ТЕҢГЕНIҢ ЖЫРЫ ӘЛI БIТПЕЙДI

ТЕҢГЕНIҢ ЖЫРЫ ӘЛI БIТПЕЙДI

ТЕҢГЕНIҢ ЖЫРЫ ӘЛI БIТПЕЙДI
ашық дереккөзі

Сонымен не керек, қос тiлде жазылған төл валютамыз – теңге де ешкiмнiң пiкiрiмен санаспастан айналымға енiп-ақ кеттi. Өзi енгiзiлгенiне бар-жоғы 13-ақ жыл болған теңгемiз өзгерiске ұшырап, екi тiлде жазылатын болды дегеннен-ақ, тiл жанашырлары мен халықтың атынан сайланған депутаттар да наразылығын бiлдiрiп, қарсылық туғызған-ды. Бәрi емес, әрине. Олардың арасында болған жайтқа «бармақ басты, көз қыстымен» қарайтындары да бар көрiнедi. Тiптi, кейбiр ақбасты ақсақалдар өзiнiң жасына лайық сөз айтпай, қазақ тiлiнде қате жазылған сөзге еш жаны ауырмастан «Онда тұрған не бар, бiз бiлетiн бiр-екi елдiң валютасында да қате жүр, олар қате кеттi деп, ақшасын қайта шығарған жоқ қой!» деп қойып қалғаны да санамызда. Демек, елiмiздi екi рет шығындатпайық десек, (қайта шығындалмайтынымыз айдан анық) әу баста неге мұны қадағаламаған? Бұл тағы жәй ғана Үкiметтiң қаржысын желге шашу немесе нақ жаныашымағандықтың белгiсi. Бiз төл теңгемiздi неге қос тiлде шығаруымыз керек деп сан соғып жүргенде, ақырында бұл мәселе өз жайына қалып, бәрiмiз келiп қате кеткен сөзге шүйлiктiк. Қойшы әйтеуiр, Сәйденов бастаған топ халық алдында осы сорақы қателiгi үшiн кешiрiм сұрайды ма деп күтiп едiк, қайта ұялмастан жаңа ақшаның айналымға енiп кеткенiне мәз-мейрам. Кейде қатенi осы сөзден әдейi жiберген бе дейсiң. Ойлап көрiңiзшi, бұл қос тiлде жазылған теңгеге халықтың назарын аудартпай, оларды даурықтырмас үшiн жасалған жоқ па?!

Қазiр жаңа теңгенi қолына ұстап «Мынау ақша ма?!» дейтiндер көбейдi. Өзiмiздiң (бұдан былай бұрынғы) төл теңгемiзбен сапасын салыстырып та көрдiк. Шынында да, қолыңа ақша емес, бiр қатырлақ қағаз ұстаған сияқты сезiнедi екенсiң. Ақша – айналым құралы. Қанша жерден оның сапасы мен басты қателiгi туралы баса айтсақ та, бiз, яғни, адамдар оған тәуелдiмiз. Дегенмен, 15-тен аса қорғаныштық белгiсi бар деп ауыз жұқтырмай мақтаған жаңа теңгеге байланысты наразылық шаралары саябырситын емес. Жаңа теңге айналымға енiп кеткенмен, тiл жанашырлары, Халық қозғалыстары ақтық демi үзiлгенше айтып-ақ жатыр. Жақында «Аллажар–қолдау» қоғамдық қорының төрағасы, Марат Бөтеев бастаған бiр топ тiл жанашырлары мен экономист-сарапшылар «Теңге айналымға енсе де, бiздiң мақсатымыз – бұдан былай мемлекеттiгiмiздi, елдiгiмiздi айғақтайтын рәмiздерiмiзден қате жiбермеудi осы бастан санаға сiңдiру» дегендi айтады. Теңгеде қате кеттi екен деп, қоғамдық орындар мен мекемелерде қазақ тiлiн қорлауды қысқарту керек. Керiсiнше, барлық мемлекеттiк жүйеде тiлдiң қолдану аясын өрiстету қажет. Бiз осы үшiн күресемiз,– дейдi олар. Осыдан бiр ай бұрын ұлт патриоты Мақсұт Оразай ақсақал кешiрiмсiз сорақылыққа жол берген Ұлттық Банкiнi сотқа берiптi. Соттан сотқа жүгiнген ақсақал бұл жолы да жерге қарап қалмаймын деп батыл кiрiсiптi. Ағымдағы жылдың 30 қазанда сотқа жазған арызында: «Конституцияның 13-бабына сүйенемiн. Ұлттық банк өзiнiң негiзгi мiндетiн орындамай, теңгенiң құнын құлдыратып жiбердi. Алғашқы ақша құнсызданып бiттi, тиын атымен құрыды. АҚШ, Англияның ақшасы 128, 252 теңге, қырғыздың сомы – 3 теңге. Бұған намысым келедi. Сүйте отырып, қыруар қаржы шығындап, жаңа ақша шығарады. Бұл жауапкершiлiксiз жасалған iс» делiнген. Ал ҚР Конституциясының 7-бабы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп жалғыз тiлдi атаған. Сондықтан да теңгенiң бiр бетiндегi орыс тiлiндегi жазулар Конституцияға да қайшы. ҚР Президентiнiң «Ұлттық валютаны енгiзу туралы» жарлығындағы «ұлттық» деген ұғымға да қайшы. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның 3-бабының 4-шi тармағы түгел бұзылған: құпия, жариялылық болмай, бәсекелестiк те болмай, тендерсiз, жаңа ақшаның көбi (951 млрд. теңгенi) өзiмiздiң Банкнот фабрикасында емес, шетелде басылып, онда дөрекi қате орын алып, 1 млрд. теңгеден аса қаражат рәсуә болды. Бұл жағдай Саша Коэн деген комиктiң құлағына шалынса, ол дүниежүзiне келеке қылып, Қазақстан беделiне нұқсан келтiредi деп қиналамын, содан патриот ретiнде зардап шегудемiн»,– дейдi ол өз арызында. Сондай-ақ ұлт патриоты сотқа куә ретiнде Банкнот фабрикасының басшыларын және Де ля ру фирмасының өкiлi Н.А. Мак Грегор мырзаны шақыруды өтiнген. Алайда, бұл әлi күнге дейiн ырду-дырдумен келедi. Бiрақ та, сот процесi боларлықтай арнайы қаулы шыққан соң, оның созылып кететiнi бесенеден белгiлi. Ешқандай нәтиже жоқ, тек баяғы әуре-сарсаң. «Жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы бiлiнбестiң» керi.

Бүгiнгi жиналған жанашырлар тек тiлге ғана қатысты емес, бiздiң ұлттық теңгемiздiң құнының күннен күнге құлдырап бара жатқандығын айтады. Ешбiр экономикалық, қаржылық себептерсiз теңгенi ауыстыру – тағы да өз қара басын күйттегендер мен қарын-қалтасын ойлағандардың айла-әрекетi. Түптеп келгенде, бұл өз iсiне жауапсыздықпен қарау, салғырттық, одан қала бердi коррупцияға жол беру. Бұл – бiр.

Ал, «Қазақ тiлiне жедел-жәрдем» орталығының жетекшiсi Балтабай Қабыланов 27 қазан күнi таңғы сағат 7-ден бастап Елбасының «Ана тiлi» газетiне берген сұхбат тақырыбын, яғни, «Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде» деген мәтiн жолдарын ақ қағазға жазып, өзi жалғыз қаланы араламақ болған. Мұндағы мақсаты – бәрi де Елбасының айтқанындай болуы керек деген ой. Алдымен Республика сарайына келiп Абай атаның ескерткiшiне тағзым етiп, бiраз жоғары оқу орындарына барып, жастарға қолындағы үнпарағын көрсетiп, өз ойын ашық айтқан. Содан кейiн Ұлттық Банкi есiгiнiң алдына келгенде тәртiп сақшылары оның қолын бұрап, Бостандық ауданының iшкi iстер бөлiмiне алып кетiптi. «Бұл мекеменiң қақ төрiнде iлiнiп тұрған Дзержинскийдiң портретiн және iшi-сыртындағы тек орыс тiлiнде жазылған нұсқауды көрiп, денем тiтiркенiп кеттi. Құдды бiр Ресейдiң қаласының мекемесiнде отырғандай күй кештiм»,– дейдi Балтабай Қабыланов. Керек болса, бұл көрiнiстердi «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорындағылар ұялы телефонға түсiрiп те алыпты. Сонымен амал нешiк, оны Алматы қалалық ауданаралық бiрiктiрiлген әкiмшiлiк сотына апарған соң, арнайы iс қағазын ашады. Осы әрекетi үшiн оған 16 мың теңге айыппұл салған. Бiрақ мұны төлеуге жағдайым жоқ деген Балтабай: «Нағыз қылмыскерлердi ұстамай, елiне, халқына, оның тiлiне жаны ашығандарды қылмыскерге балайды» деп күйiнедi. Мiне, осы күннен бастап соттан шақырту қағазы келiп, «бүгiн, ертең» деген желеу сөздермен сандалдатын әдеттерiне басты,– дейдi ол.

Қарап отырсаңыз, бiздегi ұлттық мәселе тек сотқа жүгiнумен ғана шешiмiн табады. Ол тағы да сотқа арыз берушiнiң немесе жүгiнушiнiң пайдасына шешiлмейдi ғой. Ұлттық мүдде мен көзқарас айқын болып тұрса да, айналып келгенде, «қарға қарғаның көзiн шоқымайды». Мiне, тағы да бiрнеше айға созылған сот процестерi басталып кеттi. Сонда бұл ерiккеннiң iсi дей ме?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ