Жаңалықтар

ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?

ашық дереккөзі

ҚАРЖЫ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?

Өткен аптада Премьер министр Даниал Ахметов мемлекеттік тілді жүзеге асырудың алғышарттары туралы арнайы мәжіліс өткізді. Мәжілістен ұққанымыз, мемлекеттік тілді жүзеге асыру үшін балаларға арналған кітап-құралдарды көптеп шығарып, басқа тілді мектептерде қазақ тілінің пәндік сағатын көбейту қажет екен.

Бір қызығы, бұл әңгімені қазақтілді басылымдардың айтып келе жатқанына 15 жылдың жүзі болды. Алайда, оған құлақ асқан ешкім жоқ. Тілді шын мәнісінде қолданысқа енгізудің жолын енді ойлап тапқан сынды.

Кез-келген елдің тәжірибесінде мемлекеттік құндылықтарды жүзеге асыру – балабақшадан, қала берді мектептен басталатыны белгілі. Мектеп бітіруші әрбір жас қай мектепті бітіргеніне қарамастан сол елдің мемлекеттік тілінде сайрап тұруы керек. Алайда, бізде керісінше, тіпті қалалы жердегі қазақ мектептерінің түлектері мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінде еркін сөйлейді. Мұның сыры неде? Етің түгілі сүйегіңнен өткен орыстандыру идеясында. Біз осы орыстандыру идеясын санамыздан сылып тастай алмай жүрміз. Оған кім кінәлі, әрине, өзіміз.

Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді үйренуге ден қойған өзге ұлт өкілдерінің көлденең тарта беретін бір уәжі бар. Ол – «мен тілді үйренер едім, бірақ, мемлекеттік тілдегі оқу-құралдары мен қажетті методикалық әдістемелердің олқылығы салдарынан үйрене алмадым» деген сылтауды жиі естиміз. Шын мәнісінде солай ма?

Кейбір дерек көздеріне сенсек, қазақ тілін дамыту үшін 15 жыл ішінде бөлінген қаржы шаш етектен көрінеді. 2005 жылға дейінгі есепке жүгінсек, 108 миллион АҚШ доллары. Бірақ, бұл қаражат қайда кетті? Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін не істелінді? Ауыз толтырып айтар, көзге көрсетер ештеңе жоқ көрінеді. Биылдың өзінде Мәдениет, ақпарат министрлігі Тіл комитетіне 500 миллион теңге бөлінді. Келер жылға бөлінген қаржының көлемі 2 миллиард 700 миллионға жетпек. Алайда, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті бөлінген қаржыға дөңгелек үстелдер мен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып, термин сөздерді қалыптастырудың жолдарын іздеуден аса алмай отырған сынды.

Ең алдымен, қалалы жерлерде ата-аналар қазақ тіліндегі бала-бақшаларға зәру. Жекешелендіру жылдарында балабақшалардың көбі түкке тұрғысыз қаржыға сатылып кетіп, талан-таражға түскені белгілі. Тіпті, бір кездері балалардың күлкісі естілген үйлердің көбі соңғы жылдары діни секталар мен әлдебір миссионерлік ұйымдардың қолына көшті. Былтыр Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шахановтың депутаттық мәлімдемесінің арқасында біраз балабақша мемлекетке қайтарылды. Бірақ, бұл бүкілхалықтық сипат алмағандықтан, жақсы іс аяқсыз қалды. Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, еліміздегі балабақшаның саны 2,5 мыңның үстінде ғана көрінеді. Оның үштен бірі ғана қазақ тілінде. Демек, Премьер министрдің қазақ тілін дамыту үшін балабақшаларды көбірек ашуға мән беруінде осындай кілтипан жатыр.

Премьер министрдің мәселені балабақшадан бастау керек дегенінде ерекше мән бар. Туадан санасы қазақ боп тәрбиеленбеген бала өз ұлтының патриоты болады деу қиын. Сол себепті де мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің көзін тапқанымыз оңтайлы болар. Бұл тұрғыдан келгенде тағы да күмілжіп қаларымыз анық. Әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан бала санасына әсер ететін, ұлттық дүние-танымды кеңейтетін ештеңе жоқ. Оның үстіне балаларға арналған киножурналдар мен мультфильмдер, балалар киносы да көзден бұлбұл ұшты. Бүгінде балаларды тәрбиелейтін ең тиімді құрал – теледидар. Осы теледидарға ертеден кешке дейін телміріп отырып, қазақы сананы қалыптастыратын бірде-бір бағдарлама таба алмайсың. Балалар шығармашылығына қаражат та бөлінбейді. Балалар әдебиетіне қалам тербейтін қаламгерлер де жоқ. Соңғы жылдары «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі аясында көрерменге бір-екі мультфильм ұсынылды. Солардың ішінде қазақтың ұлттық бет-бейнесіне аса жақыны «Алдар Көсе және шайтандар» көп сериялы мультфильмі еді. Бірақ, ол әлі де теледидардан көрсетілген жоқ. Ал, «Қадырдың бақыты» және «Құйыршық» мультфильмдерінен өзге анимация жанрындағы жаңа туындыны біз әлі кездестірмедік. Жақында «Жас қазақ» апталығына сұхбат берген қазақ мультипликациясының атасы атанған Әмен Қайдар ағамыз «Көшпенділерге» бөлінген қаржының көлеміндей сома мультфильм түсіруге бөлінсе, балаларға арналған 120 мультфильм жарық көрер еді» деп ағынан жарылған екен. 18 мың теңге жалақы алатын режиссерлардың жаңа идеяға басы толы болса да, оны жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ. Демек, балалар әдебиетін дамыту үшін тікелей мемлекеттің көмегі қажет. Онсыз қолдан келер қайран жоқ. Үкімет етек-жеңін жиып, мемлекеттік тілдің жүзеге асуына енді көңіл бөліп жатқанда, біздің жас ұрпақ өзге идеологиямен сусындап, өзге тілдегі, өзге дін мен ділді насихаттайтын көрсетілімдерге ден қоюда. Демек, біз бір емес бірнеше ұрпақтан айрылу алдында тұрмыз.

Сондай-ақ, жыл сайынғы 200 мыңға жуық түлектің 60%-ы қазақ мектебін бітіретіндігіне қарамастан, қазақ мектептерінің де аздық етіп отырғаны белгілі. Әсіресе, мемлекеттік тілдегі мектептің жетіспеушілігі – қалалы жерлерде қатты байқалады. Біз бұл туралы бұған дейін де әлденеше рет жазған болатынбыз. Қазақ мектебінің көптігі жағынан алдыңғы қатарда тұрған Алматының өзінде ата-аналар балаларын оқытатын қазақ мектебін таппай жүреді. Көптеген мектептерде үш ауысыммен оқиды. Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов таяу жылдарда қалада 22 жаңа мектеп салынатындығын және оның барлығын қазақ тілінде болатындығын баян еткен. Әзірге Алматыда 36 қазақ мектебі бар. Республиканың басқа ірі қалаларындағы жағдай бұдан да төмен. Айталық, Астанада биылға дейін небәрі 9 қазақ мектебі бар болса, биыл оның қатары 4 мектеппен толыққан болатын. Келесі жылдан іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшкелі отырған Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында қазақ тілінде білім беретін 4-ақ мектеп бар. Біз мұндай тізімдерді әр мақаламызда келтіріп отырғанымызбен, алға жылжып кеткен ештеңе байқалмайды.

Премьер-министрдің өзгетілді мектептерде мемлекеттік тілдің сағатын көбейту туралы ұсынысы бүгінгі таңдағы ділгір мәселелердің бірі. Біз бұл туралы 2000 жылдан бері айтып келе жатқанымызбен, Білім және ғылым министрлігінің жылда ауысып жатқан басшыларының ешқайсысы ескермеген еді. Елбасының Қазақстан халықтары ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін, оны жүзеге асыруға кіріскен Үкімет «жерден жеті қоян тапқандай», бұл мәселені бүгін әңгіме етіп отыр. Кеңес Одағы кезінде бұратана халықты орыстандырудың негізгі құралы мектеп пен баспасөз болғаны айқын. Ресейдің орыстандыру саясатының тонын айналдырып киіп, оның бай тәжірибесін қазақтандыру үшін қолдануға неге болмасқа? Орыс тілі сол жылдары аптасына 25 сағат үйретілетін. Ал, қазақ тілі орыс мектептерінде небәрі аптасына 3 сағат үйретіледі. Бұдан бала не үйреніп шығады?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне бөлініп жатқан қаржының қомақты екендігін біз жоғарыда айтып өттік. Әрине, бұл қаржы біз мысал еткен мәселелердің шешілуі үшін жұғын да болмайтыны белгілі. Бірақ, елдегі жалғыз құзырлы мекеме осындай мәселелерге мұрындық болып, олардың жүзеге асуына ықпал жасаса, жөн болар еді.

Есенгүл Кәпқызы