“ҚАҢҚАЙМАЛАР” ӨЗ ҚҰПИЯСЫН ӨЗДЕРІ АШУДА

“ҚАҢҚАЙМАЛАР” ӨЗ ҚҰПИЯСЫН ӨЗДЕРІ АШУДА

“ҚАҢҚАЙМАЛАР” ӨЗ ҚҰПИЯСЫН ӨЗДЕРІ АШУДА
ашық дереккөзі

Әуелі 2001 жылғы Нью-Йоркте 11-қыркүйекте болған уақиға теледидардан қайта көрсетіліп жатыр екен ғой, соның қажеті не деп ойладық. Телеарна атаулыны түгел аралап “қайтып келсек”, оттықтың тікейтіп қойған қорабы сияқты әлгі үй әлі жанып жатыр. Бұның ешқандай да Нью-Йоркте өртенген “Сауда үйі” емес, Астанадағы кейбір атқамінерлердің ТМД елдерінде бірінші орындамыз деуіне жарап жүрген, ішіне бірнеше министрліктер мен басқармалар (кешіріңіз “департаменттер”!) орналасқан ғимараттың бірі екен. Бүгінде Алладан басқаға сенуден қалған біз сияқты қаратабандар шынымызды айтсақ, сыртын жылтыратып қойған бұл “қаңқаймада” бала-шағалы отбасылар тұрмайтынына қатты қуандық. Егер бұл тұрғын үй болғанда не болар еді десеңші?!

Иә, бүгінде Астана, Алматы және басқа да облыс орталықтарында салынып жатқан биік үйлердің сапасыздығы туралы алуан-алуан әңгімелер айтылғалы да аз болған жоқ. Күні кеше көңнің арасынан шығып, бүгін қарны тойып ас ішіп, иығы бүтін шүберек кигеннен бері өздерін “элита”, яғни, ақсүйекпіз деп жүргендер бұндай сырты жалтырауық қаңқаймаларға да “ақсүйектер үйі”, “элитный үйлер” деп ат қойып алған. Ал атаққұмарларға бәрібір. Көзінің тірісінде “пәленшекем салдырған ғимарат” атанып қаңқайып тұра берсе болды. Бұны кейбіреулер шынымен ғажайып “элитный” үйлер деп ойласа, Қазақстанда жетіқат жердің астындағы кез-келген қуыс- қалтарыстан ақша тауып үйренген жатжерліктер бұл қаңқаймаларды да өздеріне науадай құятын қазына көзіне айналдырып алды. Ол үшін Қазақстанның көзжұмбай европарламентшіл, көзжұмбай евразияшыл, көзжұмбай евроодақшыл, евростандартшыл, европизированный “ақсүйектеріне” бұл ғимарат европалық стандартпен салынған десе жетіп жатыр, “Әкесінің құнын” берсе де құшақтай құлайды. Және сөйтіп, еуропалықтарды алдап қою саясатын жүргізіп отырмын деп ойлайды.

Әлқисса, қазақтың өзіне бұйырмай жатқан жерді алуға, сөйтіп әрі берік, әрі сап-сау тұрған үйлерді бұзып, орнына осындай “қаңқайма” салуға әлдебір құрылыс компаниясы әуелі сол қала әкімінің рұхсатын алады. Бұл жерде жәй халықтың ризалығын алу, олардың келісімі дегеннің түкке қажеті жоқ. Әрі қарай белгілі… Обалы не, сол жерде бас-аяғы 3-4 айдың, егер үй өте “ақсүйек үй” болса 6-7 айдың жүзінде сырты жалт-жұлт еткен, өзі теплицаның қиярындай сорайған “қаңқайма” дүниеге келеді. Төбесінде, маңдайшаларында әлдебір “…сіtу”, әлдебір “…center”, “коммеск өмир”, әлдебір “рио…”, “Рахат Паллас” сияқты жартылай орысша, жартылай ағылшынша жазу тұрады. Астында не басы, не аяғы жоқ “кафесі”, “дүкені”, “мейрамханасы” деген жазуы тағы бар. Бар қазақшасы сол. Алматыдағы “Горстрой”, “Қуат” сияқты құрылыс компаниялары салған, “көк үй” атанып кеткен үйлердің әр шаршы метрі ең кем дегенде 900 доллар тұрады. Бұл үйлер “Тұрғын үй” бағдарламасын жүзеге асыруға арналғандықтан осындай “арзандау” бағамен сатылады. Қаратабан халыққа арналған ортақол, яғни қазақтар айта беретін “нәрмальный” екі бөлме кемінде 90000-100000 доллар тұрады. Ал, жаңағы “ақсүйек” үйлердің әр шаршысы 2,5-3 мың долларға дейін барады. Олардың ішкісылақ, зерғыш (кафель), құбыржелілері (сантехника), тіпті еденінің “ақсүйек төсеніші” де аяқталмаған. Егер Құдайдан қорқатын Үкімет болса, бұл “ақсүйек” үйлердің шаршы метрін 500, ең әрі кеткенде 700 доллардан асыруға тыйым салып қояр еді дейді мамандар. Ал, әлгі қаратабандар үйінің әр шаршысы сонда 100 долларға да жете қоймас еді-ау. Оны айтасыз, сол қаратабандардың қазір мұндай үйлерді сатып алуға да дәрмені жоқ. Оның өзін қалталылар сатып алып, басқа біреудің атына аударып, пәтерге беріп қояды. Басқаның қызметі қандай қызмет деп аталатынын кім білсін, ал мемқызметкер деп аталатындарға арналған “350 долларлықтар” да өз иесін тауып жатқаны шамалы. Жамағаттың арасында 10-15 мың доллар беріп, оны да кезексіз алып жатқандар көп деген әңгіме бар. Е-е, деген… Заңсыздық жайлаған елді — жемқорлық, жемқорлық жайлаған елді — жаншошырлық қылмыс жайлайды. Әуелбастан “Бай болыңдар”, “баю жолына түсіңдер” деп ұран тасталған елде осылайша ақшаның жолында естен танатын ауруға ұшырайды. Соның салдарынан елімізде құрылыс компаниялары салып жатқан ғимараттарға деген ешқандай жауапкершілік қалмаған. Кеңес заманында ең биік үйлер кемінде 2-3 жыл салынатын еді. Олардың сапасы мен жаңағы “қаңқайма ақсүйектердің” сапасын салыстыру күл-қоқысты алтын тауға теңеудің бір түрі. Бұлар бар-жоғы 5-6 айда “тәуелсіздігіміздің арқасында төбесімен көк тіреп” немесе бір “элитный ақын” айтқандай “Сарыарқа сауырында, Есілдің бауырында” дүниеге келіп жатыр. Демек, ешбір далада жоқ “сауыр” мен ешбір өзенде жоқ “бауырды” ұйқастыра салу қандай оңай болса, Есілді орысшалап “На левом берегу Ишима” деп, көзді-ашып жұмғанша еуростандартты ғимарат салу да оп-оңай.

Міне, сол ғимараттардың бағасы қандай қымбат болса, құрылыс материалдары сондай арзан, әрі шетелдің көзбояғыш сапасыз жылтырақтары екенін, ал құрлыс жүргізуге тендер өткізу, құрылыс салу, оларды қабылдап алу кезінде қандай шектен шыққан заңсыздықтар,ұят пен ар-намыстың аяққа тапталуы, бармақ басты-көз қысты жемқорлықтар болатынын, ең сұмдығы Қазақстан Республикасы деп аталып жүрген Қазақ Еліне жаны ашымаушылықтың әбден асқынып кеткенін біз әңгімелеп отырған өрт көрсетудей-ақ көрсетіп берді. Бұндай ғимараттардың құрылыс материалдары түгелдей шетелдердің арзанқол дүниелері және Еуропадан әкелінген тез тұтанатын алюкобонд екен. “Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын” деген осы. Қазір Алматыдағы, Астанадағы үйлерді «үй» дегеннен гөрі жәй сахна безендіру деуге лайық.

Қазір кез-келген қаланың әкімі сол қаланың Бас Сәулетшісі деуге болады, яғни қаланың “Бас жобасы”, “Жаңа жобасы” сияқтыларды солар қасындағы екі-үш пысықаймен бірлесіп жасап, қол қояды да жібереді. Қалалардағы сәулет бөлімінде де (архитектура) кім болса сол отыра беретін болды. Егер бұл орында кез-келген адам отырмаса, жаңадан салынып жатқан үйлерге түп-түгел әлгі алюкобонд, сайдинг, ламинат сияқты лапетерлер (огнеопасные материалы дегеніміз ғой) пайдаланылмас еді ғой. Ал осы лапетеріңіз бір тұтанса, өзі жанып біткенге шейін оны ешкім өшіре алмайды екен. Егер бүгінде үкімет пен халықтың, әсіресе, бай мен жарлының, қысқасы, қазақтың арасын әбден алшақтатуға әкеле жатқан “Шаңырақ”, “Бақай” шағынаудандарына, отбасылық жатақханаларға қатысты даулар өршіп бара жатса, мұның басты себебінің бірі маман сәулеткердің орнында бұл саладан хабарсыз біреулердің отырғаны, екіншіден, билік басындағы жемқорлық пен алаяқтықтың әбден асқынғаны десек, үшіншіден және қорыта айтқанда елді заңсыздық жайлағаны ма деп те қорқасың. Егер олай болмаса, әлгіндей үйлердің тұтанғыштығымен қатар Астананың қай тұсында, Есілдің қай жағалауында жер қабаты шөкпелі, ылғалды екені, Ақтау, Атырау қалаларының айналасындағы мұнайдан, газдан босаған жер қабаты бос кеуектеніп бара жатқаны, Алматыда төбесімен бұлттарды түрткілеген үйлердің 4-5 баллдық зілзалаға шыдауы да екіталай екені ескерілер еді ғой.

Иә, қираған, иесіз қалған зауыт-фабрикалар, қираған, иесіз қалған болашағы жоқ ауылдар, жадап-жүдеген Кентау, Қаратау, Жаңатас, Арқалық және толып жатқан шағын қалалар. Мұның бәрін кешегінің салдары дейік, ал бүгін салған жаңа үйіміздің де мынадай күйге душар болуын немен салыстырамыз? Бір ғажабы, еліміз мақтан тұтып жүрген «Бәйтеректің» де дұрыс жобаланбағандықтан әйнектері күл-талқан болып жатқанға ұқсайды. Телеарналар осылай деп хабарлады таяуда.

Бір үлкен шонжар “мұны саясиландырудың қажеті жоқ” деп өзінше отансүйгіштік көрсетті. Дәл осы шонжар Өзбекстанға халықтың – қазақтың келісімінсіз бере салған жерде өзбек шекарашылары біресе азаматымызды атып өлтіріп, біресе біреуді жарақаттап, баланың бетін автоматпен ұрып, біресе талтүсте дүйім жұрттың, депутаттарымыздың көзінше телеарна операторымызды қозы өңгерген бөрідей сүйреп әкетіп жатқанда да бұны саясиландырудың қажеті жоқ деп басу айтты. Ал қазақтар қазір басқа емес, өзбектің шекарашы сарбаздарынан қорқатын болды. Егер шетелдік инвесторлардың компаниялары ауаны, суды, топырақты арамдап, аң-құстарымыз бен балықтарға шейін қырылып жатса да біздің басшылар мұны саясиландырмау керек деп басу айтады. Олар қасиетті Құранның басты қағидаларының бірі Төзімділік, Шыдамдылық дегеннің өзін еуропаландырып “толерантность” қылып алды. Оған да көндік. Бірақ әлгіндей саясиландырмауды сұрайтын кейбір саясаткерлер қазақтың “толерантностьсы” таусыла қалса (Құдай сақтасын!) саясатқа жүгінер ме екен, әлде әнебір кезде Аграрлық партия мүшелері айтқандай «күш қолданар ма екен?».

Мырзан Кенжебай