Жаңалықтар

«ЖАҢА» ҰРПАҚ ЖАРНАМАДАН НЕ ҰҒАДЫ?

ашық дереккөзі

«ЖАҢА» ҰРПАҚ ЖАРНАМАДАН НЕ ҰҒАДЫ?

Алматыны бiр шарлап шықсаңыз, небiр жарнамаларды оқып, қайран қаласың. Кейбiрiнiң қазақша аудармасы ерiксiз езу тартқызады. Ал ендiгiсi кеудеңе ашу-ыза тудырып, қаныңды қарайтпай қоймайды.

Неге екенi белгiсiз, қала көшелерiнде алкогольдi iшiмдiк пен темекiнi жарнамалауға келгенде алдыға жан салмайды. Тiптi, кейбiр сыра атауын ұялмай, қызармай «алкогольсiз» деген тiркеспен толықтыра түседi. «Сыра-арақтың iнiсi» демекшi, ол да кәдуiлгi спирттi iшiмдiк. Оны ендi келiп «алькогольсiз» деп әспеттеудiң қажетi шамалы. Керек десеңiз, дәл осыны билбордтан көрiп оқыған жасөспiрiм де солай ұғады. Бұл кiмдi алдап-арбау, айтыңызшы?! Әдетте бiр затты жарнамаласа, оның бәрiн жақсы деп қабылдау асылық. Адам кез-келген жарнамадан өзiне қажеттiсiн ғана алады. Айта берсек, барлық iс-қағаздары қазақ тiлiне көшiп жатқан Алматы қаласының жарнамасы толық қазақшаландырылды деуге ауыз бармайды. Өзiңiз де, күнделiктi ары-берi қозғалыста жүрген болсаңыз, мына бiр жарнамаларды көзiңiз шалған да болар. Мәселен, «Первак – әр үйде тұру қажет» немесе «Бiреуi әрқашан да аз» дегеннен не ұғасыз? Әрине, бұл жаңағы спирттi iшiмдiктi шаң жұқтырмай жарнамалау әдiсiнiң амал-айласы. Алайда, ықылым заманда атам қазақтың әр үйiнде арақ тұрды ма екен, тiптi, ұрпағына сондай тәрбие бердi ме?! Жоқ. Бәрiмiзге белгiлi, ол уақытта әр үйдiң сабасында ақтан жасалған: қымыз, шұбат, айран сынды дәмдi сусын көлкiлдейтiн. Соны бiле тұра, қалада өсiп жатқан «жаңа» ұрпаққа айдаладағы орекеңдердiң негiзгi сусынын барынша мадақтаймыз кеп. Ау, өзiмiздiң қымыз, шұбат, айран, құрт-iрiмшiгiмiздi неге жарнамаламасқа?! Әрбiрден соң, бұлардың қай-қайсысының болсын, денсаулыққа тигiзер пайдасы мол. Әлде, ұлттық дәм-тағамды жарнамалауға арнайы тыйым салынған ба?!

Ал «Бiреуi әрқашан да аз» деген жарнамаға тоқталсақ, бұл да сорақының көкесi. Қарасаңыз, әлгi сыраның қасына үш шашы жалбыраған қызды қоса қойған да, «Бiреуi әрқашан да аз» деп сөзбен келiстiргенсымақ болған. Бұл ненi меңзейдi?! Бiр қырынан қарағанда, әрине, бiр бөтелке сыраға масая қоймайтыныңыз анық, сондықтан да бiреуi аз деген мағынаға саяды. Түбiне үңiле бойлап қарасаңыз, бұл арандатушы жарнаманың екiншi жағы бар. Бұл тағы да осы iшiмдiксiз өмiр сүре алмайтын еркек кiндiктiлерге арналғандай. Айталық, өзi де түрлi шытырманға толы өмiрде көп әйел алушылық пен көңiлдес ұстайтын ер азаматтар пайда бола бастады. Әлбетте, мұндай отбасының қандай жағдайда да жетiсiп отырғанын көргенiмiз жоқ. Бiрiнiң отбасы ойрандалып, шаңырағы ортасына түсiп жатса, бәзбiреуiнiң бала-шағасы психологиялық жағынан тоқырауға ұшырайды. Мұның бәрi айналып келгенде, отбасының жазылмас үлкен проблемасына айналады. Менiңше, бұл жарнаманың астарында осындай жаман пиғыл жатқан сияқты. Құдды ер азаматтарға «Айналайын-ау, бiреуi әрқашан да аз, үш әйел алсаң әңгiме басқаша» деген сасық ойды меңзеп тұр ма дерсiң. Солай ұқты ма екен, бiрде үн-түнсiз отырған көлiк жүргiзушiсi де осы жарнаманы дауыстап оқыды да, дереу езуiне күлкiнi үйiрiп әкелiп, «дұрыс айтады» деп миығынан күлiп қойды. Сонда бұл жарнама қандай тәрбие бередi?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ