Жаңалықтар

«ӨЗ МИССИЯСЫН» ОРЫНДАДЫ

ашық дереккөзі

«ӨЗ МИССИЯСЫН» ОРЫНДАДЫ

Азаматтық партия «Отанның» құрамына енiп кеттi. Қазақстанның саяси өмiрiндегi өзгерiстердi, яғни, партиялардағы ауыс-түйiстiң болуы мүмкiндiгiн бiз бiрнеше нөмiр бұрын жазып бастаған едiк. Азаматтық партияның «Отанға» «жұтылайын» деп отырғанына қатысты бiраз саясаткерлердiң де пiкiрлерiн газет бетiне бергенбiз. Олардың айтқаны келдi. Азаматтық партия «отанданып» ғана қоймай, соңғысының монополиясына кеңiнен жол ашып бердi. Азаматтық партияның Астанада өткен VII съезiне Президент те қатысты. Партияның жетекшiсi Азат Перуашев «Қазiргi күнi «Отан» елдегi ең негiзгi партия. Онымен ешкiм де бәсекелесе алмайды. Бiреудiң тасасында жүргеннен алдыңғы қатарда жүргендi қаладық. Сол себептен де «Отанға» қосылуға бел байладық» дейдi. Ертеңгi күнi Азат Тұрлыбекұлының «Ортақ сиырдан оңаша бұзауым артық едi» деп отырмасына сенгiмiз келедi. Қанша дегенмен, ол бұрынғы партиясы секiлдi, «Отанды» өз жетегiнде алып жүре алмайды ғой.

Азаматтық партияның құрамында 150 000 адам бар екен. Өздерi айтпақшы, партия индустриалды топтардың мүддесiн қорғап келген. Бұл партия негiзiнен, iрi өндiрiстерде жұмыс iстейтiн қарапайым жұмысшылардың санымен толыққандықтан, партия соңында қалың халықтың мүддесi жатыр деп айтуға келiңкiремейдi. Тек жұмысынан босап қалудан қорыққан жұмысшылар партия мүшелiгiне өткен болар.

Жеке партия болып қалыптасқанына 8 жылдай болған партия елдегi үш сайлаудың куәгерi ғана емес, қатысушысы да болды. Азат Перуашев партияның негiзгi мақтанышы ретiнде «Қазақстан партиялары арасынан ең алғашқы болып PR технологияны пайдаланғанын» айтады. Естерiңiзде болса, «Бақыт құсы АИСТы» жарнамалаған роликтердi осы «азаматтықтар үшiн» ресейлiк PR технологтар жасаған едi. Ресейлiктер қызметiнiң бұлар үшiн қымбатқа түскенi де жасырын емес. Алайда, сыртында өнеркәсiптiк топтар тұрған партия сайлауда қаржыны судай шашты. Сондықтан, инновациямен мақтанғаны сәл ерсiлеу болып көрiндi өзiмiзге. Қаржысы болса, кез келген партия PR технологтардың қызметiн пайдаланушы едi.

Перуашевтiң кезектi бiр мақтанышы, «Қазақстанның алғашқы Президентi туралы» Заң жобасының партияның Парламенттегi фракциясының мұрындық болуымен қабылданғаны.

Бiздiң бiр таңданғанымыз, партия съезiнде ешбiр делегаттың аузынан «Өз партиямызды сақтай отырып, бiраз нәрсенi жүзеге асыруға болар едi» деген сөздiң шықпауы. Яғни, құрылған кезде «әлдебiр миссияны орындағаннан кейiн» таратылатынын сезгендей. Мұндай бағытта партия құру тәсiлiн дамыған елдер мүлде қабылдай алмайды. Сондықтан ғой, олардың бiздi түсiнбейтiнi…

«Отанның» кеңеюi мұнымен тоқтамайды. Келесi кезек, аграрлық партиянiкi болар…

Гүлнәр Мұқанова