Жаңалықтар

Арман ҚАНИ: КЕРЕКУ ОҢIРIНЕ ҚАЗАҚ БАЛА-БАҚШАЛАРЫ ЖЕТIСПЕЙДI

ашық дереккөзі

Арман ҚАНИ: КЕРЕКУ ОҢIРIНЕ ҚАЗАҚ БАЛА-БАҚШАЛАРЫ ЖЕТIСПЕЙДI

Павлодар облысының ақпараттық кеңiстiгiнде өзiндiк «ақпараттық шайқас» болып тұрады. Даудың бiр жағында – орыс-славян ұйымдары мен қалталы азаматтардың қолшоқпары боп жүрген жергiлiктi өзге тiлдi газеттер болса, екiншi жағындағы – ұлттық мәселелердi көтерiп жүрген қазақ басылымдары екен. Өңiрдегi өзге тiлдi басылымдардың азғыруына шыдамаған ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi, «Ертiс дидары» газетiнiң редакторы Арман Қани өз қаржысына «Ой» басылымын шығарыпты. «Кереку» атауын мазаққа айналдырып, iс-қағаздарының мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуiне қарсы боп жүргендерге Арман Қани осынау басылым арқылы тойтарыс берiп жүр екен.

– Аға, негiзiнен солтүстiк Қазақстанға қатысты бұрыннан қалыптасқан түсiнiк бар. «Солтүстiкте орыстар көп, ұлт мәселесiн мұнда айтуға әлi ерте» деген сыңайлы… Бiрақ бiздiң мұнда байқағанымыз, солтүстiкте қазақтың да саны артқан. Байбаламшыл бiр-екi славян ұйымынан басқа орыс халқының өкiлдерi мұндағы тiлдiк саясатқа да иланатын сияқты. Яки, ұлт мәселесiн шешудiң уақыты келдi емес пе?!

– Өз басым 1969 жылдан бастап, қазiргi қала, көше, дүкен атауларын қазақшаға ауыстыру мәселесiн көтерiп келе жатырмын. Бұл мақсатта әдейi «Кереку» деген газет аштық, сондай-ақ, облыстық «Қазақ тiлi» қоғамының «Ертiс дидары», «Ой» деген газеттерi бар. Осы басылымдар арқылы бiз ұлттық мәселенi жиi-жиi көтерiп келемiз. Әрине, өңiрде кеңестiк, империялық көзқарастағы бiршама адамдар бар. Олар өздерiнiң орыстiлдi басылымдары арқылы қарсылық көрсетедi. Бiр жағынан, оларды да түсiнуге болатын сияқты. Дегенмен, бiздiң де үлкен-үлкен жетiстiктерiмiз бар. Бiр кездерi Павлодар қаласында бiр-екi ғана қазақ мектебi болған. Олар – Абай атындағы он жылдық мектеп пен №3 мектеп-интернаты. Құдайға шүкiр, кейiнiрек мұнда қазақ тiлiнде бiлiм беретiн бес мектеп ашылды. Осының бәрi ұлттық мәселенiң бiртiндеп болса да шешiлiп жатқанын көрсетсе керек. Қазiргi кезде бiздiң жастардың ғана емес, орыстiлдi жастардың да қазақ тiлiн бiлуге деген ынтасы арта түстi. Мәселен, екi жыл қатарынан Павлодардың екi орыс қызы «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм» атты республикалық байқауда бiрiншi орын алып келдi.

– Жалпы, мұндағы халықтың мемлекеттiк тiлге деген көзқарасы қандай? Қазақ тiлiне деген бетбұрыс байқала ма?

– Әрине, тiл мәселесi бiрте-бiрте шешiлiп келе жатыр. Мәселен, Славян орталығының өзiнде «Абай оқуларын» өткiздiк. Бұл да бiр жақсылықтың белгiсi. Рас, өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ тiлiне деген бетбұрыс өте күштi едi. Сол кезде өзге ұлт өкiлдерi, орыстар да қазақ тiлiн бiлуге ынталы болды. Бiрақ, мемлекеттiк саясатқа байланысты ма, әйтеуiр, бұл игi бастама кенеттен әлсiреп қалды. Президенттiң Қазақстан халықтары ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзi көпшiлiгiмiзге қанат бiтiрдi. Аймақтағы ең қиын проблема – қазақ бала-бақшаларының жетiспеушiлiгi. Тiптi, өзге ұлт өкiлдерi: «Балаларымызды қазақ бала-бақшасына берер едiк, бiрақ бала-бақша жоқ» – дейдi. Облыс әкiмi де бiр жиында: «Өзге ұлт өкiлдерiнiң өздерi балаларын қазақ бала-бақшасына әкелiп жатса, оларды неге қабылдамайсыздар?» – деген едi. Мұндағы бала-бақшаларда: «Қазақтың өзiне орын жетпей жатыр, сендер балаларыңды орыс бала-бақшасына берiңдер» – дейтiн көрiнедi. Оның үстiне, қазақ мектептерi де балаларға лық толы. Мәселен, Абай атындағы онжылдық қазақ мектебi лицейге айналды. Онда 1000-нан аса бала оқиды. Оқушылардың көптiгi соншалықты, тiптi қазақ мектептерiне балалар сыймай жатыр. Тiптi, бiрiншi сыныпқа баратындарды тест арқылы таңдап алады екен. Сондықтан көпшiлiгi басқа мектептерге баруға мәжбүр. Аймақта әлi де қазақ мектептерiн ашса, нұр үстiне нұр болар едi.

– Яғни, қазақ бала-бақшасы мен мектебiне деген сұраныс жоғары да, бiрақ мұндай бiлiм ошақтары аз ғой?

– Сұраныс өте жоғары! Бiрақ экономикалық жағдайға байланысты ма екен, әйтеуiр, әлi де қазақ бала-бақшалары салынбай жатыр. Бiздiң естуiмiзше, Алматыда қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов кезiнде жекеменшiк, қолды болып кеткен бала-бақшаларды қайтарып жатқан көрiнедi. Бiзде де қолды болып кеткен бала-бақшалар бар-ау. Сондықтан жаңадан бала-бақша салғанша, өз үйлерiн, өз ғимараттарын балаларға қайтарып берсе өте дұрыс болар едi деп ойлаймын.

Бiздiң тағы бiр байқағанымыз, Павлодар өңiрiнде қазақ баспасөзiне деген сұраныс күн санап артып барады. Облыстан шығатын бiрнеше қазақ басылымдары бар. Олар – облыстық әкiмдiктiң «Сарыарқа самалы» газетi, бiлiм беру жүйесiне қатысты «Ұстаздар газетi» мен Мәшһүр-Жүсiп мешiтiнiң «Руханият» басылымы. Жоғарыда айтқанымдай, облыстық «Қазақ тiлi» қоғамының «Ертiс дидары» осы өңiрде шығады. Онда көбiне көрнекi мәселелердi көтеремiз. Ал, «Кереку» қоғамдық басылымында жалпы келелi проблемаларды көтерсек, «Ой» газетi ұлттық мәселелердi ту етедi. Негiзгi оқырманының бар екенi де сезiледi. Басылымды iздеп жүрiп, оқитын оқырмандарымыз да бар, Бiрақ оны үздiксiз шығаруға қаражатымыз жеткiлiксiз. Себебi «Ой» газетiн жеке өз қаражатыма шығарып жүрмiн.

ПАТША БАЛАСЫНЫҢ АТЫМЕН ТӘУЕЛСIЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫН АТАУ – ЕЛДIГIМIЗГЕ СЫН

– «Кереку» басылымы Павлодардың қазақы атымен аттас газет екен. Яғни, мақсат – Павлодардың атын өзгертуге де бағытталған ба?

– Әрине. Бұл халықтың құлағына «Кереку» сөзiн сiңiрте беру үшiн жасалған дүние. Кезiнде әншi Майраның өзi: «Қызы едiм Керекудiң, атым – Майра» – деп жырлаған. Қазiр «Кереку» деген сөз «Коряковкадан» шыққан деп жиi айтып жүр ғой. Бұл дұрыс емес. Кереку өңiрiне белгiлi профессор, тарих ғылымдарының докторы Артықбаев мұны дәлелдеп те шықты. Сөйтсек, «Кереку» – ертеден бар атау. 1690-шы жылдары мұнда орыс саяхатшылары келген кезде бұл жер «Керегей жар» деп аталған. Ал, саяхатшылар мұны «Коряков ярд» деп картаға түсiрген. Сол картаны Омбыдан алдырып, мұны дәлелдедi. Ал, «Коряков» дегеннiң кiм екенi белгiсiз. Бiреулер оны жүзбасы болған дейдi, ендi бiреулер саудагер дейдi… Кiм екенi белгiсiз. Оның жора-жолдастары болсын, отбасы болсын, ешқандай да мәлiмет жоқ. Мысал үшiн, атаман Ярмактың өмiрбаяны баршаға белгiлi ғой. Сондықтан оның ойдан шығарылған адам екенi кейiнгi кезде белгiлi болып отыр.

– Ұлттық мәселелердi көтеретiн газеттердiң шығуына не түрткi болды?

– Ең алдымен, өңiрде қазақ газеттерiне деген сұраныстың бары байқалды. Ресми басылымдар ұлттық мәселенi көтердi дегенмен де, көбiне сынға бара бермейдi ғой. Қаржы тапшылығы, әрине, бар. Бiз «Ой» газетiн шығарамыз деп, «Сорос» ұйымына үмiт артып едiк, бiрақ олар демократиялық бағыттағы газеттерге ғана көмек көрсететiн көрiнедi, ал ұлтшыл-демократиялық бағыттағы басылымдарға көмек көрсетпейтiнi байқалды. Сондықтан басылымды өз қаржыма шығарып жүрмiн. Кеңес одағы тұсында бiзде ұлтсыздандыру iсi – интернационализм саясатымен жүргiзiлген. Қазiр көбi демократияны тiлге тиек ететiн болған. Бiрақ жаһандану дәуiрiнде ұлтсыздандыру, мемлекеттi жою демократия ұранымен жүргiзiлiп жатқан сияқты. Айталық, жер сату деген дүние шықты. Мұның бәрi немен келiп жатыр?! Демократиялық ұранмен келiп жатыр. Мәселен, АҚШ-та жер сатылса, бiзде де солай болу керек сияқты. Көпдiндiлiк қайдан келiп жатыр? Сол демократиялық ұранмен келуде. Секталарды да демократияны желеу етiп тiркетiп жатыр…

– Ал, Павлодарда қандай ағым-секталар белсендi қызмет атқарып келедi? Олардың құрамына кiрген қазақтың саны қанша?!

– Жалпы, Iшкi саясат басқармасының дiн iстерi жөнiндегi бөлiмiнде олардың тiзiмдерi бар. Менiң бiлетiнiм – «Шындық» деп аталатын баптистiк қауымның белсендi қызметi. Оның құрамындағы халық түгелдей – қазақ жастары мен балалары. Олар Iнжiлдi қазақ тiлiне аударып, қазақша уағыз жүргiзедi. Менiң ойымша, ең қауiптiсi осы ұйым.

– Қазiр өзiңiз де қызмет ететiн облыстық «Қазақ тiлi» қоғамының жағдайы қандай?

– «Қазақ тiлi» қоғамында қаржы жоқ. Былтырдан бастап «Ертiс дидары» газетiне тiлдер басқармасы қосымша құрылтайшы болды. Облыс әкiмiнiң «Ана тiлi» деген бағдарламасы бар едi. Сол бойынша қаражат бөлiнген. Соның негiзiнде «Ертiс дидары» газетiн шығарып жатырмыз. Сондықтан бұл Тiлдер басқармасының да, «Қазақ тiлi» қоғамының да газетi болып саналады.

– Құдай қаласа, Павлодар аты қашан өзгеруi мүмкiн? Оның үстiне орталық көшелердiң бiрi – Кутузов атында екен… Мұның бәрi тарихи атауларына қашан қол жеткiзедi?

– Бiз бұл мәселенi көтерiп келемiз. Президентке дейiн хат жазып жатырмыз. Зиялы қауым, Парламент депутаттары және Павлодардың төрт азаматы Павлодар мен Петропавл атауларын өзгерту туралы арнайы Ашық хат та жазғанбыз. Қазiрше қандай да бiр нақты шара қолданылды деп айта алмаймын. Дегенмен, алдағы уақытта ескi атаулар өзгертiлуi мүмкiн. Өйткенi Павлодар деген бiздiң тәуелсiздiгiмiзге, егемендi елдiгiмiзге тiптен сай келмейтiн атау. Павел – Патшаның баласы. Ендi Патша баласының атымен тәуелсiз Қазақстанның облыс орталығын атау – елдiгiмiзге сын. Тiптi, отаршылдық қамытынан шыға алмай жүргендей күй кешудемiз. Құдай қаласа, бар үмiтiмiз – Елбасында деп ойлаймыз. Сол кiсi шешетiн болса, Павлодар атауы өзгертiледi. Ал, аудан атаулары бiртiндеп өзгертiлiп жатыр. 1993 жылы «Азат» қозғалысының ықпалымен Ермак ескерткiшi құлатылған едi. Сондай-ақ, Ермак атауындағы көшелер де өзгертiлген. Негiзiнен тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында ұлттық қайта өрлеу толқыны қатты болатын. Қазiр ондай болмағанмен, рух бар.

Кейде билiкпен де онша тартысқа бармайық деп ойлаймыз. Қазiр митингiлерге, шерулерге шықпаймыз. Бiрақ 90-шы жылдары осылай күрескенбiз. «Демократиялық митингi» дейдi ғой, соны пайдаланып келдiк.

Әңгiмелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА