Жаңалықтар

БИIК ПАРАСАТ ИЕСI ЕДI

ашық дереккөзі

БИIК ПАРАСАТ ИЕСI ЕДI

Сонау 1928-1932 жылдары Қазақстанда шикiзат өндiретiн өнеркәсiп орындарын дамыту, қайта құру мәселелерi қолға алынды. Соның арқасында бiрқатар кәсiпорындар мен өндiрiс ошақтары iске қосылды. Алайда, бұдан кейiн оларды бiлiктi маман және жұмысшылармен қамтамасыз ету мәселесi туындады. Елiмiзде маман тапшылығы сол кезде қатты бiлiндi. Сондықтан Мәскеу, Ленинград және Одақтың бiрқатар өнеркәсiп аймақтарынан инженер мамандарын тартуға тура келдi. Мiне, сол бiр жауапты кезеңде КСРО-ның жоғары оқу орындарын бiрқатар талантты қазақ жастары тәмамдап, өндiрiске белсене араласа бастады. Атап айтсақ, олар Т. Телжанов, Д.Қонаев, Ә.Бүркiтбаев, О.Жандосов, Қ.Сәтпаев, М.Тынышбаевтар едi. Кейiн олар мықты ұйымдастырушы әрi ғалым ретiнде тарихтан өзiндiк орнын алды.

Өндiрiске қажеттi мамандарды өзiмiзде дайындау мақсатында 1934 жылы Алматыда Қазақ тау-кен металлургия институты ашылып, оның тұңғыш директоры болып небәрi 28 жастағы Әшiр Жаңалайұлы Бүркiтбаев тағайындалған едi. Болашағынан мол үмiт күттiрген аптал азамат 1937 жылғы қуғын-сүргiн құрбаны болып, жазықсыз жазаланды. Отыз жастан ендi асқан жас қыран Алматыдан 35 шақырым жердегi Жаңалық аулының түбiнде жандайшаптардың оғына ұшты. Әрине, кейiн ол ақталды. Әшiр Бүркiтбаев дүниеден қорлықпен өткенiмен жастығына қарамастан аз уақыт iшiнде артына мәңгiлiк өшпес iз қалдырды. Ол аз ғұмырында «Жас Алаш» газетiнiң редакторы болып та қызмет iстедi. Туған елiнiң жарқын болашағын ойлаған нағыз патриот болды. Елiн, жерiн шексiз сүйiп, институтқа көзi ашық, көкiрегi ояу қазақ жастарын тартты. Жастарға нағыз қамқоршы басшы болып, көмегiн еш аямады. Ең бастысы Әшiр Бүркiтбаев биiк парасат иесi бола бiлдi.

Тәуелсiздiктiң 15 жылдығы, Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығы қарсаңында 1937-1938 жылғы қуғын-сүргiн құрбаны Әшiр Бүркiтбаевтың 100 жыл толуына арналған салтанатты әдеби-музыкалық кеш өзi ашып, алғашқы директоры болған қара шаңырақ ҚазҰТУ-да аталып өттi. Мерекелiк жиын «Ә.Бүркiтбаевтың студенттерiмен кездесуi» сахналық көрiнiсiнен басталып, сол кездегi жазықсыз жапа шеккен репрессия құрбандарын еске алумен басталды. ҚазҰТУ ректоры Досым Сүлеевтiң арнайы құттықтауынан кейiн, Ә.Бүркiтбаев атындағы Металлургия және полиграфия институтының директоры Ә.Көбжасов «Әшiр Бүркiтбаев тағылымы» атты қысқаша баяндама жасады. Сондай-ақ, Әшiр Бүркiтбаевтың тума-туыстарына арнайы сөз берiлiп, университет атынан естелiк сыйлықтар табыс етiлдi. Желтоқсан көтерiлiсiне қатысып, зардабын тартқан азаматтар да елеусiз қалған жоқ. Кеш соңы университеттiң талантты жастарының қатысуымен өткен концертке жалғасты.

Әшiр Жаңалайұлы Бүркiтбаевтың аталмыш институттың алғаш iргетасын қалаудағы еңбегi өлшеусiз. Сондықтан университеттiң ғылыми кеңесiнiң шешiмiмен Металлургия және полиграфия институтына қазақтың бiртуар азаматтарының бiрi ретiнде Ә.Бүркiтбаевтың есiмi берiлдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ