Жаңалықтар

ШЕРБУРГ САПАРЫ: «АТОМ» ДЕГЕН СӨЗДЕН ҮРКУДIҢ ҚАЖЕТI ЖОҚ

ашық дереккөзі

ШЕРБУРГ САПАРЫ: «АТОМ» ДЕГЕН СӨЗДЕН ҮРКУДIҢ ҚАЖЕТI ЖОҚ

Бiз келешекте тәуелсiз елiмiзде, ұлан-ғайыр жерiмiзде атом өнеркәсiбiн дамытуға зор көңiл бөлуiмiз керек. Энергияға деген тапшылықты ойлағанда есiмiзге атом электр стансаларын салу жобасы түсе бередi. Бұл да оңай iс емес. Оның ұңғыл-шұңғылын терең меңгермей, iс бастау қиынның қиыны. Қаржы-қаражат көзi табылар-ау, ал экологиялық қауiпсiздiктi сақтау, адам өмiрiне титтей де нұқсан келмеуiн қадағалау iсi – басты мiндеттердiң бiрi. Дегенмен, уақыт көшiне iлесу үшiн атом электр стансаларын салудан қашқақтаудың қажетi жоқ-ау, тегiнде. Әлемдi аузына қаратып отырған алпауыт мемлекеттер бүгiнгi таңда АЭС-тер арқылы экономикасын көтерiп, электр қуатының басым бөлiгiн жауып отыр. Мысалы, Францияда 22 атом электр стансасы жұмыс iстейдi. Елдегi электр жүйесiнiң 70 пайызын осы АЭС-тер қамтамасыз етiп отыр. Бұған «Қазатомпром» және «MediaReIationsGroup» компанияларының ұйымдастыруымен, жергiлiктi «АREVA» компаниясының шақыруымен Францияның атом энергиялық объектiлерiне жасаған iссапарымыздың барысында анық көз жеткiздiк.

«Мың естiгеннен, бiр көрген артық» дегендей, портты қала Шербургтен бiрқыдыру маңда орын тепкен Катантен түбегiндегi табиғаты әсем мүйiс маңында орналасқан Игерiлген ядролық отынды өңдеу (ИЯО) жөнiндегi радиохимиялық зауытты аралап, технологиялық алуан процестi көзiмiзбен көргенiмiзде көңiлiмiзге ұялаған сан түрлi күдiк сейiлiп сала бердi.

Әрине, менiң көкейiмдi алдымен «АЭС-терге деген жергiлiктi халықтың пiкiрi қандай? Қарсылық бар ма, басым ба?» деген сауалдар мазалаған едi. Бұл сұрағыма француздық «АREVA» компаниясының қоғаммен байланыс жөнiндегi директоры Кристоф Нъюнот:

— Бiзде бұл мәселеде ешқандай да түсiнiспеушiлiк жоқ. Атом электр стансаларының елiмiзде жұмыс iстеп тұрғандығының еш зияны жоқ, пайдасы көп екенiн әрбiр азаматымыз түсiнедi. Бұл тақырып бiзде ашық. Жұртпен тығыз байланыс жасаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсiнiк жұмыстарын үнемi жүргiзiп отырамыз.

Бүгiнде Францияда 58 млн. адам өмiр сүредi. Елiмiзде 58 атом реакторы бар. Сонда бiр миллион адамға бiр реактордан келiп тұр емес пе! – деп жауап бердi.

Бұл сөздер менi едәуiр ойлантып тастады. Сонда деймiн-ау, жер көлемi 551 мың кв. км. болатын, ал алғашқы атом объектiлерiн 60-шы жылдары, ал 70-шi жылдардан бастап ядролық қалдықтарды өңдеу мәселесiн қолға алған Францияда атом ректоры, осыншама 22 атом электр стансасы жұмыс iстеп жатқанда, бес бiрдей Франция сыйып кететiн ұлан-ғайыр жерiмiзге атом электр стансасын салу жобасының келешегi зор болғаны ғой. Егер де АЭС-тер тиiмсiз болған болса, Франция тәрiздi дамыған ел соншама атом электр стансаларын, Игерiлген ядролық отынды өңдеу (ИЯО) жөнiндегi радиохимиялық зауытты салып қайтедi?!

Осы арада бiр дерек келтiре кетсек, «АREVA» компаниясының Тау-кен департаментiнiң маркетинг жөнiндегi менеджерi Арно Вилбикстiң мәлiметiнше, ИЯО тәрiздес зауыт әлемде тек Францияда және Ұлыбританияда ғана бар. 2010 жылға қарай француздық «Кожема» компаниясы мұндай зауытты Жапонияда салуды көздеп отыр. Осы ақпаратты естiп тұрып жапон халқының түсiнiк-танымына, әсiресе, жаңалыққа деген құштарлығына, өмiрге деген құлшынысына қайран қалдым. Кезiнде ядролық соққыдан Нагасаки мен Хиросима деген екi бiрдей қаласынан айрылып, қаншама адам мерт болған қайғылы оқиғаны бастан кешкен Жапония Игерiлген ядролық отынды өңдеу (ИЯО) жөнiндегi радиохимиялық зауытты өз жерiнде салуға тастай бекiнiп отырған көрiнедi.

Игерiлген ядролық отынды өңдеу (ИЯО) жөнiндегi радиохимиялық зауытта 6 мың жұмысшы еңбек етедi. Оның жартысы зауыттың, жартысы мердiгер компаниялардың жұмысшылары. Қаншама жұмыс күшi десеңiзшi! Бұның сыртында көптеген жұмыстар компьютермен атқарылады. Үкiмет кеңесiнде күн сайын айтылып жататын жаңа технология деген сөздiң шын мәнiндегi мағынасын осында тереңiрек түсiндiм. «Ла АГ» радиохимиялық зауытындағы UP-2 және UP-3 қондырғыларының өндiрiстiк қуаты жылына 1600 тонна ядролық отынды өңдеуге (ИЯО) жетедi екен. Оның негiзгi тұтынушылары АЭС-тердi пайдаланушы — Франция, Германия, Бельгия, Австралия, Голландия, Швеция және Жапония елдерiнiң энергетикалық компаниялары. Бiз Игерiлген ядролық отынды өңдеу (ИЯО) жөнiндегi радиохимиялық зауытын толық аралап шықтық. «Ла АГ» зауытының жұмыс iстеу тәсiлi толықтай техникаландырылған. Алғашында адамдарды ақ халатты абзал жандар ма деп те қаласыз. Оларға барлық қолайлы жағдай жасалынған. Зауыттың тазалығында шек жоқ. Бiр сөзбен айтқанда, алған әсерiмiз шексiз.

Өз басым көбiнесе ИЯО зауыты мен атом электр стансаларындағы экологиялық қауiпсiздiктi сақтау, мемлекет және халықаралық ұйымдар тарапынан бақылау жасау мәселелерiне назар аударумен болдым. Күллi технологиялық процесс Францияның мемлекеттiк бақылаушы органдарынан және Бельгия, Германия, Швейцария, Голландия, Жапония елдерiнiң қауiпсiздiк жөнiндегi инспекцияларынан мақұлданған. Экологиялық мәселе және радиохимиялық зауыттың қоршаған ортаға әсерi, яғни зауыттың барлық өнеркәсiптiк тастамасы Еуро-атом мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк (МАГАТЭ) тарапынан толық қадағаланып отырады. Бұл тұрғыда тәуелсiз сараптама да жасалынады. Экологтардың айтуынша, «Ла АГ» зауыты осы уақытқа дейiн жұмыс iстеп келген кезеңдерде айтарлықтай зиян келтiрiлгенi туралы сөз болып көрмеген көрiнедi. Өйткенi тастаманың барлық өлшемдерi шамаланған мөлшер шегiнен едәуiр төмен қалпын сақтауда. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарлама аясында зауыт қызметкерлерi тыңғылықты тексерiстен өтiп, экологиялық бақылау жүргiзiлiп тұрады. Бiз оған да көз жеткiздiк. Қоршаған ортаны қорғау мәселесiмен шұғылданатын мекеме ғимаратына енiп, оның жұмыс тәсiлiмен таныстық. Сол мекеменi аралау барысында атмосфералық, жер үстiндегi (су, өсiмдiктер дүниесiне, сүт өнiмдерiне, т.б.), теңiздегi (жағалаудағы суға, балдырға, моллюсклерге (омыртқасыз жұмсақ денелi жәндiктерге), балықтарға, т.б.) қадағалау түрлерi қамтамасыз етiледi.

Тағы бiр айта кететiн жәйт, зауыт жұмысшылары мен мердiгерлердiң бәрi де, тiптi жақын аудандарды мекендейтiн тұрғындар да бақылауға алынған. Осы ретте, 26 мың сынама алынып, 83 мыңға жуық анализ орындалғанын есiттiк. Мұндай бақылауды тәуелсiз сараптама жүргiзуге мамандандырылған иондық сәулеленуден қорғау жөнiндегi агенттiк жүзеге асырып отырады. Мен, әсiресе, француздық атом электр стансалары мен «Ла АГ» радиохимиялық зауытында еңбек ететiн қатардағы мамандардан тартып, жоғары бiлiктi басшыларға дейiн қауiпсiздiк мәдениетiн терең сезiнетiнiн, қоршаған ортаны қорғау ережелерiн көзiнiң қарашығындай сақтауға дағдыланғанын және оның талаптарын әскери анттай бұлжытпай орындайтынын осы iссапар үстiнде айқын сезiндiм.

Франция сапарынан экологиялық қауiпсiздiктi сақтау үшiн елiмiздiң әрбiр азаматының бойына қауiпсiздiк мәдениетiн қалыптастыра алғанда ғана, атом өнеркәсiбiн дамыту бағдарламасын ғарышқа тәуелсiз елiмiздiң тұңғыш «Қазсат-1» жер серiгi ұшқанында жүрек лүпiлiмен, сондай бiр жылы әсермен қабылдағандай күйде қабылдайтын болармыз-ау деген ой түйiп қайттық.

Арнайы «Түркiстан» газетi үшiн Нұрлан ҚАЛҚА

Астана–Париж–Шербург–Париж–Астана