Жаңалықтар

ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ LATIN ӘРПIНЕ ҚАРСЫ ЕМЕС, АСЫҒЫСТЫҚ ЖАСАУҒА ҚАРСЫ

ашық дереккөзі

ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ LATIN ӘРПIНЕ ҚАРСЫ ЕМЕС, АСЫҒЫСТЫҚ ЖАСАУҒА ҚАРСЫ

Таяуда ұлт патриоттары «Политон» клубында бас қосып, қазақ тiлiнiң кирилл әрпiнен латын әлiпбиiне көшу мәселесiн талқылады. Бiрқатар орыстiлдi ақпарат құралдары: «Қазақ зиялыларының өздерi латын әрпiне қарсы» деген сыңайда ақпар таратса да, шынтуайтына келгенде, ұлт патриоттары «асығыстық – шайтанның iсi» дегендi ғана меңзеп отыр.

«Түптiң түбiнде түркi тiлдес халықтардың көшiнен қалмай, латын әлiпбиiне көшу керек». Ұлт зиялыларының басым көпшiлiгi осыны қолдайды. Бiрақ «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм де, белгiлi саясаткер Ғалымжан Жақиянов та латын әрпiне көшуге әлi де ертерек деген пiкiрде. Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, латын әрпiне көшудi сонау 90-шы жылдардың басында, яғни көршiлес Өзбекстан әлiпбиiн өзгертiп жатқан кезде бастау керек едi. Ал, елiмiз қазiр латын әлiпбиiне көшсе, халықтың көбi сауатсыз болып қалуы мүмкiн. Дегенмен, жиында кирилл әрпiнiң сақталуын қолдайтын азаматтар да табылыпты. Мәселен, бiрқатар азаматтар бүкiл мәдениетiмiз бен жазуымыздың кирилл әрпiнде қалғанын алға тартқан. Ал, үшiншi топ, тiптен, көне түркi жазуы – Орхон-Енисей жазуын қайта қалпына келтiру мәселесiн көтерген. Бұл орайда белгiлi азаматтар Аманқос Мектептегi мен Эрнст Төреханов 2000 жылдық тарихы бар иврит жазуын еврейлердiң қайта қалпына келтiргенiн алға тартып отыр. Десек те, зиялылардың басым бөлiгi ерте ме, кеш пе, әйтеуiр, латын әлiпбиiне көшудi қолдаған.

Бiр айта кетерлiгi, жиында Ғалымжан Жақияновтың пiкiрi жиналған жұртты елең еткiздi. Өз сөзiнде саясаткер: «Әрiп мәселесiнде мына нәрсенi естен шығармау керек. Әрiптiң артында дiн тұр. Мәселен, араб әрпiнiң артында – ислам дiнi, кирилл әрпiнiң артында – христиан дiнi, латын әрпiнiң артында – протестанттық дiн. Осыған мән беру керек. Бұл – дiндердiң ойыны» – деп, үлкен мәселе көтердi. «Елiмiзде күллi дiндер мен ағымдарды тоғыстырудың ар жағында үлкен саясат, батыстық идеологияның ықпалы жатқан жоқ па?» – дейдi, саясаткер. Шынымен-ақ, бұл да ойланатын жәйт.

«Таным» пiкiр-сайыс клубының жетекшiсi Жұмаш Кенебай латын әлiпбиiнiң енгiзiлуiн сонау 90-шы жылдардың басынан берi көтерiп келе жатқанын айтады. «Бүгiнде түркi әлемiнiң басым бөлiгi латын әлiпбиiне көшкен. Бiз де түркiлердiң ортақ жазуына келуiмiз керек» – деген пiкiрде.

Бiр қуанарлығы, әдетте орыс тiлiнде пiкiр-сайыстарды жиi өткiзетiн «Политон» клубы соңғы кездерi қазақ тiлiне де бетбұрып жатқандай. Мұндай оңды бетбұрыстың себебiн Жұмаш Кенебайдан сұрағанымызда, ол: «Негiзiнен бiз «Политонды» жалға алып отырмыз. «Политонның» адамы емеспiз. Басты мақсатымыз – осынау жерге ұлт зиялыларын тартып, қазақша пiкiр-сайыс өткiзу. Өткенде Желтоқсан мәселесiне қатысты дөңгелек үстөл өткiздiк. Алдағы уақытта да қазақ ұлтына қатысты өзектi мәселелердi «Таным» пiкiр-сайыс клубының аясында «Политон» орталығында көтермекпiз» – дейдi. Әйтеуiр, орыс тiлiнiң табаны тиген жерлерге қазақ тiлiнiң де бiртiндеп аяқ басып жатқаны қуантарлық жәйт. Бұл да мемлекеттiк тiлдiң дамуына өзiндiк сеп боларлық дүние.

Аталған пiкiр-сайыс клубында ұлт патриоттары тiлдi мемлекеттiк идеологиямен сабақтастырып сөйледi. Тiл ұлттық идеяға айналуы үшiн жан-жақты әрi күллi салалар бойынша дамуы керек. Зиялылар осындай терең оймен пiкiр-сайысты түйiндедi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА