КЕРЕКУДI ҚАЗАҚЫЛАНДЫРУҒА КIМ КЕДЕРГI?
КЕРЕКУДI ҚАЗАҚЫЛАНДЫРУҒА КIМ КЕДЕРГI?
Павлодарды билеп, жастарын тәрбиелеп жүрген өзге емес, өз ұлтымыздың аға буыны екi нәрседен қорқады екен: Бiрiншiден – ұлттық мүддеден, екiншiден – оппозициядан. Бiр қызығы, ұлттық мүдденi көтеруiмiздiң өзi – оппозициялық ойлармен пара-пар пiкiр ретiнде бағаланды. Жастар алдында ұлттық мүдде – тiл мен дiн мәселесiн ту етiп, «оппозиция» атана жаздаған бiрқатар қазақ журналистерi мен елге танымал азаматтар әу бастан Кереку өңiрiне «Ұлан» жастар қозғалысының шақыруымен ат басын тiреген едi. Өкiнiштiсi сол – жастарды тәрбиелеп жатқан Павлодар мемлекеттiк педагогикалық институтының кейбiр оқытушылары, тарихшы, декандары ұлттық мүдденi көтерген аузымызға қақпақ бола жаздады. Жүрекке медеу болғаны – студент жастардың қайсарлығы, батылдығы, қазақилығы… «Павлодардың» демеуi – өз iшiмiзден шыққан осындай тарихшысымақтар болса, «Керекудiң» соңғы үмiтi – студент жастар болса керек.
Елiмiздiң коммунистiк шырмау мен Ресей империясының бұғауынан босанғанына 15 жылдан астам уақыт болса да, Қазақстанның солтүстiгiнде орналасқан Павлодар мен Петропавлдың қала атаулары түгiлi, орталық көшелерiн өзгертуге қолымыздың жетпей отырғаны баршаға белгiлi. Павлодардың бас көшесi Кутузовтың атында. Жергiлiктi зиялы қауым өкiлдерi Павел патшаның Кереку өңiрiнде тумағанын, Қазақстанға еш еңбегi сiңбегенiн, оның Қазақстан мен өзге де бодан елдерiн езгiге салған, ұлт-азаттық көтерiлiстердi аяусыз басқан Романовтар тұқымы екенiн ашына айтады. Сонда қазаққа ешқандай да қатысы жоқ, орыстардың өз iшiнде мыңның бiрi болған қайдағы бiр Пашаның атымен Қазақстанның iрi қаласын атау қаншалықты орынды?! Павелдiң бар еңбегi – патша әулетiнде дүниеге келгенi ғана. Ең сорақысы, ТМД мен Балтық жағалауы елдерi 15 жылға жеткiзбей-ақ ұлттық мәселелердi шешiп қойса, Қазақстан әлi күнге дейiн отарлық езгiнiң салдары мен мұраға қалған кеңестiк психологиядан айығар емес. Содан болар, ПМПИ-дiң тарихшы оқытушылары Алматыдан Павлодарға арнайы ат басын тiреген қазақ басылымдарының тiлшiлерiне қарсы шабумен ғана болды. Бiз: «Қазақстанның байырғы да мемлекет құраушы ұлты – қазақ» – десек, олар: «Қазақстанда 137 ұлт өкiлi тұрады» – дейдi. Бiз керекулiк тарихшы көкелерiмiзге: «Олар – диаспора ғана» – десек, олар: «Бұл дәлелденген тарихи фактi» – дейдi. Бұл аздай: «Бiз Павлодарда тұрамыз. Сондықтан Алматыда айтатын ойларыңызды бiзге таңбаңыздар» деген сыңайда ой айтады. Яки, ұлттық мүдде мәселелерi – Қазақстанның солтүстiк аймағына қатысты емес екен. Олар өздерiн «Ресейдiң губерниясындай» сезiнедi. Тарихшыларымыздың бойы соған үйренiп қалған. Жүйенi өзгерткiлерi келмейдi. Сiрә, олардың қазақшасынан орысшасы басып тұр… Кеңес Одағы тұсында «қазақ» ретiнде өздерi басылып қалған, ендi көкiректерiнде «мен қазақпын» деп жүрегi соғатын жастарға қандай тәрбие бермек?! Бiрақ бұған жастар дес бермедi. «Бiз мемлекеттiк тiлдi бiлуге мiндеттiмiз», – дейдi студент Света Шнайдер. «Бiз аймақта тiл мен жастар мәселесiнiң шешiлуiне атсалысамыз», – дейдi «Ұлан» қозғалысының мүшелерi. Тек бұл мақсатта жастарға аға ұрпақтың кейбiр өкiлдерi кедергi болмаса едi дегеннен басқа тiлек жоқ… Алматыға да, Павлодарға да, елiмiздiң өзге өңiрлерiне де ортақ бiр ғана мүдде бар. Ол – ұлттық мүдде. Мұны бөлiп-жарып, «тiлге қатысты Алматыдағы ойларыңызды бiзге таңбаңыз» деген тарихшылардың пiкiрi көк тиын.
«НЕ ХОЧУ БЫТЬ КЕРЕКУЙЦЕМ» ДЕП ЗАРЛАЙТЫНДАР МЕН «КЕРЕКУ КОРЯКОВКА ЕМЕС» ДЕП АҚТАЙТЫНДАР
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры емес». Даудың басы – Павлодардың кеңестiк атауы. Бұл дау-дамай әсiресе соңғы жылдары ушығып бара жатыр. Мұның да өзiндiк себептерi болса керек. Ең алдымен, бүгiнде Павлодар облысында қазақ халқының саны артыпты. Жергiлiктi Iшкi саясат басқармасының жастар бөлiмiн басқаратын Гүлнәр Қамалованың берген мәлiметi бойынша, қазiрдiң өзiнде Павлодар облысында қазақ халқының саны 64 пайызға жеткен. Содан болар, Павлодар атауын Кереку деп өзгертудi қолдайтындар қатары айтарлықтай арта түскен.
Дегенмен, қала атауын өзгертуге кедергi болып тұрған тұстар да аз емес. Павлодардың ақпараттық кеңiстiгi әлi күнге дейiн өзге тiлде шығатын басылымдарға тәуелдi десек, артық болмас. Кереку өңiрiнде шығатын «Ертiс дидары», «Ой» басылымдарының редакторы, жазушы Арман Қанидiң айтуынша, аймақта «Новое время» сияқты өзге тiлде шығатын оншақты газеттер бар екен. Бұл орайда жазушы: «Ұлттық мәселеге келгенде, оларда бұратартушылық бар. Олардың ар жағында қалталы азаматтардың барын бiлемiз. Бiз осы тектес басылымдармен «Ой» газетi арқылы тайталасамыз. Оны да өз қаржыма шығарып жүрмiн» – дейдi. Айтпақшы, өңiрде қазақ мәселесiне негiзделген «Ой» газетiн шығарған ағамыз бiраз қудаланыпты. Осылайша қазақтiлдi басылымдар «қолдан тұншықтырылып» жатқандай. Десек те, өзге тiлде шығатын басылымдармен тайталасатындай қазақ басылымдары өте аз. Дәлiрек айтсақ, олар – «Ой» мен «Кереку» басылымдары… Әйтеуiр, жергiлiктi ақпараттық кеңiстiктегi «шайқас» толастаудың орнына, күннен күнге ушығып барады. Бұл «шайқастың» бiр жағында – жергiлiктi «Новое время», «Городская неделя» сияқты басылымдар тұрса, екiншi жағында – ұлттық мүдденi қорғаштап жүрген «Кереку», «Ой» басылымдары… Орыстiлдi басылымдар «Переименование Павлодара, кому и зачем это нужно?», «Не хочу быть Керекуйцем», т.б. мақалаларымен Кереку атауына қарсы шықса, қазақ басылымдары «Кереку – Коряковка емес», «Желге қарсы түкiрудiң керегi не?» дегендей мақалалары арқылы орыстiлдi басылымдардың азғыруына қарсы тұруға тырысып келедi.
Павлодарға барғанымызда, көзге оғаш көрiнгенi – аймақтың ақпараттық тұрғыдан оқшауланып қалғаны. Дүңгiршектерде сатылатын басылымдардың көбi – Ресей газет-журналдары мен жергiлiктi орыстiлдi басылымдар. Республикалық қазақ басылымдарының өзi көпшiлiкке жетпейдi екен. Дүңгiршектерден қазақ тiлiнде жаңадан шығып жатқан газет-журналдарды көрмейсiз. Тiптен, «КТК-7+НТВ», «Ирбис» сияқты жергiлiктi телеарналардың «БАҚ туралы» Заң мен «Тiлдер туралы» Заңдардың мемлекеттiк тiлге қатысты талаптарын белiнен басып отырғанын көрiп қынжылдық. Әйтеуiр, жергiлiктi БАҚ-тар Ресей телеарналарындай көбiне орысша сөйлейдi. Заңды талаптарға пысқырмайтын сияқты. Осыдан кейiн Павлодарды Кереку деп атауға қалайша ұмтыламыз?! Осы тектес телеарналар мен орыстiлдi газет-журналдарды оқып жүрген жергiлiктi тұрғындар «ақпараттық вакуумда» сияқты. Оларға ұлттық мүдденi көтеретiн «31 телеарнаның» «Дода», «Информбюро жаңалықтары» сияқты бағдарламалары жетпейдi де. Ұлт мүддесiн ту етiп жүрген қазақ басылымдары да көптiң қолына түспейдi.
Әлбетте, «елiм, тiлiм» деп жүрген зиялы қауым өкiлдерi Павлодарда да баршылық. Бiрақ ұлттың маңдайалды азаматтарының көбiнiң Алматыда шоғырланғаны жасырын емес. Бұл орайда «Ұлан» қозғалысы зиялы қауым өкiлдерiн Павлодарға көптеп тартуға атсалысып келедi. Бұл да игi мақсаттар үшiн жасалып жатқан дүние. Жастар өздерiнiң сүйiп оқитын ақын-жазушыларымен, күнде теледидардан көретiн Парламент депутаттарымен кездесiп, пiкiр алмасып, көкейде жүрген сауалдарын қойғысы келедi. Осындай мүмкiндiк туғызып отырған ұландықтар, екiншi жағынан, бұл бастамалары арқылы аймақты қазақыландыру iсiне де өзiндiк үлес қосуда. Мәселен, таяуда олар Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Нұртай Сабильяновты ПМПИ-ге арнайы шақырып, студенттермен кездестiрдi. Мәжiлiс депутаты оны Павлодарға әлдебiр шенеунiктерден гөрi студент жастардың шақырғанына риза болса керек. Оның үстiне «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы Сабыржан Махмет те студенттер арасында сөз сөйлеп, ұлттық мәселе төңiрегiндегi ойларымен бөлiстi. Бұдан шығатын ой – ұлт мәселесiн көтерiп жүрген зиялы қауым өкiлдерiн Павлодарға да, Петропавлға да көптеп тарта беру керек. Өзара пiкiр-алмасу болсын, дөңгелек үстел болсын, мұның бәрi де – қазақша сөйлесе, жергiлiктi халық та бiртiндеп мемлекеттiк тiлге бетбұрар едi.
Әу бастан елiмiзде Павлодарға қатысты кертартпа ұғымдар қалыптасқан. Мәселен, «Павлодар – солтүстiктiң қаласы, халқы орыстанған», «Солтүстiкте ұлттық мүдденi көтеруге әлi ертерек», тағысын тағылары… Шынтуайтына келсек, Павлодар – Қазақстан Республикасының территориясында орналасқан, 700 мыңнан аса халқы бар облыс. Жоғарыда айтқанымыздай, облыс халқының 64 пайызы – қазақ. Сонда Павлодарды қазақыландыруға кiм кедергi болып отыр?! Билiк тiзгiнiн ұстап отырған қазақ азаматтары ма, әлде кiм?! Бұған орыстар қарсы деудiң өзi күлкiлi. Әрине, елiмiзде байбаламшыл орыс-славян, орыс-казак ұйымдары баршылық. Дегенмен, олардың басты кәсiбi – байбалам. Ал, нақты билiк кiмнiң қолында?! Қазақтың.
Түйiн. Қайтар жолда алматылық үш тiлшi Павлодардың орталық көшелерiнде орналасқан «Славянский центр» деген жерге кiрiп шыққанбыз. Ғимараттың сырты – лас, қоқыс. Орталықтың алдында – фонтан. Күз болған соң, суы тыйылған. Су бұрқақтың жан-жағында – ашық-шашық жатқан шарап бөтелкелерi, шылым қорапшалары… Ескi ғимарат. Кiрер ауыздың оң жағында – Ресейдiң әнұраны, мемлекеттiк рәмiздерi… Әйтеуiр, бүгiнде орыста бар болғаны – ностальгия ғана қалған сияқты. Кеңес Одағын аңсау. Империалистiк кезеңдi тағы бiр мәрте бастан кешуге ұмтылу. Ғимараттың бейшара сиқы да өзге диаспораның қазiргi күйiнен сыр шертетiндей. 70 жыл бойы қазақты билеп-төстеген аю қартайған, шаршаған. Славян ұйымдарының сандырағы да көбейiп кеттi. Бәлкiм, Елбасы «15 жылда тiл үйренетiн басқа-басқа емес, осы аюды» айтқан шығар. Ал, қазiрше Славян орталығының төрiнде қазақ ақыны Әнуар Қалиевтiң 75 жылдығына орай естелiк кiтаптың тұсаукесерi өтiп жатыр. Ал, қазақ жастары бұл орталықта «қазақша дискотека» өткiземiз дейдi. Империяның күйреуi де осында шығар. Өзге елде өз елiндей билеп үйренген империя «мұрагерлерiнiң» күйзелiсi де осында жатса керек…
Әлсiз, алжыған аюдың қолтығына су бүркiп жүрген Көк бөрiнiң аға ұрпағында қадiр жоқ… Көк бөрiнiң жас ұрпағы ғана – батыр. Бөлтiрiк демеңiздер, ол да ертең қасқыр болар… 15 жылда тiл үйренбеген аюды осы жастар қазақша сөйлетер…
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА