Жаңалықтар

Өмiрхан Алтын: “ҚАЗАҚ КҮРЕСI АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫ ТАНЫТАМЫЗ”

ашық дереккөзі

Өмiрхан Алтын: “ҚАЗАҚ КҮРЕСI АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫ ТАНЫТАМЫЗ”

Бiлiм кеңiстiгiнiң сара жолында сонау Германияның Мюнхень қаласынан бiр-ақ шыққан Өмiрхан Алтын бүгiнде Еуропадағы қазақ күресi федерациясын басқарады. 2003 жылы Берлинде өткен Еуропа қазақтарының кiшi құрылтайында осы федерацияның ашылуына үн қосқан жергiлiктi қазақтардың сөзi жерде қалмапты. Бар-жоғы үш жыл iшiнде талай спортшыларды қазақ күресiне баулып, жақында Алматыда қазақ күресiнен өткен әлем бiрiншiлiгiне әкелген қандасымызбен болған әңгiме де осы қазақ күресiне арналды.

– Қазақ күрес федерациясының орталығы – Қазақстан. Ал Оның Шығыс және Еуропа бөлiгi бар. Еуропа бөлiгiн өзiм басқарып келемiн. Қараша айының 2-6 аралығында қазақ күресiнен өткен әлем бiрiншiлiгiне Еуропаның 10 елiнен спортшы дайындап әкелдiк. Қазақ күресi – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық спорт түрi. Сондықтан да бiз қазақ күресi арқылы қазақты танытуда тер төгiп келемiз. Құдай қаласа, бұл үдеден де шығып жатқан жайымыз бар.

– Еуропа елдерiнен келген спортшылардың деңгейi қандай?

– Ереже бойынша қазақ күресiнен 4 салмақ бойынша, яғни, 60, 74, 90, 94 келi салмақта сынға түстi. Әр елден кемiнде 4 палуан әкелуiмiз керек едi, қарым-қабiлетiне қарай кейбiреуiнен 2-3 спортшы келдi. Әрине, Қазақстан палуандарына қарағанда тәжiрибесi әлдеқайда төмен. Әлi үйренiп, жиренетiнi көп. Қазақ күресiне жаңадан ғана бет бұра бастаған шетелдiк спортшыларға кешiрiммен қарау керек сияқты.

– Қазақ күресiнен өтiп жатқан белдесулерге бұрын-соңды келдiңiздер ме, әлде бұл алғаш рет пе?

– Еуропа бойынша бiздiң федерация қызу жұмыс iстеуде. Мұның алдында қазақ күресiнен екi рет турнир өттi. Бiрiншiсi – Алматыда, өткен жылы Астанада болды. Осы екеуiне де Еуропаның жергiлiктi ұлт өкiлдерiнен күрескер-палуандар әкелiп, өз көздерiмен көрiп, бiраз тәжiрибе жинақтады. Соның нәтижесiнде олар Еуропадағы қазақ күресiмен ендi ғана шұғылданып жатқан жастарға үйрететiн дәрежеге жеттi. Сол кезде келген немiс, мажар, даниялықтарға қазақ күресiнiң басқа спорт түрiмен салыстырғанда, әуелi техникасы өте ұнады. Дзюдоға ұқсастығын айтып, техикалық тұрғыдан қарағанда қазақ күресiн үйрену оңай екен деп жолдастарын да үгiттеп, тартып жатыр. Бұйырса, екi-үш жылда қазақ күресiн дзюдо секiлдi танымал етуге күш саламыз.

Биыл үшiншi рет жолымыз түстi. Қазақ күресiнен өткен әлем бiрiншiлiгiнде Еуропаның белдi де беделдi спортшылары алғаш рет бағын сынады. Бiрақ оларға қазақ күресi туралы мәлiмет аздық етуде. Оның үстiне олар бiлмейтiн әдiс-тәсiл мен айла-амал жетерлiк. Сондықтан да, бiздiң спортшылар әзiрге үшiншi орынды иемдендi. Әрине, жеңiлiс бар да жеңiс те бар. Олар: «Бiз бұдан былай жиi-жиi келiп тұратын болсақ, жүлделi орын мен күллi марапаттауды әлi-ақ сыпырып кететiн боламыз»,– дейдi.

– Еуропадағы қазақ күресi федерациясы қашан құрылды?

– Қазақтың мәдениетiн, оның ұлттық спортын танытпасақ, онда қазақтығымыз қайда қалады?! Осыдан үш жыл бұрын Берлинде Еуропа қазақтарының кiшi құрылтайы өткен болатын. Мiне, осы құрылтайда қазақ күресiнiң дүниежүзiлiк федерациясының негiзi қаланды. Содан кейiн Германия, Мажарстан, Австрия секiлдi елдердегi қазақ ағайындар бiрiгiп, қазақ күресiн Еуропаның жас спортшыларына насихаттап, үгiттеп, Қазақстанда күрестен болған белдесуге алып та келдiк. Олар мәз-мейрам. Тiптi, бұдан кейiн де қазақ күресi арқылы Қазақстанға жиi келiп тұратындықтарын бiлдiруде.

– Демек, басқа ұлт өкiлдерiнiң қазақ күресiне қызығушылығы артып келедi ғой…

– Қазақ күресiн бiлмейтiн қазақ жоқ. Өйткенi, бұл қанымызбен келе жатқан спорттағы дәстүр. Тiптi, Еуропадағы басқа ұлт өкiлдерiнiң қазақ күресiне деген ынта-жiгерi де дәл сондай. Әрине, бұл бiздiң, қазақтардың төбесiн көкке жеткiзедi, қуантады. Осындай елге, қазақ күресiне деген махаббаттың арқасында жастарды дәрiптеп, қазақ күрес федерациясының қол астына шақырып жатырмыз. Мәселен, Данияның, Мажарстанның спортқа әуес жастары қазақ күресiнен болған әлем бiрiншiлiгiне келiп, Қазақстанды, қазақ халқын танып жатыр. Ендi олар өз елдерiне барған соң, Қазақстан жайында, қазақ күресi туралы қалған спортшыларды да қызықтырып, үгiттейтiн ерiктi елшi болмақ.

– Еуропадағы қазақ күресi федерациясының келешекте қандай жоспары бар?

– Мұның алдында Ресейде, Моңғолияда қазақ күресiнен белдесулер өткен едi. Ендiгi кезек Еуропаға келiп тiрелдi. Әзiрге қай елде болатыны белгiсiз. Мүмкiн, Германия немесе Мажарстанда өтедi. Осы екi елдiң қай-қайсысында болса да, Еуропаның елдерiнен, Қазақстаннан палуандар шақырып, бiр мәре-сәре болатынымыз анық.

– Жалпы, қазақ күресiн насихаттауда, оны танытуда қандай кедергiлер кездеседi?

– Әуелi Қазақ күресiнен бапкер мен төрешi жоқ. Мүмкiн болашақта Қазақстаннан арнайы бапкер, төрешi келiп, сабақ беруi, үйретуi керек шығар. Бәлкiм, бiз өзiмiз алып келiп, осыған дайындаймыз ба, оны уақыт көрсетедi.

– Жалпы, шет елде өмiр сүру қиын емес пе? Мюнхеньде қалып қоюыңызға не себеп?

– Мюнхень қаласында тұрып келе жатқаныма 25 жыл болды. Ең алғаш бiлiм қуып, iзденумен бiржола қалып қойдым. Қазiр Мюнхеньде шамамен – 500, Кельнде – 200-дей қазақ отбасы бар. Бәрi де ел қатарлы еңбек етiп, күнiн көрiп келедi. Әрине, кез келген шет елде тұратын қазақ диаспорасы сол елдiң тiлiн бiлуi керек. Онсыз жейтiн наныңды да сатып ала алмайсың. Қаның, жаның қазақ болған соң, бұрыннан өмiр сүрiп келе жатқан және кейiннен бiлiм алуға барған жастармен тығыз қарым-қатынастамын. Сондықтан мұндағы қазақ ағайындар да бiр-бiрiне барып, сыйласып, араласып тұруды жаны жақсы көредi.

– Қай елде болсын қазақ тiлiнiң өшу қаупi басым. Германиядағы қазақ тiлiнiң жағдайы қалай?

– Өкiнiштiсi де осында. Кейiнгi жастардың көбi қазақ тiлiн, қазақтың мәдениетiн бiлмей өсiп жатыр. Әсiресе, 40 жастан төмендегiлер өз тiлiн ұмыту қаупi үстiнде. Бүкiл Еуропадағы қазақтардың басты мәселесi – тiл. Елiмiз де қолдан келгенше тiл мәселесiне көп көңiл бөлiп жатқанмен, әлi де болса жолға қойылмаған шара баршылық. Бiздегi елшiлiк те көмек беруiн берiп келедi-ақ.

– Елшiлiкте қазақ тiлiн үйрететiн бөлiм жоқ па?

– Әзiрге мұндай бөлiм де, тiл үйретентiн курс та жоқ. Құдай қаласа, Германияның қалаларында бiртiндеп қазақтың Мәдениет үйi ашылады деген игi жаңалық бар. Бұл мәдени ошақ қазақ көп шоғырланған жерлерде болса, тiптен жақсы. Бұған да нәсiп етсе, көп кешiкпей жететiн шығармыз.

– Елге бiржола оралғыңыз келмей ме?

– Қазақстан – менiң Отаным. Кейiнгi кезде жылына, тiптен, айына бiр рет келiп кететiн болдық. Жас ұлғая бастағаннан ба екен, туған жердi сағынған кезiмде, бiржола оралғым келедi. Бiрақ Мюнхеньде қазақтар көп емес. Сондықтан да бiздi Қазақстан екi ел арасындағы мәдени, спорт шарасын ары қарай дамытуға, қарым-қатынасымызды үдете түсуге пайдаланса әбден болады. Қазiрдiң өзiнде бiз осы қатынас адамы ретiнде жұмыс iстеп келемiз.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы