Жаңалықтар

ОТБАСЫНА ИЕ БОЛ!

ашық дереккөзі

ОТБАСЫНА ИЕ БОЛ!

Тiреуi мықты қараша үйдi дауыл құлатпайды. Азаматтарымыз мықты болса, ел азбайды. Бiздiң бала кезiмiзде нағашы атамыз биесiн ерттеп мiнiп, бiр күндiк жол жүрiп, ауылға, бiздiң үйге келетiн. Балалар үшiн ол күн – үлкен мереке. Үлкен кiсiлер де қауқылдасып, атама келiп сәлем берiп, бiр самауыр шайды әңгiмелесiп отырып iшетiн. «О, бәрекелдi, Әбдiрахман құда келген екен ғой» деп, бiздiң ауылдың екi-үш шалы келедi. «Ассалаумағалейкум» деп амандасқандарының өзiнде бiр-бiрлерiне деген құрмет байқалады.

– Балалардың жағдайын бiлiп кетейiн деп келдiм, оның үстiне ел жақсылары құдалар сiздермен көрiсiп қайтайын деген ой болды, қалайсыздар, бақуатсыздар ма, мал-жан аман ба? – дейдi менiң нағашы атам.

– Жақсы-ы, – деп, даусын созып, бiздiң қарттар амандық-есендiк сұрайды.

Иықтарында орамал, қолдарында құмған суы бар ағаларымыз үлкен кiсiлердiң қолдарына су құяды, үлкен кiсiлер батасын бередi. Екi сөздерiнiң бiрiнде «құдайға шүкiр, тәубе» деп отырып, бiр-бiрлерiнен екi жақтың бар жанұясының амандығын сұрап-бiлiп, өткенге иман айтып, болғандарының жақсылығына «жақсы болған» екен десiп отырғаны.

Жиендерiнiң малдарының қомдылығын, жем-шөптерiнiң жетер-жетпесiн, қора-қопсының жай-күйiн, тiптi, қашаның бүтiндiгi мен аула тазалығына дейiн қарап, тексерiп шығады. Кешке бәрiнiң бастары қосылғанда көргенiн, байқағанын сабырлы қалпымен, қоңыр үнiмен салмақтап айтады.

– Малдарың азбапты, үнемдесеңдер жем-шөптерiң де жетiп қалатын сияқты. Iшкi қораларың қойға тар болып тұр. Қозылы қойларды бөлек қамаңдар, бөлек ас-су берiңдер. Қозыларын емiзедi ғой, обал болмасын. Күндiз сыртқы қораға қамаңдар, мал екеш мал да кеңдiктi, еркiн қозғалғанды жақсы көредi. Қашаларың күзде келгенде қисайып тұр едi, үнемi еңкейiп тұрған жақсы ма, әлде еңсеңдi көтерiп тiк тұрғаның жақсы ма? Әкел, балта, шеге әкел, — деп, азамат болған менiң әкемдi жұмсайды. Әкемiз ол кiсiнiң алдында жас баладай құрақ ұшады. «Болды ата, қазiр өзiм-ақ, жөндеп тастаймын» деп, атамды үйге кiргiзiп жiберiп, атам шыққанша жап-жақсы етiп жөндеп қоятын. Атам тағы жиендерiне: «Сендер соқталдай азаматсыңдар ғой, анау Омаш ақсақалдың отыны (көмiрi) далада жатыр, iшке тасып кiргiзуге өзiнiң де, кемпiрiнiң де қауқары жоқ. Ертең күн аязда, жаңбыр, қар жауса қатып қалады ғой. Қарақтарым, барып тасып тастаңдар, үлкен кiсi батасын бередi. Сұм соғыс балаларын жұтпаса, олар да сендер құсап арқа-жарқа болып отырар едi», — деп, Омаш атам туралы жақсы-жақсы естелiк әңгiмелерiн айтып бередi. Атам асықпай бiздiң үйде үш-төрт күн жатып, бiздiң ауылда тұратын өзiмен тетелес әпкесiнiң үйiне барып, ол үйдiң де қуанышын көбейтiп, қайтарында үйге соғып, бiр самауыр шайын iшiп, қайыр-қош айтысып кететiн. Бiздер ол кiсi ұзап кеткенше артынан қарап тұратын едiк. Бұрылысқа барғанда атам артына қарамай-ақ, бiздiң қарап тұрғанымызды сезiп қамшысын жоғары бiр көтерiп, қоштасатын.

Атам келiп кеткен соң бiздiң үйдiң адамдары басқаша өмiр сүретiн сияқты болып көрiнетiн. Атам сонда бәрiмiзге бiр жылылық, ынтымақ-береке сыйлап, жауапкершiлiк жүктеп кететiн. Басқаша өмiр дегенiм осыған байланысты сияқты. Ол ауыл адамдарына, жоқ-жiтiк ағайындарға көмектесудi аманаттап тапсырып кетедi. Апам болсын, анам болсын: «әнеукүнгi аталарыңның сөзiн ұмыттыңдар ма, барыңдар көмектесiңдер, отынын тасы, шөбiн шауып, жинап берiңдер» деген нақты тапсырмалармен жұмсайды. Сонысымен қоймай, «атаңа, апаңа апарып бер» деп, шайын, жылы-жұмсағын берiп жатады.

Бұл жағдай – тек бiздiң үйдегi жағдай емес, барлық ауылдың дәстүрi. Тентегiн тезге салып, жетпегенiн жеткiзiп, бiр-бiрiнiң жағдайын бiлiсiп жүргендiктен ауыл iшi берекелi болатын. «Көппен бiтетiн жұмыс» деп, асарлатып қыш құйып, үй соғып, қыз-келiншектер ақтап, сылап, бiр қазаннан ас iшiп, мәз-мейрам болып жатушы едi. Ол кездегi ер азаматтар салиқалы да салмақты болатын. Олардың мысы басып тұратын. Ауылдың бала-шаға, қатын-қалашы ол кiсiлердiң алдында артық қимыл жасауға қорқып, сындырған нандай сызылып тұрушы едi.

Ал қазiр қандаймыз? Ер азаматтардың сол мысы, абыройы қайда? Ел қайда, ер қайда?.. Ел бiрлiгiн, ұрпақтың болашағын ойлай ма? Әй, қайдам. Күнi түскенге құрдай жорғалап, «Бәке, Сәке» деп, көпшiк қойып, өзiнен жасы кiшi бастықсымағының алды-артын орап, жалпақтап жату, «дұрыс, дұрыс айттыңыз, дұрыс iстедiңiз» деп өтiрiк марапаттау бәрiмiздiң тегiн көрiп жүрген концертiмiз емес пе? «Құрсын, не болса, ол болсын, өзiм жұмысымнан айырылып қалмасам болғаны, бала-шағамды асырап отырмын ғой» деп, көлеңкесiнен қорқып, қарабасының қамын ғана ойлаған азаматтардың басына ел қамын ойлау қайдан сыйсын? Ал өзi бастық болған адам кешегi өмiрiн мүлдем ұмытқан, бүгiн одан асқан кiсi жоқ. Онша-мұнша адамдарды танымай да қалған. Сәлемiңдi алмай, немесе аузын жыбырлатып қана, көрсе де көрмегендей, саған сәлем берсе, тағынан түсiп қалардай болып қалады. Ал сенiң қасыңда лауазымды адам болса, сенiң соған жақындығыңды бiлсе, кешегi амандаспағаны есiнде жоқ, ана төреге жағымпаздану үшiн сенi хан көтеруi оп-оңай. Қайран ағаларым-ай… Сiздер қарабастарыңыздан аспай, жұдырықтай жұтқыншақтарыңызды тойдыра алмай, кiшiнi менсiнбей, қария-дарияларымызға қарамай кеткен соң, қараусыз қалған Қазақ – Үй тозбағанда қайтсiн? Ағадан тағылым алмаған ұрпақтың азбағанда несi қалады? Жұмыссыз, мейiрiмсiз қалған қарындас көшеге шықпағанда қайтедi? Не қалды? Арымызды аздырып, бетiмiзге шiркеу болып, ата-анасының қасiретiне айналған ұрпақтан ұрпақ көбейе ме? Ол көктей ме? Адам атына лайық өмiр сүре ала ма?

Қараңыздаршы, дүние екi жарылып тұр. Ақшасы барлар, ақшасы жоқтар болып. Барларының барлықтан бастары айналып, дүниенi қайда шашарларын бiлмей, түнгi клуб, ойынханаларда «адам салып» ойнайтын дәрежеге жеттi. Қыз дегенiңiз қолдан-қолға таратып ойнайтын карта сияқты құралға айналды. Азған ұл, азған қызда ұлт деген ұғым,тiл деген түсiнiк жоқ.

Ақшасыздар не iстеп жүр? Шамасы келгенi базарда арба тасып жүр, ептiлерi ұрлық жасап жүр, епсiздерi байлардың қарауылы, есiк алдын сыпырушы болып жүр.

Зиялы қауым «Сен тимесең мен тиме бадырақ көз» деген принциппен өмiр сүрiп жатыр. Шолақ белсендi, шаш ал десе бас алатын әпербақан басшы «зиялыларымызды» жерден алып, жерге салып жатса да, басынан сөз асырып, ар-намысына тиiп, жұрт алдында бес жасар балаға ұрысқандай айғайласа да, бiздiң ағаларымыз жұмған аузын ашпай отыра бередi.

Сонда не болдық? Қандай күйге душар болдық? Үлгi етер үлкен қалмаса, ұрпақ не болды?

«Елжанды болып, тiл мен дiлiмiздi түгендеп жүрген кейбiр азаматтардың сөзi мен iсi Жер шарының екi полюсiнде. Мысалы «қазақ тiлi» деп, соның нанын жеп жүрген ағаларымыздың балалары қазақша бiлмейдi, немерелерiмен өздерi орысша сөйлеседi. Бiреудiң мiнiн тауып жатады өз қылмысы, өз мiнi тасып-төгiлiп жатады. Айта берсең, тауыспайсың.

Аттың басын бұрып отырмасаң, сауырынан анда-санда қамшымен қағып отырмасаң, барар жерiңе ат та апармайды ғой, сол сияқты азаматтарымыз елiнiң тiзгiнiн қолына алып, оңға жол салмаса, елдiгiмiзден айрылып, адасып қалмасымызға кiм кепiл? Қарындас қауым ел өздерiңiзге қарап отыр.

Ер азаматтар, ел-жұртыңыз Сiздер өмiрге келгенде, «қамшыгер келдi, батыр келдi, елiн, жерiн қорғайтын жауынгер келдi» деп қуанбап па едi? Азаматтар, елiңдi иесiз қалдырма! Бейбастыққа жол бермеңiздер, ол үшiн өздерiңiз шын үлгi бола бiлiңiздер. Қоғамдағы тыйым салатын нәрселерге алаңдамай тыйым салу керек. Көшедегi кiндiгiн ашып жүрген, темекiнi будақтатып, арақты тартынбай iшiп жүрген қыздар аспаннан түскен жоқ, сiздер мен бiздердiң балаларымыз. Той-жиында жартылай жалаңаш билеп, бөкселерiмен ер азаматтардың иығынан соғып, ақша дәметiп тұратын қыздар да бөтен емес. Немерелерiндей жас балалардың омырауын ашып немесе мықынына ақша салып жатқан ер азаматтардың әрекеттерi қандай сұрықсыз, жиiркенiштi десеңiзшi. Қазақ «қарамасаң қатын кетедi» дейдi. Егер сiздер сондай қыздарға қарамасаңыздар, екiншi рет олар дәл солай билемес едi.

Қарап тұрсақ, беттi басар дүние көп-ау… Әйел баласы үшiн құт мекен, мешiтхана өзiнiң үйi емес пе? Қазiр кiм көп, тәуiп көп. Сол тәуiп болған әйелдердiң бәрi жасақ жинағандай, қастарына ауруды да, сауды да ертiп, аруақтардың басына тоқтаусыз саяхат жасайды. Ол қайдан келген дәстүр? «Аруақтарымыз маза бермей, аруақ айтты» деп, сайрай жөнелгенде сау адам жынды болып кетедi. Апталап, айлап үйiнде, бала-шағасының қасында болмау деген ар алдында қылмыс. Үйiнiң iшiн құт-берекеге толтырып, балаларына ыстық тамақ, жылы сөзiн айтып отырудың орнына ел кезiп, тентiреп жүру деген мүлде қисынсыз дүние. Қасиеттерi бар шығар, Алланың ерекшелеген өнерi бар шығар, бар болса, Аллаға алғысын жаудырып, өз босағасында отырсын. Байқап тұрсақ, бұл да ұрпақ алдындағы жауапсыздығымыз. Отбасында ер адам бас көтермеген соң, әйел қайда барарын өзi бiлетiн болады да.

Аға-бауырлар,сiздерге ақыл айтып, елге көрiнейiн деген ой жоқ. Ана болған соң, ұстаз болған соң ұрпақ тағдырын ойламай отыра алмайды екенсiң. Ат-атағы бар ағаларымыз, бауырларымыз баспасөз бетiнде бетжыртысып жатқанда, қасиетiмiздi, ұлық аналарымызды қаралап жатқанда, «тозған қазды топтанған қарға жейтiнiн» сезгенде қара жер қара қайғыны көтере алмай қалар ма екен деп ойлайсың.

Сөзiмiздiң басын нағашы атамның әрекетiнен бастап едiм,соған қайта оралайын.

Азаматтар – елдiң тiрегi, қорғаушысы, қалқаны. Олар түзелмей ел түзелмейдi. «Елiм» деп шын мейiрленетiн азаматтар ел тауқыметiн шешпейiнше, ел-жер көктемейдi. Жер бетiнiң байлығы мал да емес, дүние де емес, Адам. Бiр-бiрлерiмiздiң қадiрiмiздi бiлiп, бауыр жүрекпен, тiлекпен, сәлемдi түзу берiп, түзу алып жүргенге не жетсiн. Қаумалаған қарапайым бауырларыңды, олардың дариядай дархан көңiлiн түкке тұрмайтын, кеудесi бос кеуек бөтендерге айырбастамасаңыздар еттi. Басыңа күн туып, балтырың сыздаса, терiс қарамайтын, өкпеге қиса да, өлiмге қимайтын сол ағайының болады.

Бұрынғы ата жолын бәрiңiз көргенсiздер, менiң нағашы атамдай кемеңгер бәрiңiзде болды. Ол кiсiлердiң салып берген жолына қайта түсейiк, адассақ, қайта айналып табайық. «Сәлем бергелi келдiм, қарғам, елден шыққан азаматтың бiрiсiң ғой, атбасын әдейi бұрып келдiм» десе, «аға, iнiңiзбiн ғой, қарындасыңызбын ғой, пәленшенiң баласымын ғой» деп келсе, кiсi болмай кiшi болыңыздар.

Қалада жүрген зиялы қауым,бәрiмiздiң шыққан жерiмiз – Ауыл-Кiндiк. Ол – бiздiң тамырымыз. Тамырымыз қураса, жапырағымыз солып, күндердiң күнiнде бәйтерек боп аспан тiреп тұрған өзiңiздiң құламасыңызға кiм кепiл?

Ауылдың суы тартылса, жаныңның ағзасы кеппей ме? Ауылға тiршiлiк көзiн, рухани жан азығын сыйлайық. Ел азаматтары жиналып, ақылдасып, бiрлесе көмек көрсетейiк, «жұмыла көтерген жүк жеңiл» деген едi ғой бабаларымыз.

Ел азаматтары, қоғамда өрiс алып бара жатқан, сүйегiмiзге таңба салатын, дәстүрiмiзге жат жастардың азғындауына шара қолданып, тыйым салу керек. Тәрбие мәселесiн шындап ел болып қолға алуымыз керек. Ертең бәрi кеш болады.

Елдегi ағайын-жұрт, сiздер де бұрынғы ата-баба дәстүрiн қалпына келтiрiп, үдере ауылды тастап көшпей, барды ұқсатып, жоқты жасап, балаларыңызға туған жердiң қадiр-қасиетiн ұқтырып, Абай дананың: «Өзiңе сен өзiңдi алып шығар, еңбегiң мен бiлiмiң екi жақтап» деген өсиетiмен тiрлiк етсеңiздер екен. Ауыл-қазынамыз сақталса екен деген тiлек.

Қайдан шыққан данагөй демеңiздер, мен де елдiң баласымын. Халқымды, туғандарымды, аулымды жанымдай жақсы көремiн

Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ