Жаңалықтар

«ДЕЙЛИ МОЛДАҒЫ» ХАТ МӘСКЕУДІ ДЕ ДҮРЛІКТІРДІ

ашық дереккөзі

«ДЕЙЛИ МОЛДАҒЫ» ХАТ МӘСКЕУДІ ДЕ ДҮРЛІКТІРДІ

Өмірімнің, жеке өзімнің кәсіби ерекшеліктерімнің арқасында көп халықтардың әдет-ғұрпын, мәдениетін, өнерін бір-бірімен салыстыра аламын деп ойлаймын. Осындайда орыстардың өз-өзін, «ұлы халық, ұлы мәдениет, әдебиет, өнердің иесі, тілі де» ұлы және аса пәрменді т.б. көкке көтеріп, мадақтайтын сипаттамаларды естіп-оқып жүргенде сол сипаттамаларына біз танитын, білетін орыс халқы лайық па, сай ма дегенге келгенде мен, өз басым қатты күмәнданған болар едім. Орыс империясының басшыларының дүние жүзінің көзін бақырайтып қойып, өтірікті шімірікпей айта салатын қасиетін ұлы халыққа лайықты дей алмаймыз…

Мәскеу Венгрияға (1954 ж.қазан айы), Чехославакияға (1968 жыл, тамыз айы), Ауғанстанға (1979 жыл, желтоқсан) әскерлерін кіргізіп, бостандық үшін күрескен жергілікті халықтарды қырғанын «интернационалистік көмек» деп ұялмай-қызармай атағанын кім ұмытады. Алматыда 1986 жылдың желтоқсанында жергілікті орыстарға темір таяқ беріп, сырттан әкелген солдаттардың қолына қысқа сапты сапер күректерін беріп, тек қазақ қыздары мен ұлдарын соққызғанын біз қалай ұмытамыз?! 1980 жылы 269 жолаушылар (олардың ішінде балалар да, әйелдер де бар) мінген Оңтүстік Кореяның самолетін атып түсіріп, міз бақпай отырғанын әлем қалай кешіреді?! 1986 жылы көкек айының 26-да «Чернобыльда жай техникалық авария болды» деп Киевтің мыңдаған тұрғындарын 1-ші май шеруіне шығарғанын украиндықтар, әлем тұрғындары білмей ме? 1999 жылдың 13-ші тамызында теңіздегі әскери жаттығуларымыз «тамаша» деген бағаға лайықты өтті» деп Ресейдің әскери басшылары мақтанып жатқанда «Курск» атом сүңгуір қайығы суға батып, 100-ден аса Ресей теңізшілері қаза тапқанын шыли өтірікшілдіктің салдары деп атамаймыз ба? Менің әлі есімде, «Курск» су астында жатқанда Еуропа елдері (Ұлыбритания, Норвегия) «Техникалық көмек берейік, «Курскіні» көтерейік, теңізшілеріңізді құтқарайық» дегенде, (Еуропаның бұл ұсыныстарын ВВС, СНН телеарналары әлемге жариялап жіберді. Мен сол хабарларды өз көзіммен көріп, естігенмін. – Б.Т.) Ресей әскери басшылары ол көмекті «жағдай соншама қауіпті емес, бәрін өзіміз тындырамыз» деп қабылдамап еді. Орыстардың ресми қызметтегілерінің жалған ақпаратын тарата беретініне тек құрғақ деректер келтіре бермей, оқырмандарды бір күлдіріп алу үшін мына бір оқиғаны айта кеткім келіп отыр. Бұрын-соңды осы оқиға туралы ақпарат құралдарынан хабар естіп, көрген емеспін. Бірақ осы оқиғаның дәл ортасында өзім болғанмын.

1984 жылы желтоқсан айында Мәскеуде Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз-клубында Кеңес Одағының ғылым академиясының президентінің басқаруымен Александров баспасөз конференциясы өтті. Сонда залда отырған 200-ден аса көптеген елдердің журналистерінің арасынан бір шетелдік журналист ұзақ уақыт ғарышта болып келген Шахов деген орыс ғарышкеріне: «Кеңес Одағының ақпарат құралдары хабарламаса да біздің деректеріміз бойынша осы жылдың (1984 ж.–Б.Т.) 28 (мүмкін 29. –Б.Т.) қыркүйегінде Байқоңырдан ғарышқа ұшайын деп жатқан ракета жарылыпты. Сондай жарылыс болғаны рас па?» деген сауал тастады. Сонда жауап берерінің алдында залда отырған кісілерге оң қолын сермеп қойып, президумдағы орыс ғарышкері қарқылдап күліп алды да: «Міне, шетелдіктер бізге әрдайым жала жабумен жүргенінің дәлелін енді көріп отырған шығарсыздар. Шет ел журналистері ылғи Кеңес Одағы туралы жалған ақпарат таратып отырады. Байқоңырдағы ракета жарылысы 28-ші қыркүйекте емес, 27-де болған. Ал, мына журналист 27-сі емес, 28-де болды деп жұртты алдап отыр»,–деді. Орыс ғарышкері осыны айтып болған соң, тағы да өзінің тапқырлығына мәз болып, қарқылдап күле бастағанда, бүкіл зал оған қосыла көздерінен жас аққанша күлкіге батып жатты. Орыс ғарышкері шет ел журналисінің Байқоңырда болған жарылыстың болған күнінің анығын білмегеніне күліп жатса, бүкіл зал жаңағы ғарышкердің Байқоңырда жарылыстың болғанын өзі де байқамай мойындап отырғанына шек сілесі қатып күлді.

Мәскеу осындай әрекеттерді өз қолымен жасап, ұйымдастырып отырып, озбырлықпен «қазақ халқын ұлтшыл» деп нақақтан нақақ бізді күнәһар еткенін қалай ұмытамыз?

Жұртқа мәлім, Ресей федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері полковник Александр Литвиненко Лондонда 23 қарашада полоний – 210 радиациясымен уланып қайтыс болған. Оның алдында А.Литвиненко қоштасу хатында «көп адамға өзінің ризашылығын» білдірді. Олардың ішінде емдеуші дәрігерлері, басқа да емдеуші қызметкерлері, полиция қызметкерлері, Ұлыбритания үкіметі және халқы, әйелі Марина («Әрдайым жанымда болған әйелім Маринаға алғысымды айтамын. Оған және екеуміздің ұлымызға деген махаббатым шексіз») бар.

А.Литвиненко өлер алдындағы хатын әрі қарай былай жалғастырады:

«Менің қазіргі халіме жауапкер адамға бір-екі сөз айтуым жөнді болар – Сіз менің ауызымды жаба алатын шығарсыз. Бірақ менің ауызымды жабу қымбатқа түседі. Сізді айыптаушы, сынаушылардың көбі айтып жүргендей, сіз осы жағдайда өзіңіздің жабайы және рақымсыз екеніңізді көрсетіп отырсыз.

Сіз адам өмірін, азаттығын, жалпы адамгершілік адамзаттың құндылықтарын еш бағаламайтын адам екеніңізді көрсетіп отырсыз.

Сіз қазіргі қызметіңізге (мансабыңызға) лайық емес екендігіңізді, көзі ашық еркектер мен әйелдердің сеніміне ие болуға лайық емес екендігіңізді көрсетіп отырсыз.

Сіз бір адамның ауызын жабуыңыз мүмкін, бірақ әлемнің ызалы ашу-айқайы қалған өміріңізде құлағыңызды шулатады, Путин мырза!

Тек маған ғана емес, бүкіл Ресейге, оның халқына жасаған қылықтарыңызды құдай кешірер ме екен!».

Осы хатты Ұлыбританияның көп газеттері жариялады. Біз ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударып отырған хат 2006 жылдың 25-ші қарашасында «Дейли Мол» деген газетте басылған.

22-қарашада Лондонға ұшып бара жатқанымда ұшақта таратылып жатқан ағылшын газетін оқып отырып, жанымда отырған қазақ танысыма «Литвиненконы мынадай тәсілмен уландыру тек мемлекет мекемелерінің қолынан ғана келеді. Бұндай әрекетті «мемлекеттік терроризм» деу керек» деген едім. Енді міне, тек Ұлыбритания ғана емес, бүкіл әлем Литвиненкоға қарсы жасалған қылмысты «мемлекеттік терроризм» деп отыр. Плутони -210-ның қалдығы Мәскеуге барып қайтқан «Ұлыбритания әуежолдары» («Бритиш аэроуейс») компаниясының ұшағынан табылып отыр. Лондон Мәскеуден осы қылмысты ашуға қатысуын өтініп отыр. Енді Мәскеу не дер екен?!.

Болатхан ТАЙЖАН, саясаткер