Жаңалықтар

Өмiрзақ ӘМЕТҰЛЫ: ҚОЛДАН КЕЛГЕНШЕ ҚАЗАҚҚА КӨМЕКТЕССЕМ ДЕП ЕДIМ...

ашық дереккөзі

Өмiрзақ ӘМЕТҰЛЫ: ҚОЛДАН КЕЛГЕНШЕ ҚАЗАҚҚА КӨМЕКТЕССЕМ ДЕП ЕДIМ...

Кешегi Шымкент қаласында болған «күйiк» ауруынан кейiн қызметтен босағандардың арасында Шымкенттiң шырайын кiргiзiп, қаладағы жетiм-жесiр, мүгедектерге көмегiн берiп, баспанасыздарға арнап үй салғызып, халықтың ыстық ықыласына бөленген Өмiрзақ Әметұлы да бар. Ол азаматтың осы облыстағы Сайрам, Ордабасы аудандарында және Түркiстан каласында iстеген iрi-iрi шаруаларын халық күнi бүгiнге дейiн жыр қылып айтып жүр. Шымкентте де ауқымды iстер жасады. Қаланың сан-алуан экономикалық-әлеуметтiк салаларында елеулi табыстарға қол жеткiзуiне ықпал еткен, талай игi бастамаларды қолға алған iскер басшының алға қойған жоспарлары орасан зор екенiн ел жақсы бiледi. Ел игiлiгi үшiн аянбай жұмыстар атқарып келген Өмiрзақ Әметұлын бiз арнайы iздеп барып, сұхбаттаскан едiк.

— Өмiрзақ Әметұлы, аз ғана уақыт iшiнде Шымкенттiң шырайын кiргiзiп, халықтың ризашылығына бөлендiңiз. Ендi бастап, аяғына жетпей қалған шаруалар жөнiнде не айтар едiңiз?

— Шымкент қала болғаннан кейiн, бiрiншi көңiлде қаладағы халық тұрады, ең алдымен мен халықтың әл-ауқаты мен экономикалық жағдайына ерешке көңiл бөлдiм. Әкiм – ол халықпен тiкелей байланыстағы адам, Елбасының саясатын халыққа жеткiзушi, оны халықтың дұрыс түсiнуiне ықпал етушi тұлға. Осы бағыттағы көптеген бағдарламалардың бәрi қаланың жұмысымен тiкелей байланысты. Мәселен, қаланың сәулетi, келбетi мәселесiне бiрiншi көңiл бөлу керек. Халықтың инфрақұрылымына, былайша айтқанда көлiк мәселесi, коммуналдық шаруашылық мәселелерi осылардың бәрi бiрiншi кезекте орын алады. Солардың басты-бастыларын алатын болсақ, қаладағы жас баладан бастап қарияға шейiн солардың күнделiктi тiршiлiгiнiң дұрыс қалыптасуына, «мынау менiң қалам, мен осындай қалада тұрып жатырмын» деп мақтанышпен айтатындай жағдай жасауға тырыстым. Сол бағдарламаға сәйкес үш жылдық бағдарламаны қолға алдық. Ең алдымен ол жұмыстардың бәрiне қаржы керек болды. Қаланың 5 миллиард. 100 млн. теңге ғана қаржысы бар екен, ол 600 миллионнан астам халқы бар қалаға өте аз бюджет. Бұл қаржы тек қаладағы бюджеттiк мекемелердiң жалақысын төлеуге ғана есептелген. Ал ендi көшесiн жөндеуге, тазалауға, үлкен құрылыстар, мысалы балабақшалар мен мектептер салуға, жөндеуге, т.б. жұмыстарға жетпейдi. Бiз осылардың көзiн қарастырып, қалаға түсетiн қаржы көздерiнiң бәрiн анықтап, бұл мәселенi бiрiншi кезекке қойып, жан-жақты жұмыстар жасадық. Бiр жарым, екi ай көлемiнде үлкен бағдарлама жасалынып, нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде қаланың бюджетiне 4 миллиардқа жуық ақша түсiрдiк. Соның арқасында жол салу үшiн үлкен инвесторлар шақырып, жолдар кеңейтiлiп, қаланың бұрынғы жарамай қалған жылу жүйелерi қалпына келтiрiлдi. Тротуарлардан бастап күрделi жөндеулерден өттi және жолдарды кеңейтiп, асфальттап, жарықтандыру, безендiру сияқты түгел кешендi жұмысты бастадық. Менiң тұсымда барлығы 26 көше жөндеуден өттi. Италиялық зауыт бүкiл құрал-жабдығымен келiп, өз жұмысын бастаған болатын. Бұл қаланың 70 пайыз көшесiн бiр жарым жылдың iшiнде жөндеуден өткiзуге мүмкiндiк туғызатын шешiм едi. Бiз соның алғашқы бiр-ақ айында жұмыс iстедiк. Қазiр жаңа басшылык келгеннен кейiн барлығы тоқтап тұр. Екiншi, қаланың тазалығына қатты көңiл бөлу керек қой. Жұмысқа келген күннен бастап мен осы мәселенi қолға алған едiм. Нәтижесi көп күттiрмей-ақ көрiне бастаған едi. Зауыт толыққанды жұмыс iстеп жатқан. Күл-қоқыс тазалайтын 50 техникасымен, 1000 контейнерiмен, бәрiн бөлiп, күл-қоқыс тазалайтын зауытты ашқан болатынмын. Қаладағы аулалардың бәрi жарамсыз кейiпке жеткен-дi, 110 ауланы 1 жылдың iшiнде бюджеттен бiр тиын шығармай, демеушiлердiң арқасында жөндеп шықтық. Келесi жылы қалған төрт жүз алпыс бес ауланың бәрiн жөндеудi жоспарлағанбыз. Бәрi бекiтiлген, барлық ауланың жобасы жасалып қойған. Амал не?

– Бала-шағасымен баспанасыз жүрген 11 000-нан астам азаматтарга «Достық» деген шағын аудан салуды бастапсыз. Оңай шаруа емес. Мол қаржы керек дегендей… Оған қаражатты қайдан таптыңыз?

– Қалада жетiм-жесiрлер, кедей-кепшiктер, мүгедек жандар өте көп. Өйткенi Оңтүстiк Қазақстанның климаты қолайлы, он ай жылы болып тұрады, күнкөрiс жеңiл болғаннан кейiн мұнда келушiлер жылдың қай мезгiлiнде болсын толастамайды. Оралмандардың көпшiлiгi осында. Үйлердiң шатырларында, лифтiлерiнде, жертөлелерде, вокзалдарда өмiр сүрiп жатқан баспанасыз адамдар саны жетiп артылады. Сондай жандарды арнайы құрылған 50-ге жуық комиссия жан-жақты тексерулерден өткiзiп, таспаға түсiрiп, 417 адамды анықтады. Комиссия құрамында халық депутаттары, оппозициялық партия мүшелерi болды. Шешiмдi сол комиссия өзi шығарды, мен оған мүлде қатысқан жоқпын. Мен тек үй тұрғызып, мектеп салуға басшылық жасадым. Тағы да қосымша 5 мыңдай адамнан өтiнiш түстi. Бұл адамдарға бiр күндiк көмек тамақ немесе қаржы беретiн болсақ, онымен мәселе түбегейлi шешiлмейтiнi анық.

Елбасымыз әр отбасының баспанасы болуы керек, кедейшiлiкпен күресу, мүгедектерге қамқорлық, инвесторлар тарту, демеушiлер табу тәрiздi, басқа да көптеген акциялар өткiзу жөнiнде бастамалар көтердi. Осы идеяны әрi қарай жалғастыратын кiмдер- олар жергiлiктi әкiмдер. Мысалы, жағдайы төмен адамдар ипотекаға үй ала алмайды. Мен оларға тегiн жер бердiм, олар үй сала алмады. Оларға бәлкiм бұрын да жер берiлген шығар. Алайда олар жердi сатып жiбередi де, оны тамаққа, киiм-кешекке жұмсап қояды, сөйтiп қайтадан кедей болып қала бередi. Мұндай әдiспен кедейшiлiкпен күресiп, оны жеңе алмайтындығымызға көзiм жеттi.

– Сонда кедейшiлiкпен күресудiң жолы қандай болуы керек, сiз қандай әдiстi ұсынасыз?

– Мен өзiм ойлап тапқан әдiс — бiрiншi адамға тұрақты баспана керек, одан кейiн жұмыс керек. Менiң көзiмнiң жеткенi — халыққа тек қана жер бермеу керек, уақытша болса да баспана салып беру керек. Мен уақытша баспана салдым. Сөйтiп, демеушiлер бар, басқа да жолдары бар, мемлекеттiң бiр теңгесiн де шығындамай, бүкiл инфрақұрылымды шештiм. Су, жарық мәселелерiнiң барлығын жан-жақты шештiм. Балабақша мен мектептi жанұяға қажеттiң барлығын әдейi сол жерге салғыза бастадым. Ол тұрғындардың балалары мектепке, балабақшаға баруы керек, бiр сөзбен айтқанда, толыққанды жағдай жасалуы керек. Мiне, соған байланысты үйлерiн салып берудi көздедiм. Ол дайын үй болуы керек. Олар ешқандай қиындық көрмесiн деп жаңа үйдiң пешi, отыны, көмiрiне шейiн дайындадым. Өйткенi алғашқы жылы қиындық болса олар тағы үйлерiн сатып кетуi мүмкiн. Мен үйiн сатпайтындай, «мынау менiң үйiм, Отаным» деп тұратындай жағдай жасадым. Сондай жағдай жасап, 500 үй салып, ендi бiтуге бiр ай қалғанда 417 баспана бiттi, 1000 балалық мектеп бiттi, бiр балабақша бiтуге жақын қалған-ды. Поселкенiң жолға жақын жағынан 20 мәдени орталыққа жер бердiм. Оларға мәдени орталықтар, мейрамханалар салыңыздар деген ұсыныс айттым. Сонда онда тұратын адамдар да жұмыс iстейдi.

– Жердi беру, сату мәселесiнде өз идеяңызды iске асыра алдыңыз ба?

– Жердi сатуға Шымкентте бiрiншi рет аукцион ұйымдастырдым. Бұрын жер әртүрлi жағдайларда берiлген. Биыл жер бiрiншi рет тек қана аукцион арқылы сатылды. Мен тегiн жерлердi үшке бөлдiм, бiрiншi кезекте тегiн жердi жағдайы жоқ адамдар алуы керек, одан кейiн олардан да нашар адамдар алуы керек, ал жағдайы бар адамдар тек қана сатып алуы керек. Бiзде тек қана жағдайы бар адамдар қайта-қайта жер ала берген. Бiрiншi топтағылар сатып коммерция жасай берген де, екiншi топтағылар кедей болып қала берген. Сондықтан мен ондай жүйенi жойдым. Ең төменгiлердi бiрiншi топқа шығардым, одан кейiнгiлер де жағдайы төмендер, ал үшiншi топқа бай адамдар. Олар жердi аукционмен сатып алады. Сөйтiп аукционнан бюджетке 800 миллиондай қаржы түсiрдiм. Мұндай жағдай Шымкенттiң тарихында бұрын-соңды болмаған екен. Ол қаржының бәрi жол салуға, қаланың басқа да жұмыстарына жұмсала бастаған болатын. Оған бюджеттiң қаржысы емес, тек қана демеушiлердiң көмегiнiң арқасында қол жеткiздiк.

– Қаланы көркейтуде басқа да қандай жұмыстар атқару ойыңызда бар едi?

– Қаланың көп бөлiгi ескi қала болып кеткен. Қаланы жаңарту үшiн инвесторлар әкелiп, олармен қазiр келiсiм-шарт жасалынып, ол жерлерге жаңа, бүгiнгi қалаға лайықты зәулiм үйлер салу жобалары бекiтiлген.Одан кейiнгi ең жақсы жағдай инвесторлар тартып, олар келгеннен кейiн қаланың жақсы жерлерiнен жер сұрайды ғой, мен оларға жер бергенде балабақша, болмаса мектеп салуды немесе алаңды жөндеудi қосымша жүктейтiнмiн. Мысалы «TS инженеринг» компаниясы қаланың орталық алаңын көрiктендiруге байланысты керемет жоба ұсынып, қаланың ең жақсы жерiн сұрады. Ол жоба маған ұнағаннан кейiн компаниялардың арасында конкурс болғанда оларға жеңiлдiк жасадым. Өйткенi олар 10 миллион доллар қаражатты демеушiлiк ретiнде қалаға құйып отыр. Жақсы жердi алғаны үшiн алаңды тегiн жөндейтiн болды. Бұл қол қойылып, бекiтiлiп, шешiмiн тапқан мәселе. Бұны бүгiнгi жаңа әкiм қажет емес деген болатын. Әйтсе де кейiн қабылдапты. Өйткенi одан артық идея жоқ. Бұл жан-жақты тәжiрибеден өткен мәселе. Менiң идеяларымның бәрi халықтың қамы үшiн жасалған жақсылықтар едi, сондықтан ол өз маңызын ешқашанда жоймайды деп бiлемiн. Әрбiр келген компанияның бәрiне мен осындай талап қойған болатынмын. Содан соң қалада биiк үйлер салған компаниялар 10-20 пайыз арасында үйлердi қалаға берсе, бiз оларды күнкөрiсi төмен отбасыларына берудi қолға алғанбыз.

Сол секiлдi парктердi көркейтудi қолға алмақ ойымыз бар едi. Ол жобамыз дүниежүзiлiк байқауда алтын жүлдеге ие болды. Содан соң қаланың арғы жағына қаланың орталығын көшiруге байланысты үлкен бағдарлама жасағанбыз. 900 гектарға жуық жердi қаланың жобасына енгiзiп, қаланы дамыту мақсатында үлкен жоба өз жұмысын бастап кеткен едi. Қаланың шетiнде базарлар салынып жатыр. Iскерлiк орталықты көшiру жөнiнде де үлкен бағдарлама бар болатын. Әуежайдан келе жатқан жолдарды кеңейту жоспарда бар едi. Одан кейiн қаланы көркейту, гүлдер өсiру, субұрқақтарды, қаланың ортасындағы аллеяларды қайтадан жаңартып, өзгертуге қатысты үлкен жоспарларым бар едi. Одан соң бұрынғы «Комсомольское озеро» деген жерге 400 миллионнан астам қаржыны жоспарлап отырғанбыз. Оңтүстiк Кореяға барып инвесторлармен келiсiм-шарт жасап келгенбiз. Ол жерде 10 ай гольф ойнауға болады. 200 гектар жерге кешендi гольф-орталық салмақшы едiк. Онда мейрамханалар, қонақүйлер, балаларға арналған дисней-ленд сияқты көптеген құрылыстар салып, Шымкенттi келешекте iскерлiк орталыққа емес, мәдени орталыққа айналдыру ойымыз бар едi, инвесторлар келiп жұмыс iстейiн деп жатқан едi. Мұндай жобаны iске асыруға Шымкенттiң бiрнеше ерекшелiктерi бар, қаланың 10 айы жылы болып тұрады, қасымыздағы Ташкенттiң 2-3 миллион халқы бар. Осындай жағдайда олар да инвестиция әкелер едi. Туризм бағытында олармен де бiрге жұмыс жасауға болады. Кейбiр дамыған елдерде туризмнен 60 пайызға дейiн кiрiс кiредi, орташа есеппен 40 пайызға дейiн табыс табуға болады. Осы бағытты мен бiрiншi кезекке қойдым. Өйткенi туристер келгенде алдымен олар көретiн, демалатын орындар болуы керек қой, бiзде қазiр кiсi қызығып көретiн ештеңе жоқ. Мiне, осы бағытта қаладағы барлық саланы бүгiнгi заман талабына сәйкес дамыту мақсатымызда бар болатын. Содан соң ипподромды да бүгiнгi заман талабына сай жөндеу жоспарымызда бар едi. Оны да Оңтүстiк Кореялық инвесторларға көрсеткенбiз. Аталмыш елде ипподром қаланың 40 пайыз кiрiсiн бередi. Өйткенi ол ат спорты да, ойын да . Ал бiзде тек қана шығын. Ал шет елде қандай мәдени орталық бар соның бәрi тек қана табыс әкеледi. Мiне, бiз осындай бағытта, барлық саланы жан-жақты дамыту мақсатында жұмыстар iстедiк. Өте үлкен жоспар жасалынған болатын.

Қалада басқа да көптеген көрiктi жерлер көп. Мысалы, Қошқаратаның бойын 10 миллионға жуық ақша жұмсап, тегiн көркейту. Жазда балаларға арналған лагерь ашылып, онда 250 бала демалды. Тегiн үйлердi бiз әсiресе, мүгедек балаларға бердiк. Олардың көпшiлiгi өз беттерiмен өмiр сүредi, әке-шешелерi қуып жiберiп үй жалдап тұрып жатқандары бар, айта берсең оның өзi өте үлкен трагедия. Осылардың барлығын өз көзiңмен көрiп, жүрекпен қабылдауың керек, қабылдамасаң ешқашан түсiне алмайсың. Ер азаматтар әйтеуiр күнiн көрiп кетедi.Ал мүгедек қара көздерiмiздiң жағдайлары адам аярлық деңгейде екендiгiн көзiммен көрдiм…

Кедей-кепшiк, мүгедектерге көмектеспей озық елу елдiң қатарына қосыла алмайсың ғой. Сондықтан оларға жағдай жасауың керек. Осы орайда Президентiмiздiң бастамасын әрi қарай жалғастыру, дұрыс бағытта жұмыс iстеу бүгiнгi әкiмдерге байланысты. Сондықтан да халықтың бәрiне жағдай жасау керек. Төлеген Айбергеновтiң «Шабам деген жiгiтке ат, жанам деген жүрекке от беретiн» кiм, әрине ол жергiлiктi жердегi әкiмдер болу керек. Барлық халық бай тұрса сонда iргелi 50 емес, 25 елдiң қатарында жүретiндiгiмiзге менiң шүбәм жоқ. Елбасының айтып жүрген саясаты өте дұрыс. Саясатқа араласып ұрандата бермей, әкiмдер нақты жұмыс iстеулерi керек. Халықтың жағдайын бiлу үшiн әр үйдi, әр отбасын барып көзбен көрiп, қажет болса барлық үйлердi аралау керек. Мен осы талаптың үрдiсiнен шығуды көбiрек ойладым. Ең бастысы, қолымнан келгенше қазаққа көмектессем деп едiм…

– Сiз келген кезден кеткенге дейiнгi аралықта әр салада атқарылған жұмыстар арасында айырмашылықтар бар ма?

– Мен үш жылдық бағдарлама бойынша жұмыс жасадым. 48 миллиард теңге бюджет өндiрiлдi. Көздерiн тауып, бюджетке түсуге тиiстi түсiмдерден де артық қаражаттар түсiрдiк. Мысалы қалаға Көкшетауда шығып жатқан 50 автобус сатып әкелдiк. Әлi бұл жұмыстың бастамасы ғана едi, алда үш жылдық бағдарламасы бар болатын. Ауыз суды жаңарту, 17-18 млрд-қа жуық қаржыны қарастырдық. Бұл салада жақсы жұмыстар жүргiзiлдi деп айтуға болады.

– Сiз Шымкентке келгенге дейiн Ордабасы, Түркiстан, Сайрам аудандарында әкiм болып қызмет iстедiңiз. Осындай үлкен аудандар туралы, олардың болашағы туралы сiздiң пiкiрiңiз қандай? Халықтың есiнде қаларлықтай нендей жұмыстар атқара алдым деп ойлайсыз?

– 1996-97 жылдары Ордабасы ауданына әкiм болып барғанымда жәрдемақы жоқ, жұмыс орындары жоқ, қиын өте қиын кезең болатын. Күнiне 100-150-тен астам әйел-аналар кеңсе табалдырығын тоздыратын. Күн көрiстерi өте қиын. Ең басты мәселе осыларды шешу болды. Бұл тығырықтардан шығу үшiн жан-жақты жұмыс орындарын ашу керек болды. Сөйтiп, шағын кәсiпкерлiктi ашу жолдарын қарастырдық. 4 кiрпiш зауытына қайта қан жүгiрдi, 2 құс фабрикасын қайта iске қостық. Бүкiл облыс бойынша қалада жарық болмаған кезде, Ордабасы ауданында көшеге дейiн жарқырап тұратын. Зауыттардың бәрiн iске қосып, сөйтiп, 3-4 айдың көлемiнде халықтың бәрi тынышталды, жәрдемақы берiле бастады, ең бастысы баяғы қабылдауымды жылап сұрайтын аналар саны күн сайын азая бердi, азая бердi. Кәсiпкерлiктi тез дамыттық. Соның арқасында бюджеттi орындауда барлық көрсеткiш бойынша бiрiншi орында болдық.

Ал Түркiстанға мен 1999 жылдың қыркүйек айында әкiм болып тағайындалдым. Жылдың басы, бюджетте бiр тиын ақша жоқ. Бiрде-бiр жөнi түзу жол жоқ. Бiр тиын қаржысыз жұмыс бастау керек болды. Қалада асфальт та жоқ, жарық та жоқ. Әкiмшiлiкке кiрсең алыс бiр колхоздың кеңсесi сияқты қаңырап қалғандай едi. Әкiмшiлiктегi телефондардың бәрiн үзiп тастаған. Шоттардың бәрi жабылған. Кейбiреулер қазiр де айтады, бәрi заңсыз болды деп. Заңды болу үшiн қаржы берсiн. Қалада үлкен концерттер ұйымдастырдым, өнерпаздарымызды қалаға шақырдым. Түскен қаржының бәрiн арнайы құрылған қорға құйғыздым, қарызға бiреуден қант алдым, бiреуден ұн алдым. Мен әкiм боп келгенде қалада бiрде-бiр құрылыс компаниясы жұмыс iстемейтiн, солардың төртеуiне тыныс бердiм.

Түркияға бардым, олардан 54 миллион теңге қаржы бөлiндi. Алдымен канализация жұмысын жолға қойдым. Ешбiр қаржысыз канализацияны бiтiрдiм. Содан соң орталықтағы үлкен алаңды күрделi жөндеуден өткiздiм. Түркiстанға кiре-берiс жолды, тротуарларды және т.б. жобасыз жасалынды. Жоба жасау үшiн 2-3 ай уақыт керек едi. Оған алдымен қаржы түсуi керек қой, қаржыны тез 10 күнде тапқан күннiң өзiнде бiр ай, төрт-бес ай уақыт өтедi. Оның бәрiн заңдастырып шешетiн болсам, ешқандай жұмыс дер кезiнде бiтпес едi. Бiлесiз бе, сол жөнделген жолдың қаржысы екi жылдан кейiн барып әрең төлендi.

– Сол кездерi ел iшiнде үкiметтiң қаржысын заңсыз жұмсады деген әңгiме тарап кеттi. Ал, бұл туралы не айтасыз?

– Жұрттың бәрi iске асып жатқан жұмыстар заңсыз деп шулады. Заңсыз болғаны оның келетiн қаржыны күтпей салынғаны. Қала мерейтойға дайын болуы керек. Егер Үкiметтен келетiн ақшаны күтсек, қаланың тойы өтпейтiн едi. Үш айдың iшiнде көпiр салғыздым. Ешбiр жобасыз, құжатсыз. Маған тағылатын кiнә сол ақшаны жеп қойды, оны құрту керек деп байбалам салғандар болды. Менi не деп құртады. Себебi жеп қойды дейiн десе, бюджетте бiр тиын қаржы жоқ. Қылмыс дейiн десе, қылмыс емес. Iстелген жұмыс үшiн менi жауапқа тартпақ болды. Қаншама тексерулер келiп, жүйкенi жұқартты. Мен күл-қоқыс шұңқырына айналған жерге бiр-ақ айда көпiр, мектеп салғыздым. Туберкулез емханасын салдырттым, перзентхананы бiтiрттiм, бiр мектепке бөлiнген қаржыға екi мектеп салғыздым, аллеяны жөндеттiм. Су құбырларын жөндеттiм. Түркiстанға газ апару мәселесiн қолға алған едiк.

— Ал ендi Сайрам ауданын да басқардыңыз. Ол ауданның қандай ерекшелiктерi болды?

— Сайрам ауданы – Шымкент қаласының түбi болғанымен, бiр ерекшелiгi бұл таза Оңтүстiк Қазақстандағы ауылшаруашылық өнiмдерiмен қамтамасыз ететiн аудандардың бiрi. Бұл жерге басқаша көзқарас жасау керек. Өйткенi халқының басым көпшiлiгi өзбек, басқа ұлттың өкiлдерi тұрады. Мiне, осыны да ескеру керек болды. Қалыптасқан дәстүрге байланысты ауыл шаруашылығына, фабрикалар, зауыттарға көбiрек көңiл бөлiндi.

– Сайрамға байланысты басқа қандай жұмыстар атқардыңыз?

– Сайрам ауданында барлық сала бойынша инвестиция тартылды. 15 миллиардқа, 3 жылға бағдарлама жасалынды. Түркiстанда 3 жылдық бағдарламаның екiншi кезеңiн қолға ала бастаған едiм. Тағы үш жыл уақыт жетпей қалды. 2-3 жылдың iшiнде керемет қала жасап шығаратын едiм деп армандаймын. Сайрамда ауданының бағыты басқа болды, маған дейiн болашаққа бiрде-бiр жоба жасалмаған екен. Менiң 1 жылғы уақытым жобалар жасауға кеттi. Көп ұзамай тағы да ауысып, Шымкентке келдiм. Онан әрiсi сұхбатымыздың басында әңгiме болды ғой…

— Ендi не iстемек ойыңыз бар?

— Далада қалмаспыз. Мен бiреудiң ала жiбiн аттаған адам емеспiн. Бiреулердiң табалдырығын да тоздырғаным жоқ. Өз сөзiм өзiмдiкi. Өз iсiм өзiмдiкi. Ал кейiнгi бiреулер менiң бастап қойған iсiмдi тоқтатып қоймай, әрi қарай жалғастырып жатса, мен тек алғыс айтар едiм.

Әңгiмелескен Қасымхан БЕГМАНОВ