Жаңалықтар

Ықылас Жұмабай: ИНШАЛЛАҺ, ЕНДІ ТІЛ МЕН ДІННЕН АЛЫСТАМАСАҚ ИГІ

ашық дереккөзі

Ықылас Жұмабай: ИНШАЛЛАҺ, ЕНДІ ТІЛ МЕН ДІННЕН АЛЫСТАМАСАҚ ИГІ

Кеңес Одағы тұсында Павлодар өңіріндегі күллі мешіттер қиратылып, мұнаралары бұзылған еді. Атеистік қоғамда дін болмады, яки Құдай үйіне баланатын мешіттерге де бұл қоғамда орын жоқ еді. Өңірде дін-аман сақталған мешіт ғимараттары да өзге мақсаттарға пайдаланылып келген. Десек те, Ұлы Отан соғысы кезінде жау Сталиннің алқымынан алып, Мәскеуге жақындай берген тұста атеистердің көсемі діни ғибадатханаларды ашып, Құдайға жалбарынуды сұраған деген әңгіме ел аузынан оқта-текте естіледі. Кім біледі, соғыста Кеңес әскерінің жеңуіне Аллаға жалбарынған мыңдаған мұсылманның да тілек-дұғасы сеп болған шығар. Әйтеуір, Павлодардағы Мәшһүр-Жүсіп мешітінің бас имамы Ықылас Жұмабай: «Сталиннің 1944 жылы Бижан мешітінің сол кездегі имамына жіберген Алғыс телеграммасы да сақталған» – дейді. Сонда бұл ел аузында сақталған шежіре ме, әлде тарихи дерек пе?!

Тағы бір жәйт. Бүгінде Павлодар қаласында 5 мешіт бой көтерген. Олардың ішінде Мәшһүр-Жүсіп мешітінің орны бөлек. Сәулетті, заман талабына сай еңселі. Дегенмен, мешіттің жанында ақылы автотұрақ пен асхана да бар екен. Біз дін мен менеджменттің, тарих пен ауызекі әңгіменің ара-жігін ажырату мақсатында Мәшһүр-Жүсіп мешітінің бас имамы Ықылас Жұмабайды әңгімеге тартқан едік. «СТАЛИН СОҒЫС КЕЗІНДЕ МЕШІТТЕРДІ АШЫП, ҚҰДАЙҒА ЖАЛБАРЫНУДЫ СҰРАПТЫ» 

– Жалпы, біздің ұстанып отырған жолымыз – имам Ағзам мәзһабы. Егемендік алғанға дейін Павлодар облысында бір-екі ғана мешіт бар-тұғын. Олардың бірі – 1923 жылы салынған Бижан мешіті. «Дін – апиын» деген ұстаным жайылған кезде облыстағы көптеген мешіттер қиратылған еді. Бірақ облыс бойынша дін аман екі-ақ мешіт сақталған. Тағы бірі – 1905 жылы салынған Ақ мешіт. Бірақ олардың да өткен ғасырдың 30-шы жылдары мұнарасы қиратылды, ғимаратына нұқсан келтірілді. Кейіннен Ақ мешіт ғимараты спорт залы, пионерлер үйі ретінде пайдаланылды. Бірақ 1943 жылы Сталиннің барлық жерлердегі мешіттерді ашып, Құдайдан амандықты тілеуді сұраған бұйрығы жеткен. Сол кезде Павлодар облысында Бижан мешіті қайта ашылыпты. Бұл мешіт 1943 жылы ашылып, ел ішінде садақа жинап, соғыс жауынгерлеріне өзіндік қол ұшын созған екен. 1944 жылы Сталиннен Бижан мешітінің сол кездегі имамына алғыс хат жіберілген. Сол хаттың телеграммасы да сақталған. Мешіттің сол кездегі имамы: «Біз де соғыстың жеңіспен аяқталуына өзіндік үлес қосып жатырмыз. Өңірде тағы бір жабылған мешіт бар еді. Соны қайта ашайық» – деп, Ақ мешіттің ашылуын сұрайды. Бірақ әміршіл билік діннің жайылуына мүмкіндік бермейді, тізгінді ұстап отырады, өңірде тек қана Бижан мешітінің ашылып, жұмыс істеуіне мұрсат береді. Бижан мешіті 1989 жылға дейін аман келді. Ағаштан салынған мешіт. Кейін ғимараттың жағдайы нашарлап, құлауға сәл-ақ қалған кезде 1991 жылы оны жергілікті әкімшілік қайта жөндеу жұмыстарынан өткізіп, мешіт ретінде қайта ашты. 1991 жылдан бастап күні бүгінге дейін облыстағы мешіттердің саны 81-ге дейін жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде күрделі жағдай болды ғой, халық бұл істі бірден алып кете алмады. Бірақ заманның қиындығына қарамастан, халық дінге бетбұра бастады. Облыстағы 81 мешіттің барлығы да Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарайды. Бас мүфтияттың келісімімен бекітіліп, жұмыс істеп жатыр.

Бүгінгі таңда қай мешітті алмасаңыз да, имамдардың басым бөлігі – жастар. Қолдарынан келгенше, дінімізді насихаттап келеді. Павлодар қаласында 5 мешіт жұмыс істеп тұр. Негізінен өзге де солтүстік облыстармен салыстырғанда, біздегі діни жағдай жақсырақ сияқты. Кезінде бір мешітке зар боп жүрген едік, қазір өңірде мешіттердің саны көбейіп жатыр. Өңірдегі діни ахуалды айтсақ, біз де әртүрлі рухани шаралар өткізіп, діни насихаттың жандауына атсалысып келеміз. Діни басқарманың бастамасымен «Отанды сүю – иманнан» атты діни-рухани шарасын қатарынан екі жыл бойы өткіздік. Ислам діні әр уақытта да, ең алдымен, Отанды сүюге шақырады. Адал еңбекке баулиды. Сондықтан дін қашанда адамзатқа жақсылық әкеледі. Біздің қазіргі басты мақсатымыз – жастар арасында танымдық шаралар атқару, әртүрлі кездесулер өткізу. Қолдан келгенше, ел арасында насихат жүргізуге тырысып келеміз. «Дін – насихат» – дейді. Адам баласы әр уақытта да насихатты есту керек. Адам баласы діни насихатқа мұқтаж. Мәселен, Құранды жатқа білетін адамның өзі оны қайталап тұрмаса, көп нәрсе есінен шығады. Діни насихатқа мұқтаж адам уағыз есітіп, діннің шапағатын бойына сіңіреді. Сондықтан студенттермен әрқилы кездесулер өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ, мешіттің жанынан «Руханият» газетін шығарып жүрміз. «Руханият» – облыстағы діни ахуалды жазатын басылым. Сол сияқты Алматыдағы діни басқармадан шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналына да жазылып тұрамыз. – Негізінен соңғы кездері елімізде дінге қатысты көптеген жаңалықтар ашылып жатыр. Жаңағы сіз айтып жатқан дерек те үлкен қызығушылық тудырады. Бұл тарихи дерек қалай табылды? – Еліміз егемендік алғаннан кейін «Павлодар облысындағы ислам тарихынан» деп, архивті ашып, деректерді жинастырғанбыз. Онда жоғары жақтан халықты діннен безген сияқты көрсету үшін арнайы бұйрықтар да келіп тұрған. Тіптен, Құдайсыздар ұйымы да құрылған. Осылайша халықты діннен бездіріп, иманнан алыстату жағы қарастырылған. Адамды дін мен тілден айырса, ол мәңгүрт болып шыға келмей ме?! Отаршылдық саясаттың негізі де осында жатқан. Дегенмен, Құдай жолы адамның жаратылысында бар ғой. Сондықтан атеист болған адамның өзінен қиналған кезде: «Алла, мені құтқар» – деген сөз еріксіз шығады. Сталиннің өзі де соғыс кезінде қиын жағдайға душар болғанда: «Құдайдан амандықты тілеңдер!» – деп бұйырған. Бижан мешіті 1943 жылдан бері осылайша жұмыс істеп келеді. Егемендік алған кезімізде екінші мешітті де ашып алдық. Ал, Бижан мешітін қайта жөндеу жұмыстарынан өткіздік. «ДІНИ КОМИТЕТТЕРДЕ ДІНИ МАМАНДАРДЫҢ БОЛҒАНЫ ЛӘЗІМ» 

– Еліміздің миссионерлік алаңға айналғаны жасырын емес. Павлодар облысында қызмет етіп жатқан ағым-секталар көп пе?!

– Мысалдап айтсам, бау-бақшада жеміс өсіру қиын: өзің егіп, арамшөптен тазарту керексің. Бірақ арамшөпті екпесең де, ол өзі қаулап өсіп шығады. Сол сияқты жақсы нәрсені жеткізу, адамдарды соған тәрбиелеу оңай шаруа емес. Адамды жаман нәрсеге үйретпесе де, ол соған қарай бұрылып кете салады. Неліктен елімізге әрқилы ағым-секталар келе бастады?! Басты себеп – шекарамыз ашық, халықаралық байланыстар көп, оның үстіне Интернетте түрлі ағым-секталардың өз сайттары бар. Насихаты күшті. Біздің орыстілді жастарымыз Интернеттегі ағым-секталардың сайттарына кіріп, насихат естиді. Негізінен өзге ағым секталарға кетіп жатқандар – орыс тілін жақсы білетіндер. Біз мұны ескеріп, мешітімізде орысша да уағыз жүргізіп жүрміз. Бірақ біз уағызымызды басында қазақша айтамыз, бірақ орыстілді жастарға түсінікті болуы үшін орысша да насихат жүргіземіз. Ауылда тәрбиеленген соң, кейде діни терминдерді қолдана бастасақ, орыстілді жастар ұқпай қалады. Соның салдарынан көптеген ағымдардың бас көтеріп қалған жағдайы бар. Біз де қолымыздан келгенше оларға түсіндіріп жатырмыз. Мәселен, «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының өкілдері партия ретінде құрылғанын алға тартады. Былтыр көктемнен бастап бұл ұйымның Қазақстандағы қызметіне ресми түрде тыйым салынды. Оған дейін бұл ұйымға тыйым салынбағандықтан, олар біршама жайылып та үлгерді. Үнпарақшалар да таратты. Бірақ былтырдан бері олардың қызметі біраз саябырсыған сияқты. Артық істерге барып жатқан жоқ. Қазір осындай істерді болдырмау үшін насихат жағына көбірек көңіл бөліп отырмыз. Телевидение, радио, газеттерде насихат жүргізумен қатар, мешітте жұма күндері қолдан келгенше танымдық уағыз жүргізуге тырысамыз. Негізінен солтүстік аймақты алсақ, әлгі ұйымның бой көтеруі Павлодар мен Екібастұзда байқалған еді. Басқа аймақтар тыныш. Неліктен олар осы аймақтарда бой көтерді десеңіз, Екібастұз бен Павлодар –экономикасы дамыған, жастары көп аймақтар. Дегенмен, ұйымға тыйым салынғаннан бері олардың қызметі басылған сияқты. Оған біздің діни уағызымыз да өзіндік үлес қосқан болар деп те ойлаймыз. – Негізінен, Павлодар облысында да евангелистік-баптистік ұйымдар белсенді қызмет атқарып келеді екен. Негізінен евангелистік ұйымдар дегенде, олардың ішінде дәстүрлі ұйымдар бар да, сол сияқты әлемнің түкпір-түкпірінде тыйым салынған ұйымдар бар. Мәселен, «Иегова куәгерлерінің» қызметіне әлемнің 40 елі тыйым салған. Павлодарда осындай заңсыз ұйымдардың қызметі әшкереленіп жатыр ма? – Жоқ. Мысалға, біздің аймақта қызмет етіп жатқандардың барлығы да заңды түрде тіркелген ағымдар болып есептелінеді. – Дегенмен де, біздің елімізде тіркеліп жатқан ағымдардың бірқатарына шет елде тыйым салынған ғой… – Қазір Павлодарда діни ағымдарды арнайы сарапшы арқылы тексеріп тіркететін болды. Бұрындары Ішкі саясат бөлімдерінде мұндай үрдіс жоқ еді. Басында діни мәселелерді бақылау ісі әкімшіліктің қарамағында болды. Бірақ ол да жабылып қалды. Кейін қайта ашылды. Десек те, әу бастан оларда діни мамандар болған жоқ қой. Соңғы кездері діни бөлімдерге дін жағын білетін мамандарды міндетті түрде енгіздіріп жатыр. Әрине, елімізге келген ағымдардың барлығы да тіркелу кезінде өздерінің бетпердесін ашпайды ғой. Мысалға, құжаттарын «жақсы» етіп алып келеді, ұйымдарын тіркетіп алады да, былайғы өмірде өздерінің басқадай жұмыстарын атқара бастайды. Сондықтан діни комитеттерде діни мамандардың болғаны ләзім. – Өңірде ислам дінін қабылдап жатқан өзге ұлт өкілдері бар ма? – Иә, исламға бетбұрып жатқан өзге ұлт өкілдері кездеседі. Тіптен, бізде мынандай жағдай болған. Қалада нашақорларды емдейтін орталық бар. Сол жерде біз біраздан бері дәріс береміз. Негізінен ішімдікке салынған адамды да, есірткіге құмарланған адамды да емдеу өте қиын. Адамның өзінің «тоқтаймын» деген ниеті болмаса, ол емдеуге келмейді. Бұл орайда адам ішімдік пен есірткінің харам екенін білсе, одан алыстайды. Біз осы орталықпен байланыста болдық. Онда оншақты балалар емделген еді. Кейбірі жоғары оқу орнын бітірген, кейбірі студенттер, бірақ барлығы да нашақор болып кеткен. Соларға сабақ беріп жүр едік, олар дінге қызығып, біздің мешітке келе бастады. Емдері біткеннен кейін жаңағы балалар қалада қалуды ұйғарды. Арасында қазақ балалары да, орыс балалары да бар. Әйтеуір, олар: «Біз мешіттің Құран оқу курстарын оқысақ дейміз, әйтпесе елге қайтсақ, қайтадан бұрынғы ортаға түсеміз. Сондықтан осында қалайық» – деп, өздері ниет білдірді. Балалар қалада пәтер жалдап тұрады, мешітке де жиі-жиі келеді. Екі жылдан бері олардың барлығы да нашақорлықтан тыйылды. Жақында олар топтасып, мұсылманша кафе ашты. Оларға жеке-дара жүру ауыр. Сондықтан бірлесіп, үлкен шараны қолға алып жатыр. Кейде байқаймыз, оларда да қиын күндер болады. Дегенмен, балалар өздерін ұстап, мешіттің маңынан алысқа кетпей, дұрыс өмірге бетбұрды. – Ал, Павлодар өңірінде халал стандарттарына сай кафе-асханалар бар ма? Мәселен, Марат қажы Сәрсенбаевтың бастамасымен халал стандарты енгізілгеннен бері Алматыда осы тектес асханалар көптеп ашылып жатыр… – Бізде мұндай асханалар қазірше аз. Санаулы ғана. Жанымызда халал асханасы бар. Сол сияқты жаңағы балалар ашқан мұсылманша кафе бар. Өзіміз де осы мәселені ойлап жүрміз. Дегенмен, бүгінгі таңда көптеген адамдар арақ-шарапсыз ашылған кафе пайда әкелмейді деп ойлайды. Олар мұның ар жағын түсінбейді: біреуді улап жатса да, пайда түсіруді көздейді. Әйтеуір халал кафені ашуға ниет білдіріп жүргендер қазірше аз боп тұр. Бір қуантарлығы, қазір кейбір жастардың тойлары арақ-шарапсыз өткізіліп жатыр. Мұсылмандық шарттарымен тойларын өткізіп, қазақы дәстүрмен дастарханға қымыз қойып, той-думан өткізіп жатқандар да көбейіп келеді. Өкінішке қарай, жеке халал мейрамханалары болмаған соң, олар көпшілік баратын жерлерде тойларын өткізеді. Той иелері де: «Мұсылманша той өткізетіндей арнайы орталықтар болса, жақсы болар еді» – деп айтып та жүр. Сондықтан болашақта мұндай жоспарымыз да жүзеге асады деп отырмыз. Бұны әрдайым әкімшілікке де жеткізіп жүрміз. Мұсылманша той өткізетіндей немесе Құрбан айт кезінде құрбандық шалатындай жерлер керек. Біз мына мешітті салдырып жатқан кезде, оның жобасына асхананы да енгіздік. Мешіттің астында орналасқан асханаға 500-дей адам сыяды. Қаладағы ең үлкен асханалардың бірі – осы мешіттің асханасы. Негізінен адам дүниеден қайтқанда, оның қырқы, жылы әрқилы кафе-мейрамханаларда беріліп жатады. Бір жағында – арақ-шарап тұрады, екінші жағында – Құран оқытылып жатады. Бұл ешқандай да қағидаға сай келмейді. Осыны ойлап, біз асхананы құрылыстың нысанына енгіздік. «МӘШҺҮР-ЖҮСІП МЕШІТІН САЛҒАНДА, ҒАЖАП ДҮНИЕЛЕР ОРЫН АЛДЫ» 

– Қазір мешіттерге адамдар көп барады да, айт күндері тіптен халық сыймай тұрады…

– Бізде де солай. Біздің мешітке үш мыңдай адам сыяды. Астында әйелдер залы, Құран курстарының бөлмесі, намаз оқитын жерлер де жеке-дара орналасқан. Осында болып жатқан нәрселердің бәрін олар теледидар арқылы көріп тұрады. Өткен жылы Құрбан айт демалыс күнімен тұспа-тұс келген еді. Әйтеуір мешітке адам сыймай қалды. Қарап отырсаңыз, мешіт 3000-нан астам адамды сыйдырады. Яғни, келушілер одан да көп деген сөз ғой… Болашақта Екінші Павлодарда да мешіт салу жоспарланып отыр. Егер ауданды байқап қарасақ, Мәшһүр-Жүсіп мешіті орналасқан ауданда мешіттер өте тығыз орналасқан. Мына жағында – Бижан мешіті, анау жағында – Ақ мешіт, арғы жақта – Ғайзы мешіті, сондай-ақ, чешендер салған тағы бір мешіт бар. Ал, Екінші Павлодар бөлек тұр. Оның халқына мұнда келіп-кету де қолайсыздау. Сондықтан онда мешіт саламыз деп ниет білдіріп жатқан азаматтар да баршылық. Болашақта Екінші Павлодарда да зәулім мешіт бой көтереді деп үміттеніп отырмыз. – Қазір дін жолына түсіп жатқандардың көбі жастар ғой… – Мешітке келетін халықтың 80-90 пайызы – жастар. Жастар дегенде, мектептің жоғарғы сыныптарында оқитын балалар мен студенттер. Мешітке келушілердің ішінде 40-қа дейінгі азаматтар да кездеседі. Ақсақалдар да бар. Ал, 40-тан кейінгілер өте аз. Олар атеистік тәрбие көргендер ғой. Бұрынғы тәрбиені көргендер құрбандық шалар, ораза ұстар, ауызашар берер, бірақ намазға толықтай бет бұра қойған жоқ. Басында біз халықты дінге біртіндеп бетбұрғызу үшін «Оразаны басында – үш күн, ортасында – үш күн, соңында – үш күн ұстау керек» деп өзіндік бастама көтергенбіз. Бірақ екі-үш жылдан кейін оны тоқтаттық. Бүгінде халық толықтай 30 күн ораза ұстайтын болды. Енді жұрттың ойын намазға бұрып жатырмыз. Адам жамандықтан тыйылу үшін, ең алдымен, Аллаға мойнын июі керек. Бір қуантарлығы, соңғы кездері қажылар қатары да көбейіп келеді. Алдыңғы жылы Павлодар өңірінен қажылыққа 20 адам барса, былтыр 42 адам мұсылмандық парызын Меккеге барып, өтеп қайтты. Биыл қанша адам барарын көрерміз. Негізі қажылар саны әлгіндей жоғары көрсеткіштен төмендемеуі керек. Негізінен менің атам да тақуа болған Совет деген кісі. Молда болмаса да, арабша хат таныған, діндәр екен. Бірақ молдалық құрмай өтті. Содан болар, жастайымыздан діннен хабарымыз бар. Өз басым 1990 жылдардан бастап діни қызмет атқара бастадым. Діни қызметімді Бижан мешітінен бастаған едім. Ал, 2001 жылы Мәшһүр-Жүсіп мешіті ашылды. Бұл мешіттің салынуына Еуразиялық банк 2 миллиондай қаржы бөлді. Мешіттің салынуына халық та садақа беріп, өзіндік үлес қосты. Дегенмен, халықтың садақасына мұндай алып мешіттер салынбайды. Оның жобасының өзі 16 миллион теңгені құраған. Ал, халықтан түскен ақша оның жартысына да жетпейді. Дегенмен, біз мешіттің салынуына өзіндік үлес қоспақ ниетпен, мың теңге болсын, елу мың теңге болсын, әйтеуір, қаржы қосқанның бәрінің тізімін жасадық. Десек те, мешіт салынып біткенде, 138 миллион теңге қарызбен бітті. Біз негізі жұмысшыларға ризамыз. Оларға жалақы төлемесек те, жұмысшылар мешітті жылы ықыласпен сала берді. Бірақ кейін әкімшілікке Д.Ахметов келгенде, біз осы жағдайды жеткізгенбіз. Оның үстіне жұмысшылар да жалақысын талап ете бастады. Әйтеуір, кейін мәселе біртіндеп шешілді. Мешіт қарызының біраз бөлігін әкім болған тұста Ахметов жапса, кейін Нүрпейісов жапты. Бүгінде алып мешіттің ішінде мұражай, кітапхана, балаларға діни мультфильм, фильм көрсететін орталық та бар. Асхана жеке жабдықталған. Әу бастан мешіттің салынуына ақша бөлген азаматтар: «Япыр-ай, сендер не салып жатырсыңдар? Цирк салып жатқан жоқсыңдар ма? Мешіттің ішінде асхана деген не?» – деп таңырқады. Мәселен, Ахмет Яссауи кесенесінің басында әрбір бейсенбіде халыққа нан мен ботқа пісіріп, таратып тұрған. Қайырымдылықпен айналысқан. Ол қонақүйдің де рөлін атқарып тұрған. Сондықтан мешіт тек қана намаз оқитын жер емес. Намаз оқитын жеріміз жеке тұр. Ал, өзге дүниелер бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отыр. Бізде гардеробқа дейін бар. Құдайдан қорықпаған адам аяқ-киім де ұрлауы мүмкін. Осыны ойлап гардероб та салып қойдық. Заттың жоғалмауы үшін жауап береміз. – Негізінен Мәшһүр Жүсіп мешітінде ақылы автотұрақ та, асхана да бар екен. Яғни, мешіттер де менеджментпен айналыса бастаған ба? Негізі дін бұған қалай қарайды? – Шынын айтсақ, дін сауда жағына, адал пайда табу жағына ешқашан да тыйым салмайды. Неге? Өйткені халыққа, қоғамға қызмет жасау керек. Адам баласына «таңнан кешке дейін Аллаға тілек айтып, еңбек етпе» деп айтпайды ғой. Құр Алладан сұрай берсең, аспаннан ештеңе түспейді. Аллаға сен, Аллаға тәуекел қыл, таза еңбек жаса, халыққа пайдалы нәрселерді істе. Мәселен, біреу есірткі таратумен айналысса, оның жамандығын 5-6 ұрпағы өткен соң бәрібір де бір баласы көреді. Ұрпағына кім жамандық ойлайды? Сондықтан харам нәрселерден адам да, қоғам да алыстауы керек. Бір жақсысы, қазір жастар жағы арақтан алыстап жатыр. Қазір ішімдікке салынғандар да азайып барады. Бұған діннің де әсері бар. Сондықтан дін жағы да қазір өте жақсы жағдайда. Өзіңіз де білесіз, біздің мешітіміз – Мәшһүр Жүсіптің атында. Ол өзі жан-жақты адам болған кісі. Діни тұрғыдан, біз оны қасиетті әулие адам деп санаймыз. Неге? Өйткені ол бірнеше құнды кітаптар қалдырған. Ол жазған дүниесінің барлығын да дінмен байланыстырып отырған. Бірақ кезіндегі саясаттың кертартпа тұстарынан оның дүниелері жабылып қалып қойған. Сізге бір қызық айтайын, Мәшһүр Жүсіп дүние салған кезде, оның денесінің өзі де жер қойнауында шірімей жатқан. Ол, тіпті, жер астында шірімей жататындығын да айтып кеткен. Бірақ кезіндегі саясаттың кесірінен оның кесенесін бұздырды. Мәшһүр Жүсіп 1931 жылы қайтыс болды, бірақ 1930 жылы асын беріп кетіпті. Жұрт мұны ерсі көріп: «Асыңды неге беріп жатырсың?» – дегенде, ол кісі: «Мен қайтыс болғанда, менің асымды беруге жағдайларың келмейді» – деген. Ол сондай-ақ: «Менің денемді осында қойыңдар. 23 жылдан аса менің денем шірімей жатады, одан кейінгі жағдайды бір Алла біледі» – деп кетіпті. Айтқандай-ақ, ең алдымен, 1931 жылы қазақ даласын аштық жайлады. Ал, 23 жылдан кейін оның кесенесін бұздырды. Бірақ астында денесі сол қалпы шірімей сақталыпты. Ал, ислам дінінде: «Пайғамбарлар мен әулиелердің денесі, сондай-ақ шейіттердің денесі шірімей сақталынады» – делінеді. Бұл кісі дін жағынан ағартушы болды. Кезінде оған қайтадан кесене орнатылған еді. Бірақ ол кесене үлкен тұлғаға лайықсыздау еді, сондықтан биыл үш айдың ішінде Мәшһүр Жүсіптің үлкен кесенесі салынып бітті. Біздің мешітіміз де салынып жатқан кезде, оған Мәшһүр Жүсіптің атын қоямыз деп шешкен едік. Бір қызығы, осыдан кейін мешітте көптеген ғажап-ғажап дүниелер орын алды. Мәселен, біз мештте жалпы саны 63 планерка өткізіппіз. Әу бастан оны санаған да жоқ едік. Бұл ғажап нәрсе! Пайғамбардың жасына келтіріп, мұнараны да 63 метр еттік. Мешіт 19 айда бітті. Бұл да киелі сан. «Біссімілләһ-ир-рахман-ир-рахим» деген сөз 19 әріптен тұрады. Ақша болмаған күннің өзінде де мешіттің құрылысының тоқтамағаны да таң қаларлық дүние?! Әйтеуір, мешіт осылайша бой көтере берді. Кесене де 3 айдың ішінде бітті. Кесене ашылған күні ауа-райының өзі керемет болып тұрды. Иншаллаһ, ел болған соң, тіл мен діннен алыстап кетпейміз деп ойлаймын.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА