ОРЫСША ТӘРБИЕЛЕСЕҢ, БАЛАҢ ОРЫС БОЛАДЫ
ОРЫСША ТӘРБИЕЛЕСЕҢ, БАЛАҢ ОРЫС БОЛАДЫ
Ресейде оқыдым, тұрдым, үйлендiм, тұңғыш балам сонда дүниеге келгенде орыс достарым: «Саспа, балаңды орысша тәрбиелесең, орыс болады»,–деушi едi.
Өйткенi, көшеде, балабақша, мектепте қарым-қатынас, теледидар бәрi орысша болғандықтан, «үйде баламды қазақ қылып тәрбиелеймiн» деу – ақымақтық болар едi…
Қазақ елiме көшiп алдым. Бiрақ, бәрiбiр сол жағдай қайталануда.
Қайран Ақаң!
Ахмет Байтұрсынұлы: «Балаңды ұлша тәрбиелесең ұл болады. Құлша тәрбиелесең құл болады» дегенiне ендi: «Балаңды орысша тәрбиелесең, орыс болады»– деп қосқан жөн.
Жақында теледидардан Мәскеу қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаевтың:
– Ресейдегi орыстардың өзi балаларын «Ресейде бiлiм деңгейi төмен» деп батысқа, Америкаға, басқа тiлде жаңаша оқыту үшiн жанын салып, шет елдерге жiберiп жатыр.
Ал, Қазақстандағы қазақтар «балаларын орысша оқытып» Ресейге жiберiп жатқанына таң қаламын,– дегенi ойландыруға тиiс. Неге десеңiз, орысша оқып, жоғары дәрежеге жететiн санаулы адам, негiзiнен қазақ ұлты үшiн– қауiптi. Жақында бiр қазақ отбасы баласы оқитын орыс сыныбы жабылып, орыс мектебiн iздеп қалаға көштi. Қаладағы орыс мектебiне бала жетпейдi екен, жүректерi жарыла қуана-қуана қабыл алыпты.
Сорлы қазақ баласының болашағын жойып жатқанына санасы жетпегенi…
Тәуелсiздiк алғанымызға 15 жыл толса да, Ресей патшалығы оқу министрiнiң 1913 жылғы 16 қарашадағы: «Бұратаналарды (қазақтарды) орыс қылу үшiн ана тiлi мен әлiппесiнде оқытпау керек» деген жарлығы қанына сiңiп кеткен қазақтардың, орыстарға бiлiм алуға жарамай тұрған орыс тiлiне сонша жабысуына мен де таң қаламын.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Софиевка ауылы