Жаңалықтар

СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТТАР ҰЛТ МӘСЕЛЕСIНЕ МОЙЫН БҰРДЫ

ашық дереккөзі

СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТТАР ҰЛТ МӘСЕЛЕСIНЕ МОЙЫН БҰРДЫ

Жармахан Тұяқбай бастаған саясаткерлер ұлт мәселесiне мойын бұрды. Оның әлi тiркелiп үлгiрмеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы «Қазақ ұлтының қайта өрлеу бағдарламасын» қабылдамақ. Шынын айту керек, Қазақстанның саяси аренасында жүргендердiң бас қатырар мәселесi көп. Бiрақ, сол мәселелердiң iшiнде қазақ ұлтының мұң-мұқтажына мүлде орын жоқ. Шетелдiктердiң таяғының астында қалып, өз жерiнде есiк аузындағы малайдай күн көрiп жүрген қазақтың мәселесiн, айдың-күннiң аманында үйi бұзылып, баспанасыз қалатын осы елдiң негiзгi халқының ахуалын, күнделiктi өмiрде өз статусын ала алмай жүрген қазақ тiлiнiң мүшкiл жағдайын саясаткерлер көрiп тұрса да, көрмегендей кейiп танытады. Тiптi, «Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкiлдерi тұрады» деп, қазақ халқының жолын жасанды түрде көлегейлейтiн билiктi былай қойғанда, оппозиция өкiлдерi де сайлау кампаниясы жақындағанда, өзге ұлт өкiлдерiнiң ыңғайына жығылып қоя бередi. Екi ортада осы жердiң иесi де киесi де қазақ ескерусiз қалады. Малайзияда малай ұлтының мерейiн көтерiп тастаған Махатхир Мохаммад: «Бұл жердiң көк аспанынан қара жерiне дейiнгi игiлiк малай халқы үшiн қызмет етуi керек» деп бастама көтерiп, есiк аузында жүрген малай халқының басын төрге жеткiзген едi. Бiзде әзiрше бәрi де керiсiнше. Сондықтан да болар, Жармахан Тұяқбайдың «Қазақ ұлты бәрiне шыдайтын көнбiс халық деп, оның мұң-мұқтажына, мемлекеттiк орнына немқұрайлы қарауға, онымен ойнауға болмайды. Қазақтың тегеурiн күшi, оның алып әлеуетi билiктiң бүгiн мақтан ететiн тұрақтылығының быт-шытын шығаруы мүмкiн. Оны болдырмаудың жолы қазақ ұлтына оның елдeгi жоғары мәртебелi орнын қайта беру. Қазақ тыныш болса, басқалар да тыныш болады. Ал қазақ қозғалса, тұрақтылықтан түк қалмайды» дегенiн қолдамасқа амалымыз жоқ.

Қандайда бiр ұлттың өз жерiнде бейшараның күйiн кешуi жақсылыққа апармайды. Өз ұлтымызды жерге тығып, өзгелердi ұлықтaу жергiлiктi халықтың шымбайына тиерi сөзсiз.

Өткен ғасырдың соңында орын алған Жаңаөзен оқиғасы сол жағдайдың дәлелi шығар. Бiрақ, ол оқиғадан билiк сабақ алмапты. Күнi кеше Теңiз кенiшiнде болған қазақ пен түрiк арасындағы қақтығыс бүгiнгi билiктiң ұстанған саясатының «жемiсi». Егер, билiк қазiргi саясатын өзгертпесе, ертеңгi күнi өзге ұлт өкiлдерiмен арада да қақтығыстарды күтуге болады. Айтпақшы, Жармахан Тұяқбай қазақ ұлтшылдарын жинап осы қазақ ұлтының қайта өрлеу бағдарламасына қатысты ұсыныс-тiлектердi ортаға салып отырғанда, жиналғандардың бiрi «Ұйғыр ауданында ұйғырлар мен қазақтардың арасында қақтығыс орнапты. Ұйғырлар қазақтарға: «жер бiздiкi» деп қоқан-лоққы жасағанға ұқсайды. Бұған шамданған қазақтар көтерiлiп, тiптi Нарынқол жағынан қазақтар атқа мiнiп келiптi» дейдi. Бұл оқиғаның қалай өрбiгенi кейiннен анықтала жатар. Бiрақ, сабақ алатын нәрсе бiреу: қазақтар ұйғырлардың қоқан-лоққысына төзбеген.

Жармахан Тұяқбай айтады: «Елде 4 миллионнан астам адам кедейшiлiк қамытын киiп отыр. Кейбiр ауылдық жерлерде кедейшiлiктiң көрсеткiшi 80 пайыздан асып кетедi. Ал құрт ауруымен ауыратындардың саны соңғы 5 жылда 81, 5 пайызға өскен. Жүктi әйелдердiң 55 пайызы денсаулығының нашар болуы себептi, өмiрге ауру балаларды алып келедi. Ал бұл мәселелер негiзiнен қазақ халқын жанап өткен.

Қазақ халқының жағдайын қазiр шешiп алмаса, ертеңгi күнi билiктiң бүгiнгi «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған жүйесi» көзден бұл-бұл ұшады.

Жармахан Тұяқбай мұны билiктен кеткеннен кейiн аңдапты. Кеш те болса… Ұлт мәселесiн түсiну үшiн билiктегiлерге көшеде жүрiп қайту керек сияқты…

Гүлнәр Мұқанова