АСПАН АСТЫ ЕЛIНДЕГI КЕЗДЕСУ
АСПАН АСТЫ ЕЛIНДЕГI КЕЗДЕСУ
ҚР Президентi Н.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған ресми iссапары барысында екiжақты 10 құжатқа қол қойылды. Олардың ең бастысы: ХХI ғасырдағы Ынтымақтастық стратегиясы мен екiжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы тұжырымдама.
Қазақстан мен Қытай шекарасы арқылы құбырмен тасымалданатын энергоқорларды кедендiк бақылау; екi ел шекараларында орнатылатын режим; мұрағат iсi саласындағы ынтымақтастық; басты шекарааралық өзендердегi шекаралық гидробекеттер арасында өзара гидрологиялық ақпараттармен алмасу; шекарааралық өзендерде ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық секiлдi басқа да мәселелерге қатысты құжаттар қабылданған екi ел басшыларының кездесуiнде сауда, экономикалық, энергетикалық, гуманитарлық, шекаралық ынтымақтастық, мәдениет пен ғылым салаларына қатысты мәселелер қаузалды.
Сонымен қатар қазақстандық және қытайлық тараптар 2005 жылы 4 шiлдеде қабылданған «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының iс-қызметiн реттеу туралы үкiметаралық келiсiмге өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттамаға қол қойды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың қаңтарында басталған болатын. Осы уақыт аралығында 140-қа жуық екiжақты ресми құжат қабылданып үлгердi. Солардың ең бастысы: 2002 жылы қабылданған Қазақстан мен Қытай арасындаңғы Тату көршiлiк, достық және ынтымақтастық туралы шарт. Сондай-ақ, екi ел арасындағы сауда-экономикалық қатынас та ерекше қарқынмен даму үстiнде. Бүгiнде Қазақстан нарығын жаулап алған қытайлар екi ел арасындағы сауда айналымын жақын болашақта 10 миллиард АҚШ долларына жеткiзудi жоспарлап отыр.
850 жылдық тарихы бар, тұрғындарының саны 15 миллионға жететiн Пекиндегi бiрнеше тарихи орындарды аралап көрген Назарбаев осындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының ғалымдарымен, Бүкiлқытайлық халық өкiлдерi жиналысының төрағасы У Бангомен және Қытай Халық республикасы Мемлекеттiк кеңесiнiң премьерi Вэнь Цзябомен жүздестi. Қазақ елi басшысының Пекиннен басталған аспан асты елiндегi ресми сапары Гонконг пен Макао қалаларында жалғасады деп жоспарлануда.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ