Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ПЕН БОРАТ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ПЕН БОРАТ

Қазақтарды қорлаған сайқымазақ пайдаға шаш-етектен кенелуде

Қазiр не көп, қазақтың асын iшiп, аяғын тепкендердiң көргенсiз әрекеттерi көп. Оған етiмiз үйренiп бара жатқандай. Бiр-бiрiмiздi «Кеңестiк империядан қалған құлдық психологияның сарқыншағы ғой» деп жұбатуға тырысқанымызбен, опындыратын, өкiндiретiн жайттардың жиiлеп кеткенi өкiнiштi-ақ. «Жығылған үстiне жұдырық», қазақтар мен Қазақ елiне «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» британдық сайқымазақ бүкiл әлемге абыройымызды тағы төктi. Қазақтарға «аттың быршып кеткен зәрiн iшкiзiп», жезөкшелiктi қазақтардың ұлттық спорт түрi етiп қойған сайқымазақтың әрекетiне қалай жауап беру керек? Бұл сауалға халықаралық сарапшылардың өзi кесiмдi жауабын бере алмай отыр. Есесiне, лондондық еврей қазақтарды қорлаудың арқасында қысқа мерзiм iшiнде 100 миллион доллардан астам пайда тауып үлгердi.

«БЫЛАЙ ТАРТСАҢ – АРБА, БЫЛАЙ ТАРТСАҢ – ӨГIЗ»…

Жарнамадан кенде болмай жүрген лондондық сайқымазақтың Қазақстан мен қазақтарды қорлаған киносымағы дүниенiң төрт бұрышын шарлап кеттi. Тұтас бiр ұлтты негiзсiз сынға алып, мазақтаған оны қазақстандық билiк қалай тезге саларын бiлмей әлек. Өйткенi, сотқа берiп, заң алдында жауапқа тартуға әрекеттену – демократиялық құндылықтардың негiзi – сөз бостандығына шектеу қою болып табылады. Ал атам қазақтың «ит үредi, керуен көшедi» саясатын ұстанайын десе, аузына келгенiн аталаған сайқымазақтың қорлығы шымбайға батып барады. «Былай тартса арба сынып, былай тартса, өгiз өледiнiң» кебiн киiп-ақ отыр. Әрине, кейбiр мемлекеттер фильмдi шекарадан аттатпауға бел буған мемлекеттер де жетерлiк. Мысалы, Ресей. Бұл – КСРО ыдырағалы берi орыстар жерiнде «маңдайы тасқа тиген» алғашқы фильм. РФ Кинематография жөнiндегi мемлекеттiк ұйым өкiлдерi Ұлыбритания азаматы болып табылатын ұлты еврей Саша Барон Коэннiң қазақтардың намысына тиген «Борат: Қазақстан халқының игiлiгiне арналған Американың мәдени зерттеуi» атты фильмiне прокаттық лицензия берiлмейтiнiн мәлiмдедi. Өйткенi, «бұл фильм түрлi ұлттар мен дiн өкiлдерiнiң намысы мен арына тиедi». Жоспар бойынша «Борат» Ресейдегi 300-ден астам кинотеатрларда көрсетiлуi тиiс болатын. Алайда, аталған фильм РФ аумағына DVD бейнетаспалары арқылы таралатын көрiнедi. Әрине, «Бораттың» Қазақстанда да көрсетiлмейтiнi, мемлекет тарапынан оған тыйым салынатыны белгiлi. «Қазақтардың сүйiктi сусыны – аттардың быршып кеткен зәрi», «Жезөкшелiк – Қазақстандағы ұлттық спорт түрi», «Қазақтардың ең сүйiктi ұлттық әнi – «Еврейдi құдыққа лақтыр», «Қазақстанда әйелдер қоғамдық көлiктердiң iшiнде емес, сыртында жүредi», «Автобус, трамвайлардағы қазақтардың қызтекелерiн көгiлдiр шляпаларынан танисыз»… Саша Барон Коэннiң сандырағы осылайша жалғасып кете бередi…

«ҚАЗАҚТАР» ТУРАЛЫ…

Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары таратқан деректерге сүйенсек, ҚР Президентi Н.Назарбаев таяуда АҚШ-қа жасаған iссапары барысында америкалық әрiптесi Джордж Бушпен бiрге Коэннiң киносын талқыға салған көрiнедi. Қазақ әрiптесiн сабырға шақырған Буш Назарбаевты «Коэн – лаңкестiкпен күрестегi серiктесiмiз» деп жұбатыпты («The Independent», Ұлыбритания). Бүкiл бiр елдi қорлаған сайқымазақ қазақтардың «шала бүлiнгенiне» мәз: тегiн жарнама. Алғашқыда 800-ге жуық кинозалда көрсетуге бел буған Голливудтағы «20 ғасыр – Фокс» компаниясы аншлагтан кейiн ауқымын 3 есеге дейiн кеңейтiптi. Ал түскен пайда 100 миллион доллардан бiр-ақ асқан. Қазақстанның Ұлыбританиядағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ерлан Ыдырысов: «Саша Барон Коэн Батыстың Қазақстан туралы хабары аздығын барынша кең пайдаланған. Бiрақ оның қалжыңдары жала мен нәсiлшiлдiкке толы. Әзiл-қалжыңды жанды сергiтуге және қайшылықтарды жоюға қолдануға болады. Мысалы, Лейбористiк партияның конференциясындағы Тони Блэрдiң қалжыңы. Егер әзiл бейхабарлық пен болжамдардан құралған мүддеге сай қолданылатын болса, нәтижесi қалжыңға мүлде кереғар шығары анық. Мен британдық сайқымазақ әрi Борат Сағдиевтiң образын ойлап табушы Саша Барон Коэн мұны түсiнбейтiн шығар деп қорқамын. Коэн – комедиялық жанрды шебер меңгерген және ойлап табу қабiлетi аса жоғары актер. Оның ойының ұшқырлығы соншалық, жер бетiнде жоқ елдi – нағыз Қазақстанға еш қатысы жоқ, бiрақ қатiгез, қатал, керi кеткен «Қазақстан» деген елдi ойлап тапты. Боратқа тән қасиеттер – дөрекiлiк, көргенсiздiк, нәсiлшiлдiк пен шектен тыс ұлтшылдық. Бұл адам емес, шошқа: топас, қатiгез, жиiркенiштi… Оның сөзiне қарағанда, Қазақстанда әйелдердi торда ұстайды, ал болашақ жарыңды әкесiнен 50 литр инсектицидке сатып алуға болады. Ол: «Қазақстанда бiз былай деймiз: Құдай, адам, жылқы, ит, содан кейiн әйел, сосын барып егеуқұйрық» деп мақтанышпен мәлiмдейдi. Алайда Борат қалжыңдарының намысқа қатты тиетiнi – бардағы тыңдаушыларын «Еврейдi төменге, құдыққа лақтыр» атты әнiн бiрге шырқауға шақыруы. Шын мәнiсiндегi Қазақстан – заманауи, гүлденiп келе жатқан және зайырлы мемлекет. Халықтың басым бөлiгi мұсылман болса да бiзде шiркеулер мен түрлi дiн өкiлдерiн айтпағанда, синагогалар көп… Барон Коэн қалжың полигоны ретiнде неге Қазақстанды таңдады? Қазақстан жер көлемi жағынан бүкiл Батыс Еуропадан қалыспайды» дей келе, Қазақ жерiнiң табиғи байлығын, экономикалық тұрғыда жеткен жетiстiктерiн тiзбелейдi. Сөз жоқ, фильм туралы пiкiрлер сан-алуан. Сайқымазақты мақтап та, даттап та жазылған мақалалар жетерлiк. Кiнә артқандар легi әсiресе, Назарбаевтың Америкаға ресми сапары барысында көп жарияланған болатын. Британиялық және америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының мәлiмдеуiнше, Қазақстан Үкiметi АҚШ-тағы БАҚ-та жарық көретiн жарнамалық және насихаттық материалдар үшiн қыруар қаржы бөлген көрiнедi. Одан қазақтар ұтты ма, ұтылды ма? Өз алдына бөлек әңгiме. Бiрақ Қазақстанның әлемдiк саяси беделiне келген нұқсан туралы сөз қозғамау мүмкiн емес. Ұлыбританиялық құқық қорғаушы Питер Тэтчел: «Өте күлкiлi, бiрақ күлкi шынайы емес, бiреуге есесiн жiберiп алғанның ашулы қүлкiсi. Әрине, фильм пародиялық жанрға құрылғандықтан, оның жолы болуы мүмкiн. Коэн кемшiлiктердi ашық айтып, жиi сынайтын адам болғандықтан, Бораттың образын сомдау барысында әдейi шектен шығуын кейбiреулер қалжың деп емес, шынайы өмiр деп қабылдауы бек мүмкiн. Менi алаңдататыны да осы» дейдi. Ал Ұлыбританияда тұратын ұлты қазақ кәсiпкер Ерiк Әмiрбай-Лангтың пiкiрiнше, «шындығына келгенде, Бораттың қай топырақтан шыққаны аса маңызды емес, Қазақстаннан ба, әлде басқа аты беймәлiм елден бе… Бiрақ фильмнiң бiрде-бiр эпизоды Қазақстан аумағында түсiрiлмегендiктен, онда бiрде-бiр нағыз қазақ жоқ. Коэн Қазақстандағы қазiргi шынайы ахуалдан бейхабар. Кейбiр қазақ студенттерiнiң бұл фильмге де, Бораттың өзiне де наразы болса да, фильмнен қазақтардың намысына тиетiн бiрнәрсе табу қиын. Көптеген адамдар Қазақстан елшiлiгiнен фильмдi түсiрушiлерге ресми тұрғыда қарсылық жолдауды талап етуде. Шығарманың атауының өзi-ақ Қазақстанға жала жауып тұрғандай әсер қалдырады. Алайда Саша Барон Коэн үшiн бiздiң ел қалжыңның қауiпсiз нысанасы болып табылады. Яғни, Қазақстан туралы кез келген нәрсенi айтуға жол ашық. Ал егер ол басқа бiр елдi қорласа, халықаралық деңгейдегi жанжалға себеп болар едi». Қара нәсiлдi журналист Томи Аджауи: «Фильмде қаранәсiлдiлер туралы жақ ашылмаған. Себебi, бiзге қатысы бар езутартарлардың құны төмендеп кеткендiктен шығар. Осы тұрғыдан қарастырсақ, қазақтар – қалжың нысанасы үшiн таптырмайтын олжа. Менiңше, Қазақстанды әлемдiк картадан көрсетiп бере алатындар кемде кем. Сондықтан мен бұл фильм Қазақ елiнiң беделiне нұқсан келтiруi мүмкiн деп алаңдаймын» деп ағынан жарылады. Мұны қазақ елшi де мойындайды: «Иә, бiз өте оңтайлы нысанамыз. Боратты адам құқығы шынында да тапталатын елдiң азаматы етiп сомдауға болатын едi. Мысалы, тәлiбтер билiк жүргiзген жылдардағы Ауғанстан. Бiрақ бұл Барон Коэн үшiн өте қауiптi. Әрине, Барон Коэннiң карикатуралық нысан ретiнде күштi дамып келе жатқан дамушы елдi – Түркия, Бразилия немесе Үндiстанды таңдауына болатын. Бiрақ оның карикатурасына қатысты да саяси деңгейде дау туындап кетуi бек мүмкiн. «Боратты» теледидар арқылы тамашалаған қазақтардың көпшiлiгi қатты қорланды. Алайда менiң елiмдi жиi сынға алатындар (бұл Барон Коэнге де қатысты) Қазақстанда ұйымдастырылатын конференцияға шақырту алады». Ыдырысовтың айтуынша, қазақтарға «наз артып» келетiн шетелдiктердiң бүкiл шығынын Қазақстан жағы көтермек. Демек, сайқымазақтың қазақтар туралы мазағының саяси беделiмiзге қаншалықты ықпал еткенiн анықтау – уақыт еншiсiндегi мәселе.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ