ТҰМАНДЫ АЛЬБИОНДАҒЫ БАСҚОСУ
ТҰМАНДЫ АЛЬБИОНДАҒЫ БАСҚОСУ
Ұлыбритания астанасы Лондонда ағылшындар ханшайымы Елизавета II, премьер-министр Тони Блэр, британдық саяси және iскер топ өкiлдерiмен кездескен Президент Назарбаевтың ресми сапары барысында екi маңызды құжатқа қол қойылды: Қазақстан мен Ұлыбритания үкiметтерi Халықаралық автокөлiк тасымалы туралы Келiсiм мен Iшкi iстер министрлiктерi арасындағы ауыр қылмыс түрлерiне қарсы күрестегi ынтымақтастықты арттыру туралы меморандум. Сауда, экономика, тауар айналымы, саяси қарым-қатынас сөз болған лондондық кездесуде ағылшын шенеунiктерi энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн де қозғады.
Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 19 қаңтарынан бастап орнады. Осы кезеңнен берi екiжақты қауiпсiздiк, энергетикалық қауiпсiздiк, сауда, экономика, дипломатиялық мәселелерге арналған ресми кездесулер саны күн өткен сайын жиiлеп келедi. Әрине, кәрi құрлық өкiлдерiн қазақ даласының аса бай табиғи ресурстары қызықтыратыны анық. Сондықтан ағылшындық компаниялардың Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемi 8 миллиард долларға жуық. ҚР Президентiмен болған жүздесуде Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жақтайтынын жеткiзген премьер-министр Тони Блэр келешекте Қазақ елiнiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшеллiкке өтуiн қолдайтынын мәлiмдедi. Ал Қаржы министрi Гордон Браун Қазақстан мен Англия арасындағы жарты миллиард доллардан асатын тауар айналымының көлемiн одан ары ұлғайтуға мүмкiндiк барын айтты. Тағы бiр маңызды жайт, әлемдiк нарықтағы құнды қағаздардың 48 пайызы шоғырланған Лорд Ситиде Қазақ елi басшысының құрметiне орай халықаралық конференция ұйымдастырылды. Негiзi ағылшындар үшiн осынау қала iшiнен салынған қаланың маңызы өте зор: елдiң экономикалық дамуына ықпал еткен қаржы орталығы — Лорд Ситиде 1673 жылы Ұлыбританиядағы ең алғашқы банк ашылған. Күнделiктi қаржы айналымы 504 миллиард долларға жуық. Конференциядан кейiн Президент 1877 жылы құрылған металдар биржасында болды.
Қазiргi таңда үш жарым триллион долларлық қаржысы бар лондондық қор биржасында 448 шетелдiк компания тiркелiптi. Олардың арасында «Қазақмыс» компаниясы бастаған 4 мекеменiң кәсiпкерлерi бар. Британ-қазақ қоғамының төрағасы Питер Фрейзер әлемдiк нарыққа бастайтын төте жол — Лондон Қор биржасындағы жұмысын дөңгелетiп әкеткен қазақтарға дән риза: «Егер Лондон қор биржасын бақылайтын болсаңыз, қазiр iрi компаниялардың арасында қазақ компанияларының да басымдық танытып келе жатқанын байқайсыз. Олар биржада күтпеген жерден пайда болды және жұмыстарын бiрден жүргiзiп әкеттi. Бұған жұрттың бәрi таң-тамаша».
Еуропалық қайта құру және даму банкiнiң басышысы Жан Лемьермен, басқа да ағылшындық iскер топ өкiлдерiмен келiссөздер жүргiзген Нұрсұлтан Назарбаев британдық БАҚ өкiлдерiмен баспасөз мәслихатын өткiздi. Шетелдiк әрiптестерiмiздi бiрiншi кезектi лондондық сайқымазақ саша Барон Коэннiң қазақтар туралы ойдан шығарған «қиял-ғажайып» ертегiсi қызықтырды. Назарбаев қазақ журналисi Борат Сағдиевтiң образын «ойлап тапқан» Коэннiң қылжақтарына қалжың ретiнде қарауды және оның фильмiнiң Қазақстан үшiн жарнама екендiгiн айтты. Айтпақшы, сапар барысында қазақтың ұлттық киiмiн киген «Қазақфильм» киностудиясының каскадерлар тобы ХVII ғасырдағы қазақ ханының сейiлге шығу дәстүрiн көрсеттi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ