«ЖЕР БЕТIНДЕ ТYРIККЕ ТYРIКТЕН АРТЫҚ ДОС ЖОҚ»
«ЖЕР БЕТIНДЕ ТYРIККЕ ТYРIКТЕН АРТЫҚ ДОС ЖОҚ»
«ЖЕР БЕТIНДЕ ТҮРIККЕ ТҮРIКТЕН АРТЫҚ ДОС ЖОҚ»
Ататүрiктiң осы бiр сөзiнiң мәнi мен маңызы зор болғанымен, әзiрге оның iске асып тұрғаны шамалы едi. Олай дейтiнiмiз, түрiк әлемi бүгiнде бiрлесе қимылдап, келiсiп тон пiшкеннен гөрi, әрқайсысы өзiнiң даму жолымен кетiп бара жатқан.
Елбасының осыдан екi жыл бұрынғы халыққа дәстүрлi Жолдауында «Орта Азия халықтарының одағы» туралы ұсынысы да осы түркi әлемiнiң басқосуына дем берген алғашқы әңгiме болды.
Алайда, оны қолдап, Орта Азия Республикаларының одағын құруға ниеттенген ешкiм болмады да, жабулы қазан жабулы күйiнде қалды. Түбi бiр түркi елдерi басшыларының алғашқы Саммитiн ұйымдастырып, оған мұрындық болған адам Түркияның бұрынғы президенттерiнiң бiрi – марқұм Тұрғыт Өзал болатын. Өткен аптада Түркияда өткен түркi тiлдес елдер басшыларының екiншi Саммитi осыдан оннеше жыл бұрынғы басқосудың заңды жалғасы iспеттi десе де болғандай. Бұл жолғы басқосуға Түркия президентi Ахмет Неджет Сезар, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзiрбайжанның елбасы Ильхам Әлиев және Қырғыз елiнiң мемлекет басшысы Құрманбек Бакиевтер қатысты. Ал, Түрiкменстанның Түркиядағы өкiлеттi және төтенше елшiсi осы елдiң атынан қатысса, Өзбекстаннан ешкiм қарасын көрсеткен жоқ. Бұның өзi түркi әлемiнiң басшыларының әлi де ортақ мүддеге орайласа алмай жатқандығын танытса керек.
Сонымен, түркi әлемi бiзге қаншалықты таныс? Менiңше, түркi дүниесi бiзге қаншалықты жақын болса, бүгiнгi ұрпаққа соншалықты жат. Бауырлас елдер тамыры бiр болғанымен, бiр-бiрiнiң тарихына үңiлiп, қоян-қолтық араласуға келгенде, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе аңғарылмайды. Тарихи-мәдени тамырластықтың сонау Ү ғасырға жетелейтiндiгiне, сол кезде бүкiл түркi жұртының бiр тiлде сөйлеп, жазу-сызуды алғашқылардың бiрi болып дүниеге әкелгендiгiн әлемге паш етiп, түркiнiң ұлылығын ұлықтауға онша назар аударылып жатқан жоқ. Руна жазуларының кiлтiн еуропалықтар тапқанымен, осы бiр құнды ескерткiштiң түркiлерге тән екендiгiн мойындауға келгенде, олар құлықсыз.
Кезiнде Кеңестiк түркi жұртының бас қосуынан қатты секемденген Сталин олардың арасына әдейi сына қақты. Орта Азия мемлекеттерiнен iрi бiр мемлекет құруды армандаған Тұрар Рысқұловты «халық жауы» етiп шығарды. Ұлы Түркiстан мемлекетiнiң идеясын ұсынған алашшылдар асылып-атылса, осы идеяның атасы есептелетiн Мұстафа Шоқай Еуропаны паналауға мәжбүр болды. Сөйтiп, түркi тiлдес халықтардың тiлi де, дiлi де ажырап кеттi. Қазақстан тәуелсiздiгiн алғанда оны алғашқылардың бiрi болып мойындаған және алғашқы дипломатиялық байланыс орнатқан Түркияның негiзгi ойы да осы түркi дүниесiнiң бiрлiгi болса керек. Алайда, қазiргi Түркi мемлекеттерiнiң даму жолының ала-құлалығы, гео-саяси мақсатының әртүрлiлiгi және ұлттық дүние-танымының өзгешеленуi бүгiнде олардың бiрлесiп қимылдауына кедергi келтiрiп тұрған сынды. Дегенмен, бауырлас мемлекеттердiң басшыларының Анталияда басқосуы бұған дейiн жабулы жатқан қазанның қақпағын қозғап, сеңнiң қозғалуына түрткi болғандай.
Әр мемлекет басшысы өз елiндегi экономикалық жетiстiктердi сөз ете отырып, түркi әлемiндегi тарихи-мәдени тамырластыққа бойлап, тарихи жадымыздың жаңғыруы үшiн не iстеуге болатындығына басты тоқталды. Бұл ретте ең басты әңгiме өзегi – экономикалық қарым-қатынастар тұрғысында өрбiдi. Мәселен, айталық, Қазақстан соңғы 15 жыл iшiнде 50 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция тартқан. Соның iшiнде Түркияның алатын орны ерекше. Оның 2 миллиардтайы Түркияның еншiсiне тиедi екен. Қазақстан мен Түркия арасында бiрiккен 350-дей кәсiпорын құрылған. Дәл мұндай экономикалық байланыстар өзге де түркi мемлекеттерi арасында өз арнасын тапқан. Сондай iрi жобалардың бiрi Қазақстанның Баку-Жейхан құбырына қосылуы, осы жылдың аяғында iске қосылуы тиiс Баку – Тбилиси – Ерзурум табиғи газ құбыры және Карс – Ахалкалаки – Тбилиси – Баку темiр жолының Азия мен Еуропаның қарым-қатынасы үшiн маңызы зор. Бұл құбырлардың ерекшелiгi, бiрншiден, түркi мелмекеттерiнiң өзара энергетикалық қарым-қатынасын дамытса, екiншi жағынан энергетикалық және темiр жол саласындағы тәуелсiздiкке бастамақ.
Ал, мәдени байланыстар жағына келгенде күмiлжiп қалатынымыз анық. Өзгенi былай қойып, иiсi түркiге ортақ көне ескерткiштерiмiз әлi күнге дейiн бүгiнгi буынға таңсық. Бұл ретте Елбасының бiздегi «Мәдени мұра» бағдарламасы сияқты, «Түркi тiлдес халықтардың мәдени мұрасы» атты халықаралық бағдарламаны дүниеге келтiру туралы идеясы өте орынды болған.
Саяси тұрғыдан түркi тiлдес мемлекеттердiң Парламентаралық ассамблеясын құру туралы идея да құптауға тұрарлық. Ең бастысы Елбасы түркi мемлекеттерiнiң дәстүрiне тән «Ақсақалдар алқасын» құруға шақырды. Бұған дейiнгi түркi тiлдес мемлекеттер басшыларының Саммитiнде айтылған өзектi әңгiмелердiң орындалу барысы тым сылбыр. Сондықтан да, «Ақсақалдар алқасы» бұл өкiнiштi болдырмаудың бiрден-бiр жолы. Сондай-ақ, Елбасы оған төрағалық етуге Түркияның бұрынғы президенттерiнiң бiрi Сүлеймен Демирелдi ұсынды.
Еуропа мемлекеттерiнiң интеграциясының өмiршең болуының басты себебi, түбi бiр, дiнi бiр және даму деңгейi қарайлас болғандықтан. Егер, түркi тiлдес мемлекеттер бiрлесе дамуға күш салысатын болса Еуроодақ секiлдi iрi бiр интеграциялық ұжымның пайда болуы да ғажап емес. Бiрақ, әзiрге түркi дүниесiнiң бiрлiгi туралы сөз ендi ғана қозғалып жатыр. Әлемдегi 200 миллион түркi жұртының басын қосу бүгiннiң iсi емес, алайда ертең ол қалай да жүзеге асуға тиiс.
Есенгүл Кәпқызы