Жаңалықтар

УРАН КЕНIШТЕРI: ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМДIК ЛИДЕРГЕ АЙНАЛДЫРМАҚ

ашық дереккөзі

УРАН КЕНIШТЕРI: ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМДIК ЛИДЕРГЕ АЙНАЛДЫРМАҚ

Уран өндiрiсi дегенде, ауызы ашық катерлер, оның жанында адам денсаулығына зиянын тигiзетiн улы заттардың шашылып жатқаны көз алдыма елестейтiн.Ал «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының уран өндiретiн полигондарын көргенде бұрынғы ойымның тас-талқаны шықты. Сөйтсем, «Казатомпром» қазiргi күнi ашық-шашық шахталарда уран өндiрмейдi екен. Қаратаудың етегiнде, бұйра құмның ортасында, яғни, полигонда бастары қылтиып, жерге қадалған түсi қара трубаларды көзiмiз шалды. Онан әрi екi-үш көк түстi вагондар назарыңызға iлiнедi. Биiктiгi жарты метрден аспайтын трубалардың вагондарға қиюласқанын аңдайсыз. Мiне, уран өндiрiсi дегенiмiз осы. Ал 2-3 шақырымдай жерде үлкен кешендер орналасқан. Уран өндiрiсiн компьютермен бақылау iсi осы кешендерден жүргiзiледi. Бұрындары «Қазатомпромның» шахталық жолмен уран өндiретiн кенiштерi болған екен. Ал қазiр жоғарғы технологиямен, заманауи әдiспен уран өндiру жолға қойылған.

«Қазатомпром» Ұлттық компаниясының негiзгi кенiштерi Оңтүстiк Қазақстан облысының Созақ ауданында, Қызылорда облысының бiрқатар аудандарында орналасқан. Ал Созақ ауданы Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша экономикасы ең мығым аудан болып есептелiнедi. Республикалық бюджетке қол жайып, дотация сұрамайтын бiрден бiр аудан.

Созақ ауданындағы бiрнеше уран кенiштерiн аралаған «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының президентi Мұхтар Жәкiшев әлеуметке арналған бiраз объектiлердiң ашылу рәсiмдерiне қатысты. Жартытөбе поселкесiндегi 50 балаға арналған және Қыземшек поселкесiндегi 280 балаға арналған бала-бақшалар, Жартытөбе поселкесiндегi 800 балаға арналған мектеп, демалу сауықтыру орындары, медициналық санитарлық бөлiмдердi ашқан Жәкiшевтi аудан тұрғындары аса құрметтейдi екен. Тiптi, оның астына ат та мiнгiздi.

Әлеуметтiк нысаналарды ашуға Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Өмiрзақ Шүкеев те келдi. Ол «Қазатомпромның» атқарып жатқан тiрлiктерiне аса риза екен.

Қанжуған поселкесiндегi «Қазатомпромның» бөлiмiнде уран өндiрiсi үшiн аса қажет шикiзатты (химиялық ерiтiндi) тасымалдайтын 16 «Рено» маркалы автомәшинелерiнiң «тұсауы кесiлдi».

Жәкiшевтiң менеджерлiк қабiлеттiлiгiне таңдандық. Кейбiреуге майда-шүйде болып көрiнетiн жайтқа шұқшия зер салып, кез келген жайтты соңына дейiн жеткiзетiн басшы болып көрiндi бiзге. Жәкiшев: «Уран өндiру жөнiнен Қазақстан алдағы бiраз жылда әлемдiк лидерге айналады» дейдi.

Уран кенiштерiне аралауға 5 күнiн арнайтын «турдың» алғашқы екi күнiнде ғана ашылған объектiлер бұл. Әлi алда 3 күнде «тұсауы кесiлер» объектiлер бар.

Оңтүстiк Қазақстан облысы