ӨЗ ЕЛІҢДЕЙ ЕЛ БОЛМАС...
ӨЗ ЕЛІҢДЕЙ ЕЛ БОЛМАС...
Қазіргі жастар шетелге шығуға құмар. Әйтеуір, шетелде оқымақ түгілі, жырақта өмірбақи тұрақтап қалуға ынталы қазақ жастары да жоқ емес. «Отан оттан да ыстық», «Өз еліңдей ел болмас» дегендей қанатты сөздерді місе тұтпайтын азаматтар Отанның қадірін бәрібір де күндердің бір күні сезінеді…
Өз басым Ұлыбритания мен Үндістанды өз көзіммен көріп, екі бірдей мемлекетті сапарлап шыққан адаммын. Әрине, бұл елдердің тарихы бай, ғимараттары еңселі, таңдай қақтырарлық тарихи жәдігерлері де бар. Әсіресе Ұлыбритания сапарында Хитроу әуежайынан бастап, Елизавета ханымның сарайы таңдай қақтырғанын несіне жасырайық?! Десек те, Темза өзенінің жағалауында жүріп, Арыс, Есіл өзендерін еріксіз еске түсірдік, Лондондағы сәулетті де еңселі Опера және Балет театры да Әуезов театрын көз електен өткізді. «Біз кімнен кембіз?» деген ой еріксіз көкейді торлаған еді. Шетелде тұрған мейрамхана-кафелер бізде де бар. Артық болмаса, кем емес. Дүкендер де, ойын-сауық орталықтары да біртекті. Жаһанданудың ықпалы ма, әйтеуір, қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғимараттар да, көше орталықтары да біртекті болып барады. Дегенмен, Англияның басты ерекшеліктері – Букгенгем сарайы, монархиялық дәстүрдің сақталғаны, тақ мұрагерлерінің өмір сүру салты. 80-нен асқан Елизавета ханшайым да, Чарльз ханзадамен оның қос бірдей ұлдары да – Англия мақтан тұтатындай монархиялық тұлғалар. Бірақ мұның бәрі де «сырты жылтырақ» дүние сияқты. Ұлыбританияда да біз сияқты қарапайым адамдар мекендейді. Дегенмен, ағылшындардың арасында қара нәсілді, сары текті азаматтарды да көп кезіктіруге болады. Олар – туған жерлерін Англияға ауыстырған адамдар. Шетелде оқып, жұмыс істеу, тәжірибе алмасу – бір басқа да, жырақта үйлі-баранды болып, сонда қалу – бір басқа. Шет мемлекеттері қаншалықты дамыған болса да, өз еліңе ешқашан да жетпейді. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деп, данышпандар текке айтпаса керек.
Менің де балаларым қазір шетелде жүріп, Қазақстанда алған білімдерін толықтырып, жетілдіріп жатыр. Дегенмен, ата-ана ретінде мен балаларымның шетелде білім алып, алынған білімді Қазақстанның игілігіне жұмсауға үндеймін. Балаларым да қазақ елінің дамуы үшін білімдерін шыңдап жатыр. Бәрі де тәрбиеге байланысты. Сондықтан шет мемлекеттеріне балаларын оқуға жіберіп жатқан ата-аналар дұрыс тәрбие бере білуі керек. Отанды сүю – отбасынан басталады емес пе?!
Тұйғын ЖАТҚАНБАЙҚЫЗЫ әл-ТАРАЗИ,«Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің қызметкері