Жаңалықтар

КІРЕУКЕ

ашық дереккөзі

КІРЕУКЕ

Небір аптап жазда да баурайы белуарына дейін ағараңдап жататын қос шоқылы тау етегіндегі бір өзі электрші және оған қоса жалғыз аспазшы болып жүрген Құрметтен жұрт аяқасты көз жазды. Оның ауылдағы той-томалақта, өлім-жітімде, құдайы ниетте ас дайындайтын өнерін ағайыны Кендебай жалғастырды. Қызметімен бір ауданды қамтып, өзі тікелей облысқа бағынатын әйгілі автобазада көп жылдан жүргізуші еді. Сол мекеме тарап, тосыннан тауқымет тартқызған жұмыссыз күндерде бос жүргенше деп, елдің қуанышы мен мұңында көпшілікке тамақ әзірлеуге әуелбаста ләжсізден, кіріптарлықтан көшті. Бірте-бірте жаңа шаруаға да қол үйреніп, дағдыланды. Сыртекі көзге қақ-соқпен шаруасы жоқ, ылдым-жылдымнан ада, мінезі томаға тұйық, бірқалыпты сартап мінезді жігіттің бұрын-соңды өзі түгілі атасы істемеген аспазшылық кәсіпке ешкім күтпеген жерден ден қойғанына, онысын тағы ұзаққа созбай үйіріп әкеткеніне ауылдастары да таң қалды.

Бүгінде қазақ қай жиынын да палаусыз өткізбейді. Өзбектің төл асын өзінің көпшілікке ұсынар таңсық тағам әзірлеген мәзіріне әбден енгізіп алды. Ал, Кендебайдың қолға алған шаруасына барын салып, қатты жінігіп, бабына келтіріп басқан палауын жұрт шырын асқа балап, бірден-бірге айтып, жеріне жеткізіп, майын тамызып әбден мақтайтыны рас. «Ой, Кендебайдың бабылап басқан палауы шәрбат» дейді. «Уылжып піскен дәмі таңдайыңнан көпке дейін кетпейді» деседі тағамының тәттілігіне тәнтілігін бүкпесіз білдіріп. Палауын тамсана жеп отырып: «Осы дәмді қалай пісірудің құпия сырын ешкімге айтпайды, өзі ғана біледі. Бұрынғы білгеніне қосымша Тәшкен түбінде тұратын ағайындарына арнайы барып, сол жақта жатып жүріп, үйреніп қайтыпты», – деп атағын барынша дабырайта түседі…

Ел іші болған соң, той-томалақ, құдайы тамақ берушілер жиі болып тұрады. Кейде күн құрғатпайтынын қайтерсің. Тапсырыс берушілердің тіпті бір-біріне қыр көрсетіп, өздерінің жағдайы тым зәрулігін айтып, мұны бұрын иемденуге таласып жағаласатын сәттері де болады. Бірақ, аспазшы біреудің байлығына, көкірегіне мысын бастырған емес. Қайсысы алдын-ала келіп, ертерек ескертіп кетсе, мәмілесін бұзбай, алдымен соның тірлігін тындырудан танған кезі әлі кездескен жоқ.

* * *

Ауылда сыйлы, қадірлі болған қарияның жылына ас беріліп жатты. Осы бақилық ақсақалдың облыс орталығында тұратын дөңгеленген кәсібі бар бақуатты құдасы «ниет қабыл болсынға» келіп еді. Даңғарадай үлкен төргі әңкиген бөлмесінде төрт қабырғаны жағалай кәрісі-жасы аралас отырған меймандардың әрқайсысына бөлек-бөлек табақ тартылып, буы бұрқырап, иісі танау жыбырлатып, тәбетті сұмдық ашқан палау әкелінді. Жамиғатты дүниеден баз кешкен кісісін еске алу дәміне жинаған отбасының облыс бас шаһарынан келген белді, белгілі құдасы алдындағы сап-сары болып басылған палаудан бір-екі қасық аузына салған соң:

– Мына палаудың тіл үйірген дәмдісін-ай! Күріші уылжып пісіпті. Кім дайындаған өзі? – деп сүйсінді.

– Е-е, бұл Кендебай пісірген палау, – деді кең дастарханның етегін ала отырып қызмет жасап, шай құйып отырған жігіт.

– Мүмкіндік болса, астан кейін сол палаушыңмен мені жолықтыршы. Шымкенте алты жүз кісілік мейрамханам бар еді. Соған палауды нәшіне келтіріп жасайтын мықты бір аспаз керек болып жүр. Шақырып көрейін, сөйлесейін.

– Мақұл, құда. Шақасын жақсы төлесеңіз, барып қалар. Мұндай палаушы бұл өңірде жоқ әзірге. Сорпаны да қатырып істейді, – деді әлгі жігіт ауылдасын өткізіп жібермекке әңгімесін жеріне жеткізе тұздықтап.

Марқұмның жылына шақырылған ас тарқап, жұрт аяғы саябырсыған сәтте шаһардан келген тығыншықтай, малына киініп, ыздиған маңғаз қонақ манағы өзі сұрастырған аспазға ошақ басына барып ұшырасты. Үстіндегі костюм-шалбары, бәтеңкесі көнетоз көрінді. Алдына белуардан жылтыр алжапқыш байлап, оның жоғарысынан қызыл шаршыны белбау қылып, шарт буынып, алабажақ көйлегінің жеңін білегіне дейін дөңгелетіп қайырғаны көптенгі кәнігі аспазшы екенін байқатып тұр. Бойы сырықтай жіңішке, әптін әжім іздері тереңнен түрен салып, аяусыз айғыздаған, шашы селдір, ерте егдергенін әлпеті әйгілеген орта жастағы жігіт ағасының өн-бойын сықсыр көзімен ішіп-жеп тінткілеп, аз-кем тесірейе барлап тұрды да:

– Е, көкесі, табысың қандай? – деп амандық, саулық жоқ, танысып-біліспестен төтесінен дүңк еткізді.

– Бұйырғаны болады дә, – деді иығына ілген шашығын сыпырып алып, оған айқыш-ұйқыш тілімдене жарылған күс-күс майсіңді алақаны мен тарамыс саусақтарын асықпай сүйкей сүрткілеп болған соң, ошақтың алдынан теткіп, шалқақтап тұрған кірпияз қонаққа қолын ұсынды.

– Маған қалаға жұмысқа келсей, осы кәсібіңді істейсің онда да. Ақыңды жақсы төлеймін, – деді қалалық манап шіреніп.

– Ауылдан ұзай алмаспын-ау, отағасы. Үй-жай, бала-шағаны тастап қайда барамын. Шақырғаныңызға рахмет, – деді өзінен жасқа ізеттілігін танытып.

– Ой сен де… Саған елден без деп тұрған кім бар. Шетке шығып, тірлік жасап, көп қаржы тауып әкелмейсің бе қайта. Қазақты өстіп жөн сілтеп, тұрмысын түзеуге тартсаң, кежегесі кейін кетіп тұратыны несі осы.– Қайдағы бір ауылбайдан меселі қайтқанына әжептәуір қытымырланды. Қолындағы енді тұтатылған темекесін өші кеткендей сорғанда екі жағы қусырылды. Аузынан көк түтінді бұрқақтатып шығарып, жартылай шегілген шылым тұқылын ошаққа шертіп жіберді де, бұрылып жөніне кетті.

Аспазшы Кендебай жаңағы менменсіп, өзінше кепиеттенген байшыкеш мейманның текірек қағып кісімсіген кежіртпе сөзіне ләм демеді, кесірлі мінезін қаперіне алмады. Түк болмағандай өзінің кідірістеп қалған ісін жалғастыра берді. Темір ошақтың шоғын қаузап, үстіне бірер жаңқа тастады. Қазандағы ортайып қалған палаудың бетіне қабаттап жабылған үлдіріктің шетін ыстық буын бұрқ еткізіп көтеріп көрді де, қолқабыс жасап жанында жүрген осы үйдің жақын ағайын жігіттеріне:

– Құдайы асқа келімді-кетімді кісілердің аяғы басылды-ау деймін. Үйге кіріп, қожайынның әйелінен біліп келіңдерші біреуің, қалған палауды көрші-қолаңға тарата беруге болар, – деп қазан-ошақ басын жиыстыра бастады.

Кешке ауыл етегінде тұратын жамағайынның қыз ұзату тойы. Соның екі уақ беретін тамағын әзірлеу тиіс. Соған асықты…

Шақырушылар осылай таусылмайды. Арғы күні де. Одан кейін де. Үзілмейді. Өмір болған соң той да, ниет те жалғаса береді. Ал бұл пақырың бала-шағаға нәпақа деп, одан қалса сауап деп, бәріне де ешкімнің көңілін жықпай барады.

Арысы аудан орталығынан, берісі көрші алыс-жақын ауылдардан ат арылтып,жұрт өзіне күні түсіп, келіп сұранып тұрса… неге бәлсінуі керек, неге өтінішін бекерге қайтаруы қажет. Күні бұрын, алдын-ала да, қылкеңірдектен тақаған қысылтаяңда да Кендебайға сабылып, қызметіне қолқа салып, керексініп жатса, ісі көпшіліктің көңілінен шығып жүргені де. Қолынан іс келіп тұрғанда несіне аянып кергиді, неден тартынбақ? Бұдан не зиян шекпек? Алдымен өзіне несібе. Одан соң жамағаттың әжетіне жарап жатса, ол да бір ғанибет емес пе. «Көптің таза тілегіне, ақ ниетіне қызмет жасау – сауап тірлік» деп айтудан жалықпайды емес пе, әр жиын сайын ақсақал-қарасақалдар.

Осы өңірде ірілі-ұсақты қаншама ауыл бар. Бәрінде де өткен жиынның көбісіндегі тамақты Кендебай әзірлеген болар-ау. Онда да оның дер кезінде бәтуасын алып үлгеріп, қолы жеткендер. Оған шақырушылар кім болса да бәрібір. Адамын таңдамайды. Қызмет құнын да алдын-ала пәлен болады деп, саудаға да салмайды. Жұрттың меселін қайтармайтын ақ көңіл бір жан. Күбілжітпей «Мақұл, барамын» өзге артық-ауыс сөзі жоқ. Мінсіз жұмысының өтеміне бергенінің бетіне де қарамайды. «Пәк пенде пәлесіз» дейтінге дәл келеді.

Көрші ауылдың сылаңдаған сәйгүліктерді топтап ұстап, додаға баптап қосатын аймаққа атақты шабандоз әрі басқа мыңғырған малы көп манабы әкесінің сексен жасқа толғанына көкпар бермекші еді, өткен аптада сол азамат күні бұрын әдейі соғып, Кендебайға екі күндік тойдың ас-ауқатын дайындауға келісіп кеткен-ді. Бүгін кешке соның қонақасы. Асығыс қамданып, тағы да жолға жиналды. Уағдалы уақытынан кешігіп қалмауға әдеттенгені сол.

Даңғарадай үйе жапсарлас қоржын тамның сыртындағы бау ішінде үйме-жүйме төрт темір ошақ пен тай қазандар тұр. Тойға деп сойылған малдың да етін жайғап, әзірлеп қойыпты. Тез далбағайын шешіп, онысын шарбақтың сорайған қадасының басына салбыратып іле салды да, екі жігітті шақырып әкеліп, қазан-ошақты да қатарластырып жайғастырды. Оған шырпының бір талын тұтатып тастап жібергенде, ащы қара қошқыл түтін лоқ-лоқ құсып, бетін шарпыды, көзін ашытты. Бұрқ-бұрқ лекіген көк құйын артынан құп-құрғақ ағаш шартылдап жанып, лаулай жөнелді. Кендебай бетін қауып түскен ысқа күрк-күрк жөтеліп, тілі сумаңдаған жалынды алақанының сыртымен жасқап, орнына тұрды да, ошақтан ығысыңқырап ошарылып тұрған жігіттерге:

– Мен су ысыған соң қазандарды жуып алайын. Сендер дайындалатын астың заттарын әкеле беріңдер. Алдымен сорпасы кешкі жетіге, сосын палауы бір сағат кейін әзір болады, – деп ыңғайланған ісіне жеңін түрініп, білегін сыбанып кірісті.

* * *

Көрші ауылдың мүйізі қарағайдай байының тойына екі күн қызмет етіп, маңдай тер ақысына енесін емуден әлі ажырап үлгермеген шүйкедей көкбақа лақты алып, оны ердің алдына өңгеріп, атына мінді. Атының басын ауылдан шыға алдыңғы күні келген ұшы-қиырсыз адырға салды. Қу медиен айдала. Үстіндегі иесі тізесімен қаққылағанда пысқырынып қойып, басын изеңдетіп, ілби басқан шабан шабдарының да ырқ-ырқ еткен митың аяңы дым өнбей келеді. Тақымын тебінсе де атынан баяу жүрісінен танбағанына өзінің сілікпесі шығып шаршағанын сонда барып сезді.

Дамыл таппай, табанынан тозып жүріп, екі күн бойғы істеген тынымсыз сүркіл бейнеттен болдырыңқырап қалған Кендебай жолға үйреншікті көнбіс атының үзеңгісін бос тастап, ырқына жіберіп, алдына өңгерген лақтың үстіне білектерін салып, басы салбырап, ұйқылы-ояу келе жатты. Бір мезетте шабдар жалғыз аяқ сүрлеу жолдың ойығына ма, кесегіне ме тұяғы сүрініп кетіп, омақаса құлай жаздағанда, үстіндегі лағы ат жалынан асып ұшып түсті

– Әй, жазған, сорлы-ай, көзіңе қарамайсың ба? – деп бей-жай шырқын бұзған қашанғы жуас серігін сөгіп, кейіп алды да, атынан түсіп, әудемге домалап кеткен құртақандай көкежасық лақты әкеліп, қайта ер алдына жайғастырды. – Ал, жануарым, жылжы, күн батпай үйге жетіп жығылайық. Абайла, енді, – деп тақымын қағынды.

Атының жаңағы оқыстан шатқаяқтап, әжептәуірім әбігерге салып, машақатқа түсіргені түрткі болды ма, әлде есіне әлдене түсіп кетті ме, қараптан-қарап қайдағы бір алакүлік ойға шомды. «Үйден безіп, ауыл кезіп. Біреу айтса «мақұл» деп, қаңбақтай селтеңдеп, ойға-қырға селкілдеп, делектеп шаба беремін. Далбаңдағанымды доғарайыншы осы. Түбі ұшпаққа шықпаспын, сірә. Әуелде осы бір болымсыз тірлікті қуып нем бар еді десейші.Бұл шаруа тіптен маған құлақкесті телінген емес шығар»,– деп тұнжыр мұңға қамырықты.

Ойлы-қырлы иен адыр. Тықыр дала. Баяғыдан қалған сүрлеудің сорабымен шабдары бірқалыпты ырғалып келеді. Бойы шылқа терледі. Танауынан бу бұрқырайды.

Күздің қызусыз сарғыш күні көкжиекке шетін іліндіргенде ауылының сұлбасы кілгірлеп көрінді. Асыққан ауылы көзге шалынғанда от пен түтін қақтаған әжімді әлпетіне қан жүгіріп, нұры солғын жанарында шоқ жылтырады.

Ауыл етегін орап өтетін өзеннің өзегін ғана жылтыратып, балдыр кілкіп, шылжырап аққан суын ат тұяқтары шалш-шалш кешіп, тастақты жағалауымен тірсектері дірдек қағып, кібіртіктеп өтіп бара жатқанда шерменде көңіл тағы қамықты. «Бұрын шіліңгір шілденің өзінде кең арнасы жайыла толып, төменнен еңіске, дарияға қарай бас бермей қашып еңкілдеп жосылатын еді-ау. Буырқанған екпінімен дөңкиген тастарға соғылысып, суы аспанға шапшып, сапырынып, айналаны шуылдатып жататын-ды».

Тастақты жерден бұл кезде әбден бусанған атының тірсектері дірілдеп, шоқырақтап өткенше Кендебайдың ұнжырғасы түсіп-ақ кетті.

Қызыл күн көкжиекке батып, төңіректі көлеңке толық кіреукелеген сәтте үй қақпасына атының тұмсығы тірелді. Аулада мал жайғап жүрген қызы ашқан дарбазадан өтіп, қора алдына тоқтаған атының үстінен алдымен лақты жерге бақ еткізіп тастай салды да, артынан өзі де икемделіп түсуге жол соғып діңкеленген денесі ырық бермей, аударылып жерге сылқ ете қалды. Орнынан белін ұстап түрегеліп, үсті-басын қағынып тұрғанда қасына кенже қызы келіп:

– Не болып қалды, көке? – деді.

– Жай, әншейін. Аттың тартпасы босап кетіпті.

– Көке, ертең Зәуірдің үйі құдайы береді екен, соның тамағын дайындап берсін деп бүгін екі рет келіп кетті.

– Мәйлі. Барам ғой.

Қатты қалжыраған соншалық, көңіл қошы болмай дел-сал халде өз үйі өлең төсегіне жетіп құлап, сеспей қатып ұйықтапты.

* * *

Кіші Алатаудың құт қойнауын жайлаған көрші ауданда қарашаның бозқырауында ұрпағы дүйім елге кеңінен жайылып тараған әйгілі ұлы бабаның асы өтетін болды. Қозы көш алапқа сантараптан мыңға тарта бірінен бірі өтер ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Күнілгері басқа тапсырыс алмауы қатты мұқиятталған Кендебай өз ауылынан осы жиынға деп шаңырағы көтерілген бір алты қанат, екіншісі он екі қанат үйлерде күтілетін қонақтардың тамағын әзірлеуге екі күн бұрын жеткізілді. Қызметшілерге арнап, төрт қада қағылып, төбесіне шолтиған шатыр жабылып жөпелдеме тұрғызыла салған, жан-жағына суық жел кеулеген, табаны шылқыған там, аңғал-саңғал лашықтың далдасында қона жатып, тойға дейін отын-су, қазан-ошақ әзірледі.

Дүрмекті той да тарқап, елден апарып киіз үйлерді, жасауларды, асай-мүсейлерді жинастырып, түгендеп, оларды көлікке артып жөнелткенше, ырду-дырду тірліктің ішінде жүреді. Артылған мол дастарханнан шөкімдей ғана сыбаға алып, ауылға жүргелі тұрған жүк тиелген машинаның кабинасында орын болмай. қорабының бір қуысына паналады. Күздің қара суығынан ұзақты жол бұқпантайлап отырды.

Кендебай жолай аудан орталығынан өтер тұста түсіп қалды. Онда тұрмысқа шыққан үш қызы тұрады. Біреуінің қолында тұрып, үлкен кентте шоферлық курста оқып жатқан ұлын оңтайы келіп тұрғанда көре кетейін деген ойы болды.

Перзенттерінің үйіне түгел кіріп шықты. «Ұлы баба тойынан дәм татыңдар» деп, әкелгенінен немерелеріне үлестірді. Баласын жолықтырып, жағдайын білген соң, кешкісіне баяғыдан әңгімесе жарасатын жездесінің үйіне барып қонды.

Ертеңіне өз ауылына ертелетіп жетіп, орталық көшемен келе жатып, жол жиегіндегі дүңгіршектің қасынан өткенде есіне әлдене түсіп, соған бұрылды. Бас әрең сыятын тесігінен үңіліп еді, ішінде жас бала отырғанын көрді.

– Әкең, Әбілмәлік қайда? – деді.

– Үйде.

– Шақырып келе қойшы.

– Мен мына жерді тастап кете алмаймын ғой, көке. Өзіңіз бара берсеңізші.

Тақылдаған баланікі де жөн-ау деп, дүңгіршекке жапсарлас ауласын бөлген темір қақпасын шиқылдата ашты. Ауылдасы баяғыда автобазада бірге істеген, қазір ұсақ саудамен айналысатын, тұрмысы қатарынан көшілгері Әбдімәлік үйіне қапталдас бастырма астында сары «Жигулиінің» капотын ашып тастап, мотор жағына басын сұғып жіберіп, түртінектеп, тұқшыңдап, күйбеңдеп жатыр екен. Бұл ту сыртынан иығына қолын салды. Қатарласы амандық-саулықтан соң:

– Құрдас-ау, сонша ертелетіп, тыныштық па? – деді қолын қарамай шүберекке сүртіп тұрып.

– Е-е, жайшылық. Сенен бір-екі рет насыбай алып едім. Соның ақшасын бере кетейін деп бұрылдым. Қанша теңге еді?

– Ой, сен де… Біраз жиналғаннан кейін-ақ бермедің бе. Отыз-ақ теңге небәрі.

– Өзіне тықаттай болған қарызынан құтылып, көңілін бір бірлеп алып, арқасынан бір үлкен жүк түсіргендей жеңілейіп қалған Кендебай үйіне келді. Аулада шаруасын күйттеп жүрген жұбайымен жағдай сұрастырды да, ішке кірді. Дәлізде сырт киімдерін шешіп, мәсісінің кебісін табалдырық алдына тасталған алаша төсенішке қалдырды. Кіре берістегі киім ілгіштің үстіне өзі кеткеннен кейін келіп жиналып қалған газеттерді алып, бірден төргі бөлмеге өтті.

Шалқасынан жатқан күйі ұзынынан созыла жазылып, серейген аяқтары … Екі жағында салбырап, салақтап қалған қолдарының уыстарында қақ айырылып бөлініп, умаждалып, қыса сығымдалған газет жыртындылары… Әдеттегі шүңейт қабағы сәл көтеріліп, шаралана томпайып, бағжия ашылып қалған көздері тотыққан жүзінен ағарып, анық көрініп жатыр.

* * *

Кендебайды төтеннен қиған қапелімдегі қазасына қалың ел жиналды.Көрші ауылдардан келгендер де көп болды.

Жеңіс БАҺАДҮР