ЖЕЛТОҚСАНДА ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА 20 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАНЫМДЫ ЖЕГIДЕЙ ЖЕП КЕЛДI

ЖЕЛТОҚСАНДА ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА 20 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАНЫМДЫ ЖЕГIДЕЙ ЖЕП КЕЛДI

ЖЕЛТОҚСАНДА ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА 20 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАНЫМДЫ ЖЕГIДЕЙ ЖЕП КЕЛДI
ашық дереккөзі

Желтоқсан оқиғасы туралы шындық әлдеқашан ашылғандай көрiнгенiмен, оған мемлекет тарапынан әдiл баға берiлген жоқ! Сол қанды оқиға кезiнде қаншама жүздеген қазақтың ұл-қыздарына нақақ жала жабылып, оқу орындарынан, жұмыс орындарынан қуылып, жер аударылды. Ұлттық Қауiпсiздiк Комитетiнiң қудалауына ұшыраған сол ұрпақ өкiлдерiнiң денi өздерi бастан кешкен зорлық-зомбылық туралы баспасөз бетiнде жарытып ештеңе айтқан жоқ.

Бiле бiлсек, Желтоқсан оқиғасы – кезiнде Ұлы Дала төсiнде емiн-еркiн билiк құрған ұлы түркi қағанатының негiзгi этносы болып саналатын қазақ деген қайсар халықтың араға 260 жылдай уақыт салып, Ресей империясының бодандық шынжырын үзуге талпынған iрi қарсылық көрсетуi, ұлттық сипаттағы бас көтеруi едi! Қазақ жастары аяусыз жазаланғанымен қызыл империяның iрiп-шiрiген шаңырағы оңбай шайқалғаны ақиқат! Бiз Мәскеу тарапынан жасалған әдiлетсiздiктi сол кезде-ақ жақсы түсiндiк. Жеке ел болмай қазақтың бағы ашылмайтынын да жақсы бiлдiк. Сондықтан да бiз – студент, жұмысшы жастар Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға барудан ешқандай да қорыққан жоқпыз. Бiздiң басты мақсатымыз – Қазақ Елiне ұлты қазақ азаматтың басшылыққа сайлануын Орталық Комитеттен талап ету едi… Өкiнiшке қарай бейбiт шеру қан төгу, ұрып-соғу, итке талату арқылы Мәскеудiң бұйрығымен аяусыз басып-жаншылды. Мен сияқты жүздеген қыз-жiгiттердiң ар-намысы аяққа тапталды! Сөзiм дәлелдi болуы үшiн жалпы толғаудан жалқы толғауға көшейiн. Нақтырақ айтқанда, өзiмнiң көрген қиыншылықтарым туралы қысқаша айтып өтудi кейiнгi ұрпақ алдындағы азаматтық парызым деп ойлаймын… 1986 жыл. 16 желтоқсан. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дiң журналистика факльтетiнiң 3 курсында оқимын. Курстастарым – Абай Иманбаев, Қаламан Жақыпов, Әбiлғазы Көпбаев, Серiк Жанболатов, Серiк Абасов, Әдiлбек Қабаев, Әмiржан Қосанов, Арман Нұрқалиев, Болатбек Қожанов, т.б. бүгiнгi таңда елге танымал болып үлгерген жiгiттер болатын. Бәрiмiз ҚазМУ қалашығындағы №5 жатақханада тұрамыз. Сол күнi ауа-райы тұнжырап, тұманды болып тұрды. Әдеттегiдей әскери дайындық сабағынан келiп, үй киiмдерiмiздi ауыстырып жатқанбыз. Дәлiзден естiлген гу-гу әңгiме лезде бiзге де жеттi. Сөйтсек, жаңа ғана Қазақ радиосынан Қазақ КСР ОК-нiң кезектен тыс пленумында Бiрiншi хатшы Д.А.Қонаевты орнынан босатып, оның орнына Ресей Федерациясы Ульяновск облысының бұрынғы басшысы Г.Колбиндi тағайындағаны туралы қаулы қабылданғанын хабарлаған екен. Қазақ Елiнiң басшысын орнынан алып тастау бiзге мүлдем түсiнiксiз болып көрiндi. «Қазақ елiне өзге ұлт өкiлiнiң басшы болып сайлануы қалай?» деген сауал жатақханадағы студенттердi лезде толқытып жiбердi. Фойелерде қызу пiкiрталас басталып та кеттi… Сол күнi бұрынғы курстасымыз Бейбiт Оспанов әскери борышын бiржолата өтеп келген екен. Досым Алтай Нұрманов (жазушы Ақан Нұрмановтың iнiсi) қиылып: – Жәке, Бейбiт бауырымыздың арамызға аман-есен оралғанын бiр топ жiгiттермен бiрге мейрамханада атап өтелiк, – деген соң бармасқа болмады. Алтай отбасылық жағдайына байланысты сырттай оқыту бөлiмiне ауысып, Совминнiң күзет жасағында қызмет iстеушi едi. Алтекең достыққа адал, ақжарқын жiгiт едi. Ақын Темiрғали Көпбаев үшеуiмiздiң абитуриент кезден бастап жұбымыз жазылмайтын… Желдей ескен сары такси бiздi сол кездегi студенттер көп жиналатын «Алматы» мейрамханасына алып келдi. Дастарханға ендi жайғасып отыра бергенде би алаңында қым-қуыт төбелес басталып кеттi. Нәтижесiнде бiр орыс жiгiтi жәбiрленiптi. Аяқ астынан милиционерлер сау ете қалды. Бұзақылық жасаушы қазақ жiгiтi сытылып үлгергенге ұқсайды. Жәбiрленушi масаң қалпы бетi шiмiрiкпестен қызыл жағалыларға менi ұстап бердi. – Вот, тот парень который меня избил! Әлеңкедей жаланып тұрған милиционерлер қолымды қайырып, есiк алдында тұрған УАЗИК-тiң iшiне атып ұрды. «Менiң төбелеске ешқандай қатысым жоқ!» дегенге қарайтын олар жоқ. Амангелдi көшесiнiң бойындағы Совет аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң тас камерасына қамап тастады. Қайта-қайта түсiнiк жаздырды. Шындықты жаздым, олар сенбедi. Әйтеуiр түннiң бiр уақытында жан досым Алтай жүгiрiп жүрiп шығарып алды. Жолда Алтай қазақ жастары ертең Брежнев атындағы алаңға наразылық шеруiне шығуға дайындалып жатқаны туралы естiгенiн айтты… Ертеңiнде абыр-сабырдан оянып кетсем, дәлiзден: – Тезiрек, тезiрек, Брежнев алаңына баруымыз керек! Орталық Комитеттiң Пленумы шешiмiне наразылығымызды бiлдiруiмiз керек! – деген сергек дауыстар естiлiп жатты. Көп ұзамай орталық алаңға да жеттiк. Бiраз жастар жиналып қалыпты. Сақтық ретiнде трибунаның бергi бетiне милиция мектебiнде оқитын курсанттарды қаздай тiзiп қойыпты. Қыз-жiгiттер ортаға шығып, өз ойларын ашық айтып жатты. Жастардың алдыңғы қатарында тұрған қыздар бiр кезде «Менiң Қазақстаным» әнiн бастап жiбергенде бүкiл алаңға жиналған қазақ жастары ешқандай дирижерсiз-ақ бiр кiсдей шырқады. Құдiреттi әуендi әрбiр қазақ тебiрене айтқанда бiр-бiрiне бауыр екендiктерiн iштей түсiнiсiп едi. Алдыңғы саптағы қыздар курсанттарды әлсiн-әлсiн жаңа жауған қармен атқылайды. Қолдарында қаруы жоқ бозбалалар «Бiзде жазық жоқ» дегендей риясыз жымияды. Осындай бейбiт көрiнiстi ешкiм де қанды қақтығысқа айналып кетедi деп ойламаған шығар. Алайда алаңға жиналушылар саны сағат сайын өсе бердi. Бiр кезде әлгiнде ғана қармен атысып тұрған қыздардың орнына қолдарына тас, алаңдағы мәрмәр тас кесегiн, түрлi таяқшалар ұстаған қарулы жiгiттер пайда болды да, атойды салып әскерилермен шарт та шұрт қақтығыс басталып кеттi. Әскерилер соққыға жығылған қыз-жiгiттердi трибунаның артына сүйретiп әкетедi де, қайтадан лап қояды.Қаруланған қазақ жастары да трибунаға жиi-жиi шабуыл жасайды. Шынын айту керек, бiз Алтай екеуiмiз топтың жуан ортасында жүрдiк.Адамның көптiгi соншама, ине шаншар жер жоқ. Алдыңғы сапқа өту мүмкiн емес! Күн ұясына бата бере алаңдағы жағдай бұрынғыдан да ушыға түстi. Шеруге Алматыдағы жұмысшы жастардың тың легi қосылса керек. Бiр кезде аруақтап ұрандатқан жiгiттер тобы трибуна қалқасына тығылған билiк өкiлдерiне өршелене ұмтылады. Қазiргi қалалық әкiмдiк ғимараты сол кезде Орталық Комитет үйi едi. Ақ Үйдiң шамдары әр қабаттан жанып тұрды.Сол терезелердiң бiрiнен келiмсек Колбин рухы биiк, намысшыл қазақ жастарының айбынынан сескенiп, сығалап тұрғаны сөзсiз едi. «Қазақ Елiне – қазақ басшы!», «Лениннiң ұлт саясаты жасасын!» деген ұрандар көтерiп, алаңда «қазақ» деген сөзге салмақ сала атойлаған қазақ жастарының өр мiнезi мен асқақ рухынан қаймыққан Колбин келiмсек мiнбеге шығуға жарамады! Орталық алаңдағы жағдай ел орынға отырған кезде мүлдем ушығып кеттi. Фурманов көшесi жақтан су шашатын машина келе жатты. Бiр топ жiгiттер атойлап келiп әлгi абажадай машинаға қарғып-қарғып мiнiп алды да, қолдарындағы сойылдарымен терезелерiн қиратып, iшiндегi өрт сөндiрушiлердi тысқа сүйреп шығарып, соққыға жықты. Әлгiнде ғана жастарға су шашуға келе жатқан сұсты машина әп-сәтте қирап қалды. Ендi бiр сәтте өршеленiп алған жiгiттер тобы әскерилердiң екi «Газ-66» машинасы мен бiрнеше жеңiл машиналарды көздi ашып-жұмғанша аударып, өртеп жiбердi. Сiрә, шенеунiктердiкi болуы керек, «Волга» маркалы жеңiл машиналар апыл-ғұпыл қашып бара жатты. Жазалаушы әскерлер мен жастардың белсендi тобының қақтығысынан бүкiл алаң теңiздей толқып, күндей күркiреп кеттi! Бiр кезде мiнбеге бiр топ ОК мүшелерi көтерiлдi. Iшкi iстер министрi генерал Басаров: – Балам, үйге қайт, қайт! – дегеннен басқа қазақ тiлiнде жарытып ештеңе айта алмады. Бұған жауап ретiнде алдыңғы қатардағы жастар мiнбеге мәрмәртас пен мұз кесектерiн жаудыра жөнелдi. ОК мүшелерi мiнбенiң қалқасына жасырынып үлгердi. Осындай көрiнiстер бiрнеше рет қайталанды. Өкiнiшке қарай екi жақ та ортақ тiл табыса алмады. Орталық Комитет өз шешiмiн өзгерте алмайтынын бiрнеше рет қайталады. Мәскеудiң әдiлетсiздiгiне әбден көзi жеткен алаңдағы жастар мүлдем ширығып кеттi! Алаңдағы жастар қазақтың ар-намысының аяқасты етiлгенiне қатты қапаланды. Бiле бiлсек, бұл Мәскеу шовинистерiнiң қазақ ұлтына шекесiнен қарап, қайткен күнде де орыстандыру саясатын жүзеге асыру жолындағы кезектi қитұрқы саясаты болатын. Бұған дәлел ретiнде Горбачевтiң сол жылдары Алматыға ат iзiн салмай, астық үшiн Целиноградта аялдауын, Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың үлкен басымен сонда баруын айтуға болады.Мiне осыдан-ақ Мәскеудiң Қазақстанға деген пасық пиғылын байқаймыз… Мен өзiмнiң сол тарихи оқиғаның бел ортасында болып, ұлт намысын ту етiп көтергендердiң қатарында жүргенiмдi мақтан етемiн. Брежнев алаңында Шәмшi Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжiмеденовтың «Менiң Қазақстаным» әнi қазақ жастарының патриоттық сезiмiн шыңдай түстi. Бүгiнгi Әнұранымыздың өмiршеңдiгi сол сәтте-ақ дәлелденген-дi. Тағы да көптеген патриоттық әндер шырқалды. 17 желтоқсанда орталық алаңда мына бiр ән көп айтылды: «Қара түнек серпiлдi, серпiлдi, Ұйқысынан ел тұрды, ел тұрды! Атқа мiн, қазақ атқа мiн, — Майданға, майданға!» Осындай патриоттық әндердiң құдiретiнен рухтанған мың сан қазақ жастары бiр жұдырықтай түйiлiп, КСРО деп аталған қызыл империяның қазақ жерiне жiберген соңғы өкiлсымағы – келiмсек Колбиндi асқақ айбынымен Ақ Үйден шығармай қойды ғой! Бiле бiлсек бұл халқымыздың қайсар мiнезiнен «ұлы халық» өкiлiнiң алғаш рет жасқануы едi… Арамыздағы жоғарғы курс студентi Амангелдi Әбiлов бiздiң алаңнан ертерек қайтуымызға себепкер болды. 18 желтоқсанда жатақханадағы белсендi жiгiттер бiздi алаңға жiбермей қойды.Кешкiсiн естiдiк, сол күнi сапер күректерiмен қаруланған жазалаушы әскерлер жастарды соққыға жығып, итке талатып, БТР-мен қуып таратыпты. Сол кездегi деректер бойынша Алматыдағы түрмелерде студент, жұмысшы жастарды қамайтын орын болмаған соң автобустарға, милиция машиналарына күштеп отырғызып, қақаған аязда қаланың сыртына апарып соққыға жыққан.Қыздарды мұзға отырғызып, ұлдардың белдiктерiн кесiп тастаған. Мұндай айуандықты немiс – фашистерi де iстемеген шығар! Қазақ жастарының басына не бiр қорқынышты, да азапты күндер кейiннен келдi ғой! 19-20 желтоқсан күндерi Алматының көшелерiнде темiр арматурамен қаруланып, бiлектерiне қызыл мата таңып алған орыс жiгiттерi мен еркектерi қызыл жағалылармен бiрге үстемдiк құрды. Оларға қараңғыда топтасып жүрген кез-келген қазақ жастарын соққыға жығу құқы берiлдi. Қаншама қазақ қыздары мен жасөспiрiм ұлдары әлгiлердiң қолынан жазықсыз таяқ жедi десеңiзшi! Желтоқсанның ызғарлы күндерiнде бүкiл қазақ халқының – бiз сияқты өрiмдей жастардың аяққа тапталған ар-намысының өтеуiн кiм төлейдi? КСРО келмеске кетсе де Горбачевты, Колбиндi, солардың сойылын соққан жергiлiктi шенеунiктердi жауапқа тартып, керек болса Гаагадағы халықаралық сот арқылы тиiстi жазаларын беру керек! Сонда ғана елiмiздiң тәуелсiздiгi жолында жапа шеккен ұрпақ өкiлдерiнiң бетi ашық болар едi… Желтоқсан көтерiлiсi жанышталған соң Алматыдағы барлық оқу орындарындағы сияқты бiз оқитын ҚазМУ-де де студенттердi жаппай қудалау басталды. Ұлттық Қауiпсiздiк Комитетiнiң қызметкерлерi оқу корпустарына, жатақханаларына орналасып алып, студенттердi тергеу, қорқыту, оқудан, комсомол қатарынан шығару басталды. Әлiптiң артын бағып iштей тынып жүргенбiз. Бiр күнi үш әрiптiң жiгiттерi менi де шақырды. Алаңға қашан, кiммен барғанымды, 16 желтоқсандағы милицияға түсiп қалғанымды алдыма тартты. Мен бәрiн мойындадым. – Алаңға бүкiл қазақ барды.Онда не тұр екен? – дедiм. – Сендер өртенген машиналардың жанында болыпсыңдар ғой, – дейдi әккi офицер сыр тартып. – Бiз алыстан бақылап тұрдық, – деймiн. Бiрақ мен ешкiмге қол жұмсаған жоқпын, ешқандай қылмысқа араласқан жоқпын!-деймiн сенiмдi түрде. – Бара бер, – деп шығарып салды ҰҚК қызметкерi. Ендi дұрыс болатын шығар деймiн iштей. Қателесiппiн. Факультеттегi басшылар тарапынан тергеу басталды. Декан В.Козьменко деген шовинистiң көкесi едi. Комсомол ұйымының хатшысы Әмiржан Қосанов екеуi менi шақырып алып: – Бiздiң факультеттен алаңға барғандар тиiстi жазасын алып, оқудан шығарылып болды.Сен ғана факультетке қара дақ сияқты кiр келтiрiп тұрсың. Өз еркiңмен оқудан шығамын, деп арыз жаз! – деп талап қоя бастады. Басында аса мән берген жоқпын. Уақыт өте келе мазалауды қояр деп үмiттендiм. Осы арада айта кету керек, Әмiржан Қосанов бiр-екi рет ректораттағы түрлi проректорлар мен комсомол ұйымдарына кiрiп арыздануыма кеңес берiп, көбiнесе жанымда тiлектес болып жүрiп едi. Кейiннен Әмiржан түрлi сынға ұшырағанда жiгiттердiң өтiнiшi бойынша ол туралы бiр ауыз жақсы пiкiр жазып беремiн деп екiншi рет күйдiм ғой! Ұмытпасам, 1999 немесе 2000 жылдың желтоқсанындағы «Жас Алаш» газетiнiң бетiнде желтоқсаншы Аманғазы Кәрiпжанов пен Бақытжан Қосбармақов деген журналистiң сұхбаты басылды. Сұхбатта А.Кәрiпжанов менi, Әлiмжан Сабыржанұлын, Нұрлан Нұргазиндi желтоқсанға мүлдем қатыспаған, оқудан үлгермей шығып қалған деп жалған ақпар таратты. Бұл бiз үшiн өте ауыр жағдай едi. Кейiннен газет редакторы Нұртөре Жүсiпке өкпемдi айттым. Ол: – Мақалада Әмiржанға қатысты бұдан да сорақы жерлерi бар едi, алғызып тастадым. Қарсы мақала жаз, басайық, – дедi. – Жазбаймын, жiгiттердiң ары бiлсiн! – дедiм. Сөйтсем, Қосанов пен Қосбармақовтың жеке келiспеушiлiктерi болса керек. Журналиске А.Кәрiпжанов жалған дерек берген. Арада бiраз уақыт өткенде көшеде Аманғазымен кездесiп қалып, сенiң мұның не дедiм. Ол да, Қосбармақов та кешiрiм сұрамады. Бұл арада бiр-ақ нәрсе өкiнiштi. Ол – кейбiреулердiң желтоқсан оқиғасын жеке бастың есебi үшiн саудаға сала бастауы… Сөйтiп, негiзгi арнаға оралайын, аңдыған жау алмай тынбайды демекшi, тергеу қайта басталды. Бұл жолы Ұлттық Қауiпсiздiк Комитетiнiң қызметкерi Ануар Мурсалимов тергедi. Шашы бурыл тартқан, жасы қырықтыр шамасындағы офицердiң ректораттағы тергеулердiң бәрiнде де менi алаңда бұзақылық жасаған, машина өртеуге қатысқан, ұлтшылдық ұранын көтерген деген қаптаған жаланы мойныма қою үшiн не бiр қитұрқы сұрақтар қойғаны әлi есiмде. Мен жаланы мойныма алудан бас тарттым. – Онда не комсомолдан, не оқудан шығуың керек! – деген талап тағы қойылды. Сол кезде комсомолдан шығу – дiннен шығумен бiрдей едi. Амалсыз ректордың атына өз еркiммен оқудан шығаруын сұрап арыз жаздым. Сөйтiп, бес жылдан кейiн түскен сүйiктi оқумен уақытша қош айтыстым. Оқу бөлiмiнiң басшысы Павел Сергеевич Просвиркин есiмдi ақсақал: «Балам, сенiң бiрiншi семестрде қарызың жоқ екен. Алты айдан кейiн қайтадан қабылдануға құқың бар» деп жұбатты. Ендi оқудан шығу туралы бұйрықты асыға күттiм. Оқуға қайта қабылдану тәртiбi туралы ректордан бiлгiм келiп қабылдау бөлмесiне кiргенiм сол едi. Бiр топ ұлты орыс мұғалiмдерi тұр екен. Араларындағы кекселеуi маған сұстана қарап: – Сендердi – қазақтарды ату керек!-дедi. – Байқап сөйлеңiз! – дедiм тiстенiп. Хатшы орыс әйел: «Ректор сiздей студенттердi мүлдем қабылдамайды» деп кесiп айтты. Сол сәттегi менiң қорғансыздығым – барлық қазақ баласының басына түскен қорғансыздық екенiн жақсы түсiндiм. – Бәлем, бiздiң де күнiмiз туар!– дедiм де шығып кеттiм. Iшiмнен мұндай жәбiрленудi менiң бауырларымның, балаларымның басына бермесiн деп тiледiм iшiмнен. Сенделiп жұмыс iздеу басталды. Қай мекемеге барсаң да оқудан неге шыққаныңды сұрайды. Шындықты бiлген соң әр түрлi сылтаулар айтып, терiс айналады. Бiр күнi журфактың жатақханасының жанында марқұм ақын Қайрат Әлiмбеков кездесiп қалды. Аман-саулықтан кейiн бiрден ұсынысқа көштi. – Ертең таңертең «Арай» журналының редакциясына кел. Мен сенiң жақсы бiр жерге жұмысқа орналасуыңа қол ұшын берейiн. Бiрақ ескертейiн, Алматыдан 6-7 сағаттық жердегi аудандық газет редакциясына тiлшi боласың! – дедi аңқылдап. – Жердiң түбi болса да барамын! Жұмысқа қабылдаса болды!-дедiм қуанып. Ертеңгiсiн бұрынғы Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетiнiң ғимаратында уақытша орналасқан «Арай» журналының редакциясында Қайраттың iс бөлмесiнде отырдым. Қайрат бұған дейiн өзi қызмет еткен Талдықорған облысы, Қаратал аудандық газетiнiң редакторына телефон шалып, менi сырттай таныстырып болған соң сәт-сапар тiледi. Қуанышым қойныма сыймай жолға дайындалайын деп орталықтағы темiр жол вокзалына , орталық базарға бара жатқанмын. Әлi есiмде 66-шы нөмiрлi автобустың артқы орындығында бұрынғы кураторым Қоянбек Ахметов ағамыз отыр екен. Ойымда ештеңе жоқ, сәлемдесiп, жөнiмдi айта бастағаным сол едi, куратор бетiме бажырайып қарады да терiс бұрылып кеттi. Сөйтiп, мен бiр «аса қауiптi» адамға айналып шыға келдiм… Тезiрек Талдықорған облысына кетуге асықтым. 1987 жылғы 21 наурыз күнi таңғы сағат 5-те өмiрiмде болмаған Үштөбе қаласы, Шевченко көшесi, 12-шi үйдiң қақпасын қағып тұрдым. Бұл үй – Қайрат бұрын тұрған орыстың пәтерi екен. Ұлты орыс отағасы көктемнiң қара суығын елеместен тайыншадай қасқыр итiн байлап, менi iшке енгiздi. Сол үйде пәтер жалдап тұратын Ұлан есiмдi әрiптесiм менi газет редакторына алып барды. Қаратал аудандық «Путь к коммунизму» – «Коммунизм жолы» газетiнiң редакторы белгiлi журналист Мәкен Өсербаева апамыз нағыз ұлтжанды адам екен! Менiң өтiнiшiме сол сағатта-ақ қол қойып, бiрден тiлшi қызметiне қабылдады. Сол күнi газеттiң кезектi нөмiрiне кезекшi болғаным есiмде қалыпты. Қасиеттi Қаратал жерi, аудандық газеттiң сүттей ұйыған ұжымы, әсiресе Ұлан Оспанбаев, Әмiре Әрiнов, Қараша Қараманов, Мәкен Өсербаева сынды азаматтар маған күш-жiгер бердi. Сүрiнген жерiмнен қайта тұруым үшiн қолтығымнан демедi. Күнi бүгiнге дейiн елге бара жатқан сапарда Үштөбеге аялдамай өтпеймiн… 1987 жылғы шiлде айында ҚазМУ-дiң ректорының атына оқуға қайта қабылдауын сұрап арыз жаздым.Журналистика факультетiнiң деканы В.Козьменко бұрыштама қоюдан бiрден бас тартты. Деканның орынбасары, белгiлi ғалым Ыдырысов Әбiлфайыз ағайға барып, жағдайдың бәрiн баяндап бердiм де, қайтадан оқуымды жалғастырғым келетiнiмдi айттым. Әбiлфайыз ағай көзсiз ерлiк жасады. Бәйгеге басын тiгiп, менiң арызыма деканның орнына «қарсы емеспiн» деп бұрыштама жазып, астына қол қойып жiбердi. Бағым қайта жанды. Көп ұзамай ректордың бұйрығымен оқуға қабылдандым. Деканның орынбасары Намазалы Омашев ағайдың басшылығымен Қостанай жерiнде дәстүрлi ауыл шаруашылығы жұмысында болып, бiр-екi апта бұрын сұранып, елге – әке-шешеме жол тарттым. Оларға кезiнде «сырттай оқу бөлiмiне ауысып, жұмыс iстеп жүрмiн» деп өтiрiк айтуға тура келген-дi. Бар шындықты өз аузымнан естiген әке-шешем ағыл-тегiл жылап алды. Бiр күнi Алматыдан бiрге оқитын жiгiттерден «Деканат шақырып жатыр» деген жеделхат келдi. Құстай ұшып Алматыға, декан Козьменкоға да жеттiм-ау! Декан менi ақпанның апшыны қуырар аязындай өте суық қарсы алды. – Сен Брежнев алаңындағы жаппай тәртiпсiздiкке белсене қатысқан ұлтшылсың! Сен оқуға қайтадан заңсыз қабылданып отырсың! – Сонда не iстеуiм керек? Не үшiн шақырдыңыз? – дедiм ширығып. – Сен 24 айдан кейiн ғана оқуға қабылдануың керек едi. Өз еркiңмен қайтадан оқудан шығару туралы өтiнiп арыз жаз! – дедi декан көзi шатынап. Бұдан өткен қорлау бола ма?! Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды өзiм де бiлмеймiн. Деканның столын жұдырығыммен тарс еткiздiм де: – Қайтадан өз еркiммен оқудан шығатындай мен ақымақ емеспiн! Қоқан-лоққыңызды қоймасаңыз Мәскеуге – ЦК-ға, «Правда» газетiне жазамын! – деп бар даусыммен айқай салдым. Қатты ашуланғанымнан тiксiнiп қалса керек, деканның жүнi жығылып қалды. – Барып оқуыңды жалғастыра бер. Кезiнде көрермiз… – дедi күмiлжiп. Козьменко «уәдесiнде» тұрды. Тиiстi стипендия мен жатақханадан бөлiнетiн орыннан қағып тастады. Сондай қиын-қыстау кездерде достарым Абай Иманбаев, Қаламан Жақыпов, Аслан Ғұбашев, т.б. жiгiттер жан-жақтан қол ұшын бердi.Мен олардың жақсылықтарын ешқашанда ұмытпаймын… …1993 жылы Жоғарғы Кеңестiң үнi «Халық Кеңесi» газетiнде қызмет iстеп жүргенмiн. Әдеттегiдей 15 автобуспен орталық алаңнан өтiп бара жатып менi тергеген ҰҚК қызметкерi Ануар Мурсалимовпен кездесiп қалдым. Ол менi көрмегенсiдi. – 1986 жылы жазбай танушы едiңiз, ұмытып қалдыңыз ба? – дедiм. Ол күмiлжiп, келесi аялдамадан түсiп қалды. Арада 3-4 ай өткенде екеумiз тағы да кездесiп қалдық. Бұл жолы ол: «1986 жылы желтоқсанда қазақ жастарына жазықсыз жала жабылды. Жастарға обал болды. Ол кезде саясат басқа едi ғой. Елiмiздiң болашағы жастардың қолында – деп ағынан жарылды. Менi ресми ұйым өкiлi көзқарасының өзгергенi таңқалдырды. 1986 жылғы желтоқсанда жабылған жалаға байланысты 20 жылдан соң бiрiншi рет шындықты жазуға шешiм қабылдадым. Шындықты ашып айту – балаларымыздың алдындағы, жас ұрпақтың алдындағы парызымыз екенiн естен шығармаған абзал. Жиырма жыл бұрын желтоқсанда шыңдалған жiгерiмiз ешқашанда жасымасын!
Жаңабек ТОЙБАЗАРОВ