ЛИТВЕНЕНКОНЫҢ АҚТЫҚ ХАТЫ
ЛИТВЕНЕНКОНЫҢ АҚТЫҚ ХАТЫ
Ресейде соңғы кездерi орын алып жатқан келеңсiз оқиғалар миға қонымсыз. Осыдан бiраз уақыт бұрын «Новая газета» басылымының тiлшiсi, Кремльдiң сыншысы Анна Политковская қасақана өлтiрiлдi. Әлем дүр сiлкiндi. Батыс басылымдары мен орыстың оппозициялық баспасөзi Политковскаяның өлiмiне арнайы құзырлы орындардың, тiптен, Ресейдiң Федералдық қауiпсiздiк қызметiнiң (ФСБ) қатысы барын жарыса жазды. Араға бiраз уақыт салып, Ресейде тағы бiр «саяси қастандық» орын алды. ФСБ-ның бұрынғы офицерi, подполковник Александр Литвененко Лондонда «белгiсiз заттан» уланып, көз жұмды.
Саяси қайраткердiң өлiмiне әкелген «белгiсiз зат» – «радиактивтi таллий» болуы мүмкiн екен. Бұндай жорамалды Лондонның токсикология жөнiндегi маманы Джон Генри жасайды. Кезiнде Джон Генри Украина президентi Владимир Ющенко қасақана уланғанда, осы iске қатысты арнайы құрылған комиссияның құрамына кiрген едi. Десек те, өзге мамандар улы заттың – радиактивтi полоний-210 элементi болуы мүмкiндiгiн де жоққа шығармайды. Интернеттегi кейбiр ақпарат көздерiне қарағанда, қастандық жасалған кеште Литвененко итальяндық азамат Марио Скарамелламен кездескен көрiнедi. Өз кезегiнде Скарамелла Анна Политковскаяның өлiмiне ФСБ-ның қатысы барын дәлелдейтiн құжаттарды Литвененкоға тапсыруы керек-тiн. Десек те, кейiн Римдегi Британ елшiлiгiне арнайы келген Скарамелла Литвененкомен өзге мәселелердi талқылау үшiн кездескенiн жеткiзген. Борис Березовский жақын тұтқан ФСБ-ның бұрынғы офицерiнiң өлiмi Ресейде орын алып жатқан «былықтың» тағы бiр парасын аша түскендей. Кейбiр ақпарат көздерi құзырлы орындардың Литвененконың емес, Березовскийдiң көзiн жоюды көздегенiн алға тартады. Бiрақ Ресейдiң болашағына сенген Литвененко достыққа да берiк едi. Кейбiр орыс тiлшiлерi оның қай жерге барса да, заттың дәмiн бiлу үшiн Березовскийден бұрын дәм татып жүргенiн айтады. Отанын жан-тәнiмен сүйген офицер Ресейдi қаратүнектен құтқаратын азаматтарға да сенген көрiнедi. Березовскийдiң түбiне жете алмағандар оның оққағарына баланған Литвененконың көзiн жоюды көздеген сияқты. Дегенмен, Ресей билiгiне жақын басылымдар «Литвененконың өлiмiне Березовскийдiң өзi мүдделi едi», «Литвененко полоний-210 элементiн сатам деп, өз түбiне өзi жеттi» деген сыңайда ақпарат таратып келедi. Бiрақ ФСБ-ның бұрынғы офицерi хәл үстiнде жатса да, соңғы сөздерiн ақ қағазға түсiрiп үлгерiптi…
«МИСТЕР ПУТИН… СIЗДI ҚҰДАЙ КЕШIРГЕЙ»
Литвененко азап шегiп, дүниеден озды. Белгiсiз улы зат оны бiраз уақыт қинады: шашы мен қасы түстi, салмағынан айрылды, денесiнен қан қашты. Ақыр аяғында жүрегi тоқтады. Жүрек тоқтаған соң, қосылған жасанды аппарат оны ажал аузынан құтқара алмады. Өлiм алдында жазған хатында Литвененко: «Қазiр мен осында жатып, өлiм әзiрейiлiнiң қанат қағысын есiтiп жатырмын. Мен одан құтылуға тырысар едiм, бiрақ мойындауым керек, менiң аяқтарым қашуға мұрша беретiндей күштi емес. Сондықтан менiң қазiргi жағдайыма жауапты адамға бiр-екi ауыз сөз айтудың кезi келген сияқты. Сiз менiң аузымды жаба алдыңыз, бiрақ бұл сiзге қымбатқа түседi. Қарсыластарыңыз сынайтындай, сiз, шынымен-ақ, өзiңiздi өте қатал және аяуды бiлмейтiн адам ретiнде көрсеттiңiз» – дей келе: «Сiз бiр адамның аузын жаптыра аларсыз, бiрақ әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен ұшқан қарсылық дауыстары, мистер Путин, сiздiң құлағыңызды өмiрiңiздiң соңына дейiн ызыңдатып өтедi. Сiздiң жасаған нәрсеңiз үшiн Құдай кешiргей – мен үшiн емес, менiң сүйiктi Россиям мен оның халқы үшiн» – дейдi. Ресей интернет басылымдарының бiрiнен алынған хатта Литвененко өмiрiнiң соңғы сәттерiнде онымен бiрге болған дәрiгерлер мен мамандарға ризашылығын бiлдiредi. Сондай-ақ, оны қол астына алған Ұлыбритания үкiметi мен емханаға хаттарын жiберген қарапайым британдықтарға да алғыс айтады. Әйелi мен баласына деген сүйiспеншiлiгiн бiлдiредi.
Әрине, бұл оқиғаның ақ-қарасын айтуға әлi ерте. Кейде әлемдiк тарихта ашылмай кеткен қылмыстар да болады. Бiрақ бүгiнгi әлемдiк және ресейлiк ақпарат көздерi Литвененконың өлiмiн сан-саққа жүгiртiп келедi. Бiрақ түптiң түбiнде ақиқаттың жеңетiнiн бәрi де бiледi – билiк те, оппозиция да…
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА