«Шалқар» газетiне 30 жыл
«Шалқар» газетiне 30 жыл
ЕЛ МЕН ЕЛДI ЖАЛҒАСТЫРҒАН АЛТЫН КӨПIР
«Шалқар» газетiмен таныстығымыз мектепте жүргенде басталды. Ол кезде «Бiздiң Отан» деп аталатын. Көненiң көзiндей төте жазумен шығатын газеттi алғаш көргенiмiзде кәдiмгiдей таңданғанымыз рас. Өйткенi қазақ тiлiнде араб қарпiмен де шығатын газет барлығы жөнiнде бейхабар едiк. Құран жазуларындай маржандай тiзiлiп тұрған бейтаныс әрiптердi әкем судыратып оқи жөнелгенде аузымыз ашылып қалды. Алғаш рет «Шалқар» газетiмен осылай таныстым.
Өткен ғасырдың 80-шы жылдарының соңындағы демократиялық дүмпу, бәрiнен бұрын қазақтың өткенiне үңiлiп, руханиятын зерделеуге мүмкiндiк тудырды. Бұған дейiн қазақ алфавиттерi туралы жақ ашпай келген ұстаздарымыз өздерiнiң әуелi араб жазумен хат танығандықтарын жайып салса, Моңғолияның Баян-өлгий аймағының зиялылары оны оқытуға зейiн қойды. 1989 жылы 9-шы класты оқып жүргенiмiзде, ақын, қоғам қайраткерi, Моңғолия Жазушылар Одағының Баян-өлгий аймақтық бөлiмшесiнiң бастығы Кәкей Жаңжұңұлы арнайы үйiрме ашып, төте жазудан сабақ үйрете бастады. Сөйтiп, «Шалқар» газетiн өзiмiз мүдiрмей оқитын болдық. Әрине, ол жылдары бiз Қазақстанның мерзiмдi басылымдарының бiрiн қалдырмай оқып тұрдық. Ал «Шалқардың» ерекшелiгi сол – әлемде тарыдай шашылған қазақ баласының тағдыр-талайына арналғандығында едi. «Шалқар» газетiнiң бетiнен, өз басым, Қазақстан мен Қытайдан өзге (ол кезде КСРО тарамағандықтан Ресейдi қоспай отырмын) шет елдерде де қазақ баласының өмiр сүретiндiгiн, олардың әлемнiң 40-тан астам елiнде тұратындығын бiлген едiм. Кейiн әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiнiң I курсында оқып жүргенiмде, түрiктiң ойма жазуы мен төте жазу тағы да арнайы пән ретiнде үйретiлдi. Көрнекi құрал ретiнде осы «Шалқар» газетiн пайдаландық.
«Шалқар» газетi өзге басылымдармен салыстырғанда, танымдық-публицистикалық мақалаларға көбiрек мән беретiн. Оның өзiндiк себептерi де жоқ емес. Газет негiзiнен Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағында өмiр сүретiн, төте жазуды пайдаланатын 1,5 миллион қазаққа арналып шығатын. Қытайдың қырағы көз арнайы қызметкерлерi бұл газеттiң шекарадан өтуiне тиым салды. Себеп бiреу – Кеңестер Одағының «зиянды» идеологиясын таратуға құлықсыз Қытай Коммунистiк партиясы «Шалқар» газетiнен үрейлендi. Бiрақ, тиымның болғанына қарамастан, газет бұндағы ел мен елдiң қосылуын аңсаған жұрттың қолына тиiп, сусаған жұрттың шөлiн қандыратын едi.
Мен алғашқы журналистiк қызметiмдi 1994 жылы «Шалқар» газетiнен бастадым. Мұның өзi оған деген ынтызарымның ерте оянғанынан болар. Бұған дейiн мен газет бетiнен рухани-танымдық мақалаларды көбiрек оқыдым.
Шет елдегi қазақтың тыныс- тiршiлiгiн атамекенге, атамекендегi елдiң хал-ахуалын шеттегi жұртқа таныстыруда «Шалқардың» рөлi орасан болды. 1991 жылы атамекенге шеттегi қазақтың көшi ағылғанда «Шалқар» газетiнiң арқалаған жүгi тағы да еселендi. Ендi тек шеттегi қазақ туралы ғана емес, сонымен бiрге көшiп келiп, қоныстанған қазақтың өмiр тынысын суреттеу арқылы артта қалған көңiлi күптi жұрттың жүрегiн орнына түсiру үшiн де «Шалқар» газетi көп еңбек сiңiрдi. Бiр айта кетерлiгi, «Шалқар» газетi осы 30 жыл iшiнде шеттегi қазақ үшiн арналып шыққан бiрден-бiр басылым болды және солай болып қала бермек.
Бiрақ, амал нешiк, өз құндылығымызға өзiмiз мұрын шүйiрген заманда, «Шалқар» газетiнiң басына да бұлт үйiрiлдi. Өзгеден бұрын нарықтың қыл арқаны осы газеттiң мойнына салынды. Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың қолтаңбасы төте жазуды мұра еткен «Шалқар» газетiнiң сол кездегi бас редакторы Уахап Қыдырхан мырза бұл газеттi сақтап қалуға тырысып баққанымен, нарықтың қатал заңы өз дегенiне көндiрмей қоймады. Газет алдымен «Қазақ елi» газетiнiң қосымшасына айналды да, 1998 жылы шығуын мүлдем тоқтатты.
Дегенмен, көне мұрамыздың жалғыз көзi «Шалқар» газетiнен көз жазып қалған тұрақты оқырман оның қайта жарық көруiне ат салысты. Жан-жақтан толассыз келген хаттар мен оқырмандардың талап-тiлегiн ескерген «Шалқар» газетiнiң бұрынғы ұжымы оны қайта шығару үшiн күрестi. Сөйтiп, 2000 жылы газет «Шалқар-2» деген атпен қайта жарық көрдi. Ел мен елдi жалғастырушы мiндетiн талмай атқарып келген газет әлi де өзiнiң дәстүрлi бағытынан айнымақ емес. Бiртұтас қазақ мемлекетiн қалыптастырып, нығайту бағытындағы тәуелсiздiк мұраттарын жүзеге асырып келедi. Бұл жолда шет елдегi қазақ бауырларымыздың санасын елге, атамекенге деген ынта-ықыласын оятып, бүкiл әлемдiк қазақтардың тарихи отаны – Қазақстанда бас қосуына өз септiгiн тигiзуде. Газеттi сақтап қалуда оның қазiргi бас редакторы Жаңыл Әпетованың еңбегi зор және ол оларға оңай болмағандығы да белгiлi. Қазiр газеттi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы өз қамқорлығына алып, құрылтайшыларының бiрiне айналған. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң «төте жазумен шығатын жалғыз басылымды қалай да ұстау керек» деуi де оны шығарушылардың сенiмiне қанат бiтiрген.
Мағжан Жұмабаевтың «Қарлығаштың қымбаттығы тасыған суының молдығында емес, жүрегiнiң адалдығында» деген едi. Сол сияқты «Шалқар» газетiнiң қымбаттығы елдiң тұтастығы үшiн жатпай-тұрмай еңбек етуiнде. Бүгiнде 30 деген орда бұзар жасқа жеткен шалқарлықтарды мерейтойларымен шын жүрегiммен құттықтаймын!
Есенгүл Кәпқызы