Жаңалықтар

МОЛДАНЫ ЭКСТРЕМИСПЕН ШАТАСТЫРМАЙЫҚ

ашық дереккөзі

МОЛДАНЫ ЭКСТРЕМИСПЕН ШАТАСТЫРМАЙЫҚ

Көкшетау қаласында Ақмола облысының ауыл, кент, аудан, қала имамдары мен молдаларының бір күндік семинары болып өтті. Оның күнтәртібіндегі мәселелер бойынша ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі Рахматолла Байменов, аудандардың Бас имамдары сөз алып, өздерін ойландырып, толғандырған мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Облыста 86 мешіт, 50 намазхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда мемлекет басшысының жарлығымен бұған дейін тіркелмеген, мүліктерді заңдастыру іс-шаралары жүргізіп жатыр. Бірқатар мешіттер кезінде тұрғын үй және басқа да нысандар ғимараты болғандықтан, оны мешіт ретінде қайта тіркеуден өткізу талабы қойылып отыр. Осыған орай Зеренді ауданында арнайы жиын өтіп, оған ауыл әкімдері мен имамдары да қатысқан. Аудан әкімдігі мешіттерді заңдастыруды оң шешуге тиісінше ықпал етіп, қолдау көрсеткен. Мешіттің сыртқы көрінісіне іші де сай болғаны жөн. Мешіттер имандылық ордалары ретінде өз атына затының сай болуы тиіс. Әрқайсында жұма намазында хұтпалар оқылып, діни атаулы күндерде, атап айтқанда Бәраәт, Миғраж, Ашура тағылымы жайлы уағыздар айтылып, Қадір кештерінде құптаннан таңға дейін нәпіл намаздар оқылып, үгіт-насихат жалғасады. Бірқатар ірі мешіттерде емшілер жайында және ақырзаман белгілері турасында бейне көріністер көрсетіліп, сұрақ-жауап арқылы әңгіме өрбіп, тақырып ашыла түседі. Жергілікті халықтың ерекшелігіне қарай үгіт-насихаттар орыс тілінде де жүруде. Мүмкіндігі бар ірі мешіттерде Қадір кешінде залдарға теледидар қойылып, спутник арқылы сонау Меккедегі Әл-Харам мешітінен тікелей репортаждар көрсетілді. Сол түнге келген жастарды, әсіресе, студенттер мен жоғары сынып оқушыларын ауызашарға шақырып, сонда насихат жалғасқан. Одан әрі діни-танымын кеңейтуі үшін сауат ашу курстарына өздері-ақ келе бастаған. Осы тәсілді қолданса, басқа да аудандық мешіттерде үгіт-насихатты жандандыруға толық мүмкіндік бар. Бүгінгі үгіт-насихат ел мүддесінен туындаған міндеттерден бастап, шариғат заңдары мен пәтуа-шешімдерін халыққа жеткізуге дейінгі кең ауқымды қамтуға тиіс. Бұл орайда діндарларға білімі мен біліктілігін арттыруда зор жауапкершілік жүктелетіні айтпасақ та түсінікті.

Дінбасының тікелей бастамасымен ашылып, жұмыс істеп жатқан Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтынан облыстағы аудан имамдары түгелге дерлік оқып, дәріс алып шықты. Ендігі кезек, ауыл молдаларына да жетті. Осыған қатысты облыстық мешіт жанынан курс ашылып, молдаларға тоқсан сайын дәріс берілуде. Олар әр тоқсанда бір аптадан дәріс алады. Соңғы уақыттары мұндай курстар облыстың әр аймағынан да ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін бірнеше ауданда бұл іс-шара нәтижелі өтті. Соның бірі Сандықтау ауданында ұйымдастырылған оқу-әдістемелік курс атап өтуге лайық. Ауданның Бас имамы Кенесары қажы жергілікті басшылармен ортақ тіл табысып, оқуға келушілерге ас-су, жататын орын және тағы басқа да тұрмыстық мәселелерін шешуге тырысқаны аса құптарлық.

Былтыр Рамазан айында Көкшетау қаласынан ауыл молдаларының білімін толықтыру мақсатымен “Әл-Хайр” діни білім жетілдіру орталығы ашылған еді. Бұған Қазақстан қажылары қауымдастығының облыстық филиалы қол ұшын беріп, тегін тамағын, жатын орнын қамтамасыз етті. Содан бері әрқайсысы 15 күннен 4 топ дәріс алды. Әр курста 10 молдадан білім алды. Бұған тіпті көршілес Солтүстік Қазақстан облысының жақын елді мекендерінен бірқатар молдалар келіп, білімін жетілдірді. Оларға облыстық орталық мешіттің белді де тәжірибелі қызметкерлері хадис, намаз сабағы, араб әліппесі, шариғат және үгіт-насихат тәсілдері пәндері бойынша дәріс берілді. Сабақ арасында көрнекі құрал ретінде діни-танымдық деректі және көркем фильмдер көрсетілді. Ара-арасында қаланың көрікті жерлерін аралатып, мұражайлармен таныстырылды. Осы курстан оқуға ауыл молдаларынан тілек көптеп түсуде. Осы жағдайды ескерген “Әл-Хайр” орталығы бұрынғыдан да кең әрі ыңғайлы ғимаратқа көшірілді. Дін қызметкерлерінің жоғары сұранысына ие болған бұл орталықта қазіргі күні ауыл молдаларының кезекті тобы 15 күндік дәріс алу үстінде. Дәріс осы жылдың соңына дейін жалғасады. Одан тағы да ауыл молдаларының 3 тобы білімін жетілдіріп шығады деп күтілуде. Ал, келесі жылы осы орталықты Құран жаттау үйірмесіне айналдырып, онда болашақ қари-хафиздер дайындау көзделуде.

Облыста білікті де, тәжірибелі дін кадрлары әлі де болса жетіспейді. Әсіресе, ауыл мешіттеріне. Олардың көпшілігінің оқыған, тоқығаны аз. Сондықтан бұл жағдай дінімізге кереғар секталардың, заңсыз әрекет ететін ниет-пиғылы жат топ миссионерлерінің ауыл-ауылды аралап, өз үгіт-насихатын жүргізуіне жол ашады. Бір атап өтерлік сүйінішті жәйт – облыс аумағында жат секталар мен ағымдар жоқтың қасы, некен-саяқ.

Үгіт-насихатты мешіттен тыс орындарда жүргізудің де тиімділігі мол екенін бүгінгі өмір тәжірибесі көрсетуде. Облыстық орталық мешіттің қызметкерлері қаладағы түзеу мекемелерінде жиі болып, дінімізге қатысты сұрақ-жауап кездесулерін өткізіп жүр. Абақтыда “Хизб-ут-Тахрир” ұйымының белсендісі жеке камерада отыр. Оны көпшілікке араластыруға болмайды. Өйткені, ол діни сауаты шамалы жазасын өтеп отырғандардың санасын улап, өз қатарына тартуы әбден мүмкін. Дін қызметкерлері абақтыда отырған осы ұйымның белсендісімен жүздесіп, оны ислами нақты дәлелдермен өз райынан қайтару мақсатында пікір алысты. Осы абақтыда “Ислам – бейбітшілік пен ынтымақ діні” тақырыбында ашық пікір алысу өтті. Оған абақтының қызметкерлері де қатысты. Онда “Хизб-ут-Тахрир” ұйымының исламға еш қатысы жоқ екені, ол саяси ұйымның көздеген мақсаты – еліміздің конституциялық құрылымын өзгертіп, халифат құру екендігі ашып көрсетілді.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасында да құқық қорғау, заң орындары қызметкерлерінің қатысуымен экстремизм мен лаңкестік тақырыбына семинар-кеңес ұйымдастырылды. Бүгінгі күні дін жаулары исламға неше түрлі “измдерді” таңып, оны құбыжық етіп көрсетуге барынша тырысып жатқан кезде, мұндай пікір алысуларды жиі-жиі өткізіп, халықты неғұрлым хабардар ете түсудің мән-маңызы айрықша. Шындығында да экстремизм мен лаңкестік – барша адамзаттың қас жауы, айықпас дерт. Сондықтан да онымен ымырасыз күрес жүргізіп, шығу себептері мен көздеген мақсатын ашып көрсету – одан дінімізді қорғаудың оңтайлы тәсілі. Осы бағытта дін қызметкерлеріне үлкен міндет, зор жауапкершілік жүктеледі. Діндарлардың уағыз-насихатының нәтижесінде Көкше жерінде қылаң берген “Хизб-ут-Тахрир” ұйымының жолы кесіліп, оның осындағы өкілдері заңға қайшы іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылды.

Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің бірнеше жыл қатарынан Рамазан айы қарсаңында отандастарымызды арақ-шараптан арылуға шақырған Үндеулеріне байла-нысты да үгіт-насихат жұмыстары одан әрі жалғасуда. Облыстық наркодиспансерде арақ пен есірткіге салынғандармен кездесулер өткен. Зеренді ауданына қарасты Раздольное ауылында ашылған “Есірткіге тәуелділерді оқшаулау” мекемесінде де бірнеше кездесу ұйымдастырылған. Бұл тақырыпқа арнайы танымдық деректі фильм де түсірілген.

Еліміздің бірқатар мешіттерінде ішінара болса да намазды әрқалай оқитын жамағаттың ұшырасатыны шындық. Бұл орайда мешіт әдебін сақтап, жамағат арасындағы өзара түсіністікті қалыптастырудың мәні зор. Осыған қатысты көкшелік имамдар намазды әрқалай оқитын жамағаттардың басын қосып, пікірталас өткізді. Соның нәтижесінде намаз үстінде “әмин” деп дауыстап айтудың ағаттығы, сондай-ақ, әр қимыл сайын қол көтерудің де жөнсіздігі тоқтатылды. Осы кем-кетіктер қалпына келтіріліп, жамағат бұған түсіністікпен қарауда.

Егер мұсылмандар арасында түсіністік орнаса, онда Ислам діні басқа діндегі тілі басқа болса да тілегі бір отандастарымызды татулық пен ынтымаққа үндемек. Сондықтан біз үшін ең бастысы ұлттар мен ұлыстар арасында өзара ынтымақтың жарасым табуы. Мұны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та, ел мүддесі де барынша талап етуде. Дін – адамдарды тек ізгілік пен мейірімділікке үндеп, өзара бауырмалдық пен түсіністікке қызмет етіп жатса, нұр үстіне нұр. Ізгі ниетті адамзаттың да тілегі осы.

Әйтсе де, діни сауаттың кемшіндігінен жоғары және арнаулы оқу орындары еліміздегі ресми тіркелген тек өз мәзхабымызды ғана ұстанатын мешіт өкілдерін маңына жолатпайды. Сәлделі молданы көрсе, әлденеден секемденіп, одан бойын аулақ ұстауға тырысады. Мұның сыры біздің көзі ашық, көкірегі ояу деген ұстаздарымыздың әлі де болса, дәстүрлі дініміздің рөлі мен бағыт-бағдарын, мақсаты мен ұстанған жолын білмейтінін көрсетеді. Содан барып, экстремист кім, дәстүрлі дін өкілі кім екенін ажырата алмай, исламды ұстанатын барша діндардан қашқақтайды. Бұл үшін оларға да кінә тағуға болмас. Себебі, мешіт атын жамылып жүрген кездейсоқ жандардың да арамызда жүргені рас. Осыған орай өкіл имам Рахматолла қажы Байменовтың:

– Бұл мәселені шешудің бір жолы – ол білім ордаларына барып, үгіт-насихат жүргізу үшін Білім, ғылым министрлігі арнайы рұқсат берсе. Оның өзінде де Діни басқарма мен Әділет министрлігіне тіркелген жергілікті мешіттердің Бас мүфти бұйрығымен тағайындалған имамдары мен оқу орындары арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылса, сол білім ордаларына дінге қатысы жоқ немесе жат пиғылды өзге ағым өкілдерінің баруына жол берілмес еді,– деген ұсынысы расында да үлкен ой салады.

Семинарда мұнан өзге де діннің қамынан туындаған бірқатар ұсыныстарды ретімен келтірейік:

– Жұмадағы екі хұтпа арасындағы уағыздың қазақша мәтінін Діни басқарма дайындап берсе;

– Мәуліт, Қадір кеші сияқты мешітке адамдар көп жиналып өткізілетін жиындарға да ортақ, бірізді бағдарламалар жасалып, бекітілсе. Өйткені, бұл діни мерекелерді әркім өзінше тойлап, өткізеді. Ол Ханафи мәзхабына негізделіп жасалса;

– Мешіттерге мұсылман әйелдер тарапынан төлқұжат пен куәлік үшін суретке хижаппен түссек деген өтініштер түсуде. Бұл зайырлы елдің тек Әділет министрлігі арқылы Парламент аясында шешілетін мәселе. Діни басқарма осы әйелдердің хижаппен төлқұжаттарға суретке түсу мәселесін үкімет деңгейінде көтерсе. Мұсылман әйелдердің өзінің конституциялық құқы мен сенім бостандығы аяқасты етілмесе;

– Мешіт мұқтаж жандарға қайырымдылық жасағанмен өз қызметкерлерін әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау мен қорғауға мүмкіндігі жоқ. Осының салдарынан көптеген имамдарымыз үйсіз-күйсіз жүргені жасырын емес. Сондықтан, Діни басқарма бұл мәселенің де үкімет деңгейінде шешілуіне ықпал жасаса;

– Діни басқарма жанынан арнайы баспа орнын ашатын уақыт жетті. Қазірге дейін “Қазақстан қажылары” кітабының 4 томы жарық көрді. Енді, “Қазақстан имамдары” анықтамалық кітабы шығарылса;

– Дінбасымыз бен имамдардың жұма хұтпалары үн және бейнетаспа түрінде көптеп шығарылса;

– “Ислам және өркениет” газетінің таралымы өсу үстінде. Халықтың оған деген сұранысы жоғары. Енді мұсылмандардың төл басылымында уағыздық материалдар көбірек жарияланса;

– “Иман” журналы оқырман ойынан шығады. Материалдары жан-жақты да сапалы. Өтінішіміз, оған жазылу бағасы мүмкіндігінше арзандатылса.

Білдірілген ой-пікір мен сауалдарға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының белді қызметкерлері Ә.Дәуренбеков, О.Өмірбек, Қ.Маханбет, Қ.Заңқоев және Ақмола облыстық ішкі саясат департаментінің директоры К.Аханқызы тиісінше жауап берді. Діндарлар бұл келелі басқосудан пайдалы көп ой түйгені хақ.

Оңғар қажы Өмірбек