ҚАЗАҚТАРДЫҢ МҰНАЙЫ қызықтырған бельгиялықтар Елбасымен болған кездесуде энергетикалық қауіпсіздікке баса назар аударды

ҚАЗАҚТАРДЫҢ МҰНАЙЫ қызықтырған бельгиялықтар Елбасымен болған кездесуде энергетикалық қауіпсіздікке баса назар аударды

ҚАЗАҚТАРДЫҢ МҰНАЙЫ қызықтырған бельгиялықтар Елбасымен болған кездесуде энергетикалық қауіпсіздікке баса назар аударды
ашық дереккөзі

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың шет елдердегі ресми сапары Бельгиямен жалғасты. Бельгия Корлі ІІ Альбертпен, Еуропалық Комиссиясы, Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (НАТО), Люксембургтің премьер-министрі мен басқа да саясаткерлермен кездескен Қазақ елінің басшысын бельгиялықтар І Леопольд орденімен марапаттады. Бұл — Бельгиядағы ең жоғары марапаттардың бірі.

Кәрі құрлықтың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Бельгия Нидерланды, Германия, Люксембург, Франциямен шекаралас. Жалпы жер көлемі 30,5 мың шаршы шақырымға созылып жатқан елдегі халықтың саны 10 миллионнан астам. Оның 50 пайызы — фламандықтар, 40 пайызы — валлондықтар. Қалған 10 пайызын немістер, француздар, испандар, итальяндықтар мен голландтар құрайды. Мемлекеттік тіл — фламан және француз тілдері.

Болат балқытудан әлем бойынша алғашқы ондық құрамындағы Бельгия автокөлік, теңіз және өзен кемелерін, теміржол вагондары мен локомативтер, станоктар мен тоқыма құралдарын шығарады. Ал шыны мен айна жасаудан дүние жүзі бойынша бірінші орында. Көмір, темір, қорғасын, мырыш, мыс, сурьма, мәрмәр мен гранит өндірілетін Бельгия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 2004 жылы 118,8 млн. долларды, 2005 жылы 154,7 млн. долларды құраса, биыл 8 айдың ішінде 131,2 млн. долларға жетіпті. Қазақтар жағы бельгиялықтарға түсті металл, жүн, тоқыма бұйымдарын, химия және аралас өнеркәсіптер өнімдерін, ал бельгиялықтар қазақтарға көліктер, минералдық өнімдер, электрлік-техникалық құрал-жабдықтар, оптикалық, фотографиялық аспаптар, тамақ өнеркәсібі мен басқа да өнімдерді экспорттайды. Қазір Қазақстанда Бельгия Корольдігінің бірнеше компаниясы жұмыс істейді. Олардың қызметі негізінен фармацевтика, мұнай және газ саласының инфрақұрылымдары, көлік, теңізбен тасымалдау салаларына бағытталған. Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі — 186,3 миллион долларға жуық.

Назарбаевтың осы елге жасаған ресми сапары барысында ҚР Үкіметі мен Бельгия Корольдігі Үкіметі арасындағы Халықаралық автокөлік тасымалдау туралы келісімге; ҚР Үкіметі мен Бельгия Корольдігі Үкіметі арасындағы Кеден ісіндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімге қол қойылды. Ал еуропалық Комиссияның төрағасы Жозе Мануэл Баррозумен болған кездесуде еуропалық шенеунік: «Біз Қазақстанның 2007 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанын қолдаймыз. Энергетикалық қауіпсіздік ісінде Қазақстанның рөлі жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан еуропалық Одақ Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуды қалайды» деді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ