Жаңалықтар

«АЛҒА» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТЫ НЕ?

ашық дереккөзі

«АЛҒА» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТЫ НЕ?

Осыдан бiраз уақыт бұрын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының жетекшiсi қызметiн атқарған, бiрақ, билiктiң шымбайына батқандықтан таратылып тынған партияны «Алға» деген атпен қайта құруды мақсат тұтқан Асылбек Қожахметовтiң демократиялық принциптерi тым қым-қиғаш. Оның радикалды бағыт ұстанатыны сонша, демократия үшiн Қазақстанның тәуелсiздiгiн құрбан етуге дайын. Асылбек Қожахметов осыдан бiрнеше жыл бұрын «Демократия үшiн Қазақстанның 5 облысын беруге дайын» екендiгiн айтқан болатын. Бұл туралы бiз «Ұлттың «менi» немесе қазақ ұлтының болашағы күмәндi ме?» («Түркiстан», №23, 9-маусым, 2005) атты мақаламызда жазған едiк.

Әлi де ресми тiркеуден өтпеген аталған партияның Әдiлет министрлiгiне өздерiн тiркеу жайында өтiнiш жiбергендерiн бiз жақсы бiлемiз. Құжаттарын дайындап өткiзер-өткiзбестен «бiздi демократиялық принциптерiмiз үшiн тiркемейтiндiктерiн бiлемiз» деп алдын-ала дабыл қағып, жаңбыр жаумай су болып жүрген аталмыш партияның жетекшiлерiнiң бiрi, Ақмола облыстық филиалының басшысы Марат Жанұзақовтың «regnum.ru» сайтында аса қауiптi мәлiмдемесi жарияланды. Мақала «Отъезд русских станет катастрофой для Казахстана» деп аталады. Онда Ақмола облысының 20 селосы мен Солтүстiк Қазақстан облысының 30 селосын аралаған Марат Жанұзақов «орыс тiлiнiң мемлекеттiк статусының жоқтығы салдарынан Қазақстандағы орыстар кетуге дайын, бұл бiз үшiн орны толмас апат» деп жар салады. «Очень многие русские, можно сказать, сидят на чемоданах, потому что все знают, что Путин приглашает соотечественников в Россию, что будут хорошие подъемные, даже будут квартиры выдавать, работу обещают, и прочее, поэтому очень многие этим указом интересуются и хотят знать, каким образом это можно сделать. Другое дело, что есть русские, которые не собираются покидать Казахстан, которым здесь неплохо, есть такие, которым некуда ехать, но, к сожалению, многие русские, русскоязычные, хотят уехать», — дейдi ол.

— Орыстардың кетуi бiз үшiн апат, — дей отырып, оларды жiбермеудiң жолы ретiнде «орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк статус» берудi ұсынады. «К сожалению, местное руководство «Закон о языках» очень часто использует для того, чтобы кому-то отомстить, свести счеты. Я думаю, что если бы русский язык был бы государственным, наверное, значительная часть русских была бы спокойна. Может быть, надо ввести второй государственный язык. Я считаю, что массовый отъезд русских из Казахстана — это для страны катастрофа», — яғни, Қазақстанның алдында көзге көрiнбес iрi апат тұр. Марат Жанұзақов жерден жетi қоян тапқандай одан қорғанудың «оңай» жолын ұсынады.

Бiрiншiден, Путин отандастарын елiне шақырып жатқанымен, оларды баспанамен қамтамасыз етудi уәде етiп отырған жоқ. Екiншiден, Ресейдiң отандастарын шақырудағы басты мақсаты Ресейге қажетi жұмыс күшiн отандастарының есебiмен шешу жоспарланған. Сондай-ақ, шетелдiк орыстарды Қиыр Шығыс пен Кавказға жiберу жөн саналып отыр. Өйткенi, бұл саясаты арқылы Қиыр Шығыс пен Кавказдағы орыстардың үлес салмағын молайту басты мақсат. Сөйтiп, «орыс мәселесiнiң» бұл жерде орын алмағанын қалайды. Үшiншiден, таяуда Санкт-Петербургте өткен «Бүкiләлемдiк орыс отандастарының Конгресiнде» Қазақстандағы орыстардың аталған өлкелерге баруға құлықты еместiгi сөз болған. Демек, қазақстандық орыстар Ресейге ауа көшкенде жағдайларының оңалып кете қоймайтындығын iштей сезедi. Сол себептi де қозғалғысы жоқ. Ал, тiлдiк кедергi туралы сөз қозғаудың өзi артық. Қазiр қазақстандық өзге ұлт өкiлдерiнiң барлығы мемлекеттiк тiлдi үйренуге мойынсұнған және оны ешқандай тiлдiк кемсiтушiлiкке баламайды. Керiсiнше, А. Қожахметов және М. Жанұзақов сияқты өзiмiздiң жандайшаптарымыз популизмге бой алдырып, жайына жатқан жыланның құйрығына ауыз салуда. Сөйтiп, арандатушылыққа жол беруде.

Егер өзiмiздiң осындай жағымпаздарымыз «орыс мәселесiнiң» тұтануына жол бермегенде, бiздегi қазақ еместердiң мемлекеттiк тiлдi үйрену процесi бұдан да тез жүрiлер ме едi, кiм бiлсiн? Ал, мойнындағы қамытын аңсаған «алғалықтардың» партия болып тiркелмей жатып тулауы олардың ғұмырының ұзаққа бармайтындығын танытты. Кез-келген саяси ұстанымда болсын, демократиялық принципте болсын ұлт мәселесi барлығынан биiк тұруы керек. Қандай жағдайда да, қандай тұтқиылда да ұлт үшiн құрбан болуға дайын тұратын саясаткерлер ғана өмiршең бола алады. Ал, демократия үшiн «елiнiң тәуелсiздiгiн бәйгiге» тiгетiн саясаткер де, партия да қазақ қоғамы үшiн жат. Сол себептi де «Алға» партиясының ғұмыры үшiн жалбарынбай-ақ қойғанымыз абзал. Тiптi, билiк оны тiркемей қойса да, қазақ ұлтының бұл үшiн қабырғасы қайыса қоймайды.

Есенгүл Кәпқызы