Жаңалықтар

Мұхтар ЖӘКIШЕВ: ҚАЗАҚСТАН ГЕОСАЯСАТҚА УРАН ӨНДIРIСI АРҚЫЛЫ ҒАНА ЫҚПАЛ ЖАСАЙ АЛАДЫ

ашық дереккөзі

Мұхтар ЖӘКIШЕВ: ҚАЗАҚСТАН ГЕОСАЯСАТҚА УРАН ӨНДIРIСI АРҚЫЛЫ ҒАНА ЫҚПАЛ ЖАСАЙ АЛАДЫ

Қазақстан уран қоры жөнiнен қазiр, әлем елдерiнiң арасында екiншi орында тұр. Тек Австралияны алға жiберiп алған. Уран өндiрiсi бойынша алғашқы үштiктiң қатарында. Елдiң уран кенiштерiнiң қожайыны «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының (акциясының 100 пайызы Үкiметтiкi) ойлағаны көп. Басшысы Мұхтар Жәкiшевтiң айтуынша, «компания 2010 жылы уран өндiрiсi жөнiнен әлемдегi №1 компанияға айналмақ. Ол кезде «Қазатомпром» уран өндiрiсiн 17,8 мың тоннаға жеткiзбек. Қазiргi күнi, компанияның жылына 5,2 мың тонна өндiрiп отырғанын ескерсек, өндiрiс көлемi 3 есеге артады деген сөз. Айтпақшы, кезiнде ядролық держава деген атымен дүниенi дiрiлдеткен Кеңестер Одағы жыл сайын бары 13 200 тонна уран өндiретiн едi.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫҢ «ОТЫНЫ» ОСЫЛАЙША ИГЕРIЛЕДI

Негiзi, Кеңестер Одағы тараған тұста Қазақстан ядролық қаруының мықтылығы жөнiнен әлемдегi алғашқы үштiктiң құрамына кiретiн едi. Бiрақ, белгiлi себептермен кейiннен елдегi ядролық қаруға тоқтау салынған.

Қазiргi күнi қазақ жерiнде 1 млн. 600 мың тоннадай уран қоры бар екен. Халықаралық МАГАТЭ ұйымы «Қазақстанда дүниежүзiлiк уран қорының 19 пайызы шоғырланған» деген баға берiп отыр.

Жәкiшевтiң айтуынша, «алдағы төрт-бес жылда «Қазатомпром» трансұлттық компанияға айналмақ». Қазақстаннан әлi трансұлттық компаниялардың шыға қоймағанын, керiсiнше, минералды шикiзаттың шетелдiк трансұлттық компанияларға жем болып отырғанын ескерсек, «атомшылардың» бұл ұмтылыстары қолдауға тұрарлықтай.

«Қазатомпромның» негiзгi қоры елдiң оңтүстiк аумағында, яғни, Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облыстарында орналасқан. Бүгiнде компанияда 20 000-нан астам адам жұмыс iстейдi.

«Қазатомпром» президентi Жәкiшевтiң оңтүстiктегi уран кенiштерiн жылына екi-үш мәрте аралайтыны бар екен. Ядролық қарудың «отынын» беретiн уран кенiштерi мен аса жабықтығымен, құпиялығымен ерекшеленiп келген компанияның атқарған жұмыстарын көруден бiз де бас тарта алмадық…

… Атомшылар полигон деп атайтын кенiштер Қаратаудың етегiндегi құм ортасында орналасқан. Жалпы, уран өндiру процесiнiң өзi қызық. Мәселен, құм ортасында жерге қадалған қара түстi кiшiгiрiм құрылғылар арқылы 450-460 метр тереңдiктен алынған уран трубалар арқылы, полигоннан екi-үш шақырым қашықтықтағы кешендерге тасымалданады. Сәл кеңiнен түсiндiрсек, трубаларға алдымен ерiтiндi (раствор)жiбередi. Ерiтiндi дегенiмiз су мен күкiрт қышқылының қоспасынан алынған техникалық су. Осы техникалық суды трубалар арқылы полигонға айдайды. Ерiтiндi 450-460 метр тереңдiкке барғанда уранды ерiтiп, жоғарыға құрамында ураны бар ерiтiндiнi (продуктивный раствор) шығарады. Жер қыртысынан алынған уран қосылған ерiтiндi арнайы жабдықталған кешенге жiберiледi. Ол жерде ертiндi арнайы ионитке, яғни, смолаға қосылады. Бұл реакция кезiнде смола уранды өзiне жабыстырып алады да, босаған ерiтiндi насостар арқылы қайтадан полигонға жiберiледi. Яғни, уран алынған жерге барып құйылады. Процесс алмасуы осылай жалғаса бередi. Ерiтiндi алдымен, уранды ерiтедi, ерiген уранды дiттеген жерiне апарады, ал онан кейiн қайтадан полигонға қайтады. Тағы бiр қызығы, бұл процесс арнайы кешенде компьютер арқылы басқарылады.

Мұны бiлгенде, ашық-шашық шахталарда радиацияға уланып, түтiгiп кеткен, беттерi май-май, әбiржiген жұмысшыларды көремiз деген ойдың тас-талқаны шыққаны…

Сөйтсек, уранды шахталарда өндiру әдiсiн кейбiр елдер әлi де пайдаланады екен. Ал «Қазатомпром» уранды заманауи технологиялар арқылы өндiру әдiсiн қалап алған. Бұл экологиялық ең қауiпсiз тәсiл болып есептелiнедi. Уранды бұл әдiспен өндiру жердiң геологиялық ахуалына пәлендей әсер етпейдi. Яғни, жердiң геологиялық жағдайын өзгертпейдi.

ҚҰМ АРАСЫНДАҒЫ ОАЗИС

Бетпақдаламен шектесетiн Созақ ауданының желi кiсiнiң өңменiнен өтедi. Қара суық. Бұған қоса, қара желiне аппақ қары қосылды. «Мұндай далаға кiсi қалай шыдайды екен?» деген ой да келедi. Осындай суыққа көндiгiп жұмыс iстеп жүрген «Қазатомпромның» жұмысшыларын, компанияға қажеттi объектiлер салып жатқан құрылысшыларды аяғанымыз да бар. Алайда, оларға жасалынған жағдайды көргенiмiзде аяныш сезiмi қызығушылыққа жалғасты.

Құм ортасында жұлдыздың формасымен салынған аппақ үйдi көргенiмiзде алғашқыда не екенiн айыра алмағанбыз. «Жұмысшылар үшiн салынған вахталық поселке» деп түсiндiрдi жанымыздағы «Қазатомпромның» PR-менеджерлерi. 288 адамға арнап салынған вахталық үй қонақүйден артық болмаса, кем емес. Еуростандарт. Жұмысшылар үшiн бүкiл жағдай жасалынған. Бұл поселке «Қазатомпром» мен француздың «Areva» компаниясы бiрiгiп құрған «Катко» Бiрiккен кәсiпорнына тиесiлi екен.

«Ең алдымен осыған ұқсас поселке Тайқоңыр кенiшiндегi канадалықтарда (Канаданың «Cameco» компаниясы мен «Қазатомпром» екеуi құрған Бiрлескен кәсiпорын) болған. Олар жұмысшыларына қандай керемет жағдай жасап отырғанын айтудан танбайтын. Ал Бинуа («Катконың» Бас директоры Бинуа де Гольде) осы поселкенi салғызғаннан кейiн канадалықтар үндемейтiн болды» дейдi Мұхтар Жәкiшев.

Уран кенiштерi дегенде, онкологиялық аурудың зардабын тартқан науқас жандар көз алдымызға елестейтiнiн несiне жасырамыз. Өйткенi, радиация бар жерде онкологиялық ауру жанданбаушы ма едi? Бес күн бойы уран кенiштерi мен кенiштерге жақын орналасқан ауылдарды аралаған ойымыз сәл-пәл өзгергендей болды. Cозақ ауданының Таукент поселкесiнiң дәрiгерi Нұрлан Жұмақовтың айтуынша, «Тұрғындар арасында онкологиялық аурумен ауыратындар жоқ десе де болады. Негiзiнен, жұрт жүрек-қан тамырлары ауырының зардабын тартады». Жүрек-қан тамырлары ауруының уран өндiрмейтiн жерлерде де кеңiнен таралғаны белгiлi. Осы Таукент ауылының ақсақалы, ауылдық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Серiк Әлiмжанов пен Жартытөбе ауылының ақсақалы Әбдiқадыр Жыңғылбайұлының айтуынша, «ауылда «жаман аурумен ауыратындар» жоқтың қасы».

«Қазатомпромның» қолға алып, жүзеге асырып жатқан әлеуметтiк бағдарламаларына жаның сүйсiнедi. Кейбiр мұнай компанияларының «балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерiне жеңiл-желпi киiм-кешек сатып алып беру арқылы әлеумет алдындағы қарызынан құтыла салатын» бағдарламаларын көзiмiз көрiп жүргендiктен бе, әйтеуiр «Қазатомпромның» кешендi iс-шараларына көңiлiмiз толды.

«ЕШБIР ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ МҰНДАЙ ӘЛЕУМЕТТIК БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОҚ»

Мәселен, ат басын алдымен тiреген Жартытөбе поселкесiнде «Қазатомпром» президентi Мұхтар Жәкiшев ең алдымен бала-бақшаның тұсауын кестi. 3,5 мың тұрғыны бар Жартытөбеде бала-бақша бұған дейiн атымен болмаған. 50 балаға арналған ауылдың бала-бақшасына қаланың кез келген баласы қызыға қарар едi. Балаларға қажеттi бүкiл жабдықтармен жасақталған бала-бақшаның тiптi кiшiгiрiм бассейнi де бар. Айтпақшы, осы және өзге де объектiлердiң ашылу салтанатына қатысқан облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкееев: «Қазатомпромның» мынадай ауылдарды ұмытпайтынын, осындай күрделi жерде жұмыс iстеп жүрген елдi, бала-шағаны естен шығармай, әлеуметтiк бағдарлама жасап, жылма-жыл Созақ өңiрiне керектi нысандарды iске қосатынын көрiп отырмыз» дейдi. Өз атынан сыйлық сыйлауды да ұмытпады. Әрине, құрылысына қыруар қаржы жұмсау арқылы бала-бақша түрiнде ауылға сыйлық жасаған «Қазатомпром»-ның жанында Шөкеевтiң «телевизоры» аса қарапайым болып көрiнгенi рас. Ауыл адамдары бiрақ, айырмашылыққа аса көңiл бөле қойған жоқ. Жәкiшевке де, Шөкевке де ат мiнгiздi.

7 мың тұрғыны бар Таукент поселкесiнде «Қазатомпром» бөлген 250 млн.теңгеге Iсмет Кеңесбаев атындағы 800 орындық мектеп күрделi жөндеуден өткiзiлiп, 220 млн.теңгеге мәдени- спорт кешенi салынған. Оның iшiнде тренажер залы, 200 орындық кинотеатр, спорт кешенi бар.

Iшiнде боулингi мен бильярды, би алаңқайы бар сауық орталығы 105 млн.теңгеге бой түзеген. Бiр ерекшелiгi, көңiл көтеру орталығында iшiмдiк деген атымен жоқ. Темекi шегуге де тиым алынған. Жәкiшевтiң өзi бұл үрдiстi бұза алмады.

20 млн.теңгеге соңғы үлгiде жабдықталған жапон реаномобилi – «көшпелi ауруханасы» сатып алынған. Оқыстан бiрнәрсе орнай қалса, сол жерге барып-ақ, осы реаномобильдiң iшiнде отырып, операция жасай беруге болады. «Мұндай дөңгелек үстiндегi аурухана облыс бойынша жоқ» дейдi дәрiгерлер. «Бiрақ, бұл әлi басы ғана» дейдi, «Қазатомпром Демеу» компаниясы бас директорының құрылыс саласы бойынша орынбасары Владимир Школьников. Айтпақшы, «Қазатомпром» өзiнiң әлеуметтiк бағдарламаларын жүзеге асыру үшiн «Қазатомпром-Демеу» атты құрылымдас компания құрған. «Қазатомпром-Демеудi» сол әлеуметтiк бағдарламалардың операторы десек те болады. Школьниковтiң айтуынша, келешекте, тұрғын үйлер пайдалануға берiлмек. Поселкенiң отындығы мен су заборын ретке келтiру ойда бар. Таукентте 160 балаға арналған бала-бақша бой көтермек. Орта және шағын бизнес объектiлерi: сұлулық салоны, тiгiн цехы, фотосалон ашылмақ. Бизнес орталығы салынбақ. 50 адамға арналған 3 жұлдыздық қонақүй құрылысы басталмақ. Кейiннен бала-бақшаны 280 баланы қабылдай алатындай етiп кеңейту iсi жоспарлануда». Бұл тек Таукентке қатысты тiрлiктер.

Таукенттен Қыземшек поселкесiне келгенде де жаңа нысандарға көңiлдерi бiткен жұртты көрдiк. 3 мың тұрғыны бар Қыземшек поселкесiнде 280 балаға арналған бала-бақша пайдалануға берiлдi. «Мұндай бала-бақша елдегi мегаполистердiң өзiнде бiрен-саран шығар» деген ойға келдiк. Тiптi, «Қазатомпромның» арқасында ауылдың базары да жаңарып қалмақ. Бұрынғы көк палаткалардың орнына ендi жаңа базардың жылы ғимараты салынып жатыр. Компания Қыземшек ауылына кафе де салып берiптi.

Компания өз қажеттiлiктерiн де ұмытпайды. Жақында француздың «РЕНО» кәсiпорнынан камаз типтес күкiр қышқылын таситын жиырмаға жуық көлiктер сатып алыпты.

«Казатомпромның» Мыңқұдық полигоны жағы мүлде жолсыз екен. Компанияның қаржыландыруымен тас жол пайдалануға берiлдi. Мұның бәрi Созақ ауданының аумағында орналасқан. Сондықтан да болар, Созақ ауданының әкiмi Бектаев Әлiпбектiң жүрiсi шапшаң… Өзi жақында ғана сайланып, әкiм болған Әлiпбек Бектаев былай дейдi:

– Компания жылына 15 мың тонна уран өндiретiн жағдайға жетемiз деп отыр ғой. Табыстары көбейiп жатса, бiзге де жәрдем беретiн шығар. Қазiрдiң өзiнде жақсы жағдай жасап, бала- бақша, мектептер салып бердi. Бiздiң ардагерлерге де көмек тигiзiп жатыр. Ауданда ардагерлер қоры бар. Сол қорға шамалы жәрдем беруде. Бiз бұлармен келiсiп жұмыс iстеп келемiз. Екi жақтан да түсiнiстiк бар деп ойлаймын.

– Созақ ауданының жылдық бюджетi қанша және «Қазатомпром» сiздерге жылына қанша қаржы көлемiнде көмек көрсетедi?

– Биыл 800 млн.теңге шамасында объектiлер салып бердi. Ендiгi жылы оның көлемiн 1 млрд.теңгеге жеткiземiз деп отырмыз. Шешiлмей жатқан мәселелер көп қой. Мектеп салып беру, ауыз су мәселесi. Соларды шешiп беретiн шығар. Бiзге әлеуметтiк мәселелердi шешiп, халыққа жұмыс орындарын ашып берсе, одан артық нәрсенiң керегi жоқ.

– Негiзi, «Қазатомпромның» қолға алған шаруаларын кеңiнен жазу арқылы компанияны мақтағымыз келiп отырған жоқ. Тек көзiмiз көрген нәрсенi жаздық. Ұлттық компаниялардың ешқайсысы да мұндай әлеуметтiк бағдарламаларды әзiрше жүзеге асыра қойған жоқ. Бiрақ, «Қазатомпромның» iс-шараларына облыс әкiмi Шөкеев қисынға сай, жақсы «түсiнiктеме» бердi.

– Созақ ауданы республикалық бюджеттен дотация алмайтын бiрден-бiр аудан. Бұл «Қазатомпромның» арқасы. Дегенмен, берерi бұдан да мол болуы керек едi деген ой тумай ма?

– «Соңғы жылдары Созақ ауданының дамып келе жатқаны осы «Қазатомпромның» арқасы. Өйткенi, «Қазатомпромның» болашағы бiздiң облыста жатыр. Мұны басшылары да жақсы бiледi. Осы жердiң әлеуметтiк саласына миллиард теңгеге дейiн салуы да сондықтан. Мұндағы халықты ұстап қалу керек. Халыққа жағдай жасағанда ғана өндiрiс дамиды. Жергiлiктi азаматтарды тәрбиелеп, осы жұмысқа бейiмдеп, дайындау қажет. Спорт кешендерi, өзге де объектiлерi болған жағдайда халық ризашылықпен жұмыс iстейтiн болады.

Бұл үлгi алатын жағдай. Бiздiң облыста Ұлттық компаниялардың өкiлдiктерi баршылық. Бiрақ, дәл осындай әлеуметтiк бағдарламасы бар компания әлi жоқ» дейдi Өмiрзақ Шөкеев

Ол: «Қазатомпромның» сырттан алып келген қызметкерлерiнiң 20 пайызы ғана осында орнығып қалады. Ал жергiлiктi қызметкерлерiнiң 80 пайызы бұл жерден ешқайда кетпейдi. Мұндай шаралар компания үшiн арзанға түседi» дейдi.

«Қазатомпромның» қажеттiлiгi үшiн салынып жатқан әртүрлi зауыттарда болдық. Құрылыс мердiгерлерiмен де сөйлестiк. Бiздiң бiр таң қалғанымыз: Жәкiшев құрылыс компанияларының басшыларына «Алдымен құрылысшыларыңның жағдайын реттеңдер, тұратын жай қарастырыңдар. Сонан кейiн ғана бiрге жұмыс iстеймiз» деген талап қойыпты. Өзге бiреу болса, бұған бас ауыртпас едi. Үскiрiк жел өңменiнен өтiп, жатақ жайларына оралар жолда құрылысшылар Жәкiшевке риза болатын шығар. Жәкiшевтiң оңтүстiк өлкеге сапары барысында «Қазатомпром» компаниясы мен Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгi ынтымақтастық жөнiндегi меморандумға қол қойды.

Шөкеев «Қазатомпромның болашағы бiздiң облыста» дегенiмен, бұл компанияның полигондары Қызылорда облысында да орналасқан. Шиелiдегi уран полигондарында болған Жәкiшев әлеуметтiк нысандарды аралап көрдi. Бұл ауданда да «Арман» мәдениет үйi мен сауық кешенi, 280 орындық бала-бақша салынып жатыр. Келер жылдың көктем-жаз мезгiлiнде пайдалануға берiлмек. Компанияның қаржыландыруымен медико-санитарлық бөлiм мен тiгiн цехы, спорт кешенi пайдалануға берiлген. Медико-санитарлық бөлiм 72 жанды, тiгiн цехы 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етiп отыр. Cпорт кешенi соңғы үлгiде жабдықталған.

Айтпақшы, Шиелi ауданының әкiмi Ерлан Мұстафаев: «Бiздiң ауданымыздың бюджетi 1 млрд. 600 млн. теңгенi құраса, бұл компания 1 млрд. теңгеге сай ақшаға бiзге объектiлер салып берiп жатыр. Ұлттық компаниялардың бәрi де ауылдарға осылайша ақша салатын болса, Қазақстан елу емес, он мемлекеттiң арасына енiп кетедi» дейдi қызды-қыздымен. Сырдария өзенiнiң үстiне салынып жатқан көпiрдi де көрдiк. Қыс түсiсiмен судағы көпiрсымақ алынып тасталып, тұрғындар әбiгерге түседi екен. Ендi, келесi жылы, көпiр пайдалануға берiлiсiмен, тұрғындар қыстыгүнi қиналмайтын болады. Бұл көпiр 100 шақырымға дейiн жол қысқартады екен.

Ақтаудағы МАЭК-тiң, республикадағы жалғыз атом электр станциясының құрметiне аллея жасау идеясын ұсынған екен Жәкiшев. Уран полигондарына қатысты ауылдардың барлығында дерлiк осы «МАЭК аллеясы» бар. «Бұл ауызбiршiлiктiң белгiсi. Осы аллеяны ашу арқылы Маңғыстаудың кiшкентай ғана бөлшегi бiзге жақындай түседi» дейдi «Қазатомпром» президентi.

Бес күн бойы Созақтың суығына, Шиелiнiң аңызақ желiне қалтырап-дiрiлдеп тоңғанымызбен, ел iшiн аралап көрiп, тындырылған шаруаларға көңiлiмiз толды.

Жәкiшевтiң өзi: «Бизнестiң әлеумет алдында жауапкершiлiгi болуы керек. Президент осы мәселенi көтердi. Бiз болсақ, объектiлердi қазiрдiң өзiнде пайдалануға берiп үлгердiк. Әлi алда талай жоспар бар. Бұл жобаларды компания соңғы бес жылдан берi қаржыландырып келедi. Бiз тiптi осы объектiлердi дер кезiнде бiтiру үшiн болашақ түсiмнiң есебiнен несие де аламыз. Өйткенi, ең бiрiншi кезекте әлеумет алдындағы қарызымызды өтеуiмiз керек» дейдi.

Бiр қызығы, салынған объектiлердiң барлығы дерлiк, «Қазатомпромның» активiнде қалады екен. Әлеуметтiк объектiлердi «Қазатомпром Демеу» компаниясы басқаратын болады. Әрине, бұл арада «Осылай жалғасса, «Қазатомпром» кәсiбiнен тыс функцияларымен айналысып кетпей ме?» деген сауалдың туындайтыны белгiлi. Естерiңiзде болса, кезiнде Президент банктердi «Кәсiбiне еш қатысы жоқ күзет қызметiмен айналысады» деп сөккен едi. Жәкiшев болса, «Бұл нысандар кейiннен аяғына тұрғаннан кейiн бiз оларды кәсiпкерлiк ортаға саламыз» дейдi.

БIРIККЕН КӘСIПОРЫНДАР:ҚАЙ ЕЛМЕН ЖҰМЫС IСТЕУ ТИIМДI?

Қазiргi күнi «Қазатомпромның» бiрнеше елдiң компаниясымен бiрiгiп құрған кәсiпорындары бар. Канадалықтар, жапондар, француздар, қытайлар, кәрiстер… Ендi орыстармен бiрiккен үш кәсiпорын жұмыс iстей бастады. Бұрындары, канадалықтармен және жапондармен бiрiгiп құрған кәсiпорындарда басым дауысқа «Қазатомпром» ие емес едi. Өйткенi, канадалықтар мен француздардың қолы 50 пайыздан артық акцияға жеткен. Жәкiшевтiң айтуынша, «Бұдан былай «Қазатомпром» бiрiккен кәсiпорын құрарда «Артық акцияны сыртқа шығаруға жол бермейдi». Бұл қолдауға тұрарлық жайт. Өйткенi, уран қазiрдiң ғана емес, болашақтың да отыны. Жәкiшев: «Уран — eлдiң әлемдегi саяси ықпалын жоғарылататын жалғыз нәрсе. Экономикадағы ешбiр сала мұндай мүмкiндiкке ие емес. Тiптi, мұнай өндiру арқылы да бiз мұнай бағасына әсер ететiн жағдайға жеткен жоқпыз. Бiздiң компания әлемдiк атом қорының қырық пайызын қанағаттандыратын болады. Aдамзат өте жылдам қарқынмен дамып келедi. Бiр сөзбен, энеретикалық дағдарыстың алдында тұрмыз. 2030 жылдары қазiргi энерго көздерiнiң бәрi де тапшылықты қанағаттандыра алмайтын жағдайда қалғанда, тек уранның ғана мүмкiндiгi мол болмақ. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерi мұны бiлiп отыр. Жақын арада әлемде 750 млрд. АҚШ долларына атом электр станциялары салынбақ екен» дейдi.

Айтпақшы, француз азаматы, «Катко» Бiрiккен кәсiпорнының Бас директоры Бинуа де Гольденi сөзге тартқанымызда, «Франциядағы электр жарығының 80 пайызын атом электр станциялары бередi» деген едi. Бiрақ, өз жерiнде ураны жоқ Франция қазiргi күнi ураны бар елдердi жағалап жүр. Ертеңгi күнi, Қазақстан уран өндiрiсiнiң 40 пайызын қамтамасыз етiп, уран өндiретiн №1 елге айналғанда, қазiргi күнгi Парсы шығанағы елдерi секiлдi өз дегенiн орындататын мемлекетке айналуы ғажап емес.

КАДР ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯ

«Қазатомпром» компаниясының президентi Мұхтар Жәкiшев сыртқа тек уран өнiмiн ғана экспорттаудың жақтасы емес екен. Ол: «уран өндiрiсiне, энергетикаға қатысты ақыл, интеллектуалдық мүмкiндiктi де барынша дамытуымыз керек. Қазақстан интеллектуалдық меншiгiн, соңғы сатыдағы үстеме өнiмiн экспортқа шығаруы керек. Ал интеллектуалдық қор сарқылмайды ғой» дейдi. Уран кенiштерiнде жұмысты барынша пайдалы әрi шығынсыз, қауiпсiз жасау үшiн жапонның Гемба кайдзен деген философиясын енгiзiптi. Мәселен, әр маман өз саласын, жұмысын онан әрi жақсарта түсу үшiн идеяларын енгiзуi керек. Сол саладағы әр идея қаржымен сүйемелденедi. Мұндай тәсiлдi жапонның «Тойота» концернi жүзеге асырып келе жатыр. Жапонияда көлiк шығаратын компания көп. Бiрақ, «Тойотаның» орны бөлек. Өйткенi, жаңартылған идеялармен жұмыс iстейдi. Концерннiң әр жұмысшысы өнiмге өз идеясын қосып отырады. Көлiктiң сұранысқа молынан ие екендiгi, әлемдiк нарықты жаулап алуы, «дүние жүзi елдерiнде сенiмдi де сүйiктi» көлiкке айналуына осы философияның сiңiргенi мол екен. Жәкiшев те 5 күн бойы осы тәсiлдi әр жұмысшыға жеткiзуден жалыққан жоқ. Бар ықыласымен айтқаны тiптi таңдандырады екен. Оның айтқаны жұмысшыларға сiңiп те бастапты. Әр полигонда «идеяның санын ай аяғына дейiн мыншаға, жыл соңына дейiн соншаға жеткiземiз» деген есептердi естiдiк.

Корпоративтi жұмыс iстеу деген осы шығар. Болмаса, жұмысшыларының айтқанын қаперге алмайтын менеджер көп емес пе? Жәкiшев кез келген жұмысшының айтқанына құлақ түредi екен. Ол үшiн майда-шүйде дүние деген жоқ секiлдi. Мықты менеджер екендiгiне көзiмiз жеттi.

Мұндай мықты менеджерi бар компания алысқа самғаса керек-тi.

Гүлнәр МҰҚАНОВА,

Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстары