Жаңалықтар

...СОНДА ҚАЗАҚТЫ КIМ ҚОРҒАЙДЫ?!

ашық дереккөзі

...СОНДА ҚАЗАҚТЫ КIМ ҚОРҒАЙДЫ?!

15 жылдық тарихымызда былайғы жұртқа мақтан етер бiр артықшылығымыз – ұлттар лабораториясы атанған Қазақстанда ұлтаралық тыныштықты сақтап, өзара қақтығыссыз бүгiнге жеткенiмiз. Бұл ретте өзгелерден гөрi байырғы ұлт – қазақтың үлесi айтарлықтай. Қазақ ежелден қонақжай, бейбiтсүйгiш ел. Қаңғып келген бейсауыт жолаушыны да «құдайы қонақ» етiп, төрiнен орын берген. Осы қасиетi Құдайға да жаққан болуы керек, жер бетiнен жойылып кетуге аз-ақ қалғанда айы оңынан туып тәуелсiздiк алды.

Ал, қазақтың осы бiр елден ерек қасиетiн елiмiздегi диаспора өкiлдерi бар, шетелдiк жұмысшылар бар, әйтеуiр, жат жұрттықтар асыра пайдаланатын болып жүр. Айталық, соңғы жылдары елiмiзге келген шетелдiк жұмысшылар мен қазақ (өзге емес!) жұмысшылары арасында бiр емес, бiрнеше рет қақтығыс орын алған. Көбiнде түрiк, қытай және қазақ жұмысшылары өзара жұдырықтасқан. Биыл сондай оқиғаның екеуi мұнайлы өлке Атырау мен Ақтөбеде болды. Себеп түсiнiктi. Әлеуметтiк теңсiздiк. Қазақ жұмысшылары мен шетел жұмысшылары арасындағы еңбекақы мен жасалған жағдайдың кәдiмгiдей айырмашылығы, өз елiнде жүрiп, өзгеден сорлы күй кешкен қазақ жастарын ашындырған. Сөйтiп, шарасыз жұмысшылар өз құқығын өркениеттi түрде талап етудiң орнына, жан айқайын жұдырық арқылы әйгiлеген. Бұл екi оқиғаның екеуiне де Үкiмет араласты. Түрiктер мен қазақ арасындағы жанжал халықаралық деңгейге дейiн ушыға жаздап басылды. Ал, қытай жұмысшыларына қарсы шыққан ақтөбелiктердiң мұңын жергiлiктi кәсiподақ аңғармағанда, ондағы жағдайдың да соңы жабайы төбелеспен аяқталар ма едi? Кәсiподақ өз жұмысшысының құқы аяқасты болып жатқанын жергiлiктi билiкке құдағдар етедi. Тексеру барысында Қытай инвесторлары шетелдiк жұмысшылардың жалақысын он есе артық берiп, ақысыз, арнайы асханадан тамақтандырып, жатын орынмен қамтамасыз етсе, жергiлiктi жұмысшылардың жалақысын тым мардымсыз төлеп, түскi асты сатып iшуiне, жатар орынды өзi табуына мәжбүрлейдi.

Шетел инвесторларының шектен шыққан бұл қылығы Ұлттық кауiпсiздiк кеңесiнде талқыланып, инвесторлармен кездесуiнде Елбасы оларды ендiгi жұмысшыны жергiлiктi халықтан алуға және олардан маман дайындауға мiндеттейтiн құжат қабылдайтындығын жеткiздi.

Бұл оқиғалардың iзi суымай жатып, Алматы облысының Шелек ауданында жергiлiктi ұйғыр жастары мен қазақ жастары бiр-бiрiне қол көтерген.

Мiне, осының бәрi, жергiлiктi ұлттың ашу-ызасын тудырар факторлар. Бiз Қазақстанда ұлт мәселесi жоқ дегендi күн сайын көлденең тартамыз. Ал, шын мәнiсiнде, Қазақстандағы ұлт мәселесi — өзге емес, қазақтың мәселесi болғалы тұр. Бұған дейiнгi тату-тәттi тiрлiгiмiз өзгенiң емес, қазақтың есебiнен жасалып келдi. Қазақтың ұлттық құндылықтары ескерiлмедi. Тiлiмiз тасада, тiрлiгiмiз басқаша болды. Ал, Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығына да назар жеткiлiктi деңгейде аударылмады.

Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шаханов Желтоқсан көтерiлiсi тек Қонаевтың орнына өзге ұлт өкiлiнiң келуiнен ғана туындамағанын, Кеңестер басқарған жылдары 700 қазақ мектебiнiң жабылғандығын, тiлдiң өз қазанында тұншықтырылғандығын ашына жазады. Тiл мүддесi – Желтоқсан көтерiлiсiн тудыруға себеп болған факторлардың бiрi екендiгiн айғақтайды. Ол ол ма жыл өткен сайын ұлттық намысы бой көтерiп, ашу-ызаға ерiк берген көрiнiстердiң әр жерде қылаң берiп қалуы тегiн емес. Бұл егер ұлттық мәселеге бүгiн назар аударылмаса, ертең кеш болатындығын көрсетiп отыр. Францияда француз ұлты емес, 3 миллионға жуық араб көтерiлiп жатыр. Олар да бiзге келген шетелдiк жұмысшылар секiлдi нәпақа iздеп келiп, сонда қалып қойғандар. Ал, бiзде шетел жұмысшысы немесе өзге ұлт өкiлi емес, жергiлiктi халық ереуiлге шығады. Ұлттық намысы аяққа тапталғаны үшiн, намысын жоқтауда. Демек, қазақ ұлттық идеяға, жергiлiктi ұлтқа тән басымдықтарға сусап отыр. Егер, билiк оған көз жұматын болса, Желтоқсан көтерiлiсi қайталануы бек мүмкiн. Сондықтан, бұның барлығының алдын алу керек. Ұйғырға да, өзбекке де, орысқа да ендiгi жыр қазақтың жыры болатындығын түсiндiрген абзал. Онсыз бүгiнде мақтан болған ұлтаралық татулығымыздан өрт шықпасына кiм кепiл!

Есенгүл Кәпқызы