Жаңалықтар

ТҮРКIМЕНДЕР ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКIМЕНДЕР ҚАРА ЖАМЫЛДЫ

Кеше Түркiменстан президентi Сапармұрат Ниязов кенеттен көз жұмды. Елдi 21 жыл бойы үздiксiз басқарған 67 жастағы Түркiменбашының қазасы туралы алып-қашпа әңгiме көп. Бейресми деректерге сүйенсек, президенттiң түбiне сусамыры жеткен көрiнедi…

Кеше Түркiменстанның мемлекеттiк телеарнасы ел президентiнiң кенеттен көз жұмғаны туралы ресми ақпарат таратты. Ресми мәлiмдемеде Түркiменбашының түнгi сағат 1-ден 10 минут өткенде жүрегiнiң тоқтап қалуы салдарынан қайтыс болғаны көрсетiлiптi. Алайда түркiменстандық оппозиция өкiлдерi Ниязовтың жүрегi осыдан 3 күн бұрын тоқтағанын айтады. Олардың айтуына қарағанда, осыдан 2 апта бұрын Ниязовты медициналық тексеруден өткiзген бiрнеше шетелдiк дәрiгер президентке операция жасаудан бас тартқан.

Жаманат хабар елге тарасымен-ақ бүкiл Түркiменстан қара жамылды. Жалпыұлттық деңгейде аза тұтылып, тулар төмен түсiрiлдi. Көздiң жауын алатын жаңажылдық безендiрулердiң орнына қара ленталар байланды. Көшелер қаңырап бос қалғанымен, полицейлердiң көше тәртiбiн қатаң қадағалауы байқалмайды. Есесiне, алтыннан ескерткiш орнатып, бастарына хан көтерген, «Рухнамасын» жатқа бiлген Түркiменбашының қазасына сене алмай, есеңгiреген жұрт…

Кеше Ашхабадта Түркiменстан Қауiпсiздiк кеңесiнiң кезектен тыс отырысы өттi. Онда президенттiң қайтыс болуына байланысты елдегi тұрақтылықты сақтау және тәртiптi қамтамасыз етуге қатысты мәселелер қаралды. Ал президент қызметiн уақытша атқару мiндетi вице-премьер Бердiмұхаммедовке жүктелдi. Мұндағы заң бойынша, президент мiндетiн уақытша атқарған азамат президенттiкке сайлана алмайды. Бұған дейiн Түркмения Конституциясының 60-бабына сәйкес, егер президент белгiлi бiр жағдайда өз қызметiн атқара алмайтын болса, уақытша уәкiлдiгi Мәжiлiс төрағасына жүктелетiнi айтылған болатын. Алайда спикер Атаев үстiнен қозғалған қылмыстық iске байланысты елбасылықтан қағылды. Ендi елдiң жаңа басшысы алдағы екi ай iшiнде сайлануы тиiс. Заң бойынша, жасы 40-қа толған және 70-тен аспаған, мемлекеттiк- түркiмен тiлiн бiлетiн, соңғы 15 жылда Түркiменстанда тұрып келе жатқан кез келген түркiменстандық азамат президент бола алады. Алайда, бейресми дерек көздерi Түркiменбашының көзi тiрiсiнде-ақ өзiнiң iзбасары ретiнде ұлы Мұрат Ниязовты дайындап кеткенiн, сондықтан президенттiкке Түркiменбашының жалғыз ұлы сайланатынын айтады. Әрине, бұл пiкiрге қарсы дау айтатындар да жетерлiк. Ол туралы газетiмiздiң алдағы сандарында толығырақ тоқталатын боламыз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ