ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КІМ КӨРІП ОТЫР?..

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КІМ КӨРІП ОТЫР?..

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КІМ КӨРІП ОТЫР?..
ашық дереккөзі
Жергілікті билік шетелдік инвесторлар алдында дәрменсіз
 

Қазақтардың «қара алтынына» ауыз салған қытайлардың қомағайлығы энергетикалық қауіпсіздік мәселесімен бас қатырған еуропалықтарды да алаңдатып отыр. Ал есіктен кіре салып, «Төр – менікі!» дейтіндерден құқай көрген қазақтар саны арта түспесе, кемір емес. Ата Заңды аяққа басқан жатжұрттықтарды ауыздықтауға талпынған жергілікті басшылардың қарымы мен қауқары да көңіл көншітпейді. Есесіне, «біреу жағынан тартып жіберсе, күлімдеп тұрып екінші бетін тосатын» аспан асты елінің өкілдері қазақстандық билікке беретін құрғақ уәдесіне «жомарттық» танытудан танбайды. Ресей орыстардың энергоқорларына иелік етуге жанталасқан қытайларды сүбелі жобалардың барлығынан шет қалдырды. Ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік тұтастыққа қатер төндіреді деген себеппен. Бабаларымыздың «қара қытай қаптаса…» деген аталы сөзі Қазақстан Үкіметінің назарынан тыс қалып қоя беретіні өкінішті.

ҚЫТАЙЛАРДЫҢ ҚАРҚЫНЫ ҚАТТЫ
 

Еуропалық Одақ қазақстандық энергоқорлар нарығындағы қытайлардың үлес салмағының артып бара жатқанына алаңдайды. Еуропалық комиссияның энергетика жөніндегі өкілі Андрис Пибалгс «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында энергетикалық қорларға қатысты мәселеде туындап отырған наразылықтың барлығын айтыпты:: «Қолда бар деректерге сүйенсек, Қытай энергетикалық қауіпсіздікті энергоқорларға иелік ету деп түсінеді. Меніңше, энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне қатысты ұстанатын саясатымыз бір болуы үшін ЕО Қытаймен бірлесіп жұмыс істеуі керек». Батыстықтардың алаңдайтын жөні бар. Қазақстандағы «PetroKazakhstan» компаниясын 4,2 миллиард долларға сатып алған қытайлық CNPC компаниясы қазақтардың мұнай өндіру саласындағы активтерін уақыт өткен сайын ұлғайтып келеді. Былтыр Қазақстаннан Қытайға жылына 10 млн. тонна «қара алтын» тасымалдайтын мұнай құбыры салынған. Ресми деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш жуық арада екі есеге дейін өсірілетін көрінеді. Еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарындағы кен орындарын игеріп жатқан қытайлардың екпіні қатты. Өткен айда канадалық «Natіons Energy» компаниясының өкілдерімен активтерді сатып алу туралы келіссөздер жүргізген аспан асты елінің «Chіna Іnternatіonal Trust & Іnvestment Corp.» (CІTІC) корпорациясы келешекте Қазақ еліндегі ең ірі кен орны саналатын Қаражамбастағы мұнайды игеруге мүмкіндік алмақ. Бұл дегеніңіз, Қазақстандағы «қара алтынның» 30 пайызына (!) қытайлар иелік етеді деген сөз. Әзір аталған ұсыныстың талаптары қазақстандық Үкімет тарапынан сарапқа салынуда. Кесімді шешім айтылмағанмен, «билік тағы да «жалпақшешейлікке» баса ма?» деген күдік жоқ емес. Сәл мүмкіндік болса-ақ, жат елге шегірткеше қаптайтын қалың қытайдан ормандай орыстың өзі сескеніп отыр. Сескенгені емей немене, ресейлік мұнай, газ саласына қатысты барлық ірі жобаларға қытайларды қатыстырудан Кремль ат-тонын ала қашты. Қазір «қытай экспансиясы» деген өзекті мәселе әлемдік саясаттың күн тәртібінен түспейтін проблемаға айналды. АҚШ пен Батыстың өзі қара қытайдың ерекше қарқынмен дамып келе жатқанына алаңдайды. Ал тәуелсіздігін күні кеше алған Қазақстан елдің ертеңіне бұлт үйіретін, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселелерге аса сақ болғаны абзал. Өкінішке қарай, Үкіметі мен халқының арасында түпсіз шыңырау орнаған, билігі – безбүйрек қоғамда ел мен жердің тұтастығы үшін, халқының игілігі үшін қалтқысыз қызмет ететін шенеуніктер кем де кем. Егер Үкімет қазақтардың бабадан балаға мирас болған табиғи қорларына ауыз салған қомағай қытайды емексітпей, ашығын айтса, яғни, жобадан бас тартса, құба-құп.

АУДАН
 

Шетелдік инвесторлардың барлығына «жайылып жастық, иіліп – төсек» болатын қазақтарға қытайлар қандай көзқараста? Олар ұстанып отырған саясат «сыйға – сый, сыраға – бал ма?» ҚР Ата Заңын сақтау деңгейі қаншалықты? Егер отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарық көретін материалдарға сүйенсек, бәрі керісінше. Қытайлар Қазақ елінде заңды жиі бұзады. Осыдан сәл уақыт бұрын ғана Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков «PetroKazakhstan» компаниясындағы әлеуметтік әділетсіздікке жол берген қытайлықтарды қатаң сынға алып, олардың басшыларына ескерту жасаған болатын. Әрине, Пекиннен келген басшылар барлық заң бұзушылықтарды жоюға және әкім тарапынан айтылған сынды жөндеуге қатысты уәдесін үйіп-төгіп, «Ләббай, тақсырлыққа» басқан. Өкінішке қарай, мұның соңы не болғаны белгісіз. Адырбековпен бірауыз тілдесуге ниет етіп, Қызылордадағы облыстық әкімшілікке хабарласқанымызда әкімнің көп көмекшілерінің бірі осы мәселеге қатысты барлық деректердің жергілікті прокуратураға тапсырылғанын, тексеру жұмыстары аяқталғасын, яғни, 1 аптадан соң өздері хабарласатынын айтты. Арада 1 апта емес, бірталай ай өтті. Адырбеков те, әкімшілік жақ та тым-тырыс. Біз «Әкім тілдеспеді» деп емес, қалың қазақтың намысын жыртқан әрі жатжұрттықтардан Қазақстанның Ата Заңын құрметтеуді талап еткен азаматтың игі ісі немен біткенін біле алмағанымызға қынжыламыз. Айтпақшы, қазақ жұмысшылардың құқығын аяққа таптаған қытайлар жуырда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серікжан Мұқашевтің де қырына ілікті. Ресми мәліметтерге сенсек, осы облыстағы «Қытай Ұлттық инженерлік-құрылыс тобы» Акционерлік қоғамының (ҚҰИҚТ АҚ) басшылары Отандарынан әкелген қандастарына қазақ жұмысшыларына қарағанда жалақыны 5 есе жоғары тағайындаған екен. Ол аз десеңіз, қытайлардың асхана, жуынатын бөлме, әжетханалары қазақтардікіне қарағанда әлдеқайда жақсы жабдықталған. Осындағы 95 адамға есептелген жатақханада 150 қазақ тұрып жатыр. 150 қазаққа – 1 теледидар. Есесіне, кондиционерлер орнатылып, барлық жағдай жасалған жатжұрттықтардың жатақханаларында жағдай басқаша. Ет-сүті, көкөнісі мен жылы-жұмсағы мол қытайлықтардың асханасында тамақ тегін, ал ас мәзірі жұпыны әрі жұқалтаң қазақ жұмысшылар баратын асханада тамақ ақылы. Әкім орынбасарынан сөз естіген пекиндік басшылар бұл жолы да уәдеге кенде болмады. ҚҰИҚТ АҚ Бас директорының орынбасары Ван Сюечжи жақын арада қазақтарға арналған 2 жатақхананың құрылысы басталатынын, АҚ тарапынан жұмысшылар тамағы үшін арнайы қаржы бөлінетінін, қызметкерлердің жалақылары бір деңгейге көтерілетінін, яғни, бұған дейін жол берілген әлеуметтік теңсіздіктердің жойылатынын айтып, ант-су ішті. Алайда, қытайлықтың еліне табаны тиісімен-ақ қазақ шенеунікке берген уәдесін «әдеттегідей» «ұмытып кетпесіне» кепілдік жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ