммунистер тамағымызға тығын бiтеп тастаған. Сондықтан үндей алмаймыз. Ал аштық құрбандарының аруағы тiрiлерден араша сұрайды.
Жаңабек ШАҒАТАЙ