ХАЛЫҚ ӘРТІСІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

ХАЛЫҚ ӘРТІСІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

ХАЛЫҚ ӘРТІСІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
ашық дереккөзі

Биыл КСРО-ның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фарида Шәріпованың 70 жылдық мерейтойы әрі шығармашылық ғұмырының 50 жылдығы екен. Біртума актрисаның кино мен театр сахнасында сомдаған бейнесі – ел аузында, көрермен жүрегінде. Таяуда актрисаның өнерге қосқан сүбелі үлесі еленіп, айтулы мерейтой қарсаңында Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Фарида Шәріповаға «Форд-Мондео» жеңіл автокөлігінің кілтін табыс етті.

Белгілі өнер қайраткерінің қазақ киносы мен театрының дамуына қосқан үлесі бір төбе. Ол – жарты ғасырдан астам уақыт теле-көрермен мен театр көрерменінің сүйікті актрисасы болып келе жатқан өнер тарланы. Әкімшіліктің сыйына риза болған Халық әртісі: «Шығармашылығымның 50 жылдығы мен өмірімнің 70 жылдығы қарсаңында біздің еңбегімізді ескеріп, Иманғали Нұрғалиұлы үлкен ілтипат көрсетті. Алғысымды білдіремін. Бұл менің өзіме жасалған құрмет деп ойламаймын, бұл – өнеріме, театрға жасалған құрмет» – дейді. Белгілі актриса бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының қабырғасында қажымай еңбек етіп келеді. Фарида Шәріпованың әріптестері де, көрермендер де актрисаның сахнаның төрінде біртума кейіпкерлерді сомдап жүре береріне сенімді.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА