ПАРТИЯ ҚАЙДА БОЛСА, ЖЕҢIС СОНДА
ПАРТИЯ ҚАЙДА БОЛСА, ЖЕҢIС СОНДА
Бала күнiмiзде айтылатын осы бiр әннiң мәтiнi есiмде қалыпты. Әрине, ол кездегi партия бiреу болғандықтан, оның қандай партия екенi айтпай-ақ белгiлi болатын. Ал, ендi бұл әндi сәл өзгертiп, «Партия «Отан» қайда болса, жеңiс те сонда» деп айтқан жөн сияқты. Олай дейтiнiмiз, кезiнде Қазақстандағы көппартиялық жүйенi қалыптастырған президенттiк партиялар «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара» бастады. Батысты да, халықты да «көппартиялы» жүйе деп иландырғанымыз өтiрiкке айналмаса неғылсын.
БИЛIК ПАРТИЯЛАРЫ «ОТАНДЫ» IРI КҮШКЕ АЙНАЛДЫРМАҚ
Алдымен «Асар» «Отанның» керегесiн кеңейтiп, iргесiн бекiттi. Бағдарламасында анау айтты ерекше ештеңе болмағанымен, «Асардың» Қазақстан қоғамында өзiндiк орны бар болатын. Президенттiң қызы басқарып отырғанына қарамастан, былайғы жұрт одан дәмелi едi. Әсiресе, оның әлеуметтiк бағдарламалары елiмiз экономикалық дамуы жағынан алда тұрса да, кедейi көп ауылымыздың аңсарын аударып әкеткен-тiн. Бiрақ, «Асардың» адымы алысқа бармады. Бар мақсаты – Мәжiлiс сайлауы болғандығын танытып алды. «Асардың» жолын құшқан Азаматтық партияның да көздегенi осы болыпты. Сөйтiп, айналасы 4 айдың iшiнде Қазақстандағы екi iрi партия – «Отанға» келiп бас сауғалап, көзден ғайып болды.
Жалпы, Азаматтық партия туралы елдегi алып-қашты әңгiмелерден түсiнгенiмiз оның шетел инвесторларының партиясы атануы және оның қатарында Қазақстан өнеркәсiбiнiң өкiлдерiнiң орын алуы едi. Азаматтық партияның лидерi Азат Перуашев «Отан» партиясына қосылудағы мақсатын: «Қазақстанда бiр ғана партия «Отан» партиясының монополиясы бар. Сол себептi де басқа партиялардың билiк олимпiнен орын алуы неғайбыл. Экономиканың өзгеруiне орай бiз саяси құрылымымызды қайта жасақтауымыз керек. «Отан» партиясымен бiрiгу кең ауқымды лидерлiк командаға қосылу және «Отан» партиясының құрамында күштi индустриялық қанат жасақтау болып табылады» деп түсiндiрген болатын. Ол бұндай қорытындыға елдегi әкiмдер сайлауынан кейiн келгендiгiн айтқан.
«Отанның» iргесiнiң кеңеюi бұнымен тоқтамайтын сынды. Азаматтық партияның соңынан «Аграрлық» партия «Отанға» қосылатындықтарын мәлiм еттi. Бiр айта кетерлiгi бұл екi партияның да қоғамдағы беделi мен маңызы ерекше. Мәжiлiс сайлауы қарсаңында «АИСТ» блогына бiрiккен бұл партиялардың 7%-дық кедергiден өтiп, партия атынан Мәжiлiсте бiр орынды жеңiп алғаны бар. Сондай-ақ, жеке мандаттық округтардан сайланғандары да жетiп артылады. Бұл партиялардың әрқайсысында 200 мыңнан мүшесi бар. «Асар» «Отанға» 200 мың мүше сыйласа, Азаматтық та тап сондай санмен қосылды. Демек, «Отанның» қатары 1 миллионға жуықтады деген сөз. Билiк партияларының жұмылған жұдырықтай бiр саяси iрi күшке айналуды көздегенi бүгiн ғана пайда болмаса керек. 2005 жылғы желтоқсандағы Президент сайлауы қарсаңында «Халықтық коалицияға» бiрiгiп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауы – бiрiгудiң басы болған сынды.
Елдегi 12 партияның iшiнде қазiргi билiктi қолдайтын партиялардың iшiндегi ең iрiлерi аталған партиялар едi. Сондай-ақ, Халықтық коалицияға енген «Руханият», «Ауыл», «Қазақстанның демократиялық партиясы», «Патриоттар» сынды партиялардың барлығы да «Отанға» бiрiгумен өмiрбаянын аяқтайтын сынды. Демек, бiздiң елдегi оппозициялық партиялардан өзгесi билiктiң сойылын соғып, жеке-жеке аттандағаннан бiрге қимылдағанды жөн санап отыр. Өйткенi, «Отан» билiктен орын алудың немесе сайлауда жеңiске бастаудың бiрден-бiр кiлтi. Яғни, Азаматтық партиясының басшысы болып келген Азат Перуашевтiң «Отаннан» өзге партиядағылардың барлығы сайлауда екiншi орында қала бередi. Саясатта күмiс медальдiлер жоқ» дегенiмен басқа партия басшылары да келiсетiн сынды.
Бүгiнде «Отан» партиясының өкiлдерi билiктiң барлық тармағында отыр. Тiптi жекелеген облыстар мен қаладағы «Отан» партиясы филиалының басшылары сол облыс пен қала әкiмдерi немесе орынбасарлары. Сондай-ақ, Парламент Мәжiлiсiнiң 80%-ы отандықтар, мәслихат депутаттарының басым көпшiлiгi де «Отаннан». Сондықтан да, кез-келген мәслихат пен мәжiлiске қатысты мәселелердiң көбi «Отанның» мүддесiмен орайласып жатады. Тiптi, жекелеген депутаттар мен саясаткерлердiң көбi «Отанды» қолдағаннан емес, «Отанды» қажетсiнгеннен мүшелiкке өтiп жатыр.
Бұған таңданудың да қажетi жоқ. Өйткенi, кезiнде бiр партиялық жүйеде болған, оның тегеуiрiнiн көрген Қазақстан ендi де бiр партияның монополиясына өтсе, оны коммунистiк жүйенiң заңды жалғасы деймiз де. Коммунистiк партия басқарып тұрған кезеңде пiкiр алуандығы, өзгеше көзқарас орын алу мүмкiн емес едi. Оған жол жоқ болатын. Плюрализм — бүгiнгi қоғамның басты ерекшелiгi болуға тиiс. Бiрақ, бiздiң қоғам бiр партиялық жүйеге бет бұруы арқылы, плюрализмдi тұншықтыруға бет алғандай. Азаматтық партияның съезiнде сөз алған делегаттардың да, бұл оқиғаға баға берген саясаткерлердiң де көпшiлiгi – бiздегi ендiгi саяси жүйенiң бұдан былай басқаша сипат алатындығын айта отырып, оны бұрынғы коммунистiк кезеңмен салыстыруға келмейтiндiгiн сөз еттi. «Отан» партиясының ұлғаюына бiрiншi рет саяси тұрғыдан баға берген Елбасының өзi бiздегi саяси партиялық жүйенiң басқа бағытқа бет алғанын айтты.
— Бiрiншiден, бұл – Қазақстанның алдында тұрған жаңа стратегиялық мiндеттерге сай келедi, екiншiден, партиялар бiрiгу арқылы бәсекеге қабiлеттi қуатты күшке айналады. Үшiншiден, жалпыхалықтық партия құру – қоғамды ары қарай демократияландыру жолында маңызды рөл атқарады. Ал, ең бастысы, елдегi партия жүйесiнiң дамуына ықпал етедi. – дедi Президент.
АЛ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОППОЗИЦИЯ ҚҰРДЫМҒА КЕТПЕК ПЕ?
Демократиялық қоғамда билiкке оппозиция екiншi күштiң болуы заңды. Оппозиция неғұрлым күштi болса, билiк те етек-жеңiн жинап, оған тойтарыс беру үшiн бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыра түседi. Оппозициясы әлсiз мемлекеттiң билiгi де қожырай түспек. Осы тұрғыдан алғанда бiздегi оппозициялық күштердiң жұмылған бiр жұдырыққа бiрiге алмай отырғаны анық. Алдымен осыдан бес жыл бұрын пайда болған «Демократиялық таңдау» қозғалысы өзара ыдырады. Содан берi оппозиция ыдыраудан көз ашқан жоқ. Мәжiлiс сайлауы қарсаңында iрi саяси күшке айнала бiлген «Ақ жол» партиясы, Президент сайлауы алдында жақ-жақ болып айтысып, екiге бөлiнiп кеттi. Президент сайлауы қарсаңында «Ақ жол» эволюциялық жолды таңдап, «Нағыз Ақ жол» революциялық бағытты ұстанды. Демократиялық күштер «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» блогына бiрiгiп, Жармахан Тұяқбайдың кандидатурасын қолдады. Бүгiнде Жармахан Тұяқбай өз партиясын жасақтап жатыр. Қазақстанның социал-демократиялық партиясы, оған «Нағыз Ақ жолдықтар» батасын бергенiмен, бұлардың арасында да өзара келiспеушiлiк орын алған сынды. Кейбiр саясаткерлер бұл келiспушiлiктiң басы Жармахан Тұяқбайдың Президентпен кездесуiнен басталған деп жүр. «Отанның» iргесiнiң кеңеюiне «Азаттық» радиосына өз бағасын берген Жармахан Тұяқбай билiк партияларының бiрiгуiн жасанды дей келе, болашақта оппозицияның бiрiгетiндiгiн айтыпты. Бүгiнде оппозициялық партиялардың ресми тiркелгендерi үшеу-ақ: Коммунистер, «Ақ жол» және Халықтық коммунистiк партия. Жармахан Тұяқбайдың социал-демократиялық партиясының тiркеуден еш бөгетсiз өтуi мүмкiн. Оған себеп, Ж. Тұяқбайдың Президентпен кездесуi дейдi сарапшылар. Ал, Асылбек Қожахметов «Алға» партиясы құжаттарының ресiмдеуге жiберiлгендiгiн айтады. Дегенмен, оппозиция лидерлерiнiң бiр мүддеге қызмет етпеуi салдарынан, олардың бiрiгуi екiталай сияқты.
БIР ЖӘНЕ ЖАРЫМ ПАРТИЯ
Қазақстандағы саяси партиялық жүйенi саясаткерлер тура осылай бағалай бастады. «Асардың» «Отанға» бiрiгуi қарсаңында «Отан» саяси партиясы басшының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында «Қазақстанда бiр және жарым партия бар» деген едi. Бiр партиясы «Отан» да, қалғандары жарым партия. Әрине, Бақытжан Жұмағұловтың бұл пiкiрiмен басқа партия лидерлерi келiсе қоймасы анық. Өйткенi, олардың қай-қайсысы да өз партиясы толыққанды саяси ұйым деп бағалайды. Дәл осы пiкiрдi ҚР Президентi жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкерi Нұрлан Сейдiн де қуаттайды:
– Әлемде бiр жарым партиялық жүйе деген бар. Бұл көбiнесе Азиядағы дамыған мемлекеттерде Сингапур, Малайзия, Жапония сияқты мемлекеттерде дамыған, тәжiрибеден өткен. Яғни, бұлар бiзге Қазақстанның жүйесiне келiңкiрейдi. Бұл бiр жарым партиялық жүйе дегенiмiз не? Президенттiң алдыға қойған мақсаты – Қазақстанды дамыған мемлекеттердiң қатарына қосу. Екiншiден, саяси жүйемiздi модернизациялау, дамыту. Басқа да дамыған мемлекеттер сияқты адамның құқығы сақталу не болмаса саяси жүйенiң жетiлуi де осындай бiр бағыттағы партиялар топтасып, қойылған мақсатты жұмыла атқару. Яғни осы бағытта үн қатып, жұмылып жұмыс iстеу, түбiне дейiн жеткiзу. – дейдi «Хабар» агенттiгiнiң «Жетi күн» бағдарламасына берген сұхбатында.
Яғни, Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкерi бiр жарым партиялық жүйенiң не екенiне дұрыс баға бере алмаса да, осыдан бiраз уақыт бұрын айтылған Бақытжан Жұмағұловтың пiкiрiн қуаттап отыр. Демек, «Отан» партиясы лидерлерi де, басқа да билiкшiл саясаткерлер де оппозициялық партияларды мойындамайды. Олардың ойынша «Отаннан» өзге iрi саяси күш Қазақстанда жоқ. Демек, Қазақстандағы өзге саяси партиялардың орыны нөлге тең.
Ал, шын мәнiсiнде «Отан» партиясының саяси номенклатураны жұмылдыруымен, билiктiң негiзгi тармақтарын қолында ұстауымен және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен iрi күш болып тұрғаны болмаса, бағдарламасы мен iстеп жатқан iстерiнен өзге партиялардан ерекшеленердей ештеңе байқау мүмкiн емес. Тiптi, партия жетекшiлерiнiң өзiндiк ой-пiкiрi, тәуелсiз толғамы жоқтың қасы. Мемлекеттiк саясаттың желi қайдан соғады, «Отан» партиясы да солай жығылады. Айталық, «Отан» партиясы саяси кеңесi мүшелерiнiң бiрi Өмiрзақ Сәрсенов Қазақстанға оралмандардың келуiне қарсы үгiт-насихат таратып жүрсе, Елбасының Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнен кейiн шұғыл жиналыс өткiзген «Отан» партиясы мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертудiң жолдарын қарастырды. Сондағы басты мақсаттарының бiрi ретiнде шеттегi 5 миллион қазақтың Қазақстанға ағылып келуiне жағдай жасау екендiгiн айтты, яғни қазақ диаспорасының Қазақстанға қажеттiгiне баса тоқталды.
«Отанға» қосылуға бiрауыздан келiсiмiн берген «азаматтықтардың» iшiнде сәл өзгешелеу пiкiр айтқан Мәжiлiс депутаты Амангелдi Айталы: «Кез-келген өркениеттi мемлекетте қандай да бiр партияның саяси аренадан кетуi – бұл оның мүшелерiнiң, электоратының және осы партияға сенiм бiлдiрген адамдардың құқығын аяққа таптау болып табылады. Жалпы, билiкке жақын партиялардың бiрiгуi дұрыс. Бiрақ, бұл партия Кеңес одағы кезiндегi коммунистiк партияға ұқсамауы тиiс. Мысалы, Жапонияның либералды-демократиялық партиясының беделi елде күштi, бiрақ бұл партиялардың iшiнде демократия қатты дамыған, партия iшiнде оппозиция бар. Ал «бiз Президент билiгiн қорғайтын партиямыз, бiзге қарсы шыққан адам – Президентке қарсы шыққан» деген жағдай болса, ондай партияның болашағы алысқа бармайды», – дейдi ол.
Яғни, Жапония, Малайзия, Сингапур және Швецияның үлгiсiн бiз жиi ауызға алғанымызбен, ол елдердiң iшкi партиялық жүйесiн толық бағамдаған жоқпыз. Егер, «Отан» партиясы бұл елдердегiдей ұлттық саясатты оңтайлы жүргiзiп, демократияны дамытатын болса, онда оның аталған елдердегi басқарушы партиялардай ғұмыры да ұзақ болмақ.
Есенгүл Кәпқызы