Жаңалықтар

АСЫЛ ДIНГЕ ШЫНАЙЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

АСЫЛ ДIНГЕ ШЫНАЙЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Дiн туралы заңымыздың солқылдақтығы мен қандастарымыздың дiни сауатының кемшiндiгiнен туындаған сан қиындықтарға жиi-жиi тап болудамыз. Қандастарымыз көбiрек шоғырланған елiмiздiң түстiк аймағында Ислам атын жамылған бiрқатар ағымдар («Хизб-ут-Тахрир», «Сәләфи», «Ахмадия» және т.б.) өз iс-әрекеттерiн үздiксiз жүргiзiп, әсiресе жастар санасын улау үстiнде. «Хизб-ут-Тахрирдың» қызметiне былтырғы көктемде тыйым салынды. Әйтсе де ол өз iс-әрекетiн бұрынғыдай ашық емес, астыртын жүргiзуге көштi. Бұған дейiн хизбутшылардың, әсiресе, Кентау мен Түркiстанда белсендiлiгi артқаны байқалды. Сенiмдi көздерден алынған деректерге сүйенсек, олардың екi бiрдей жетекшiсi мемлекетке қарсы iс-әрекеттерi үшiн бiрi – 8 жылға, екiншiсi – 2 жылға бас бостандығынан айрылған. Бұлар соңына ерген жастарды өз ата-аналарына қарсы қойып, отбасы ынтымағын бұзып, берекесiн қашыруға тырысыпты. Бейбiт елдiң тыныштығын қашырып, халифат құрмақ. Ата Заңымызды да, мемлекетiмiздiң егемендiгiн де мойындағысы келмейтiн олардың бұзық ниет-пиғылдарын аңғарған халық бұлардан iргесiн аулақ салумен қатар, «Хизб-ут-Тахрирдiң» iс-әрекетiне үзiлдi-кесiлдi шектеу қоюды талап етуi де сондықтан.

Ел бiрлiгi мен тұтастығына нұқсан келтiрiп, сызат түсiретiн кез келген iс-әрекетке көпшiлiкпен қатар мемлекет тарапынан да тосқауыл қойылуы қажет. Хизбутшылардың жат ниет-пиғылы мен iс-әрекетiн әшкерелеу мақсатында Кентау қалалық мешiтi жанынан насихатшылар тобы құрылып, бiрқатар жұмыстар атқарып отыр. Олар жат ұйымның жетекшiлерiн ашық пiкiрталасқа шақырып, оған құқық қорғау орган қызметкерлерi, қоғамдық ұйымдардың да өкiлдерi қатысқан. Хизбутшылардың терiс iс-әрекеттерi мен бағдарламаларын, алға қойған мақсаттары мен ұстанымдарын жан-жақты ашып көрсететiн үн-парақшалар дайындалып, қаладағы мекемелер мен оқу орындарына, кәсiпорындар мен ұйымдарға таратылған. Қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында да үгiт-насихат жалғасуда. Қалалық «Икар» телеарнасынан арнайы хабарлар көрсетiлдi. Осындай сәтте Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi Кентау мен Түркiстанға арнайы екi рет келiп, ғылыми-практикалық конференция және жастармен ашық сұрақ-жауап сұхбатын өткiздi. Бұл кездесулерге қатысқан жергiлiктi тұрғындар мен жастар, әсiресе студенттер мен оқушылар дiнiмiзге қатысты өздерiн толғандырған көкейкестi сауалдарына нақты жауап ала алды. Мұнан өзге облыстық мешiт тарапынан да ислам атын жамылған ағымдар iс-әрекетi жандана бастаған Арыс пен Шымкент қалаларында, Жетiсай аймағында «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды.

Оңтүстiк аумағындағы дiн атын жамылған ағымдардың күш алып, iс-әрекетiн жандандыра түсуiне тиiсiнше өз әсер-ықпалдарын тигiзген шетелдерден осында келiп, қызмет еткен Ислам қорлары мен ұйымдары жабылып, сол елдердiң азаматтары Қазақстан аумағынан аластатылғанымен, бұлардың жұмыстарын солардың бұған дейiн дайындалған бiздегi шәкiрттерi мен шетелдерде дiни бiлiм алған өз қандастарымыздың жалғастырып жатқаны аса өкiнiштi.

Шымкент қаласындағы сәләфилердiң денi Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының пәтуаларына қарсы шығып, атқарып жатқан сан салалы қызметiн мүмкiндiгiнше жоққа шығаруға, мешiттерге келген жамағаттың құлшылықтарына, имамдардың iстерiне кедергi жасауға тырысып бағуда. Осындай заңсыз iс-әрекеттерi және елiмiздiң қолданыстағы заңдарын сыйламағаны үшiн сәләфилердi сот шешiмiмен қызметтерi заңсыз саналған өзге де дiни ұйымдардың қатарына жатқызу қажет деген ұсыныс күнi кеше Шымкент қаласында өткен «Тәуелсiз Қазақстан және Ислам дiнi» атты ғылыми-практикалық конференцияда жасалды. Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiгi мен М.Әуезов атындағы мемлекеттiк университетi бастамашылығымен өткен бұл келелi басқосуға оңтүстiк аймағына жататын Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облыстарының аудан, қала имамдары қатысты. Конференцияда оған арнайы шақырылған Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi елiмiздегi дiни ахуалға қатысты өз ойларын ортаға салса, ниет-пиғылы жат ағымдар мен секталар жайлы дiни басқарманың белдi қызметкерлерi мен дiнтанушылар жан-жақты терең талдауға толы байыпты баяндамалар жасады. Баяндамалардан белгiлi болғанындай бұл күндерi сәләфилiк ағым өз мүшелерiнiң санын неғұрлым көбейтiп, қоғамда жiк туғызуға күш салуда. Олардың зияндылығы неде? Сонау ертеден сыр шертетiн ұлттық тарихымыз бен салт-дәстүрiмiздi мансұқ етiп, елiмiздiң көне ескерткiш-жәдiгерлерi саналатын киелi де қасиеттi орындарымызды, атап айтқанда, Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб, Бекет ата, Айша бибi, Райымбек, Әлмерек баба және тағы басқа да кесенелердi тып-типыл етiп, жермен жексен етудi көздейдi. Бұл ағымның жолын кесу үшiн қандай iс-шаралар атқарылуда? Биылғы шiлде айында барлық облыстарда арнаулы үгiт-насихат топтары құрылды. Соның бiрi Оңтүстiк Қазақстан облыстық мешiтi жанындағы 30 кiсiлiк топ өз үгiт-насихаттында жастарға, әсiресе, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттерiне асыл дiнiмiздiң атын жамылған ағымдарды тиiсiнше әшкерелеп, зиянды жақтарын ашып көрсетуде. Мұндай топтар аудан мен қалаларда да жұмыс жүргiзуде. Оған мешiт имамдары мен ел арасындағы беделдi ақсақалдар, зиялы қауым өкiлдерi, дiнтанушылар, ғалым, оқытушылар тартылған. Бұған қажеттi ақпараттық-анықтамалық кiтапша дайындалу үстiнде. Оны мүмкiндiгiнше мол таралыммен халыққа тегiн тарату көзделуде.

Дiнiмiздiң қадiр-қасиетi жайлы осы конференцияның мiнберiнен сөз алған Қазақстан Халық жазушысы, белгiлi қоғам қайраткерi Шерхан Мұртаза былай дедi:

– Жуалы ауданындағы ауылымда Дiнбасының тiкелей қолдауымен мешiт салынды. Соған қазiр ауыл тұрғындарының бiрталайы барып, басын сәждеге қойып жүр. Жасырары жоқ, бұған дейiн сол бауырларымның бестен үшi iшкiлiкке салынып, имандылықтан тым алыстап кеткен едi. Ендi ауылыма имандылық келдi. Сөздерi де сыпайыланып, iс-әрекеттерi де имандылыққа жақындай түстi. Мұндай дiндi мемлекеттен бөлектеуге бола ма? Менiңше, Ата Заңымызға өзгерiс енгiзiп, дiнiмiздi мемлекеттiк құрылымға қосу қажет. Имамдар – ең қадiрлi тұлға. Олар күнделiктi жалақы алмағандықтан алақан жайған тiленшiнiң аянышты халiн бастан кешуде. Мұндай жағдайда оларда қадiр-қасиет қалмақ?! Мешiттер мемлекет қарауына бiржола алынып, оның қызметкерлерiне кесiмдi жалақы төленуi тиiс.

Бұл ұсынысқа конференцияға қатысушылар ду қол шапалақтаумен қолдау бiлдiрдi. Конференция соңында оған қатысқан жастар:

– Өзiмiздi ойландырып, толғандырған сауалдарға толық жауап алдық. Исламнан артық дiн жоғына көзiмiз жеттi. Оның қадiр-қасиетiне жетейiк, – деп тарасты.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК