Жаңалықтар

«РУССКИЙ МАРШ» ЖӘНЕ «ЛАД» ҚОЗҒАЛЫСЫ НЕМЕСЕ «РЕСЕЙ ОРЫСТАР ҮШIН»...

ашық дереккөзі

«РУССКИЙ МАРШ» ЖӘНЕ «ЛАД» ҚОЗҒАЛЫСЫ НЕМЕСЕ «РЕСЕЙ ОРЫСТАР ҮШIН»...

Қазiр күллi әлем Ресейдегi ұлтаралық жағдайға қарап, жағасын ұстайтын болған. Американың белдi-белдi басылымдары «отқа салса – жанбайтын, суға салса – батпайтын» орыс скинхедтерiнiң тобыры мен ұлтшыл-радикалды саяси партиялардың көбеюiн Орыс империясының құлдырауымен сабақтастырады. Путиншiл билiк фашистiк бағыттағы орыс жастарының қылмыстарына да көзiн жұма қарайтын сияқты. Әйтпесе, бес жасар тәжiк қызын аяусыз өлтiрген қылмыскерлер қалайша ақталды?! Таяуда скинхедтерге қатысты тағы бiр әдiлетсiз сот процесi болып өттi. Онда да шетел студентiн пышақтап өлтiрген скинхедтер сот залында босатылды. Ал, қазақ қызы Айгүл Бөлекбаеваны өлтiрген скинхедтер жайлы ақпар жоқтың қасы. Қазiрше, әрине…

4 қараша – Ресей халқының бiрлiгi күнi. Ресей – федеративтi мемлекет болған соң, бұл күндi ұлтаралық достық күнi деп атау орынды болар. Десек те, орыстар үшiн бұл – тек қана орыстардың бiрiгетiн күнi екен. Айтулы күнге орай орыс ұлтшылдары Мәскеуде «Русский марш» ұйымдастырмақ болыпты. Бұл туралы шешiмдi «Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалысы» қабылдаған сияқты. «Ресей тек қана орыстар үшiн!» деп жар салғандар ақыр аяғында бұл «игi бастамаға» қол жеткiзе алмады. Мәскеу билiгi бұл шараны өткiзуге тыйым салса, прокуратура «Русский маршқа» қатысқандарға қатаң шара қолданатындарын жеткiздi. Бiрақ бiз үшiн маңыздысы бұл емес. Қазақты елең еткiзерлiк жәйт – Қазақстандағы «ЛАД» қозғалысының «Русский маршты» қолдап, оның ұйымдастырушыларына арнайы хат жолдауы. Интернет басылымдарының бiрiнде сол хаттан үзiндi келтiрiлiптi. Онда «Лад» қозғалысының төрағасы И.Климошенко: Мәскеу мэрi Лужковқа төмендегiдей хат жолдаған: «Рост национального русского самосознания – тенденция объективная, и Русский Марш является адекватным легальным способом заявить об этом. Русские в Казахстане солидарны с организаторами этой общественной акции и намерены для участия в Русском Марше прислать в Москву своих представителей. Надеемся, что власти Москвы окажут всемерную поддержку для проведения этого мирного шествия» – деген. Негiзiнен бұл Қазақстандағы орыс диаспорасы өкiлдерiнiң неофашистердi қолдап, қолпаштап жазған бiрiншi хаты емес. Осыдан бiраз уақыт бұрын Астанада тұратын бiр азаматтың скинхедтiк ұйымдардың бiрiне жолдаған «мұңды хатын» оқып, жағамызды ұстаған едiк. Сөйтсек, Қазақстанда орыс тiлiнiң тынысы тарылып, телеарналарда қазақша бағдарламалар дүрiлдеп жүр екен… Әрине, бұның шындықпен жанаспайтын ақпарат екенiн баршамыз бiлемiз. Бiрақ «Қазақстан азаматы» аталып жүрген адамдардың мұндай пiкiр бiлдiруге қандай қақысы бар?! Осындай наразылық хаттарынан кейiн скинхедтер қазаққа шүйлiгiп, Ресейде жүрген Әйгүл Бөлекбаева сияқты қазақ жұмысшылары мен студенттерiне қоқан-лоққы көрсетiп жүрмес пе екен?!

Қазақстандағы «ЛАД» қозғалысының «Россия для русских» деген ұраны бар «Русский Маршты» қолдап отырғанын жоғарыдағы хаттан бiлдiк. Егер Климошенко мырза осылай ойласа, онда «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана» жаралған ел емес пе?! Ресейге қарағанда, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Оның байырғы ұлты – қазақ. Сондықтан бiз «Қазақстан – қазақтар үшiн!» деп ұран көтерсек, бұл орынды болар. Бiрақ өз елiнде 60 пайыздан асқан қонақжай қазақ елдегi аз диаспоралардың құқын шектемейдi. Бұл орайда Татарстан, Башқұртстан, Шешенстан сияқты мұсылман елдерiмен қатар, Қалмыкия сияқты бiрқатар буддист елдерiн уысында ұстап отырған Ресейдiң «Россия для русских» деп жар салуына қандай негiз бар?! Десек те, империалистiк амбицияларынан әлi де айыға алмай отырған «қарт аю» өз iшiндегi жағдайды түзеп алмай, Орталық Азиялық елдерiнен, оның iшiнде Қазақстаннан қол үзiп қалғысы жоқ. Тiптi, Қазақстандағы кейбiр орыс-славян ұйымдарының байбаламына қарап, олар әлi күнге дейiн «Қазақстанды Ресейдiң бұратанасы» деп есептей ме деген сауал көкейдi ерiксiз торлайды. «ЛАД» қозғалысы төрағасының Қазақстандағы орыстар атынан сөйлеп: «Надеемся, что власти Москвы окажут всемерную поддержку для проведения этого мирного шествия» – деуiнде қандай мағына жатыр десеңiзшi?! «Всемерная поддержка» деген сөздiң астарында ТМД мен Орта Азия елдерiндегi, әсiресе Қазақстандағы орыстарды жинап, «Русский Марш» өткiзу керек деген үндеу жатқан жоқ па?! Ресейден шеттегi орыстарға қандай қолдау керек?! «Русский марш» болған жағдайда, оған, ең алдымен, скинхедтер қатысары сөзсiз. Сонда Африка мен Азия елдерiнiң бiрқатар азаматтарын өлтiрiп, ұрып-соғып, қоқан-лоққы көрсетiп, өзге нәсiлдi адамдарды зарлатқан скинхедтер – «Русский Марштың» басты кейiпкерлерi болуы керек пе?! Бұл орайда Ресей билiгiндегi кейбiреулер басты нәрсенi түсiнбейдi: скинхедтердi дәрiптеу арқылы мемлекет уысындағы Кавказ елдерiмен қатар, мұсылман мемлекеттерiн Кремль билiгiнен алшақ жүруге итермелеуде. Оның үстiне бiрнеше рет адам өлтiрiп, жазасын алмаған скинхедтер – қанның исiн сезедi. Яки, Ресейдiң ұлтшыл-радикалды партиялары 15-16 жасар орыс балаларынан – болашақ қылмыскер-қанiшерлердi дайындап жатыр…

Сауал көп, жауап аз. «ЛАД» қозғалысы басшысының әлгiндей әрекетiне қарап, қазақ та жеке ой түюi керек: Ең алдымен, Қазақстан етек-жеңiн жиып, ұлттық мәселеге бетбұрмаса, жағдай қиындауы мүмкiн. Себебi «Қасқырдың бөлтiрiгiн қанша асырасаң да, ол орманға қарап ұлиды», яки елдегi орыс диаспорасының кейбiр өкiлдерiнен қайыр жоқ. Олар Қазақстан азаматы ретiнде Отан мүддесiн емес, Ресейдiң мүддесiн ойлайды. Десек те, «Бес саусақ бiрдей емес». Қазақстанда мемлекеттiк тiлдi құрметтеп, қазақ халқын сыйлайтын орыстар да аз емес. Егерде Климошенко Қазақстан орыстарының атынан сөз сөйлемес бұрын, олардың пiкiрiн бiлгенде, бәлкiм, көбiсi «Россия для русских» ұранын көтерген «Русский Маршқа» қарсы болар ма едi?! Кiм бiлсiн…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА