Жаңалықтар

«ЖАҚСЫҒА ЖАРНАМА ҚАЖЕТ ЕМЕС», — дейдi белгiлi дирижер, композитор, ұстаз, ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi Жамағат ТЕМIРҒАЛИЕВ

ашық дереккөзі

«ЖАҚСЫҒА ЖАРНАМА ҚАЖЕТ ЕМЕС», — дейдi белгiлi дирижер, композитор, ұстаз, ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi Жамағат ТЕМIРҒАЛИЕВ

Күйшiлiк– қиын өнер. Қазақ халқының атадан балаға мирас болып қалатын қасиеттi өнерiн дамыту, мәңгiлiк мұра күйлердi қаз-қалпында бұзбай сақтау және халық арасында кең насихаттап, жаппай тарату мiндетiн жүзеге асыру екiнiң бiрi арқалай алмайтын ауыр жүк. ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi, композитор, белгiлi дирижер Жамағат Темiрғалиев осындай ауыр мiндеттi қабақ шытпай арқалап жүрген азаматтардың бiрi. Басқа басқа,кезiнде қазiргi әл-Фараби атандағы Қазақтың Ұлттық университетiнде халық аспаптар оркестрiнiң дирижерi әрi жетекшiсi болып, мыңдаған көркем өнерпаз студенттердiң кеудесiнде сұлу үн, әдемi әуенге сүйiспеншiлiгiн оятуының өзi елеулi еңбек.

— Жәке, бойыңыздағы дарын тамыры қайдан бастау алған деп ойлайсыз?

— Ол қанда бар қасиет деп түсiнем. Әкем Қапез домбыра шертетiн, шешем Қамар сырнай тартып, ән шырқайтын. Тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын дауысы бар тәп-тәуiр әншi болған. Олардың аржағында әйгiлi қобызшы Көтентәуiп — менiң нағашым.

— Қанда бар қабiлет бапталмаса, тұлабойда тұншыққан күйi қала беретiнi де бар ғой…

— Ойыңды түсiндiм. Бойыңдағы қабiлеттi өзiңнен бұрын айналаңдағылар бiрiншi көредi. Менiң талпынысымды ерте байқаған жанның бiрi марқұм ортаншы ағам – Жеңiс едi. Ол жетiншi сыныпта оқып жүргенiмде ноталық сауатымды ашты, артынан баян тартуды үйреттi. Жалпы ол ғана емес, Күләш, Зәукеш, Марат, Ғизат, Бекзат, Зияда секiлдi iнi — қарындастарым да өнер қонған жандар. Зәукеш Алматы музыкалық училищесiн, Марат Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бiтiрген. Осындай музыка десе iшкен асын жерге қоятын отбасының ықпал-әсерiмен 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына түстiм. Қазақстандағы музыкалық жоғары бiлiм беретiн ең үлкен ордада мен әйгiлi Латиф Хамиди, Базарбай Жұманиязов, Шамғон Қажығалиев, Иссидор Рыктан дәрiс алу бақытына ие болған жанмын. Оқуға, кәсiби мамандықтың қыр-сырына қанығуға жол ашқан ол ұстаздарыма алғысым шексiз. Бойдағы Алла сыйлаған қабiлеттi баптай бiлетiн сол тәлiмгерлер берген бiлiмнiң арқасында аспирантурада оқыдым. Одан кейiн П. Чайковский атындағы музыка училищесiнде тұңғыш қазақ халық аспаптар бөлiмiн аштым да соның меңгерушiсi болдым. Халық аспаптар оркестрiн ұйымдастырдым. Сабақ та бердiм. Сонымен бiрге әл-Фараби (ол кезде С.М.Киров) атындағы қазақ университетi Халық аспаптар оркестрiнiң дирижерi-жетекшiсi де болдым. Талант баптаудың қаншалықты қиын екенiн сонда түсiндiм… 1980 жылы өзiм тәлiм алған Құрманғазы атындағы консерваторияға шақырылдым…

— Үлкен оркестрлерге қай кезден дирижер бола бастадыңыз?

— 1986 жылы қазақ музыка өнерiнiң мәңгi сөнбес жарық жұлдызы Нұрғиса Тiлендиев ағамыз өзi басқаратын «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестрiне екiншi дирижерлiкке шақырды. Мен ол оркестрде Нұрағамен бiрге төрт жыл iстедiм…

— Төрт жыл — аз ба, көп пе?

— Санап көр. Төрт жыл дегенiң — 1460 күн 35040 сағат. Өнер адамының әр сәтi iзденiспен өтедi. Тiптi, тәулiктiң жартысы ғана өз кәсiбiңмен айналысуға арналды десең, төрт жылдағы 17520 сағат бiр адам үшiн аз емес, әрине. Ал Нұрағаңдай әр минуты — жанартау жандардың қасында төрт жылың төрт күндей де болмай қалады. Аз секiлдi көрiнетiнi сол. Бiрақ, маған Нұрағаң ғұмырыма жететiн тағылым үйреттi.

— Нұрағаң секiлдi өзiңiз де оркестр құрып көрдiңiз бе?

— «Отырар сазында» жүргенiмде Талдықорған облыстық әкiмшiлiгi қазақ халық аспаптар оркестрiн құруға шақырды. Бұл — 1990 жыл болатын. Тақыр жерге тары егуге келгендей күй кештiм. Менi сол кездегi облыс басшылары қолдаған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясынан жиырма шақты түлек шақырдық та, олардың бәрiне қажеттi қамқорлық жасадық. Тұрғын үймен де қамтамасыз еттiк. Жергiлiктi музыка училищелерiнен де талантты деген шәкiрттердi жұмысқа алдық. Сол оркестрмен Орта Азия елдерiне, Түркияға, басқа да алыс-жақын шетелдерге шығып, ұлт мәдениетiнiң мәртебесiн көтерiп қайтқанбыз. Мұның алдында Алматы облыстық филармониясының жанынан «Адырна», «Алтынай» атты ансамбльдердi құруға белсене кiрiсiп, олар да республикамызға да, шетелдерге де танымал болған едi…

— Сiздi ел дарынды дирижер санатында жақсы бiледi. Ал, талай күй-толғаулар мен әндердiң авторы екендiгiңiздi екiнiң бiрi бiле бермейдi…

— Жалпы мен жарнамамен жария болуды жаным қаламайтын адаммын. «Бүйтiп жатырмын, сөйтiп едiм» деп мақтанғанды да суқаным сүймейдi. Елге қалтқысыз еңбек етудi ғана күйттеп жүрген адаммын. Әрине «iштен шыққан шұбар жылан» болған соң еңбегiңдi жалпы жұрттың танып, бiлiп жатқанына не жетсiн. Мысалы, оркестрге арнайы жазылған «Күйдастан», «Ауыл кешi», «Балдәурен», «Шұбарағаш», «Ойжайлау», «Назерке», «Бабалар үнi», «Сынтас» деген күйлерiм мен «Сағындым ауылымды», «Айдыннан ұшқан аққулар», «Ауылым алыс қалғаны-ай», «Мұқан аға», «Алматы вальсi» деген әндерiм — музыканттар тарапынан да, тыңдаушылардан да жылы баға алған шығармалар. Республика ауқымында тартылып та, айтылып та жүр. Ал олардың соңында жүрiп насихаттауға менiң уақытым да, қаржым да жетпейдi, оның үстiне «өзiмдiкi дегенде өгiз қара күшiм бар» деген мәтел маған айтылмаған-ау…

— Атақ, қызмет, ақша қуып көрдiңiз бе?

— Күйдi халық автордың атағына, қызметiне, ақшасына қарап таңдамайды. Бұл — менiң бала күннен түсiнген шындығым. Сондықтан да ол үшеуiнiң соңына түскен емеспiн.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сағат САБЫРБЕК