Жаңалықтар

«ӨЗ-ӨЗIҢДI ЖАТТАЙ СЫЙЛА, ЖАТ ЖАНЫНАН ТҮҢIЛСIН»

ашық дереккөзі

«ӨЗ-ӨЗIҢДI ЖАТТАЙ СЫЙЛА, ЖАТ ЖАНЫНАН ТҮҢIЛСIН»

Құшағын айқара ашып, бауырмалдық танытудан танбайтын қазақты соншама қорлаған балаларын қорғаштап, «жауырды жаба тоқуға» тырысқан ұйғырлардың бiрнеше ақсақалы ұлт патриоттарының алдынан өтiптi. Жандарына құлағы кесiлген қазақ баланың анасын ертiп келiп, кешiрiм сұрапты. Шелек елдiмекенiне бармауды өтiнiптi. Бәрi дұрыс шығар. Бiрақ, қазақтың жетпiс жетi атасы толарсақтан қан кеше жүрiп қорғаған сайын даласын «менiкi!» деп өзеуреуiнiң астарында не жатыр? Ал қит етсе, «ұлттар арасындағы татулықты» желеу ететiн қазақ билiгi қазаққа келгенде тым өктем де, өзге ұлт өкiлдерiне келгенде, неге солқылдақтық танытады? Өз жерiнде өгейдiң күйiн кешкен сорлы қазақтың соры қашанғы қайнай бермек?! Мiне, осындай сандаған сұрақ бар. Оны бiз Парламентте отырған халық қалаулыларына жолдаған едiк.

Амалбек ТШАНОВ, ҚР Мәжiлiсiнiң депутаты:

– ҚР Конституциясы бойынша, бiз – бiртұтас елмiз. Мемлекеттiң кез келген заңын ҚР азаматтары түгел орындауға мiндеттi. Бiрақ бiз Ұлттар Ассамблеясын құрып, ұлттардың арасын жақындатуға қанша тырысқанымызбен, әр ұлт өзiнiң ұлттық идеясы мен ұлттық болмысын бәрiбiр сақтап қалады. Оны ешқандай заңмен, идеологиямен өзгерту мүмкiн емес. Ол өз алдына бөлек дүние. Тағы бiр маңызды жайт, шын мәнiсiнде, о баста Ұйғыр ауданы деген атау беру үлкен қателiк едi. Бәленiң бәрi осында жатыр. Ұйғырлар тұратын жердi неге ұйғырдың атын беруiмiз керек?! Құдайға шүкiр, Қазақ жерiнiң шекаралық делимитациясы түгел аяқталды. Қытаймен де, орыспен де, басқамен де. Ешкiмнiң таласы жоқ – бұл қазақтың жерi. Қазақ елiн мекен етем дегендерге ешқандай қарсылық жоқ. Ол заң жүзiнде бекiтiлген. Ешкiм ешкiмнiң құқығын шектеп жатқан жоқ. Бiрақ бiздiң елде тұрса да, Қазақстан мемлекетiн құраушы негiзгi ұлт – қазақ халқына қиянат жасау, «Жер – бiздiкi!» деп ұрандату Конституцияға да қайшы, қазақтың заңдылықтарына да қайшы. Сондықтан Үкiмет тарапынан Шелек ауданында болған сорақылықты жасыру, оны жастардың балалығынан болған жай бұзақылық ретiнде көрсету – қылмыс! Егер билiктегiлер жақтап отырса, ол да – қылмыс! Ұлтараздық шараларына жол бергендер шұғыл түрде заң жүзiнде қатаң жазалануы тиiс және жаза жариялылық негiзiнде ашық көрсетiлуi керек. Бiздiң мемлекетiмiзде адамдарды ақ, қара деп бөле-жармайтынын, бiрақ заң бұзғандар ұлты мен ұлысына қарамастан, тиiстi жазасын алатынын халық бiлуi тиiс.

Өкiнiшке қарай, бүгiнгi таңда «Бiз қандай ұлтқа айналып бара жатырмыз?» деген сауал көпшiлiгiмiздi толғандырмайды. Неге өзге ұлт өкiлi Қазақтың жерiнде тұрып қазаққа қиянат жасайды? Оның себебi неде? Менiңше, қазiргi кезде билiк жүргiзiп отырған саясаттың дұрыс еместiгiнен туындап отыр. Бүгiнде ашуы қыз-қыз қайнап, терiсiне сыймай, жарылайын деп жүрген қазақ өте көп. Тiлi мен дiнi ақсаған, ең сорақысы, кiм болса соған қор болып жүр. Күн көрiстiң қамын күйттеген қыздар кiм көрiнгеннiң қолтығында жүр. Қазiр бiзде ұлттық идеология дегенiңiз атымен жоқ. Қандай мемлекет екенiмiздi, ұлттық идеологияның қандай бағытта жүргiзiлiп жатқанын мен бiлмеймiн. Ұлттық идеологиямыздың ара-жiгiн ажыратып алмайынша, қазақтың көрiнгенге қор болғаны қор болған. Дүние жүзiнде өз елiнде, өз жерiнде алшаң басып жүре алмай қор болған, қорқасоқтайтын қазақтан басқа ұлт жоқ. Орыс айтса, орыстың, кәрiс айтса, кәрiстiң, ұйғыр айтса, ұйғырдың аузына жалтақтаймыз… Бұл – ұлттық намысымыздың мұқала бастауының көрiнiсi. «Көтерiлiс жасау керек» деген ойдан аулақпын. Ондайға қазақ халқының бара қоймасы белгiлi. Бiрақ ұлттық намысымызды көтермейiнше, рухымызды асқақтатпайынша, ел болмаймыз.

Хрущевтың кезiнде Юсупов деген бiреу бүкiл Алматы облысын Ұйғыр автономиялы мемлекетi қылып бөлiп жiбере жаздаған. Мемлекет тұтастығы мен ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн осындай келеңсiздiктер шекемiзге тисе де, сабақ болмайтыны өкiнiштi.

Ерасыл ӘБIЛҚАСЫМОВ, ҚР Мәжiлiсiнiң депутаты:

– Өткен аптада үкiметтiк сағат болғанда осы мәселенi мен көтердiм. Газетке жарияланған мақаланы қолыма ұстап тұрып, ҚР Iшкi iстер министрi Мұхамеджановқа, генерал Шпекбаевқа: «Не деген сұмдық! Ұлттық намысымызды қорлайтын олар кiмдер?! Кезiнде Қытайдан ауып келген ұйғырлардың қазақтарды басынуына кiм құқық бердi?! Дереу шара қолданыңыздар» деп тапсырма бердiм. Осындай сорақылықтар ендi қайталанбас үшiн заңды бұзған ұйғырларға заң жүзiнде қатаң шара қолдану керек. Олардың «мемлекет – сендердiкi, жер – бiздiкi» деп кергуi не сұмдық?! Тiптi керек болса, ұйғырлардың осында басшысы бар Шардинов деген. Соны шақырып алып, «мына халқыңды тәртiпке келтiр» деп қатаң табыстау қажет.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ